Жаңалықтар

ТАРБАҒАТАЙЛЫҚТАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ашық дереккөзі

ТАРБАҒАТАЙЛЫҚТАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Биылғы қытымыр қыс ауыртпалығымен есте қалды. Алапат су тасқынының орын алуы салдарынан Алматы және Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының әбiгерге түскенi де халық жадында. Табиғаттың тосын мiнезi ауылдағы бес жүзден астам баспананы әп-сәтте қиратып, қорадағы ондаған мың төрт түлiк малды суға ағызып жiбергенде қабырғасы қайыспаған жан болмаған шығар, сiрә.

Әуелi жантүршiгерлiк оқиға Алматы облысы Қызылағаш ауылында болды. Адам шығынына әкелген су тасқыны кезiнде Үкiмет пен халық ауызбiрлiк танытып, көмек қолын созды. Қаһарлы қыстан соң, күшiне мiнген топан су Шығыс Қазақстан облысының бiрнеше аудандарын да шайып кеттi. Iле-шала құрылған комиссияның арқасында үйлердi қалпына келтiру жұмыстары қолға алына бастаған-тұғын. Халықтың құтын қашырған жағдайды тiкелей өз бақылауына алған Шығыс Қазақстан облысы әкiмi Бердiбек Сапарбаев жергiлiктi тұрғындарды сабырға шақырып, баспаналарын дер кезiнде тұрғызып беруге уәде берген. Мiне, жақында жаңа баспаналарға ие болған Тарбағатай ауданындағы халықтың қуанышында шек болмады. Облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев бастаған топ Көкпектi және Тарбағатай аудандарындағы жұртпен кездесу өткiзiп, Көкжыра елдi мекенiнiң 15 тұрғынына жаңа үйдiң кiлтiн салтанатты түрде табыс еттi. Мерейi тасып, көңiлi жайланған ауыл тұрғындарын құттықтаған облыс әкiмi: "Бүгiн 15 тұрғын үйдiң кiлтiн алып тұрсыздар. Күршiм, Тасбастау, Қызылкесiк ауылының баспанасынан айрылған тұрғындары да өз баспанасының кiлтiне ие болды" дедi алдағы күндерге үмiт отын жалғап. Сондай-ақ, Лайлы су тоғанының құрылысын салу үшiн облыстық бюджеттен 91 миллион теңге бөлiнгенi белгiлi болды. Оның құрылысы 1 қарашаға дейiн тәмамдалуы тиiс. Ал, Көкжырадағы үйлердi 1 қыркүйекке дейiн бiтiрiп, коммуникациялар мен жолдарды тез аяқтау қажеттiгi де облыс басшылығының басты назарында. "Мектеп, басқа да әлеуметтiк ғимараттарды тез әрi сапалы салатын уақыт жеттi", – деген облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев Жәнтiкей ауылында жүргiзiлiп жатқан құрылыс жұмыстарына көңiлi толмайтындығын бiлдiрдi. Қазiр мұнда 127 үй шатырланып, 191 үйдiң қабырғасы көтерiлiптi.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша атқаралып жатқан шаруалар жөнiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа есеп берген Бердiбек Сапарбаев облыстың ағымдағы 7 айдағы әлеуметтiк-экономикалық даму нәтижесiн тәптiштеп баяндап бердi. Ол сондай-ақ, табиғи апаттан зардап шеккен баспана тұрғындары қысқа дейiн жаңа үйлерге көшiп, әлеуметтiк-мәдени нысандар пайдалануға берiлетiндiгiн жеткiздi. Кездесу кезiнде Бердiбек Сапарбаев Елбасын Қазақстан мен Ресей ынтымағының Өскеменде өтетiн 7-шi аймақаралық форумына дайындық барысымен де таныстырды.

"Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарған" қазақ үкiметi қарапайым халық бетпе-бет келген мәселелердi шешуге тырысып жатыр. Сәтiн салса, баспанасын зарыға күтiп отырған ауыл жұрты қара суық түскенше үйiне кiретiн болады. Тағы бiр жағымды жаңалық – биыл "Жол картасы" бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысының жолын жөндеуге 18 миллиард теңге бөлiнсе, бүгiнде осы жоба аясында жүздеген тұрғын жұмысқа орналасыпты.

Динара ДҮРМӘН