Жаңалықтар

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

ашық дереккөзі

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

Жүзiмдiк бөлiмшесiн Қарабасов Кенжеқұл сегiз жыл басқарды. Қызмет бабымен туған жерi Қызылкөпiрге ауысатын болды. Жамбыл совхозының директоры Төлбасы Сейiтқасымов бөлiмше белсендiлерiнiң жиналысын өткiзiп, оның орнына Ибадулла Байсейiтовты тағайындады. Сол жиында Қарабасов сөз сұраған. Ауыл тұрғындарына ризашылығын бiлдiре отырып, сөзiнiң соңында ол:

– Сiздерге айтар өтiнiшiм бар. Ашығы – бұйымтай.

Көпшiлiк тұс-тұстан жамырай сөйлеп:

– Айтыңыз, айтыңыз,– десiп жатты.

Ол қою қастарын түйiстiрiп, аз-кем үнсiз тұрды да:

– Бәйгекөктi құлын кезiнен өзiм бағып-қаққан едiм. Соны өзiммен бiрге алып кетсем бе деймiн. – Жұрт гу ете қалды. Ол қолын жоғары көтердi.– Сутегiнге емес, әрине. Орнына бестi ат беремiн.

Жылқышы Битабаров Ыдырыс орнынан тұрды.

– Кенжеқұл шырағым, осы елге бiраз жыл басшы болдың. Азды-көптi еңбегiң сiңдi. Кейбiр көкейге қонбаған iстерiң болса да, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал өзiң қолқа салып отырған Бәйгекөктiң жөнi бөлек. Ол менiкi немесе мына отырған Мәтейдiкi емес. Совхоздың есебiнде тұр. Жақсы ат пен жақсы қыздың бағасы мен тағдырын ел шешедi. Бәйгекөк бес жылдан берi аламан бәйгенiң алды болып, ауылымыздың жақсы атын шығарып келген тұлпар. Оны бiз саған бере алмаймыз. Өкпелеме.

Басқалар да коммунист жылқышыны қолдады. Бәйгекөк Қарабасовқа берiлмейтiн болды. Ол iшiне әлдененi түйiп кеттi. Әйтсе де оның "бағып-қақтым" деп айтуының жөнi бар едi.

Ана бiр жылы мынандай оқиға болған. Көктем мезгiлi. Түнде толассыз жаңбыр жауып, жасын ойнап, күн қатты күркiрейдi. Көз арбаған бiр жарық, бiр қараңғыдан шошына үркiп, беталды қашқан үйiр-үйiр жылқының бiр бөлiгi өзен жарлаунтына жеткенде өздерiн тоқтата алмай бiразы құлаған. Таңертең жылқышылар үйiрлердi түгендеп жүрiп, өзен жағасында тұра алмай жатқан буаз биенi көредi. Екi алдыңғы аяғы қатар сынған. Кеудесiнен де қатты соққы алған болуы керек, ыңырсып әзер тыныстайды. Ол кезде Қарабасов бөлiмшенiң зоотехнигi. Биенiң мүшкiл халiн көрiп, жылқышыларға: "Сойып, iшiндегi құлынын аман алып қалайық",– дейдi. Өзi құлынды үйiне алып келiп, жаңа туған сиырдың уызымен ауыздандырыпты. Аяқтанған құлын сиырдың тырсиған желiнiн түртiнектей берсе керек. Алғашқыда сиыр шатқаяқтап жолатпайды. Құлын да түртiнектеуiн қоймаған. Бұзауын емiзiп жатқан кезде бұл да бiр жағынан жармаса берген соң ақыры көнген. Мұны көрген көршi-қолаң әуелгiде өз көздерiне өздерi сенбей таңданып қызықтайды. Кейiн көздерi үйренiп, елемей жүре бередi. Тай шыққан кезде Қарабасов оны жылқыға қосады. Оның тынымсыз шабысын, дене бiтiмiне қарап: "Әй, түбiнде осыдан бәйге аты шығады-ау" деп топшылаған. Келер жылы құнан бәйгеге қосты. Көмбеге алды болып келдi. Тағы бiр жылдан соң аламан бәйгеге қосты. Жұлқынған апайтөс аттарды шаң қаптырып, оқ бойы алда келдi. Содан бастап Бәйгекөк атанды.

Жыл сайын малшылар асыға күтетiн бiр күн бар. Ол – аудан шопандарының тойы. Күйек алу науқаны бiтiсiмен қазан айының алғашқы күндерi Шаянда өтедi. Бәйгекөк ала жаздай бөлiмшенiң шабындығында еркiн жайылды. Сауыры дөңестенiп, қоң жинап қалған. Қыркүйекте ұстап, суытуға кiрiстi.

Шопан Биғали – шабандоз. Бойы ортадан төмендеу, салмағы жеңiл жiгiт. Бәйгекөктi әдеттегiдей сол суытатын болды. Қарабасов қызмет аты күрең қасқаға, Биғали Бәйгекөкке мiнiп қырға шыққанда, ауыл балалары қызықтау үшiн есектерiмiзге мiне салып, арттарынан iлестiк.

Қарабасов ат үстiнде тұрып алдыңғы жақтағы жазық беттi қамшысымен нұсқап:

– Биғали, анау дөңестi көрдiң бе? Барып – келiсiң үш шақырымдай болып қалар. Бәйгекөктiң басын жiберiп, бiрден зорықтырып алма. Тiзгiндi тарта шап,– дедi.

– Шу, жануар! – Ол оқыранып, тұяғымен жер тарпып, тықыршып тұрған тұлпардың сауырына қамшыны сипай басты. Бәйгекөк ытқып кеттi. Биғали ұзай бере тiзгiнiн тартып, арынын тежедi. Жусанды қырдың шаңын көтерiп, дөңестен берi қарай қайтты. Бiз тұрған жерге жеткенде Биғали ат басын тежеп, әудем жерге дейiн желе жортып, берi қайтқанда Бәйгекөктiң алқынған ырсылы басылмаған екен.

Қарабасов оны бiр айналып шықты.

– Тынысы ауыр. Артық еттен арылмай болмайды. Бүгiнге осы да жетер.

Сол бойда Көкшолақты қара көлеңке қораға кiргiзiп, үстiн жабулап, таңасырды.

Ертеңiне Қарабасов Бәйгекөктi қойма жанындағы артезианның көк балшығына алып келiп, ары-берi аунатты. Бiз шелекпен арқасынан су құйдық. Ол жалпақ шөткiмен ысқылап жуды. Жануар рахат тапқандай басын шұлғып, селт етер емес.

Қарабасов:

– Балалар, қазiр мен сендерге қызық көрсетемiн,– деп аттың алдыңғы бiр аяғына ұзын шылбырын орап тастады да:– Қане, Бәйгекөк, өзiң шешiп ал,– дедi. Шылбыр ораған аяғын көтерiп, тұяғын тiрсегiнен бүгiп жазып, ораудан босатты. Бiз таңырқаумен тұрмыз. Сол күнi Бәйгекөк қырда екi айналып шапты. Кешке таңасырып, таңертең тағы балшыққа аунатып, үстiн тазарғанша жуды. Ұлы сәскеде шабыс алаңын үш рет айналды. Сонда ғана өн бойынан қара қошқылданып, тарам-тарам тер шыға бастаған екен. Қарабасов сұқ саусағымен сылып алып, тiлiмен жалады. Таңдайына татып тұрып, қабақ шытып тыжырынды.

– Тым ашшы. – Шырт түкiрiп, қолының сыртымен тiлiн сүрттi.

Осылай күн артынан күндер өтiп жатты. Бәйгекөк қаншырдай қатқан. Шабыс алаңының шаңын көтерiп, сегiзiншi рет айналғанда тұла бойы тұтас терге шомған. Қарабасов күндегiдей сұқ саусағымен терiн сылып алып, жалап көрдi. Шүңеттеу қабақ астындағы көздерi от шашты.

– Терi тұщы татыпты. Демек тынысы ашыла бастағаны. Ендi бiрер аптадан соң қалыпқа келедi.

Қазан айында шопандар тойы дүркiреп өттi. Аламан бәйгеде Бәйгекөк жарыстың алдын тағы бермедi. Бәйге дабыры басылғанша, көпке дейiн жұрттың аузында жүрдi. Аты аудан асып, облысқа тарады. Қарабасов оны республикалық жарысқа қоспақшы болып, Алматыға алып барған. Онда иппадром деп аталатын ат шабатын жерi бар екен. Шабандоздар бiрден тiзгiндi жiберiп, қамшы басып, бiр-ақ айналым жасап жатыр. Озғаны жеңiмпаз атануда. "Бiр айналымға Бәйгекөктiң тұяғы да қызбас".– Ол керi алып қайтқан. Содан кейiн өзi де қызмет ауыстырды. Бәйгекөкке атбегiлiктi Ыдырыс Битабаров қолға алған.

Өзен бойына шаруашылықтар ақшаңқан киiз үйлерiн тiгiп, өз еңбек озаттарына құрмет көрсеттi. Үлкен жиында атақты малшылар сөз сөйлеп, iс-тәжiрибелерiн ортаға салды. Ұлы сәскеде спорттық жарыстар өттi. Алқа қотан тұрған жұрт ортасында балуандар күш сынасып, әр шаруашылықтың аптал жiгiттерi арқан тартысқан. Түс қайта барша жұрт асыға күткен бәйге басталды. Шаянның қарсы жақ бетiндегi дөң жазығына дүйiм ел жиналған. Бiз бiр топ бала "Бәйгекөктi көремiз" деп бәйге аттары шоғырланған жерге бардық. Үстiнде кеудесiне "5" нөмiрiн тағынған Жәнiбек отыр. Бесiншi сынып оқушысы. Бәйгекөк желкесiн күжiрейте басын шұлғып, тұяғымен жер тарпып, ауық-ауық оқырына пысқыруда. Сол кезде бiр жақ шеттен Қарабасов та келдi. Бәйгекөктi айналып, асықпай қарады. Сүзiлген мұңлы жанарынан сағыныштың қос тамшысы үзiлiп түстi. Бәйгекөк те бұрынғы иесiн таныды ма, жер тарпығанын қойып, тыныштала қалды.

– Бабыңда екенсiң, Бәйгекөк!–Жан қалтасынан қант түйiршiктерiн алып, аузына тосты. Дүрдүйген ерiндерiмен қармап, күтiрлете шайнады. Ол құлағының түбiн еркелете қасып, жағынан, қаз мойнынан сипады. Содан соң есiне әлдене түстi ме, өңi сұрланып күрт өзгердi. "Егер сен осы бәйгеде де озып келсең, адамда кек, тұлпарда тек болмас сiрә,"– деп сырт айналды. Төрешiлер отырған жерден Битабаров берi қарай беттеп келедi екен.

Әуелi құнан, дөнен, жорға жарыстары өттi. Төрешiлер алқасы аламан бәйгенi жиырма бес шақырым қашықтыққа жiберетiн болып келiстi. Бұл бес айналымды құрайды. Сәйгүлiктер жарыс жолына шығар алдында атбегi Битабаров:

– Жәнiбек, Бәйгекөк шаң қауып қалмасын. Аттар шабысымен жел жағына шығып алуға тырыс. Мына орамалмен ауық-ауық көзiн сүртiп отыр. Үшiншi айналымға дейiн басын жiберме. Алдыңғы топта бол,– деп соңғы кеңесiн берiп жатты.

Аламан бәйгенiң аттары жарыс жолына шақырылды. Мәреде қазқатар тiзiлiп тұр. Жанымызда тұрған егде бiр кiсi қасындағы өзi тақылеттес мұрттыға: "Жұрттың аузының суы құрып айтып жүрген Жүзiмдiктiң Бәйгекөгi анау ма? – дедi қолын алға созып. Ол басын изедi. – Анау апайтөс сәйгүлiктiң қасында мынауың мәстек ат секiлдi ғой. Осыны да сонша мақтап…" – Сөз соңын жұтып қалды. Қасындағы мырс еттi: "Былтыр мен де сенiң осы сөзiңдi айтқанмын. Сонда мәстек дегенiм нағыз тұлпар болып шықты".

Шетте, ат үстiнде отырған бас төрешi қолындағы қызыл жалауын төмен түсiргенде, сәйгүлiктер алға тұра ұмтылды. Алқалап шулаған жұрт қою шаңға көмiлдi. Бұрылысқа жетiп, ұзын жолға түскенде сәйгүлiктердiң тобы жазыла бердi.

Алғашқы айналымда Бәйгекөк алдыңғы топтан көрiндi. Көрермен көпшiлiкпен жанасқан тұста атбегiлер iшкi жолмен бiраз жерге дейiн қабаттаса шауып, шабандоздарына дауыстап кеңестерiн берумен болды. Екiншi айналымда Бәйгекөк алдына үш-төрт қараны салып өттi. Үшiншi айналымда сол топ басқалардан тас лақтырым жер бөлiне шапты. Төртiншi айналымда екi сәйгүлiк дараланып, сәт сайын ұзай бердi. Бiрi – Жүзiмдiктiң Бәйгекөгi де, екiншiсi – "Партсьездiң" Көкшолағы. Болдырған аттар жарыс жолынан шығып жатыр. Жұрттың ысқырығы мен, қиқуынан құлақ тұнады. Олармен атбегiлер де қатарласа шапты. Ыдырыс Битабаров тiзгiндi тартып келе жатқан Жәнiбекке:

– Балам, бұрылыстан соң аттың басын жiбер,– деп қатты дауыстады.

Екi сәйгүлiк соңғы айналымға кеттi. Ұзын жолға түскенде езуiн жыртқан тiзгiннен босаған Бәйгекөк алға шықты. Тұяғы әбден қызса керек. Шапқан сайын бауырын жазып, аршындап барады. Мұртты кiсi әлгiге: "Әне, мәстек дегенiң! Тағы да озатын болды", – дедi. Үнiнде әлде қынжылыс, әлде ашу-ыза бар. Анау не уәж айтарын бiлмеген жандай үнсiз. Бәйгекөк пен Көкшолақтың арасы алшақтай түстi. Ең шеткi бұрылыстан өткенде Бәйгекөк оқ бойы ұзап кеттi. Көрермен жұрт гу-гу.

– Нағыз тұлпар екен!

– Бабы келiскен ат озбай қоя ма…

– Әне, шабысын қарашы! Тың ғой әлi.

Кенет күтпеген жәй болды. Бәйгекөк ойлау жерден ағып өтiп бара жатып, омақаса құлады. Қапқан қою шаңнан қарасы көрiнбей қалды. Жұрт гу етiп барып, сап тиылды. Не болғанын түсiне алмай дал. Көп iшiнен бiреу: "Бала аман болса жарар едi…", – дедi қорқынышты үнмен. "Соны айтсайшы" – дедi тағы бiрi. Көкшолақ шаңды жарып өте шықты. Жұрт ендi не болар екен деп iш тартып тұрғанда, бiрнеше аттылы кiсi солай қарай шаба жөнелдi. "Жедел жәрдем" де бет түзеп, бар жылдамдығына басқан. Шаң сейiлген кезде, әуелi орнынан сүрiнiп, қабынып тұрған Бәйгекөк көрiндi. Баланың қолы тiзгiнде екен. Бәйгекөк сүйрей тартқанда сүйретiле созылып барып, жалына жармасты. Сәйгүлiк шоқақтай шаба жөнелгенде, бала арқасына аяғын артып та үлгердi. Бұл кезде Көкшолақ оқ бойы ұзап кеткен едi. Бар демдерiн бiр-ақ алған жұрт дабырласып жатыр. "Мың да бiр шүкiр!. Бала да, ат та, аман екен!".

Жуан дауысты бiреу сәуегейлiк айтты.

– Кеудесi соғылып, екпiнi басылып қалған ат ендi бастапқыдай шаба алмайды. Оның үстiне шаң қауып, тынысы тарылды.

Еңгезердей жан оған жалт қарап:

– Әй, бiлгiш, ашуыма тимей жайыңа тұр. Әйтпесе… – дей бергенi сол едi қасындағы қолынан тартып, сабырға шақырды.

Бәйгекөк есi кетiп, жын қаққандай өршелене ұмтылды. Басын алға созып, шабысын үдете түстi. Көмбеге жақындаған сайын Көкшолақпен арадағы қашықтық айтып ауыз жиғанша қысқара түстi. Елу метрдей… Отыз… Жиырма… Он… Көрермен жанкүйерлер алдындағы соңғы бұрылыс. Айқай-шу. Ысқырық.

– Бәйгекөк!..

– Көкшолақ!..

– Бәйгекөк!..

– Көкшолақ!..

Бәйгекөк Көкшолақпен қатарласты. Көкшолақтың соңғы демi секiлдi. Танауы кең ашылып,тынысын ауыр алады.

Ал қолтығы сөгiлген Бәйгекөк бауырын жазып алған. Ендi бiр сәтте Көкшолақтан қамшы бойына алға шықты. Көмбе таяқ тастам жер. Атбегi Битабаровтан сабыр кеткен. Шыдап тұра алмай астындағы атына қамшы басып, Бәйгекөкпен қатарласа бердi де, тiзгiнiнен шап берiп, алға қарай демей сүйредi. Төрешiлер:

– Атбегi, бәйге тәртiбiн бұзбаңыз. Тiзгiнiн жiберiп, жолдан шығыңыз, – деп дауыс күшейткiшпен қайта-қайта ескерту жасады.

Битабаров құлақ асқан жоқ. Көкшолақтан құрық бойыны алға озғанша демеумен болды. Содан соң ғана жолдан шықты.

– Қап, мына шалды-ай! Бүлдiрдi-ау бәрiн! Бәйгекөк онсыз да озатын едi ғой. – Жанкүйерлер арасына бойшаң өңдi кiсi тұмағымен санын бiр-ақ соқты.

– Сiз күйiнiп айтып тұрсыз. Ал атбегiнiң жан дүниесiнiң сiзден де бетер күйiп-жанып тұрғанын бiлсеңiз еттi, – дедi артқы жақтан бiреу.

Бәйгекөк көмбе сызыған бiрiншi болып кесiп өттi. Екпiнiн баса алмай әудем жер ұзап барып, желiске түстi.

Көкшолақ көмбеге жеткен бойда сүрiне жығылды. Тынысы тарылып, төрт аяғынан әл кеткен. Көздерi ақиланып, зорға дем алуда.

Төрешiлер алқасы шешiмiн бiрден жарияламады. Жұрт тағатсызданып, бiраз уақыт күттi. Төзiм шiркiн таусылып барады. Не керек, үмiттi күдiк жеңдi. Бас төрешi:

– Жамбыл атындағы совхоз атбегiсiнiң бәйге тәртiбiн бұзғаны үшiн, "Прогрес" совхозының Көкшолағын бiрiншi келдi деп санап, бас жүлденi соған тапсырамыз. Бәйгекөкке екiншi жүлде берiледi.

– Қап, әтеген-әй! – Өкiнiштен аһ ұрғандар аз болмады.

Алпыс тоғызыншы жылдың қысы шаруаға қырын келдi. Қар суырған алай-дүлей боран үш апта бойына толас таппады. Шаруашылықтардың жем-шөптерi таусылып, мал аштыққа ұрынды. Қорадағы қойлар бiрiнiң жүнiн бiрi жеп, топалаң тидi. Бiз сол жылы оныншы сыныпта оқитын едiк. Қарға көмiлген қораларды аршып алуға көмекке жiбердi. Он шақты бала қырдағы қораның кiрер аузын суырынды қасат қардан тазалап, iшке ендiк. Көп қойлар аштықтан жантәсiлiм етiптi. Тiрiлерi әлсiз. Төрт аяқтарынан тәлтiректеп, әзер тұр. Ортадағы бағана тiреу жанында бiр аттың сұлбасы көрiндi. Қабырғалары ырсиып, құр сүлдесi ғана қалған. Арыстан:

– Мынау Бәйгекөк қой,– дедi шошына дауыстап.

Сонда ғана таныдық. Бөрене бағананы жаңқалап жеген екен. Аузынан қан тамшылайды. Қозыке жерде жатқан сойдақ тiстi көрiп, Бәйгекөктiң салыңқы ерiндерiн түрдi. Күрек тiстерiнiң бiрнешеуi жоқ. Азу тiстерi де сынған. Бәрiмiздiң аяныштан iшiмiз удай ашыды. Ашық қорадағы шөптiң орнын қардан аршып, аяқастында тапталған кәшектi жинап, Бәйгекөктiң алдына салдық. Отар қойлар жаппай қырылып жатқанда басшылардың мұнымен қайдан iсi бола қойсын.

Бәйгекөк қыстан тұралап шықты. Содан бiр оңалсайшы. Көкорай шалғында жүрсе де, тiсi жоқ жануар ет ала алмай-ақ қойды. Бәйгеге жарамайтын болған соң қадiрi де кеттi. Жаз шыға бөлiмше басшылары оны Бекзақ қарауылға мiнiске бердi. Шiлденiң шiлiңгiр ыстығында күнi бойы үй жаныда қаңтарулы тұрғанын талай рет көрдiк. Жаны ашымастың керi.

Келер жылы Бәйгекөктi шопан Қырғызбек Қартбаевқа көлiк етiп бекiтiп бердi. "Мал бағуға жарамайды" деп азар да безер болған. Басшылар: "Саған берер басқа ат жоқ" деген соң амалсыз көнiптi.

Күзде Қырғызбек көршi шопан Арынбек Елтаевқа суыт келiп:

– Көке, Бәйгекөк анау сайда жатып қалды. Орнынан тұрар емес. Балам екеумiз басынан, құйрығынан тартып әбден әуре-сарсаңға түстiк. Өлiп қалса маған төлетедi-ау. Не iстеймiн? Айтар қандай ақылыңыз бар? –дедi жаныға сөйлеп.

Арекең көптi көрген, көптi ойына түйген жан. Бiршама ойланып отырды да:

– Қырғызбек, ол бәйгенiң аты ғой. Балаң менiң атыма мiнсiн. Екеуiң тап жанынан қиқулап шауып өтiңдер. Сонда ол орнынан өзi тұрып, сендерге өзi iлеседi, – дедi. – Мен мұны оның сырын бiлген соң айтып отырмын.

Қартбаев солай iстедi. Екеуi қиқулап шауып өткенде, Бәйгекөк орнынан сүйретiле тұрып, соңдарынан шоқақтап шаба жөнелдi. Сол бойда қозы қайырым жердегi қораға жетiп жығылды. Соңғы рет пырылдай тыныстап, жантәсiлiм еттi.

Көлбай Адырбекұлы