Жаңалықтар

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН ҚЫТАЙ ДЕКАНЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТIН ҚЫТАЙ ДЕКАНЫ

Бүгiнгi бәсеке заманының талабына сай жастарымыздың да әлемдiк құндылықтарды, мәдениеттi игеру мақсатында төрткүл дүниеге кеңiнен танымал әрi кең қолданыстағы ағылшын, қытай т.б тiлiне деген қызығушылықтары артып, оны үйренушiлер қатары көбейiп келе жатқаны да көңiл қуантады. Бұған жақында Қытай мемлекетiне барған iс-сапарымызда тағы да көз жеткiздiк.

Қытайда қазiр қазақ жастары сан салада бiлiм алып жүр екен. Айталық, бiр Синьцзян педагогикалық университетiнде 845 шет елдiк студенттер дүниежүзiнiң түкпiр – түкпiрiнен келiп бiлiм алады. Үрiмжi қаласындағы бұл университет бар болғаны 1978 жылы желтоқсанда ашылса да бiлiм берудiң толыққанды жүйесiн жолға қойған екен. Отыз жылдық аз ғана тарихы бар университетте бiрнеше ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық, жоғары оқу орнына дейiнгi және жоғары оқу орнынан кейiнгi барлық деңгейдегi қосымша да табиғи- ғылыми және гуманитарлық бағыттағы университеттi 1995 жылы ЮНЕСКО-ның Халықаралық Университеттер Ассоциациясы әлемдегi ең әйгiлi халықаралық университет тiзiмiне енгiзiптi. 30 жылда осындай беделге ие болу оңай шаруа болмаса керек.

2008 жылдан берi қытай тiлi мен мәдениетiн насихаттау мақсатында 90 елдiң жоғары оқу орындарында Конфуций аудиторияларын ашқан. Әлемге елiн, тiлiн, тарихын, мәдениетiн, өркениетiн насихаттаудың озық үлгiсi емес пе, бұл? Таңғаларлық әрi тәлiм аларлық тағлым емес пе? "Бiздiң ғасырларға кететiн тарихы бар университеттерiмiз қазақты таныту мақсатында нендей жұмыстар жүргiзiп жатыр?" деген мұңды ой туады мұндайда.

Бiздiңше, мұның бәрi ұлтжандылықтан туып жатқан ұлы мүдделер. Әлемнiң әр түкпiрiнде өз тiл жанашырларын, мамандарын даярлау арқылы өз өркениетiн өрiстеткен алып елдiң ертеңi жарқын екендiгi аян. Қытай мемлекетiнiң алыптығы осы рухани өрiстi кеңейтуi мен әр азаматының ұлтжандылығында жатқанына күмән жоқ. Жоғары оқу орындары мен университеттерiнiң басшыларынан бастап оқытушы, студенттерiне дейiн, киiмдерi де, тұрмыстары да өте қарапайым. Айта кетер бiр жәйт, бұл елде шетелдiк көлiк атаулы жоқ десе де болады. Олардың ұлтжандылығы сондай –тек өз тауарларын алады, өз көлiктерiн мiнедi, өз жiбектерiнен көйлектерiн киедi. Тұрмыстарын аса жақсартуға көп мән бермейтiн халықтың керiсiнше жан мен тән саулығы жақсы. Таңертеңгiлiкте көздерiн жаттығумен ашатын қытай жұрты сабақтың ортасында да, кешкiлiкте де, тiптi көлiкте де, халықаралық әуе транспортында да арасында үзiлiс жасап, спортпен айналысады екен. Кешкiлiкте де көшелерiнде ұлттық музыка ойнап тұрады, соның әуенiмен ұлттық биiн, спорт жаттығуларын жасап жатқан жастарды жиi жолықтырасыз. Көшелерiндегi көлiктiң денi велосипед, ал оның денсаулыққа, әсiресе экологияға қаншылықты пайдалы екендiгi айтпаса да белгiлi. Және бiр жәйт, көлiктiң денi газбен жүредi.

Ендi университеттiң бiзге үлгi боларлық материалдық базасына тоқтала кетейiк, жалпы алаңы 517.72 мың шаршы метрдi алып жатқан университет қалашығында 12 әмбебап зертханалар мен жақсы жабдықталған жатақханалар бар. 1252 мың томдық кiтап қоры бар кiтапханадан студенттер күнi бойы үзiлмейдi екен.

Университетте 1897 кiсi қызмет етедi, оның 996 жоғары бiлiмдi оқытушылар. 2009 жылы университетте 1668 аспирант, 14875 студент, 6085 студент кәсiби мамандықты иемденсе, 845 шет елдiк студент қытай тiлiн игердi.

Университетте 36 ғылыми-зерттеу институттары, орталықтары мен кабинеттерi бар. Қытай мемлекетi соңғы жылдары екi тiлдi оқу жүйесiн ендiрiп, ҚХР-да тұратын 56 ұлттың бәрiне 1-шi сыныптан бастап қытай тiлiн мiндеттi пән ретiнде оқыта бастаған. Бiзге де осы жүйенi енгiзсе, мемлекеттiк тiлiмiздiң мәртебесiн шырқау биiкке көтерген болар едiк.

Мәселен, жақында ҚР Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхамед Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасын көпшiлiк талқысына ұсынды.Қазақ тiлiнiң жанашыры, ұлтжанды Мұхтардың мақсаты айқын, қалайда қазақты қазақша сөйлету,намысын оятып, өз ұлтына,тiлiне,ел келешегiне деген жауапкершiлiкке үндеу. Алайда, арман бар да оны орындау деген тағы бар емес пе? "Өз қадiрiн бiлетiн әр қазақ" ең болмағанда өз-өзiмен және әсiресе шетелге шыққан әрбiр қазақ тек ана тiлiнде сөйлесе абыройы аспаса кемiмес едi-ау. Көшеде жүрген кез келген шет елдiктердiң сөздерiне құлақ салыңызшы.Олар ешқашан өзара өзге тiлде сөйлемейдi. Көршiлерден де жақсы жобаны,жақсы бағыттарды ала бiлгенiмiз жөн ғой. Қазақ тiлiн балалар бақшасынан бастап, бүкiл қызмет бабында бiрiншi талап ретiнде оқыту, iс-қағаздарын жүргiзу қазiрден бiржола енгiзiлмей, оның келешегi күмәндi екендiгi анық. Ендiгi мiндет – жеке заң да емес, жоба да емес, нақты iс-әрекет, яғни мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейтiп,орындалуын ғана талап ету. Қазiргi уақыт нақты iстi талап етедi.

Ойланып қарасақ, небәрi 30 жылда әлемдiк деңгейге жету осы ұжымның әрбiр мүшесiнiң мемлекеттiк мүддеге мүлтiксiз қызмет етуiнен, ұлт кадрларын даярлауға бөлiнген қаржыны тек көзiн тауып, ортақ мақсатта жұмсауынан жеткен жетiстiк сияқты. Бiздiң де тiлге, бiлiмге жұмсалған әрбiр тиынымыз осылай өз орнын тауып жатса баяғыда-ақ бiлiмге байып, ұлттық рухымыз көтерiлiп-ақ кеткен болар едi. Әзiрге шiркiнайлап тамсанудан артыққа бара алмай келемiз.

Университет iшiндегi қытай тiлiн оқыту институтына бүгiнде әлемдегi ең алпауыт мемлекеттердiң өзiнен бастап айталық, Англия, Америка, Австралия, Жапония, Корей, Россия, Индия, Ауғанстан, Моңғолия, Пакистан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан т.б елдерден жастар келiп, бiлiм алуда. Бұл институттың өзiнде шет елдiк студенттерге терең бiлiм беретiн 37 оқытушының бәрi магистратураны бiтiрген, тәжiрибелi мамандар. Бiр таңғаларлығы, шет елдiк студенттерге оқудың төлемақысы төмен (12000 юань).

Тап осындай жағдай Пекиндегi Орталық ұлттар университетiнде де жасалған. 1941 жылы құрылған университетте 23 институт 55 мамандық бойынша бакалавр, 64 мамандық бойынша доктор пейджи даярлайды. Күндiзгi бөлiмде 12 мың студент, магистратура мен доктор пейджиде 3225 талапкер оқиды. Оларға 2014 оқытушы, оның iшiнде 371 ғылым докторлары мен профессорлар сабақ бередi.

ҚХР Орталық ұлттар университетiнiң ректоры, профессор Чын Ли шет елдiк студенттерге барлық жағдай жасауға тырысады екен. Дүние жүзiндегi жалғыз қазақ филология факультетi бар (1953 жылы мамандық, 2004 жылы факультет) Орталық ұлттар университетiнiң ректоры ол факультетте әлемге әйгiлi түркiтанушы ғалым, 83 жастағы Ген Шиминьдi зор мақтанышпен атады. Таза қазақ тiлiнде әзiл әңгiме айтып, бүкiл елдi көңiлдендiрiп отырған ғалыммен бiз факультет ұжымымен кездесу кезiнде сұхбаттасып, тiлдестiк. Қазақ филологиясы факультетiнiң деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жаң Дин Жиң де қазақ тiлiнiң маманы, түркiтанушы ғалым. Оның түр-тұлғасына қарап ұлты қытай деуге сенбейсiң. Ешқандай кiбiртiкпей таза сөйлейтiн декан үйiнде де қазақтың етiн астырып жеп, қолдан айран ұйытып iшетiнiн естiгенiмiзде ризашылығымызды жасыра алмадық. Өзiнiң мамандығына деген адалдық пен сүйiспеншiлiктi осылай табиғи болмысымен қабылдаған қытай азаматына жергiлiктi қазақтар да, бiздер де разы болдық. Факультеттiң деканы, қытай ұлтының өкiлi осылай жерлестерiмiздi жиi-жиi қызартып, ұялтар болса намысы бар азаматтар амалсыздан ана тiлiне аңсары ауар деген арманмен бiз де елiмiзге аттандық.

56 жылдық тарихы бар факультетте бүгiнгi таңда 170 бакалавр, 7 магистр, 4 доктор, 1 постдоктор бiлiм алуда. 1,3 миллион қазақтар тұратын Қытай мемлекетiнде қазақ филологиясының болуы заңды да сияқты.

Қазақтың қоғам қайраткерi, қазақ тiлiнiң жанашыры, қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика университетiнiң ректоры Шамша Көпбайқызы Беркiмбаева Қытайдағы қазақ тiлi мен әдебиетiн оқытудың негiзiн қалаған, Түркi академиясының құрметтi академигi, әлемдiк Алтайтанудың алтын сыйлығының иегерi, бiрнеше дүркiн әлемдiк сыйлықтардың, оның iшiнде Германияның Хунбо қоры сыйлығының лауреаты, сексеннiң сеңгiрiне келсе де қазақ тiлiнiң жанашыры болып жастарға бiлiм берiп жүрген ұлағатты ұстаз, Ген Шиминь ақсақалға шексiз алғысын бiлдiрдi. Сондай-ақ, бұл факультетте Қырғыз академиясының құрметтi академигi, "Манас" орденiнiң иегерi, Орталық Азия мәселелерiн зерттеушi, қырғыз бен дүнгентану саласында әлемдiк деңгейдегi бiрден-бiр ғалым Ху Чжэн, түрiк және қазақ тiлiнiң бiлiктi маманы пофессор Ли Цзэнсян, қазақ әдебиеттануы мен түркiтануы саласындағы бiрден-бiр маман Би Сюнь, қазiргi қазақ тiлiнiң маманы доцент Чжу Матай, түркi филологиясының бiлiктi маманы, қазақ тiлiнiң грамматикасы мен грамматика теориясын жақсы меңгерген, факультет деканы Чжан Динцзин, көне түркi тiлiн зерттеушi, пофессор Аликэн, қытай және қазақ тiлiндегi аударма саласының маманы доцент Бо Лаши, қырғыз халық әдебиетiнiң маманы доцент Тохань, және екi тiлге де жүйрiк тiл мамандары қызмет етедi екен.

2002 жылдан берi университет әлемнiң ең iрi жоғары оқу орындарынан атақты ғалымдарды шақырып, дәрiс берудi дәстүрге айналдырып келедi. "Мұның нәтижесi өте зор. Осы кезге дейiн бiз 9 елден кәсiби мамандар мен бiлiктi профессор, академиктердi шақырып, студенттерiмiзге дәрiс оқыттық. Олар бiздiң және студенттердiң ғылыми жобалары мен зерттеулерiне жетекшiлiк жасауда да көп көмегiн көрсетедi", – дейдi факультеттiң аға-оқытушысы Нұрбұхан.

Қытай мемлекетiнiң бiлiм беру саласындағы қос тiлдiлiк жүйесi, жаңашылдық пен жақсы дәстүр қай елге де үлгi, бiз үйренетiн де жәйттер жеткiлiктi. Сондықтан территориямызды тағдыр қосқан көршiмiз Қытай мемлекетiндегi жоғары оқу орындарында жүргiзiлiп жатқан игiлiктi iстердiң жақсысын алып, бүгiнгi заман талабына сай дамыту мақсатында екi жақта ғылыми, достық-ынтымақтастық қарым- қатынас орнатуды жолға қоюды көздеп отыр.

Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университет ректоры Ш.К.Беркiмбаева бастаған делегация өкiлдерi мен Қытай мемлекетiнiң екi университетiнiң басшылары келешекте тiл мамандарымен алмасу, яғни кәсiби мамандар жiберу, студенттердiң екi жақта да бiлiм алуына мүмкiндiк жасау, тiл жетiлдiру курстарында оқыту, оқу құралдарымен, оқулық, әдебиеттермен қамтамасыз ету, заман талабына сай жабдықталған материалдық-техникалық база қалыптастыру т.б. мәселелерi жөнiндегi келiсiм шартқа қол қойды.

Ең бастысы, жақсыны жатырқамай алып, ұлттық руханиятқа үлес қосу ғой.

Гүлзия ПIРӘЛИЕВА, Филология ғылымдарының докторы

Алматы – Үрiмжi – Пекин – Алматы