АТТАП БАССАҢ – АВТОТҰРАҚ!
АТТАП БАССАҢ – АВТОТҰРАҚ!
Тоқсаныншы жылдары белең алған автотұрақ салу "бәсекесiнен" қарағандылықтар да қалыспаған. Бүгiнде Қарағанды қаласында 265 автотұрақ бар болса, оның көпшiлiгi Қазыбек би ауданының аумағында көрiнедi. Қалалық әкiмдiк қызметкерлерi бұлардың 22-сi заңсыз жұмыс iстеп тұрғанын анықтап отыр. Ол жерлерге қожайындар автотұрақ салып, арзан табысқа кенелуден гөрi тұрғын үйлер, сауда орталықтары мен моншалар, тiптi мектепке дейiнгi балалар мекемесiн салуға тиiс болатын. Кезiнде әкiмдiк бизнесмендерге осы жерлердi бергенде дәл осындай мақсатпен бөлген едi. Өкiнiштiсi, кейбiр пысықай кәсiпкерлер өз мiндеттерiн ұмытып кеткен тәрiздi. Олар аталмыш жер телiмдерiн қоршап алып, iшiне қалқитып үйшiк тұрғызып, ақылы автокөлiк тұрағы ретiнде пайдаланып келген. Оның үстiне кәсiпкерлер салықтан жалтарып, мемлекет қазынасына заңда қарастырылған сомадан 10 есеге дейiн аз мөлшерде алым төлеп келгендерi де анықталып отыр.
Сонымен қоса 10 жер телiмiнiң иелерi мен жалгерлерi өздерiнiң бизнес жөнiндегi заңды құқықтарын пайдалана алмаған. Қазыбек би аудандық әкiмдiгiнiң қызметкерлерi анықтағанындай қаланың, ортасынан ойып тұрып салынған екi автотұрақ – кадастрлық орталықта тiркелмеген екен. Қала әкiмi Бауыржан Әбдiшев қол астындағы құзырлы мекемелерге заң бұзушылықтардың жолын кесу жөнiнде тапсырма бердi. Сәулет және қалақұрылысы бөлiмiне автотұрақтардың үлгiлiк жобасын жасау мiндетi жүктелдi.
Аманжол АҚЫН,
Қарағанды облысы