Жаңалықтар

ЖҮРГIЗУШIЛЕР ЖҰМЫСҚА ЖАСЫНА ҚАРАП АЛЫНСА...

ашық дереккөзі

ЖҮРГIЗУШIЛЕР ЖҰМЫСҚА ЖАСЫНА ҚАРАП АЛЫНСА...

Қоғамдық көлiк мәселесi жайында БАҚ өкiлдерi мен қала тұрғындары сандаған жылдан берi айтудан кенде емес. Бiрақ, Алматыдағы қоғамдық көлiктегi күрделi жағдайдың оңалатын түрi жоқ. Шаһар тұрғындарын шарлата тасымалдайтын кезектi бiр маршурттың жолаушысы болып отырғанбыз. Аялдамаға тоқтай салысымен, бiр жiгiт жолақы жинайтын азаматты желкеден сүйреп шығарып, жұдырықтың астына алды. Шуласқан көлiктегi жолаушылар мен жаяу жүргiншiлер арасында да қақтығыс орын ала бастады. Әй-шайға бой бермейтiн қызуқанды жiгiттер, бiрiнiң көйлегiн бiрi жыртып, аянбай соққыласып, үлкен көше бойында он минуттай тегiн "өнер" көрсеттi. Iстiң мәнiне келсек, ертеңгiсiн жұмысқа осы көлiкпен жеткен азамат тексерушiнiң ақшаны дұрыс қайтармағаны үшiн жазасын тарттырып тұрған сиқы екен. Жағасын ұстаған жолаушылар бастарын шайқаса тарасты. Қоғамдық көлiктегi тәртiп қашан ретке келер екен? Көбiне орта мектептi жаңа бiтiрген, одан қала бердi жүргiзу куәлiгiн заңсыз сатып алған тәжiрибесiз жүргiзушiлер қала көшелерiн көкпар алаңына айналдыруда. Бүгiнде қала тұрғындары қоғамдық көлiкке мiнiп, дiттеген жерiнде түскенше иманын үйiрiп отырады.

Ал, ақшаның соңына түсiп, бар әлемдi ұмытқан автобус жүргiзушiлерiне шектеу жоқтың қасы. Жолаушы үшiн таласып, уақыттан ұту үшiн бiрiн-бiрi басып озып жүрген автобустарға "Әй дер ажа, қой дер қожа" табылатын түрi жоқ. Көшеде автобустардың жиi соқтығысып қалуы да қалыпты жағдайға айналды. Көз үйренiп, сана бағынды. Пайдасы – елiмiздiң кейбiр азаматтары қазiрше уақытша жұмыспен қамтамасыз етiлуде. Бiрақ, iрi мегаполистегi қоғамдық көлiк мәселесiнiң түпкiлiктi шешiлмеуi әлi талай келеңсiздiктердi көлденең тартары сөзсiз.

Гүлжанат Пiрiмбет