Жаңалықтар

ХХI ҒАСЫР АДАМДАРЫ ӨМIР СҮРУ САПАСЫНЫҢ АРТА ТҮСКЕНIН ҚАЛАЙДЫ

ашық дереккөзі

ХХI ҒАСЫР АДАМДАРЫ ӨМIР СҮРУ САПАСЫНЫҢ АРТА ТҮСКЕНIН ҚАЛАЙДЫ

Бiрiккен Ұлттар Ұйымы 2009 жылы Қазақстанды адам потенциалының деңгейi жоғары саналатын елдер санатына қосты. Конституциясында "әлеуметтiк мемлекет" екенi тасқа таңба басылғандай жазылған елдiң iшкi қуаты мен амбициясына берiлген оң баға бұл.

Ал белгiлi "Форбс" журналы 2005-2009 жылдар аралығында жүргiзген әлеуметтiк сауалнама нәтижесiнде Қазақcтан бақытты тұрғындарының саны жағынан 70-шi орында екенiн анықтады. Бұл сауалнама 155 мемлекеттегi мыңдаған азаматтар арасында жүргiзiлген екен. Респонденттерден өмiр сүру деңгейiне қаншалықты риза екендiктерiн 1-ден 10-ға дейiнгi көрсеткiш бойынша бағалау сұралған. Әрине, бұл жерде қазақ халқының қанына сiңген қасиет – қанағатшылдықтың айтарлықтай роль атқарғаны анық сияқты. "Қанағат қарын тойдырады" дейтiн халқымыз қандай қиыншылықты да еңсерiп, келешекке зор үмiтпен қарайды. Дәуiрлер өтiп, империялар ыдырап жатса да, осы қалпынан айнымайды. Соңғы 20 шақты жылда әлем айтарлықтай өзгерiстерге ұшырады. КСРО сынды алып империя ыдырап, оның орнында жаңа тәуелсiз мемлекеттердiң пайда болуы ғаламдық саяси-экономикалық ахуалға зор әсерiн тигiздi. Осы уақыт аралығында Қазақстан тәуелсiз ел ретiнде мемлекеттiлiктi қалыптастыру, дербес экономикалық саясат түзу, қайталанбас сара сыртқы саясат жүргiзу сияқты даму сатыларын бастан өткердi. Тоқсаныншы жылдардың тапшылығын, үш бiрдей (1992, 1997 және 2007) экономикалық дағдарыс қиыншылығын қара нардай көтерiп, аман-есен шықты. Шикiзаттық экономика қамытынан арылып, отандық өндiрiстi жолға қоюға қам жасады. Ең бастысы, осы жылдарда Қазақстан әлеуметтiк мемлекет екенiн iс жүзiнде дәлелдеп келедi. Азаматтардың әл-ауқатының жылдан жылға жақсара түсуi – ұдайы мемлекеттiң басты назарында. 2010 жылдың 1 жарты жылдығы бойынша республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуын қорытындылаған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Қазақстан азаматтарының әлеуметтiк хал-ахуалы жақсарып келе жатқанын айтып өттi. "Мен түрлi әлеуметтiк зерттеулер қорытындыларымен танысып шықтым, осы әлеуметтiк зерттеулерге қарағанда, қазақстандықтардың әлеуметтiк хал-ахуалы жақсарып келедi. …Президенттiң 2009 және 2010 жылдары зейнетақы, әлеуметтiк жәрдемақылар көлемiн ұлғайту туралы шешiм қабылдағаны, осының бәрi жақсы нәтиже берiп отыр, мұндайды кез келген ел жасай алған жоқ". Ғаламдық қаржы дағдарысы өршiп тұрған 2008 жылмен салыстырғанда, бүгiнге дейiн елдегi жалақы көлемi 5 есе, зейнетақының орташа көлемi 3 есе өскен. "Адамдар 2008-2009 жылдарғы дағдарысты неғұрлым аз шығынмен еңсерiп, жеңiп шықты" дедi, Үкiмет басшысы. Дегенмен, премьер-министрдiң өзi айтпақшы, "әлi шешiлмеген түйткiлдi мәселелер баршылық, әлi атқаратын шаруа көп". Халықаралық еңбек ұйымы таратқан дерекке жүгiнсек, былтырғы жылы әлем бойыша жұмыссыздар саны 212 миллионға жеткен. Содан екi жыл ғана бұрын, яғни 2007 жылы бұл көрсеткiш 34 миллион болған. Ғаламдық қаржы дағдарысының салдарын осы көрсеткiштен-ақ байқауға болар. Дүниежүзiнде 1 миллиардтан астам адам аш-жалаңаш күйде өмiр сүредi. Күнiне 1 доллардан аз ақшаға күн көретiндер де бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев IХ Еуразиялық медиа-форумда сөйлеген сөзiнде: "Әлемге жаңа қатер төнуде. Көптеген мемлекеттер өрши түскен кедейлiк, қайыршылық және кесел атаулыны жоюда дәрменсiз. Жер бетiндегi аймақтардың әлеуметтiк-экономкалық дамуындағы теңсiздiк күшейе түсуде. Жаһандық қаржы дағдарысы жағдайды ушықтыра түстi" дедi. Бұдан соң Елбасы кемеңгер Абайдың қара сөзiнен мысал келтiрдi: "…кедей адамдар бiр-бiрiне жақсылық тiлей ме? Кедейлiк көп болса, еңбегi соғұрлым арзан болмақ. Олардың бiр-бiрiне деген көрiнбейтiн өшпендiлiгi бiртiндеп ашық, ымырасыз жаулыққа апарады. Олар өшiгедi, соттасады, партияларға бөлiнедi, қарсыласынан басым түсу үшiн ықпалды жақтастарын сатып алады, шен-шекпенге таласады". 2007 жылы басталған ғаламдық экономикалық дағдарыстың шарпуы Қазақстанға келiп тигенде, мемлекет қаржы саласында тұрақтылықты сақтап қалу үшiн және әлеуметтiк саясатты қорғап қалу үшiн бар жауапкершiлiктi мойнына алды. Елбасы "Дағдарыстан – жаңару мен дамуға" атты Жолдауында: "Барша қазақстандықтардың өркендеуi, қауiпсiздiгi мен әл-ауқатының жақсаруы бiздiң мемлекетiмiз үшiн аса маңызды үштұғырлы мiндет болып қала бередi" деп атап көрсеттi. Халықтың әлеуметтiк хал-ахуалын жақсарту үшiн Үкiмет тарапынан түрлi шаралар жасалып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында бюджет қызметкерлерiнiң жалақысы мен әлеуметтiк төлемдердiң, зейнетақы мен шәкiртақылардың көлемiн өсiру жөнiнде ұдайы Үкiметке тапсырма берiп отырады. Президенттiң сөзiмен айтқанда, "Үкiмет әлеуметтiк төлемдердi және бюджет қызметкерлерiнiң жалақысын ұлғайту жөнiндегi мемлекеттiң барлық мiндеттемелерiн толық көлемiнде сақталуына кепiлдiк беруге мiндеттi". Биыл бюджет қызметкерлерiнiң жалақысы мен студенттер шәкiртақысы 25 пайызға өстi, келесi жылы тағы 30 пайызға ұлғайтылуы тиiс. Ал зейнетақының орташа мөлшерi биыл 25 пайызға көбейтiлсе, 2011 жылы оған тағы 30 пайыз үстеме қосылады. Сайып келгенде, зейнетақы төлемiнiң негiзгi бөлiгi Қазақстандағы өмiр сүру деңгейiнiң ең төменгi мөлшерiнiң тең жартысына сай болады. Сондай-ақ 2010 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтiк көмек ретiнде берiлетiн қаржы 19,8 пайызға ұлғайтылды. Биылдан бастап жаңа әлеуметтiк төлем түрi енгiзiлдi – мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар мен қамқоршыларға ең төменгi жалақы деңгейiнде, яғни 14 952 теңге көлемiне көмек берiледi. Бұдан бөлек, мүгедектiгiне, асыраушысынан айрылғанына байланысты тағайындалатын әлеуметтiк жәрдемақылар көлемi де өскен. Жұмыссыздық деңгейi 6,3 пайыз, жыл басындағы дерекке сәйкес, 524 мың адам жұмыссыз жүр. 40 мың жұмыссыз кәсiби бейiмдеу курстарына жiберiлген. Қоғамдық жұмыстарға 60 мың адам қатысқан. 2010 жылдың алғашқы жарты жылдығында жаңадан 140 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Оның 68 мыңы ауылдық жерлерде. "Министрлiк осылайша тұрғындар тұрмысының барлық әлеуметтiк қырларын қамтитын кең ауқымдағы шаралар атқарып отыр, мұндағы мақсат – қазақстандықтардың өмiр сүру деңгейi мен сапасын арттыру" дейдi еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiқалықова. Жалпы, республика азаматтарының табысы жылдан жылға өсiп келе жатқаны жасырын емес. Мысалы, 2001-2005 жылдар аралығында тұрғындардың табысы 118 АҚШ долларынан 256 долларға дейiн, яғни екi еседен артық өскен. Әлеуметтанушы мамандардың айтуына қарағанда, елiмiзде ең бай 20 пайыз бен ең кедей 20 пайыз тұрғындар арасындағы айырма жылдан жылға қысқарып келедi. Қазiргi таңда азаматтардың жинақтаушы зейнетақы қорларындағы ақшасы 2 триллион теңгеден асты. Бұл да елдегi табыс көлемiнiң айтарлықтай өскенiн көрсетедi. Өмiр сүру сапасы ұғымының аясына адамның күнделiктi тамақ iшу, киiну, баспана және бас қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мұқтаждықтары ғана емес, оның рухани және шығармашылық даму мүмкiндiктерi де кiредi. Бұл орайда мемлекет осы бағыттардың барлығында азаматтарға кешендi жағдай жасап отыруы керек. "Адамдардың денсаулығы мен бiлiм алу мүмкiндiгi – алдыңғы кезектегi мәселе. Егер бiз бәсекеге қабiлеттi елге айналғымыз келсе, онда бiздiң адамдардың денсаулығы мықты және бiлiмi сапалы болуы керек" дедi Президент отандық телеарналар басшыларына берген сұхбатында. Дегенмен, бұл саладағы әр адамның жеке жауапкершiлiк жүгiн де жоққа шығаруға болмайды. Соңғы жылдары бiлiм беру саласын қаржыландыру 7 есе, ал денсаулық сақтау саласына қаржыландыру көлемi 5-6 есе өстi. Нәтижесiнде, 4000 балалар ауруханасы жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлiп, 2500 дәрiгер Батыс елдерiнде осы құрылғылармен жұмыс iстеудi үйренiп келдi. Астанада медициналық кластер бойынша құрылыстар аяқталуға жақын, оған алты iрi медициналық орталық кiредi. Бұдан бөлек, республика деңгейiнде жүрек-қан тамырлары, iсiк аурулары мен құрт ауруының алдын алу мен емдеу шараларына арнайы ақша бөлiнуде. Адамдардың денсаулығы таза ауызсуға, қоршаған орта тазалығына, сапалы азық-түлiкпен, тамақ және демалыс индустрияның дамуына т.б. жағдайларға да байланысты. Сондықтан да ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары әлi күн тәртiбiнен түскен жоқ. Таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесiн ендi Су ресурстары жөнiндегi комитет тiкелей өз қадағалауына алмақ. Алдағы онжылдыққа арналған бағдарлама аясында бөлiнетiн 450 миллиард теңгеге жуық қаржыны қажеттi жобаларға жұмсауды арнайы комиссия талқылап, әрбiр тиынына дейiн қадағалап отырады. Бұл қаржының түгел тиiстi орнына жұмсалуын Су ресурстары комитетi өз жауапкершiлiгiне алып отыр. Президент қазақстандықтардың 30 пайызға жуығын бұқаралық спортпен шұғылдануға тарту қажеттiгiн Үкiмет алдына мiндеттердiң бiрi етiп қойды. Азиада 2011 ойындарына арналған инфрақұрылым осыған алғышарт бола алады. Туризм және спорт министрлiгi Спорт комитетiнiң төрағасы Елсияр Қанағатовтың пiкiрiнше, Президенттiң осы "30 пайызға" байланысты тапсырмасын орындау үшiн жастардың спортқа деген сүйiспеншiлiгiн арттыру керек. Қазiргi таңда республика бойынша тұрғындардың спортпен қамтылу көрсеткiшi бар-жоғы 16,4 пайызды құрайды. Жыл сайын бұл көрсеткiш 1,2-1,4 пайызға өсiп отыр. Дегенмен, Спорт комитетi алдағы онжылдықты бұқаралық спорт түрiн дамытудың егжей-тегжейлi жоспарын жасап қойған. Ең әуелi, спортты дамытуды балалар бақшасы мен мектептерден бастау керек. Қазақстанда қазiргi таңда 425 спорт мектебi бар. Спортқа бейiмi бар дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар және олимпиадалық резерв дайындайтын орталықтар да жұмыс iстеп жатыр. "Бiз "Жаппай әуесқойлықтан – шынайы шеберлiкке!" ұранын ұстануымыз керек. Спортпен айналысатын адамдардың қатары артқан сайын, халықаралық жарыстарда елiмiздiң намысын қорғайтын жас және талантты спортсмендердi табу оңайға түспек" дейдi Елсияр Қанағатов. АҚШ-та адам капиталын дамытуға жалпы алғанда IЖӨ-нiң 26 пайызы жұмсалады екен. Елдiң қазiргi президентi Барак Обама бұл көрсеткiштi әлi де ұлғайту керектiгiн мәлiмдедi. Былтыр Америкалық ұлттық ғылым академиясы жиынында сөйлеген сөзiнде АҚШ президентi: "Бiз iргелi және қолданбалы зерттеулерге қаржы құю арқылы, жеке инновацияларды дамытуға жаңа мүмкiндiктер беру арқылы, энергетика мен медицинадағы алдыңғы қатарлы жобаларға қолдау бiлдiру арқылы, математикалық және жаратылыстану салаларында бiлiм беру сапасын арттыру арқылы бiр кездегi "ғарыштық жарысу" кезең деңгейiне жетiп қана қоймаймыз, бiз одан да асамыз" дедi. Қытай мемлекетi 2020 жылы қоғамды орта тұрмыс деңгейiне жеткiзудi стратегиялық даму бағыттарының бiрi ретiнде бекiткен. Ал 2050 жыл қытайлықтар әлеуметтiк дамыған елдер қатарына қосылуды көксейдi. Малайзия, Оңтүстiк Корея, Жапония сияқты мемлекеттер де кезiнде адам капиталын дамытуға зор мән берудiң арқасында бүгiнде бақуатты елдерге айналып отыр. Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарында мемлекетiмiз әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарына енедi деп межеленген. Бұл кезеңде Қазақстан ғаламдық дағдарыстан диверсификацияланған экономикасы бар, азаматтары жаңа экономикаға белсендi түрде атсалысатын күштi мемлекет болып шығуы керек. Алдағы уақытта болатын дағдарыстарға толықтай дайын болуы тиiс. Ең бастысы, осы кезеңге дейiн елдегi өмiр сүру сапасы артып, ана мен бала өлiмi 2 есеге, жалпы өлiм-жiтiм 30 пайызға, ал құрт ауруы көрсеткiшi 20 пайызға азаюы керек. 1987 жылы республикада болжамды өмiр сүру ұзақтығының көрсеткiшi – 70,5 жас болған екен. Қазiр 68 жас шамасында. Осыдан он жыл бұрын бұл көрсеткiш 65 жас едi. 2020 жылы азаматтардың болжамды өмiр сүру ұзақтығы – 72 жасқа дейiн ұзаруы керек. Стратегиялық даму жоспарында белгiленгенiндей, 2020 жылы өмiр сүру деңгейiнiң ең төменгi деңгейiнде табыс табатын адамдар саны 8 пайызға дейiн азаяды. 2000 жылы бұл көрсеткiш 31,8 пайыз, ал 2008 жылы 12,7 пайыз болғанын ескерсек, жылдан жылға әлеуметтiк жағдайдың жақсарып келе жатқанын көремiз. Ал әлеуметтiк жәрдемақылар көлемi өмiр сүрудiң ең төменгi деңгейiне бара-бар болмақ. 2020 жылы жұмыссыздық саны 5 пайызға дейiн азайтылуы тиiс. 2015 жылы базалық зейнетақы көлемi өмiр сүру деңгейiнiң ең төменгi деңгейiнiң 60 пайызына дейiн көбейтiлуi тиiс. Әлеуметтiк жағдайы төмен тұрғындар, мүгедек жандар, қоғамда өздерiне лайықты орнын қиналмай таба алады. Салауатты өмiр сүретiндер саны артып, халық спортпен жаппай әуестенетiн болады. Көпэтностар өзара татулық, ынтымақ пен бiрлiкте өмiр сүре бередi. Қазақстан ХХI ғасырда өз алдына осындай iрi мiндеттер қойып отыр. Бұл мiндеттердi орындауға елдiң экономикалық қуаты, халықтың жiгерi, билiктiң пәрмендiлiгi жетедi.

Гүлбиғаш Омарова