ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР АТА ЗАҢДЫ АРДАҚТАДЫ
ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР АТА ЗАҢДЫ АРДАҚТАДЫ
Елiмiздiң еңсесiн көтерiп, ел болуында жасалған маңыздың құжаттардың бiрi – Ата Заңымыздың қабылдануы. 1995 жылы референдумда қабылданған Конституциямыздың 15 жылдық мерейтойы Қарағанды облысында да сән-салтанатпен аталып өттi.
Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драмалық театрда өткен Қазақстан Республикасы Конституциясына арналған жиында аймақ басшысы Серiк Ахметов: "Бұл республиканың қоғамдық-саяси өмiрiндегi өте маңызды оқиға. Себебi, Конституция қоғамдық қатынастар нормасын, мемлекет пен қоғамның құрылымы мен қызметiнiң негiзгi қағидаларын белгiлейтiн ең жоғарғы заңдық күшi бар құжат болып табылады", – деп атап өттi құттықтау сөзiнде.
Тәуелсiздiк алғаннан кейiн жаңа демократиялы мемлекет құру, сондай-ақ оның құқықтық базасын қалыптастыру мiндетi тұрды. Осы орайда әлемдiк тәжiрибелердiң мемлекет пен халыққа оңтайлы әрi аса маңызды тұстарын бiрiктiрген Ата Заңымыз дүниеге келдi. Республиканың даму ерекшелiктерi, мәдени және рухани құндылықтар мен әлеуметтiк мәселелер кең қамтылды. "Елiмiздiң қарыштап дамуына, әлеуметтiк-экономикалық және саяси реформаларды жедел жүзеге асыруға, осының негiзiнде азаматтардың өмiр сүру деңгейiн арттыруға негiз қалады деп нық сенiммен айтуға болады", – дедi Серiк Ахметов.
Осы орайда Қарағанды облысында әртүрлi салада түрлi жұмыстар атқарылып, оң нәтижесiн көрсетiп келедi. Мәселен, кәсiпкерлiктiң дамуы барысында өнеркәсiптiк өнiм көлемi биыл 151 миллиардтан 808 миллиард теңгеге дейiн жетiп отыр. Сонымен қатар бiлiм беруге жұмсалатын қаржы 7 есеге артқан. Денсаулық саласында да жетiстiктер жетiп жатыр. Атап айтар болсақ, облыстың 1 тұрғынына есептелген шығын 13 есеге көбейтiлдi. Емдеу мекемелерiне заманауи құрал-саймандар жеткiзiлiп, жаңа емдеу орындарының саны артып отыр. Жалпы алғанда, 15 жыл iшiнде әлеуметтiк салаларға бөлiнетiн қаржы сегiз есеге дейiн көбейген.
Мереке қарсаңында қарағандылықтар орталық алаңға жиналып, Ата Заңымыздың мерейтойын бүкiл қазақстандықтармен бiрге тойлады.
"Түркiстан-ақпарат"