БАЗАРДАҒЫ ОҚУЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЫЛАҒАН БАЛА
БАЗАРДАҒЫ ОҚУЛЫҚ ЖӘНЕ ЖЫЛАҒАН БАЛА
Жаңа оқу жылы басталғанда бас ауруға айналатын бiр мәселе бар. Ол – айта, айта жауыр болған оқулық тапшылығы. Бұл күрмеуi қиын мәселенi қоғам жыл сайын көтерсе де, әзiрге шешiмi табылар емес. Есесiне, Бiлiм және ғылым министрлiгi мамандары мен Парламент депутаттары елiмiздегi оқушылардың оқулықтан таршылық көрмейтiнiн айтып, сендiредi. Шын мәнiнде солай ма?
Бүгiнде баспа дүкендерiнiң алды ығы-жығы халыққа толы. Баласына оқулық iздеген ата-ана көп. Оның кез келгенiн әңгiмеге тартсаң, "оталып-ақ" тұр. Әбден зығысы шыққан ата-ана жыл сайын керек-жарақ кiтапты қымбатқа сатып алатынын айтып, мұңын шағады. "Жылда осы жағдай қайталана бередi. Министрлiк "оқулық бәрiне тегiн берiлуi тиiс" деп сан мәрте айтса да, бiзге оқулық неге жетiспейдi?" деген сұрақтың жауабын iздеген ата-ана кiмге шағымданатынын да бiлмей дал. Бұл сауалдың түп-төркiнiн бiз де талай рет қазбалап көрдiк. Өкiнiшке қарай, ешқайдан мардымды жауап ала алмаймыз. Бiлiм және ғылым министрлiгi баспаға, ал баспа жергiлiктi бiлiм басқармасы мен бөлiмдерiне жол сiлтейдi. Сонда бұл iске кiм жауапты?
Қара базарда да оқулықтың саудасы қызып тұр. Оқу басталуын асыға күткен алыпсатарлар екi, үш есе бағаға көтерiп жiберген. Баласын жәутеңдеткiсi келмейтiн ата-ана табылғанына қуанып, қымбатқа сатып алуға мәжбүр болуда. Өйткенi, баспа дүкендерiндегi оқулық әп-сәтте сатылымға шығып кетедi. Турасын айтқанда, базардағы алыпсатарлар дүкендегi кiтаптарды көтерме бағамен сатып алып, үстiнен пайда көрудiң жолына көшкен. Олар қандай бағаны айтса да, ата-ананың алатынына еш күмәнданбайды. Тiптi, саудагерге: "Мына кiтап неге сонша қымбат?" деп те пәлендей ештеңе айтып жатпайтыны сөзсiз. Мұндайда олардың берер жауабы да дайын. "Басқа жерден арзанға тауып алсаң, ала ғой".
Мiне, осы тұрғыдан алып қарағанда, қара базарда оқулық сататын алыпсатар-саудагердiң айы оңынан туып тұр. Егер баспа дүкенiнде 2,3-сыныпқа арналған бiр оқулықтың бағасы – 400-450 теңге болса, қара базарда 700-800 теңгеге шарықтап тұр. Бiр оқушыға кемiнде 5 оқулық қажет десек, 3500, 4000 теңге кеттi дей берiңiз. Ал, барлық оқулықты сатып алсаңыз, шығыныңыз 10 мың теңгеге жуықтап қалады екен.
"Мектеп" баспасы дүкенi алдындағы кезекте тұрған Марат атты кiсiнiң қабағы қатулы екен. Ол ә дегеннен-ақ iштегi шерiн тарқата жөнелдi. "– Мына кiтап дүкенiне осымен екiншi мәрте келдiм. 10-сыныпта оқитын қызыма үш-төрт кiтап сатып алсам, мектепте мұғалiмi "Бұл емес, басқа кiтап керек" дептi. Қазiр Қазақстандағы мектептер екi бағытта оқиды екен ғой. Бiрi – гуманитарлық, екiншiсi – жаратылыстану бағыты. Бiздiң кезiмiзде жаппай бiр оқулықтан ғана бiлiм алушы едiк. Баспаға келсем, балаңыз қай бағытта оқиды деп тақақтайды. Онысын қайдан бiлейiн", – дейдi сандалыстан шаршаған ата-ана.
Оқу жылының басталғаны сол екен, оқулық iздеп, шарқ ұрған ата-ана сабылып жүр. Басқа облыс, қала мектептерiн былай қойғанда, Алматы қаласының бiлiм ұялары жоғары сынып тұрмақ, бастауыш сынып оқушыларын оқулықпен толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр. Бiр сыныпта кемiнде 25-30 оқушы бар деп есептесек, оқулық соның тең жартысына ғана жетедi. Ал, кiтапқа қолы жетпеген оқушылар кiтапты базардан сатып алуға тура келедi.
Жасыратыны жоқ, жылдағы жағдай осы. Баладан ешкiм де аянып қалмас. Десек те, елiмiздегi баспалар мектептегi оқушының санына нелiктен қанық емес? Оқулық тегiн болуы тиiс деген министрлiктiң сөзi қайда қалды? Тiптi, осы мәселемен Парламент депутаты Алдан Смайыл мырзаға хабарласқанымызда, ол ата-ананың оқулықты сатып алатындығына таң қалды. "– Оқулық тегiн таратылуы керек емес пе? Бұған елiмiздегi баспалардың қауқары жетедi. Әр мектеп жергiлiктi Бiлiм басқармасы не бөлiмiне оқушының саны жөнiндегi мәлiметтi тапсыруы керек. Сол арқылы оқулық түгел дерлiк жеткiзiлуi қажет. Бұл жерде кiнәраттың кiмнен, қалай кетiп отырғаны белгiсiз. Бұл мәселенi алдағы уақытта тексерiп көру керек екен" дегенде бiз де айтарға сөз таппай қалған едiк. Шынында да, халық қалаулылары мектептердiң ата-анаға оқулық сатып алуын мәжбүрлейтiнiн бiлмегенi ме? Бәлкiм, мұның бәрi депутаттардың халық арасына жиi келiп тұрмайтындығынан шығар деген ой келдi.
Қазiргi таңда оқулықтарда кездесiп жатқан олқылықтар мен кемшiлiктердiң өзi үлкен мәселе. Жақында Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың оқулық тұрмақ, қарапайым сөздiктерде өрiп жүрген қателерге қатты шүйлiккенi есте. Ол осыдан кейiн оқулықтар жазу үшiн көршi елдердiң ғалымдары мен сарапшылары шақырылатынын айтқан едi. Соған қарағанда, оқулықтың таяу арада оңалатын түрi байқалмайды.
Ата-ана баласының оқулығын түгендей алмай жүргенде, министрлiк оқулық жазатын отандық авторлардан бiржола күдер үзген сияқты. Бұл екi мәселенiң зардабын тартып жүрген мұғалiмдер екi түйенiң арасындағы "шыбын" секiлдi күй кешiп жүр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ