Жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫДА ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТ

ашық дереккөзі

ҚАРАҒАНДЫДА ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТ

Қарағанды халқын толғандырған өзектi мәселеге түбегейлi нүкте қойылды. Көпшiлiктi толғандырған мәселе – қала iшiнде қатынайтын автобустардың жолақы құны. Бiраздан берi жергiлiктi тұрғындар арасында "жолақы қымбаттайды екен" деген сыбыс шыққан-ды. "Халық айтса, қалт айтпайды" деген рас екен. Қаңқу сөз шынға айналды.

Қарағанды халқын тасымалдаумен айналысатын "№3 Автопарк" пен "Манас", "Таксокомбинат" ЖШС өкiлдерi және "ТКШ және жол құрылыс бөлiмi" ММ, "Жолаушылар көлiгiн басқару қызметi" ҚОМКК таяуда баспасөз мәслихатын өткiздi. Аталмыш жиында жолақының жайы кеңiнен сөз болған. Күннен күнге қымбатшылық жайлаған қалада жолақының қымбаттауы бұқара халық үшiн жығылғанға жұдырық екенi күмәнсiз. Әйтседе Қарағанды қаласы бойынша осы салаға жауапты мекеме басшысы А.Аглиулиннiң өз айтары бар көрiнедi.

– Жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуде жергiлiктi бюджет автопарктердiң жарты миллиард теңгеге жуық шығынын мойнына алып келдi. Ал ендiгi жерде олай болмайды. Жергiлiктi билiк тарапынан әлеуметтiк топтар мен мектеп оқушылары мен студенттерге ғана дотация сақталып, қалған шығынды тасымалдаушылар өз есептерiнен жабады. Бюджеттен үнемделген қаражат басқа әлеуметтiк бағдарламаларға жұмсалмақ, – дейдi А.Аглиулин.

Әбден талқыға түскен аталмыш мәселе бойынша жолаушы тасымалдаушылар арнайы бағдарламалар жасаған екен. Онда бiрнеше жәйттер ескерiлiптi. Атап айтар болсақ, автобустарды жаңарту мен қызмет көрсету аясын жақсарту және жаңа маршруттар енгiзу секiлдi шаралар көрсетiлген. Бұдан бұлай кешқұрым тоқтап қалатын қоғамдық көлiктер жөнге келтiрiлетiн болады. Автобустардың жол жүру кестесi түнгi он бiрге дейiн ұзартылады. Бұл шара қала тұрғындарына қолайлы жағдай тудырары сөзсiз. Жүргiзушiлерге екi ауысымдық жұмыс кестесiн жасайтынын атап өттi. Тасымалдаушы кәсiпорын басшылары алдағы уақытта тәжiрибелi жүргiзушiлердi ғана жұмысқа алуды көздеп отыр. Соңғы кезде екiнiң бiрi автобус ролiне ие болуы салдарынан қалада көлiк қақтығыстары жиi орын алған болатын. Алдағы уақытта кәсiби жүргiзушiлердi жұмысқа тартса, осы олқылықтың орны жөнге келетiнi сөзсiз

Мәслихатта сөйлегендер жолақының 30 теңгелiк тарифiн республика аумағынан бүгiнде шам алып iздесең де таппайтындығымызды айтты. Олар жолақы Астанада 65 теңге, Қызылжар мен Алматыда – 50 теңге дейдi. Сөз жоқ соңғы бес жыл бойына жолақы құны 30 теңге болып жұртқа аса жайлы тиген-дi. Қыркүйектiң бiрiнен бастап қала iшiндегi көлiктердiң жолақы құны 50 теңгеге дейiн қымбаттайтыны белгiлi болды. "Жол мұраты жету" деп бiлген баба қазақ танымында сапарлаудың өзiндiк мәнi бар. Қалай болғанда да қара халық қоғамдық көлiкке мiнуге әрқашан зәру.

Серiк Құдайбергенұлы,

Қарағанды облысы