Жаңалықтар

ПӘКIСТАНҒА ШҰҒЫЛ КӨМЕК ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

ПӘКIСТАНҒА ШҰҒЫЛ КӨМЕК ҚАЖЕТ

Соңғы 80 жылда болмаған селден Пәкiстанның бестен бiр бөлiгi су астында қалды. Бүгiнде миллиондаған адамға аштық қаупi төнсе, 3 жарым миллион бала ауызсу проблемасынан туындайтын аса қатерлi оба дертiне ұшырауы мүмкiн. Топан судың зардабын жоюға жалғыз өзi қауқарсыз Исламабад түрлi халықаралық ұйымдар мен жекелеген мемлекеттерден келiп жатқан қаражаттық қолдаудың жеткiлiксiз екендiгiн айтып, бүкiл Жер шарынан көмек сұрауда.

Тәуелсiздiк күнi қарсаңында миллиондаған шаңырақтың ойран-топыры шыққан Пәкiстанда соңғы 80 жылда болмаған сел жүрдi. Елдiң сыртқы iстер министрi Шах Махмуд Күрейши халықаралық ақпарат құралдарына жасаған мәлiмдемесiнде қазiргi кезде топан судың зардабын жоюға қаржылық қиындықтар кедергi келтiрiп отырғанын, осының кесiрiнен миллиондаған адамға аштық қаупi төнгенiн айтып, дабыл қақты. Ал Бiрiккен Ұлттар Ұйымы тарапынан дайындалған арнайы баяндамада пәкiстандық 3 жарым миллион баланың ауыз су проблемасынан туындайтын ауруларға ұшырағаны жайлы дерек бар. Пәкiстан премьер-министрi Юсуф Раза Гиланидың айтуынша, топан судан зардап шеккендердiң жалпы саны 20 миллионнан асуы мүмкiн. Пәкiстанға арнайы сапармен барып қайтқан Ұлыбританияның даму министрi Эндрю Митчелл кем дегенде 10 мың ауылды тып-типыл еткен апаттың зияны шексiз екендiгiн айтып, Жер шарын пәкiстандықтарға көмектесуге шақырды. Қаражат тапшылығына ұшыраған Исламабадқа Бiрiккен Ұлттар Ұйымы тарапынан берiлетiн қаржылық қолдау 460 миллион доллар көлемiнде (қазiргi кезде бұл соманың небары үштен бiр бөлiгi ғана табыс етiлген), сондай-ақ, Дүниежүзiлiк банк 900 млн. доллар несие бөлуге шешiм қабылдады. Пәкiстандық билiктiң мәлiмдеуiнше, елдi қалпына келтiру үшiн 5 жылдық мерзiмге 15 млрд. доллар көлемiнде қаржы қажет. Әзiрге көмек қолын созған елдер арасынан 70 млн. доллар берген АҚШ-тың үлесi басым.

Бүгiнде селден ажал құшқандар саны күн сайын артып келедi. Дүйсенбi күнi халықаралық ақпарат агенттiктерi 1500 адам қаза болды десе, сейсенбiде бұл көрсеткiш күрт өстi. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының мамандары Пәкiстанда оба дертi асқынған жағдайда бүкiл Жер шарына қауiп төнетiнiн ескертуде. Апта басында үйсiз-күйсiз қалған, ең ауыры, туғандарынан айырылған адамдар елдiң оңтүстiк аймағындағы Синд провинциясының басты жолын жауып тастап, билiктен тез арада тиiстi шараларды қабылдауды талап еттi. 2010 жылдың 19 тамызында Нью-Йоркте Пәкiстандағы селге байланысты БҰҰ Бас ассамблеясының арнайы кеңесi өттi. Әртүрлi елдiң делегаттары мен халықаралық деңгейдегi саясаттанушылар қатысатын бұл жиында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун топан судан зардап шеккендердiң бүгiнгi ахуалы мен табиғи апаттың нақты ауқымы туралы арнайы баяндама жасалынды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ