Жаңалықтар

ЖАҢА МЕКТЕПТЕРДЕГI КҮМIС ҚОҢЫРАУ ҮНI

ашық дереккөзі

ЖАҢА МЕКТЕПТЕРДЕГI КҮМIС ҚОҢЫРАУ ҮНI

Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында 1022 мектеп бар. Республика бойынша бұл облыс халық ең тығыз орналасқан аймақ екенiн ескерсек, мектеп жетiспеушiлiгi мұнда бiрден байқалады. Осыған орай биылғы оқу жылында 11 жаңа мектеп пайдалануға берiлдi.

Ата Заңымыздың мерейтойы мен Бiлiм күнiне орайластырылған мектептердiң ашылу салтанаты лайықты сыйлық болды. Облыстағы мыңнан астам мектептiң 5-уi жекеменшiк те, қалғаны мемлекеттiк болып саналады. Осы оқу ордаларының 531-i орта деңгейдегi ғимараттар болса, 324-i сабан қосылып құйылған, күйдiрiлмеген кiрпiштен тұрғызылған екен. Десе де бұл мектептерде оқу маусымы ендiгi басталып кеттi. Өңiрдегi апаттық жағдайдағы 68 оқу ордасының жай-күйi толғандырып тұр. Сонымен қатар облыста үш маусымда оқитын мектептер де баршылық. Аталған түйткiлдердi шешу мақсатында облыстық және республикалық бюджеттен қажеттi қаражат бөлiнiп отыр. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлiнген 9,1 миллиард теңгеге 36 мектептiң қабырғасы тұрғызылды. Ал облыстық бюджеттен арнайы берiлген 9,9 миллиард теңге көлемiндегi қаражатқа 67 мектеп салынуда. Жаңадан салынып жатқан мектептер бұрынғы, яғни апатты жағдайдағы оқу ғимаратының орнына бой көтеруде.

– Барлық жаңа мектептер заманға сай жобамен салынған. Олар жалпы бiлiм беретiн орта мектеп бағдарламасына қажет технологиялармен қамтылған, – дедi облыс әкiмiнiң орынбасары Әли Бектаев Қарабұлақ аулындағы жаңа мектептiң ашылу салтанатында. Бұл жердегi мектеп 750 балаға арналған. Жалпы, 11 мектептегi орын саны 10 450 балаға жоспарланып отыр. Олай болса, бұл оқу ордаларынан 12-13 мыңға жуық бала бiлiммен сусындары сөзсiз.

Биылғы оқу жылында қолданысқа 11 мектеп берiлдi. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша салынған оқу ордалары оқушылар мен ата-аналардың қуанышына айналды. Құрылысы толық аяқталған 9 мектеп 1-қыркүйекте оқушыларды құшақ жая қарсы алып, бiлiм ордаларында алғаш рет қағылған күмiс қоңыраулардың сиқырлы үнi жиналған жұртшылықты ерiксiз тебiренттi. Бұл мектептердiң үшеуi Шымкент қаласының өзiнде, екеуi Сайрам ауданында. Сондай-ақ, аймақ көлемiнде Мақтарал, Ордабасы, Төле би, Түлкiбас, Бәйдiбек аудандары және Түркiстан қаласында ашылды.

Аманжол ЖАНАЕВ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы