Жаңалықтар

ШЕНЕУНIКТЕР ОТАНДЫҚ КӨЛIКПЕН ЖҮРСIН!

ашық дереккөзі

ШЕНЕУНIКТЕР ОТАНДЫҚ КӨЛIКПЕН ЖҮРСIН!

Мiне, тура осындай өтiнiш Үкiмет отырысында айтылды. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Альберт Раудың айтуынша, шенеунiктер отандық көлiк мiнуi тиiс.

Отандық автокөлiк құрастырудан суырылып алға шыға қоюымыз екiталай. Дегенмен де әлемдiк танымал маркалардың қосалқы бөлшектерi елiмiзде жасалады, оған қоса автокөлiк құрастыру зауыттары да жұмыс жасап тұр. Шетелдiк технология дегенi болмаса, елiмiздiң мамандарының қосалқы бөлшектердi құрастырудан еш кемдiгi жоқ. Осы орайда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi елiмiзде құрастырылған көлiктердi шенеунiктердiң тұтынғанын талап етiп отыр. Расында, бұл шешiм өте тиiмдi. Отандық өндiрiстi қолдай отырып, шенеунiктер осындай үлгi көрсете алады. Судай жаңа шетелдiк көлiктi мұхиттың арғы бетiнен алдырғанша, жақыннан дорбалағаны орта бизнестi қолдағаны. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Альберт Рау: "Ресейде шенеунiктерге отандық көлiктердi алу мiндеттелген. Тiптi, маркасы да айқындалып қойған. Бiзде Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында "ДЖИП", сонымен қатар қатынауға жайлы жеңiл маркалы көлiктер құрастырылады. Сондықтан ұлттық компаниялар мен мемлекеттiк органдар отандық өнiмдi сатып алуы керек", – деп отыр. Жылына қосалқы бөлшек сатып алуға 15 миллиард АҚШ доллары жұмсалады. Бүгiнде Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында жеңiл маркалы автокөлiктер құрастырылады. Осы орайда көршi мемлекеттердiң тәжiрибесiн алға тартқан жөн. Мәселен, ТМД мемлекеттерiнде, әсiресе Ресейде отандық көлiк мiну ең алдымен шенеунiктердiң мойнына жүктелген. Үкiметке қаратыла айтылып отырған бұл өтiнiш аяқсыз қалмауға тиiс. Себебi, жаңа талаптарға сай жасалып жатқан жолдардың басым бөлiгi жеңiл көлiкке арналған тасжолдар. Еуропа стандарттарына сай жасалған көлiктер бiздiң елiмiзге өте қымбат бағамен жеткiзiледi. Ал екi ортадағы алыпсатарлардың Қазақстанға жеткiзетiн ескi көлiктерiнiң сапасы көңiл көншiтерлiк емес. Бұған кез келген жүргiзушi келiседi, себебi елiмiздегi көлiктердiң басым бөлiгi шетелден әкелiнген. Жыл басында көлiк құрастыратын отандық кәсiпорындар сапалы тауар экспорттауға бейiмделуi тиiс деген едi Үкiмет басы Кәрiм Мәсiмов. Үкiметте көлiк құрастырушылар одағының мүшелерiмен кездескен Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов машина жасау саласы экономиканы индустрияландырудың басым бағыттарының бiрi екенiн қадап айтты. Алдағы бес жылда отандық көлiк құрастырушылар еңбек өнiмдiлiгiн екi есеге дейiн артыруды көздеп отыр. Үкiметтен бұл саланы қолдау үшiн келесi жылы республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге көлемiнде қаржы бөлiнедi деп болжануда. Сонымен қатар, ағымдағы жылдан бастап өндiрiс орындарына 8 пайызбен несие берiлетiн болады. Бiрiншi талап отандық кәсiпорындар еңбек өнiмдiлiгiн арттыруы керек. Сондай-ақ, экспортқа шығарылатын өнiм жасайтын кәсiпорындарға Үкiмет тарапынан қолдау көрсетiлетiн болады. Инновациялыық дамуды негiз еткен өндiрiстерге салықтық, кедендiк жеңiлдiктер жасалады. Конституцияның 15 жылдығына арналған әскери шеруде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өзiнiң экономикалық дамуында технологиялық модернизация жасауға бет бұрды дедi. “Жаһандық дағдарыстың барлық салдарын табысты еңсере отырып, жаңа индустрияландыру саясаты жүзеге асып келедi” дедi Елбасы.

Ақниет ОСПАНБАЙ