ҚАРҚАРАЛЫДАҒЫ ҚАСИЕТТI МЕКЕН
ҚАРҚАРАЛЫДАҒЫ ҚАСИЕТТI МЕКЕН
Қасиеттi Қарқаралы мекенiн талай ғұламалар мен ғалымдардың iзi қалған киелi орда деп жатамыз. Осы киелi мекеннiң тарихын айтсақ, қаланың қақ төрiнен ойып тұрып орын алған мешiттi, әлбетте, айтпай кетуге болмайды. Ал, Қарқаралы мешiтiн айтпас бұрын, ең бiрiншi ауызға Құнанбай қажы Өскенбайұлының есiмi түсетiнi сөзсiз.
Құнанбай қажы дегенде бiздiң ойымызға бiрден М.Әуезов бабамыз жазып қалдырған "Абай жолы" роман-эпопеясындағы қатал да мейiрiмсiз әке бейнесi сап ете қалады. Алайда, осы бiр тұлғаны көркем әдебиетте суреттелген кейiпкер бейнесiнен алшақ әкетiп, өзi өмiр сүрген замандағы халқы үшiн жасаған жарқын iстерi мен шынайы өмiрдегi болмысына үңiлетiн болсақ, қатiгез Құнанбай емес, қайраткер Құнанбайдың мәрт тұлғасын танимыз.
Бүгiнде қасиеттi Қарқаралы шаһарындағы тарихи һәм қасиеттi мекен, 160 жылдық тарихы бар еңселi мешiт тiкелей осы Құнанбай қажының есiмiмен байланысты. Қазақтың бас ақыны Абайдай ұлы кемеңгердi өмiрге келтiрген Құнанбай бабамыз ел билеген әдiлеттi де беделдi әкiм ғана емес, мұсылманның бес парызын мүлтiксiз атқарған аса иманды кiсi болған. Бұған дәлел – ол кiсiнiң қажылық жолмен қасиеттi Меккеге барып, мұсылман елдерiнен барған адамдар түсетiн "Үй-Тақия" ("Тәкие") қонақүйiн салғызуы мен Қарқаралы қаласында мешiт құрылысының бой көтеруiне тiкелей мұрындық болуы. Бүгiнде осы бiр қайраткер тұлғаның елi үшiн еңсерген елеулi iстерiн бiрiмiз бiлсек, бiрiмiз, өкiнiшке қарай, бiле бермеймiз.
Мұрағат деректерiне үңiлер болсақ, мешiт салу жөнiндегi алғашқы әрекет сол кезде Қарқаралыда аға сұлтан болып тұрған Құспек Тәукиннiң басшылығымен басталғанымен, мешiт құрылысын қашан бастап, қай жерге салу, жұмыс күшiн қайдан алу сияқты мәселелерде Құнанбай қажының есiмiнiң көбiрек аталатындығына куә боламыз. Ұлы жазушы М. Әуезовтың пiкiрi бойынша, Құнанбай 1849 жылға дейiн Кiшiк-Тобықты болысының болыс управителi қызметiнде болып, одан кейiн 1849-1852 жылдары Қарқаралы округiне аға сұлтандыққа сайланған кезiнде мешiт тұрғызылған. Бұл жөнiнде ХIХ ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмiр сүрген аягөздiк қазақ тарихшысы Құрбанғали Халид өзiнiң 1910 жылы Қазан қаласында жарық көрген "Тарауих Хамса" деген кiтабында былай деп жазады: "Қарқаралыда Құспек алынған соң, орнына Тобықты Құнанбай мырза Өскенбайұлы 1849 жылы сайланады.
Құнанбай аға сұлтан сайланысымен сол жылы-ақ мешiт салдырып, құрбандық шалдырып, рәсiм жасады. Оның тәуiр-ақ әдiлеттiлiгi мен жомарттығы бар едi. Осы мешiтке бiрiншi болып имам Хасан Сейфоллаұлы тағайындалған едi".
Қабырғасы қаланған күннен сан алуан кезеңдi басыннан өткерген бiр жарым ғасырдан артық уақытты қамтитын тарихы бар, сол кездегi Орталық Қазақстандағы бiрiншi мешiт саналатын қасиеттi мекеннiң тағдыры да оңай болмады. Алғашында халықтың ыстық ықыласына бөленiп, рухани сұранысын қанағаттандырып отырған Алла үйiнiң жағдайы Кеңес үкiметiнiң қызыл жалыны шарпыған кезiнде тiптен нашарлап кеттi. Дiндi қастерлеген ел ақсақалдарына "дiншiл" деген күйе жағылып, халық мешiттен қашып, бес мезгiл намазын жасырынып үйде оқуға көштi. Соның салдарынын халық қастерлеген қасиеттi мекен иесiз қалды…
Жатақхана да болып, атқора мен қойма қызметiн де атқарып, қараусыз қалған жәдiгердiң бүгiнгi күнге дейiн жету жолындағы қиын тарихы хақында Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешiтiнiң бас имамы Әмiржан Әшiмұлы Анзабековпен қасиеттi Рамазан айында аз-кем әңгiмелесудiң сәтi түскен едi.
– 1851 жылы Құнанбай қажы Өскенбайұлы Қарқаралыда аға сұлтан болып тұрған кезде көптеген жерге шағымданып, сан алуан қиыншылықтармен бетпе-бет келе жүрiп, осы жерге мешiт салынуына бiрден-бiр себепкер болған екен. Бұрынырақта бұл аймақтарда татар слободкасы дейтiн көптеген кiшкентай қалашықтар болыпты. Сол жерлерде шоқынған татарлардың салған шiркеулерiн көрiп, қатты қызыққан жергiлiктi мұсылман қауымның тiлегiн ескере отырып, Құнанбай бабамыз ғибадат жасауға мешiт салдырған. Құрылыс басталмас бұрын мешiт салуға екi түрлi жер берiлсе керек. Бiрi осы қаланың iшiнде, қазiр өзiмiз "Тас базар" деп атаймыз, сол "Тас базардың" орны екен. Құнанбай қажы осы бiр жердi үш жылдай бақылауға алып қарағанда, қыстыгүнi қар басып қалатын, жаз болып, жаңбыр жауса шұңқырларға су жиналып лай-батпаққа малшынып кететiн қолайсыздықтарын көрiп, ол жерде құрылыс жұмысын жүргiзуден бас тартады. Ақыры, қажының таңдауы бүгiнгi мешiт орналасқан осы қырат жерге түседi. Олай етуiнiң бiрнеше себептерi бар. Бiрiншiден, тазалыққа қолайлылығы болса, екiншiден, тоғыз жолдың торабында орналасқан, қатынасқа аса ыңғайлылығы. Қарқаралының қай жағынан келе жатсаңыз да ең бiрiншi мешiттiң сәндi мұнарасы көзiңiзге шалынып, Алланың үйi бар екендiгiнен хабардар етiп тұрады… Мешiт 1851 жылы ашылғаннан бастап, Кеңес үкiметi орнағанға дейiн халыққа қызмет көрсетiп, тарихи орындардың бiрi ретiнде мұсылман қауымның уағыз-насихат айтып, әдептiлiк, әдет-ғұрып пен дiндi қатар жетектеп келген қасиеттi орны болған. Құнанбай қажы салғызған бұл мешiт 80 жылға жуық қасиеттi Құдай үйi аталып, имандылық пен адамгершiлiктiң ұйтқысына айналды. Тек 1924 жылы тәркiлеудiң алғашқы кездерiнде осы жерге келген белсендiлер: "Мұның мұнарасын құлату керек, кеңсе қыламыз!," – деп, мешiттi кеңсеге лайықтауға тырысады. Үлкен кiсiлердiң айтуынша, әлгi белсендiлер қасиеттi орынның мұнарасын кiм құлатады деп тұрғанда, араларынан Имаш деген кiсi: "Мен құлатамын, онда тұрған не бар?" – деп, ағаш мешiттiң үстiне жүгiрiп шыққан кезде қолынан балтасы ұшып кетiп, аяғы тайып құлап, сол жерде мерт болыпты. Бұл құдiретке ызаланған белсендiлер: "Мынау жансыз үй қараптан қарап бiздiң бiр кiсiмiздi өлтiрдi" деп мешiттi өртеп жiбермекшi болған. Мешiттiң есiгiнiң алды түгелдей қоршалған тал шарбақ болған екен, соның бәрiн үйiп, мешiттiң шығыс жақ шетiнен өрт қойыпты. Сол уақытта талдың өзi ғана жанып, ал мешiттiң iргесiне от дарымапты. Жай ғана сыртын қара күйе шалып, сырлап қойғандай болып қалған екен. Ызаланған белсендiлер отты ендi батыс жақ шетiнен қойып, өртемекшi болғанда, сол жерде жүрген адамдардың бiреуiнiң көзiне жағымсыз елестер көрiнсе, ендi бiреуiнiң көзiне шоқ түсiп, әбден титықтатыпты. Естерi шыққан белсендiлер бастапқы ойларынан бас тартып, мешiттi жауып қойып, өздерi кетiп қалыпты. Мешiтке ешкiмдi жолатпай, есiк-терезесiнiң барлығын жаптырып тастапты. Содан 1941 жылға дейiн жабық тұрған. Кейiн Ұлы Отан соғысы басталған кезде соғыс зардабын тартқан бауырларымыз Украина, Белоруссия, Закавказье сияқты шет жерлерден келiп, осы жердi жатақхана ретiнде тұрақ еттi. Бiрақ, олар бұл жерде көп тұрақтай алмаған. Бiрiншi күнi шаршап келедi. Екiншi күнi аса ештеңенi байқамайды. Бас-аяғы екi қонып, үшiншi күнi мазалары қаша бастайды. Қолдарына сөмкелерiн ұстап алып, есiктiң алдында үрпиiсiп отырғандарын көрiп: "Неге iшiне кiрiп, жатпайсыңдар? – деп сұраса: "Бұл бiр мазасыз екен, iшiне кiрiп жатуға болмайды, маза бермейдi, тыныштық жоқ!" – деп ренiштерiн бiлдiрiптi.
Кеңес заманының уақытында мешiттi тек жатақхана ретiнде ғана емес, басқа да мақсаттарда пайдаланған. 1991 жылға дейiн бұл жер түрлi қоймалардың қызметiн де атқарыпты. Одан соң кiтапхана, кейiн "Пионерлер үйi" де болыпты. Үлкендердiң айтуынша, мешiт қойма болып тұрған кездiң өзiнде, тұрғындар талай тылсымның куәсi болыпты. Кешкiлiк қойманың iшiн тап-тұйнақтай етiп жинап кетсе де, таңертеңгiсiн келгенде реттеп кеткен күрiш, қарақұмық сияқты көптеген дәндi-дақылдар бiр-бiрiне араласып, қаптардың орындары қозғалып, бей-берекет шашылып жататын көрiнедi. Басында ол кiсiлер бұл жағдайды күзетшiлерден көрiптi. Сенiмдi адамдар келiп, түнiмен күзетсе де ешкiм ештеңенi ұрламайды, тек таңертең барлығы бiр-бiрiмен араласып, қойманың iшi ыбырсып шашылып жатады. Кейiннен мұндай жағдай кiтапхана болып тұрған уақытында жиi қайталанады. Iргедегi сөрелерге рет-ретiмен жинап кеткен кiтаптар таңертең келсе, ортада үйiлiп жататын көрiнедi. Сондай-ақ, қасиеттi орын "Пионерлер үйiне" айналғанда да, кешкiсiн қалдырып кеткен барабан, горн сияқты саз аспаптары түнiмен сазға айналып, күзетшiлердiң зәрелерiн алыпты. Ақырында билiк басындағылар мешiттi жауып тынады. 1991жылы Алла Тағаланың қалауымен ең бiрiншi "Жiбек жолы" жобасы бойынша мемлекеттен қаржы бөлiнiп, "Абайдың мұражайы" деген бағдарлама аясында қайта ашылады. Мешiтке Зейнолла деген ақсақал имам болып тұрады. Ол кiсi кейiн 103 жасқа келiп қайтыс болды. Орнына 1997 жылы Алматы қаласындағы Ислам институтының түлегi Нұрбек Әуезханұлы деген жiгiт келiп, осы жерде 10 жыл қызмет етедi.
– Жөндеу жұмыстары туралы айтып қалдыңыз. "Құртуға да тырысты" деп жатырсыз… Қасиеттi һәм тарихи мекен бүгiнгi күнге дейiн қанша мәрте күрделi жөндеуден өттi?
– Бүгiнге дейiн мешiт екi рет толықтай күрделi жөндеу жұмысынан өттi. Бiрiншiсi, жоғарыда айтқанымдай, 1991 жылы "Жiбек жолы" бағдарламасының аясында мешiт ретiнде емес, Абай Құнанбаевтың мұражайы ретiнде жөндеу жұмыстары жүргiзiлсе, одан кейiн былтыр, яғни 2009 жылы "Жол картасы" бағдарламасы аясында 32 миллион теңге қаржы бөлiнiп жаңартылған болатын.
– Мешiттiң бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi туралы аз-кем тоқтала кетсеңiз…
– Алла жазса, мешiттiң 160 жылдығын өз деңгейiнде атап өту ойымызда бар. Соған ел болып, халық болып дайындалып жатырмыз. Қазақстандағы бiрден-бiр үлкен мешiттердiң бiреуi – Құнанбай қажы мешiтi. Тiптi, мұндай мешiттерге көптеген сырт мемлекеттерден, Түркия, Қытай сияқты елдерден арнайы келiп: "интернеттен, теледидардан көрiп едiк", "кiтаптан оқығанбыз" деп қызыға тамашалап жатады. Мұның өзi қасиеттi мекенге деген құрметтi аңғарса керек. Болашақта мешiттiң тарихынан толықтай сыр шертетiн, осында қызмет еткен адамдар мен тәлiм-тәрбие алған азаматтардың өмiр жолынан мәлiмет беретiн кiтап шығаруды жоспарлаудамыз. Жақын арада оқырманына да жол тартар, иншаллаһ. Ерте кезде мешiттiң жанында Құнанбай қажы салдырған 25 бала тәрбиелейтiн медресе болған екен. Келер жылдарда бiздiң алға қойып отырған үлкен мiндеттерiмiздiң бiрi – мешiттiң жанынан медресе ашу. Алдағы уақытта бұл үлкен шаруаны лайықты деңгейде жүзеге асырсақ па деген ниетiмiз бар.
– Күллi мұсылман қауымына қасиеттi Рамазан айында айтар тiлегiңiз…
– Күллi мұсылман қауымына айтарым – оразаларыңыз құтты болсын, берекелi болсын! Әрқайсыларыңыздың тiлек-дұғаларыңызды, құлшылық-ғибадаттарыңызды Алла Тағала тек қана сауаптан жазсын. Келер жылдың Рамазан айына бастары аман, бауырлары бүтiн, бай-қуатты, елiмiздiң iргесi аман, тыныштықпен жетуге Алла нәсiп етсiн!
Назерке ЖҰМАБАЙ
P.S. Талай-талай қысылтаяң шақтарды басынан өткерген тарихи өлке тұрғындарының алдынан кезiккен қиыншылықтардың барлығын жеңу жолында Құнанбай қажы Өскенбайұлының талай қиыншылықтармен арпалыса жүрiп, кедергiлерге қарамастан салдырған мешiтiнiң үлкен ықпалы болды. Осынау адамзат үшiн рухани байлық болатын адамгершiлiк, парасаттылық жөнiнде ислам дiнiндей негiз қалдырып, халықтың тұрақтылығы мен татулығының ұйытқысына айнала бiлген киелi орынның бой көтеруiне тiкелей мұрындық болған бабамыздың бұл iсiн шексiз құрметке тұрарлық ерен еңбек деп бағалуға әбден лайық.