Жаңалықтар

АДАМ ДЕНЕСIНДЕГI 700 НҮКТЕНIҢ ҚҰПИЯ СЫРЫ

ашық дереккөзі

АДАМ ДЕНЕСIНДЕГI 700 НҮКТЕНIҢ ҚҰПИЯ СЫРЫ

Жан санын бiр жарым миллиардқа жеткiзiп отырған Қытай елiнде ине терапиясы ғылыми тұрғыдан ғана емес, күнделiктi қолданыстағы ем-дом түрi ретiнде қалыптасқан. Өйткенi, алтын ине науқасты емдеп қана қоймай, оның бойындағы ауруға деген қарсылық иммунитетiн көтерiп, қуат көздерiн ашады. Сондықтан көптеген өркениеттi елдерде адамдар ауырмай-ақ, бойындағы әлсiздiктi жойып, дене қуатын көтерiп, иммунитетiн арттыру үшiн Шығыс-Тибет медицинасының қызметiне жүгiнедi.

Бес мың жылдық тарихы бар тибеттiк емнiң бiздiң елге енгенiне де көп бола қойған жоқ. Бiзге бейтаныс болып келген ине терапиясын отанымызға алғаш алып келгендердiң бiрi – Жасан Зекейұлы. Ол жетi атасынан берi ине терапиясымен шұғылданып келе жатқан қытайлық Сунь профессорды ұстаз тұтып, сол арқылы адам денесiндегi 700 нүктенiң қыр-сырын үйренген. Аспан асты елi шекарасынан асырмай құпия ұстап келген ине емiн отанына алып келген дәрiгер, жазылуы қиын аурудан айыққан қаншама науқастың алғысына бөленiп жүр. Оған өз денсаулығының кепiлiн "Жас-Ай" орталығынан тапқан қалың жұртшылық куә. Бұл мекеменiң ашылғанына алты жылға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында орталық дәрiгерлерi 40 мыңнан астам науқасқа ем-дом көрсеткен. Олардың iшiнде әлеуметтiк жағдайы төмен 5 мыңға жуық адамға тегiн ем жасалыпты. Бұл орталықтың батыстық емдеу орталықтарынан айырмашылығы – денедегi дерттi алтын инемен аластап, дәрi шөптер арқылы ағзаны қуаттандырады. Емдеу тәсiлiнiң бұл түрi дерт салдарынан әлсiреген ағзаны химиялық дәрiлердiң залалдауынан сақтап, сау-саламат қалпына келуiне мүмкiндiк бередi.

"Ауырып ем iздегеннен, ауырмайтын жол iздеген" талай жанның алғысына бөленiп, ажалына арашашы болып отырған емдеу мекемесiне елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келушiлердiң қатары да күн санап артып келедi. Атағы әлемге танылған бас дәрiгер Жасан Зекейұлының бiлiктiлiгiн естiген кейбiр науқастар шетел асып келiп те ем қабылдап жатыр.

Осы сұранысты ескерген мекеме басшылығы әл-Фараби даңғылының бойынан заманауи техникамен жабдықталған тағы бiр емдеу орталығын ашты. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту және қолдау" бағдарламасының аясында қанатын кеңге жайып келе жатқан орталықтың ашылу салтанатында депутат Уалихан Қалижан: "Неге бiз ерекше ем iздеп шетелге ағыламыз? Өзiмiзде барды бағалауымыз керек қой. Сол себептен, елiмiздегi бiлiктi мамандарды қолдап, өзiмiзде емделудiң жолын қарастырайық" деген ұсынысын жеткiздi.

Д.ҚАНАЕВА