Жаңалықтар

ПАРЛАМЕНТТIҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ

ашық дереккөзі

ПАРЛАМЕНТТIҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ

Кеше Қазақстан Республикасының Парламентi жаңа сессиясын бастады. Бұл төртiншi рет шақырылған Парламенттiң төртiншi сессиясы. Жаңа сессия алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттер сан алуан. Соның бiрi – жазда дайын болған "Тiлдердi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы".

Ал, тағы бiр маңызды мәселе ретiнде "Көшi-қон туралы" Заң мен "Азаматтарды тұрғылықты жерi бойынша тiркеу мәселелерi жөнiндегi кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заңдарды қабылдау керектiгiн атап өттi Парламент сессияларының бiрiккен отырысына қатысып, жаңа маусымды ашып берген Елбасы.

ДАҒДАРЫСТЫҢ ЖАҢА ТОЛҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Сондай-ақ, мемлекет басшысы елде дағдарыстың жаңа толқыны болуы мүмкiндiгiн ескерттi. Сөйтiп мемлекеттiк шығындарды мүмкiндiгiнше азайтып, кез келген жағдайға дайын болу қажет дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы Парламент палаталарының бiрiккен отырысында. "Бiз ғаламдық дағдарыс толқынына төтеп бере алдық. Бiрақ, бұнымен тоқтамауымыз керек. Бүкiләлемдiк экономикадағы жағдай әлi айқын емес, жағдай тұрақталған жоқ. Бүгiнде сарапшылар дағдарыстың қайталануы мүмкiн деген болжам жасап отыр. Сондықтан да, мемлекеттiк қаржыны оңды-солды шашудан сақ болып, кез келген жағдайға дайын болған жөн. Парламент пен үкiмет елдiң дамуына бағытталған бағдарламаларға бөлiнген қаржының үнемдi жұмсалуын қадағалау қажет. Кейбiр мәселелерге қосымша қаржы бөлудiң қажетi шамалы, керiсiнше, мемлекеттiк шығындарды мүмкiндiгiнше азайтып, қор жасауды қолға алу керек" – дедi Назарбаев алдағы болуы мүмкiн дағдарыстарға жаңа маңыз берiп.

КӨШI-ҚОН ЖӘНЕ ТIРКЕУ

Былтырғы жылы қоғамның көп талқысына түскен көшi-қон және тiркеу мәселелерi туралы заң жобаларын биылғы маусымда қабылдау Парламенттiң басты мақсаттарының бiрiне айналып отыр. Бұл – iшкi және сыртқы көшi-қонды реттеуден туындап отырған мәселе. "Айналамыздағы тұрақсыздықтың салдарынан террористiк ұйымдар мен наркотрафик белең ала бастады. Бiз кiмнiң келiп, кiмнiң кетiп жатқанын бiлуiмiз керек. Сол үшiн реттеу қажеттiлiгi туындауда. Көшi-қон iсiмен айналысатын ұйымдардан кейде қанша адамның келiп, қанша адамның кетiп қалғаны туралы сұрасаң, жауап бере алмай қалады. Сол себептi де көшi-қон туралы заң жобасын қабылдау күн тәртiбiне шықты" дедi Елбасы сөйлеген сөзiнде. Биыл жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Көшi-қон комитетi "Халықтың көшi-қоны туралы" Заңның жаңа жобасын дайындағаны мәлiм. Дәл осы заң жобасы төңiрегiнде пiкiрталастың қызғаны да айқын. Бұнда iшкi және сыртқы көшi-қонды реттеу мәселесi басты назарға алынған.

Соңғы жиырма жылда көшi-қон әлемдiк маңызды мәселеге айналды. Әсiресе, ауылдан қалаға ағылушылық қарқын алып отыр. Бұл процестi реттеуге Қазақстан қоғамы дайын болмай шықты. Соның салдарынан, қалада баспанасыздардың саны еселеп артқан. Iшкi мигранттардың балаларын мектепке қабылдау, ауруханада тiркеу т.т. шешiмiн таппаған мәселелер көбейдi. Сол себептi де Кеңестiк жүйе құлағаннан берi өзектiлiгiн жойған "прописка" мәселесi былтырғы жылдан қайта маңызға ие бола бастады. Үкiмет қалада тұрақты тiркеудiң тәртiбiн күшейтудi қолға алып, арнайы заң жобасын жасақтаған болатын. Биыл Парламентке қоғамдық, әлеуметтiк маңызы зор осы заң жобаларын қабылдау тапсырылды. Алайда, бiр партиядан жасақталған Парламент бұл заңдарды қабылдаудан бұрын халықтың пiкiрiне жан-жақты құлақ асуы қажет сияқты.

Есенгүл Кәпқызы