Жаңалықтар

ҚЫТАЙЛАР ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫН АРАЛАП ЖҮР

ашық дереккөзі

ҚЫТАЙЛАР ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫН АРАЛАП ЖҮР

Алматы қаласының әкiмшiлiгiнде "Ұлы Жiбек жолын қайта түлету" халықаралық экспедициясы мүшелерiмен арнайы кездесу болып өттi. Қытай Халық Республикасының ежелгi астанасы Сианьда 8-тамыз күнi бастау алған халықаралық экспедиция аясында 10 автокөлiкке отырған Қытайдың 30 азаматы Алматы қаласына ат басын тiредi. Олар Ұлы Жiбек жолы жүрiп өткен қалаларды аралап, ең аяғы Рим қаласына дейiн саяхат жасамақшы.

Экспедицияның бiрiншi бөлiмi – "Бiрлiк пен бейбiтшiлiк керуенi" деп аталады. Бұл шеру елiмiздiң аумағын 21-тамызда қиып өтедi деп жоспарлануда. Экспедиция бағыты бойынша Алматы, Тараз, Шымкент қалалары мен басқа да Ұлы Жiбек жолының бойында орналасқан елдi мекендерге бару көзделiп отыр. Саяхатшылар Қазақстаннан өзге тағы 7 мемлекеттi 2 айдың iшiнде аралап өтпекшi. Бұл шараның мақсаты – Ұлы Жiбек жолы мен оның бойындағы тарихи-мәдени жәдiгерлер туралы ақпаратты жiтi бiлу, тиiстi ақпарат көздерiмен танысу, сол арқылы елдер арасындағы мәдени байланысты арттыру. Сапар аяқталған соң, топ мүшелерi Ұлы Жiбек жолы туралы деректi фильм түсiрудi қолға алмақшы. Онда елiмiздiң 2 мың шақырым жолы арқылы өткен Ұлы Жiбек жолы туралы тың мәлiметтер мен деректер жан-жақты көрсетiлмекшi.

Саяхатшы топтың жетекшiсi Щи-Ви-Биннiң айтуынша, бұл шара халық пен өркениеттi жақындастырып, Ұлы Жiбек жолының экономикалық, тарихи-мәдени маңызын арттыруды көздейдi. Өйткенi, бұл ұлы керуендi тек сауда көркiн қыздырған мекен деп қарастыруға болмайды. Ұлы Жiбек жолы өркениет пен мәдениеттi бiр-бiрiне байланыстырып, дамытқан жол. Тарихи жол халықаралық мәдениеттiң алмасуы, батыс пен шығыс өркениетiнiң тоғысуына өлшеусiз үлес қосқан адамзаттың бiрегей жәдiгерi.

Ұлы Жiбек жолымен жүрiп өтпек болған қытай саяхатшылары ендi Өзбекстан мен Ресейдi, Түркия мен Грецияны басып өтiп, Италияның астанасы Римге ат басын тiремек. Олардың бұл сапары бiр жарым айға созылады.

Динара ДҮРМӘН