ДОС ЕДIК ҚҰЛЫН-ТАЙДАЙ ШҰРҚЫРАСҚАН…
ДОС ЕДIК ҚҰЛЫН-ТАЙДАЙ ШҰРҚЫРАСҚАН…
(Өмiрден ерте озған талантты ақын Бауыржан Үсеновтiң туғанына 50 жыл)
Бiз КазГУ қалашығында, № 5 жатақханада таныстық. Екiншi курста оқитын кезiм едi. "Бiрiншi курсқа Бауыржан есiмдi екi жiгiт түсiптi" дегендi естiдiм. Бiр сәтi келгенде таныстық. Бiрi – өзi ақын, өзi композитор, өзi әншi Бауыржан Үсенов, ендi бiрi – әзiл-қалжыңның түбiн түсiретiн Бауыржан Омаров екен.
Бауыржан ақын бiздiң курстың да iшi-бауырына тез енiп, факультеттiң де өнердегi мақтанышына айналып кеттi. Бiздегi өлең жазатын Қайрат Әлiмбеков, Мұратбек Оспанов, Есжан Айнабеков, бiзден жоғары курстағы Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), Бейбiт Құсанбек, Ертай Ашықбаев, филфактағы Светқали Нұржанов, ҚазПИ-дегi Нұрлан Әбдiбеков, Кәдiрбек Құныпияев, Қазбек Исаев, т.б. бiраз жiгiттер бiрге жүрдiк. Бiр-бiрiмiзге жаңа жазған өлеңдерiмiздi оқып, арқаға қағып, мақтап, өзiмiздi-өзiмiз қанаттандыратынбыз.
Сол студенттiк шақта Бауыржан екеумiз егiздей болып кеттiк. Екеумiз де өлең жазамыз. Әдеби кеш болса, жарыса жыр оқимыз. Газет-журнал редакцияларына барып өлеңдерiмiздi бiрге ұсынамыз. Әдеби ортадағы ағаларымыз бiздi "қос Бауыржан" деп атай бастады. Тiптi газет беттерiндегi әдеби шолу мақалаларда да, екеумiздi бөлмей "қос Бауыржан" деп атауға да құлағымыз үйренiп қалды.
8-март мерекесi келгенде, Алматыдағы өлең жазатын жастар түгел жиналып, шоқ-шоқ гүлiмiздi алып Фариза апайды туған күнiмен құттықтауға баратынбыз. Фариза апай ол кезде "Пионер" журналының бас редакторы. Бiр барғанымызда бiртуар жазушы Асқар Сүлейменовпен апайдың кабинетiнде таныстық. Жоғарыда аты аталғандардан басқа Баян Бекетова, Гүлбаһрам Жебесiнова, Гүлнәр Шәмшиева, Жания Ералиева, Айсұлу Рүстемова, Гүлнар Салықбаева, Нүсiп Абдрахимов бар. Бәрiмiз кезекпен бiр-бiр өлең оқыдық. Балғын өңiмiз балауса жырдың отымен бал-бұл жанады. Жылы сөз күтемiз. Оны естiген соң төбемiз көкке жетедi. Сол барғанда Асқар аға бiзге "жас перiлер" деп ат қойды. Көңiлiмiз аспандап, дуылдап тарқастық. Журналдың бөлiм меңгерушiсi Мейiрхан Ақдәулетов өлеңдерiмiздi жиып алып, "Ақ желкен" деген айдармен қос-қос беттен жырларымызды жариялап жiбердi.
Ендi бiрде "Жалын" журналына бардық. Бас редактор – Тұмағаң (Т.Молдағалиев), поэзия бөлiмiн Жұматай Жақыпбаев басқарады. Жұмағаңмен КазГУ-дегi бiр кездесуде танысқанбыз. Сонда бар болғаны екi-ақ кiтабымен ("Саратан", "Ләйлә") танылған кезi. КазГУ-дiң үлкен залында Жұматайға кезек келгенде, былғары костюм киген ақын аға, ортаға баппен шығып, "Мен бiрiншi кiтабымнан – бiр өлең, екiншi кiтабымнан – екi өлең оқимын" деген сөзi бәрiмiзге ерекше әсер еткен. Сол Жұматай ақын бiздiң өлеңдерiмiздi суретiмiзбен "Жалын" журналына жариялап жiбердi. Ендi өзiмiздi бiр-бiр ұлы ақын санап, Жазушылар одағына, Баспа үйiне жиi баратын болдық. Көп қаламгерлермен танысып, соларға ұқсап баға бастадық. Жазушылар одағында болған жыр кешi, кездесулерден қалмаймыз. Ретi келсе, суырылып шығып өлең оқимыз.
Кеңсайды аралап, Мұқағали ақынның қабiрiне барып тәу еттiк. Содан кейiн топталып зиратқа жақын жерде пәтерде тұратын Мейiрханның үйiне соғамыз. Отты ақын ағамыз Әбубәкiр Қайрановтың қасына көп ердiк. Қала шетiндегi пәтерiнде Бауыржан екеумiз де тұрып жүрдiк.
"КазГУ-дiң ақындары" деген атқа ие болдық. Сөйтiп Жазушылар одағының анықтамасын алып, өзiмiз мықты санайтын ақындардың үйiне телефон шаламыз. Мәселен, Тоқаш Бердияровтың, Қуандық Шаңғытбаевтың, Жарасқан Әбдiрашевтiң, Кеңшiлiк Мырзабековтiң үйiне телефон соғатынбыз.
Бiр күнi Жарасқанның үйiне барып, өлең оқып, танысып қайттық. Ендi бiрде түнделетiп Иранбек Оразбаевтың үйiне бардық. Үрiккен жоқ. Қуанып күтiп алды. Жеңгемiзге ет салғызды. Бiзде ұяттан гөрi, албырттық басым кез. Ирағаң бiзге жазу кабинетiн, өлең басатын машинкасын, домбырасын көрсеттi. Сосын домбыраны алып Сыр сүлейлерiнiң термелерiнен орындап бердi. Асқар Сүлейменов көршi тұрады екен. Ол кiсiнi "нағашы" деп шақырып алды. Асекең де Қаратаудың шертпе күйлерiн төгiлдiрдi. Бiз өлең оқыдық. Сол кеште Бауыржан ерекше көзге түстi. Бiресе қаз даусымен қанатты жырларын оқиды, ендi бiрде домбыраны қолға алып шертiп, шертiп жiберiп әсем-әсем ән шырқайды. Даусы ерекше едi. Ешбiр әншiден осы уақытқа дейiн соншалықты таза, өзгеше әуездi үндi естiген жоқпын. Тұнық аспанда қайтқан қаздың даусымен, қазақы мақам үйлесiм тауып, құйылатындай әсерде болушы едiк. Ол Омар Һайямның рубаяттарын шығыстық бiр әуенге қосып айтатын. Сосын Аяз Бетбаевтың мақамымен небiр әуендi құйқылжыта төгiлдiретiн. Халық әндерiн, әсiресе Ақан серiнiң "Маңмаңгер", Бiржан Салдың әндерiн, "Екi жирендi" ерекше жүрегiмен айтатын. Сосын өзi сөзiн жазып, әнiн шығарған тамаша саздары бар болатын. Соларды шырқағанда, тiптi басқаша қырынан танылатын. Есiмде қалғандары "Көктем қызы", "Перронда", т.б. "Бетпақдала қырғыны" деген сөзiн өзi жазған, әнiн Сәкен Сейфуллиннiң әйгiлi Киiктер туралы толғауы мақамына салып айтатын ғажайып жыры бар едi. Алғаш Алматыға келгенде, Бауыржанды тұңғыш жарқ еткiзiп бәрiмiзге сүйкiмдi еткен де сол толғауы болатын.
Ажалдың қара бұлты басқа төнiп,
Көздерi мөлдiрейдi жасқа толып.
Қолдарын көкке жайып, үдiрейiп,
Жылап тұр сексеуiлдер бас көтерiп…
Сордың да берген екен бес елiсiн,
Ғұмыры қуғынменен өтерi шын.
Құралай кеше туған көрдi бүгiн
Тағдырдың тумай жатып теперiшiн…
"Адам мен аң дос" деген тiптi өтiрiк,
Отырып атып жатыр, тiк те тұрып.
Мылтықтар өлiм сеуiп гүрсiлдейдi,
Құлайды сорлы бөкен бүктетiлiп… –
деген жүрек қозғар көрiнiстердi көз алдыңа әкелiп, адамды арлан қасқырдан да жауыз етiп көрсететiн, жантүршiктiре жазылған тұтас шығарма едi.
Толғау соңында:
Көркейтер үйiрiмен дөң өркешiн,
Адамдар сақтаңдаршы шөл еркесiн.
Әйтпесе, кейiнгi ұрпақ қарғап жүрер,
Бөкеннiң таппай қалып көлеңкесiн, –
деген адамзатқа үндеуi бүгiн де маңызын жойған жоқ. Мұқағалидың сөзiне жазылған "Бiр келiншек", "Тымырсық" әндерiн де жиi сұрап, айтқызушы едiк.
Бауыржан сол кездiң сал, серiсi болатын. Өзi ән салады, өзi өлең жазады, әрi түр-тұрпаты да ерекше келiскен өңдi едi. Талай қыздар оған ғашық болғанын бiлемiн.
Ол университетте оқып жүрiп отбасылы болды. Филология факультетiнде оқитын Гауһар есiмдi қызға сүйiп қосылды. Оған арнап көп-көп өлеңдер жазды. Соның iшiнде "Гауһарайға", "Алтын ару", "Құшағыңа ағайын жұлдыз болып" деген әдемi жырлары бар болатын. Алматының шетiндегi Шағын станицада "Клубная 6" деген үйде пәтерде тұрды. Сол кездегi "Экран" кионтеатрына қарсы жақ бетте болатын. Оған жиi барып тұратынмын. Мен барғанда қуанып, дастарқан жайғызатын. Екеумiз жаңа өлеңдерiмiздi оқып, сыр шертiсетiнбiз. Кейде ұзақ түнге әңгiме-дүкен құратынбыз. Бiр барғанымда үндiстер туралы дастан жазып, сол шығармасы тұтасымен "Лениншiл жас" газетiне басылып шығыпты. Сондағы Баукеңнiң балаша қуанғаны естен кетпейдi. Мен де поэмасын тiл жеткенше мақтап жатырмын.
Түк көрсетпей бiр сұмдық түлесе түн,
Лапылдатып жағатын күрес отын.
Көбелекпен жарысып қыз өсетiн,
Қабыланмен алысып ұл өсетiн.
Немесе,
Ұмтылғанда байлықтың жарқылына,
Ұшырады қарғыстың салқынына.
Әдiлетсiз соғысқа қарсы шықты,
Үндiстердiң жерiнiң алтыны да, – деген сияқты шымыр шумақтарына сүйсiнгенiмдi бiлдiрдiм. Ол шын қуанды. Бiр сәт ойланып, мұңайып қалды. Сонда ол қазақ халқының тағдыры туралы толғанып, Кеңес Одағы кезiнде ел санасын ояту үшiн үндiстер туралы дастан жазуға мәжбүр болған екен. Пәтерде жүрiп жағдайы келмедi. Өзi – студент. Ұлды болды. Атын – Талғат қойды. Сосын қаланың қиындығына шыдамай, ауылға аттанып кеттi. Оқуын сырттай бөлiмде жалғастырды. Сессияға келгенде бiздiң үйде болып жүрдi. Мен ғылыми жетекшi болып, дипломын қорғады. Марқұм Сейдахмет Бердiқұлов ағамыз Мемлекеттiк комиссиясының төрағасы болатын. "5" деген баға қойды. Бiрақ бұл келгенде Бауыржан өте жүдеу едi. Дәрiсiн қалтасына салып жүрiп iшетiн болыпты. Бiр түрлi ағарып, әлсiреп кеткен көрiндi маған. Қазiр өткенге оймен оралсам, бұл менiң оны соңғы рет көруiм екен-ау! Тағдыр-ай! Ерте кеттi. Соңғы сапарға шығарар сәтте жуындырып жатқанда, жон арқасы түгел көкпеңбек болып қарайып кетiптi… Тiл-көз тидi ме?! Аса бiр талантты жiгiт едi! Кейiннен Жуалы ауданындағы Кантемировка деген ауылға барып, ата-анасына көңiл айтып, топырақ салып қайттық. Соңында Бiржан, Байжан есiмдi екi iнiсi қалды. Талғат, Мұхаммедсалық атты екi ұлы да қазiр ержетiп, азамат болды. Туған жерi Жуалыдағы аудан орталығында Бауыржан Үсенов атындағы көше бар. Өзi дүниеден өткеннен кейiн "Жалын" баспасынан "Табиғат терезесi" атты кiтабы 1992 жылы жарық көрдi. Жазушылар одағында ақын рухына арналған әдеби кеш өттi. 2001 жылы "Отырар кiтапханасы" сериясымен "Маңдайыма жазылған мәңгiлiгiм" атты тағы бiр жыр жинағы "Елорда" баспасынан жарыққа шықты. Оның арманы көп едi. Жазғанынан жазатыны мол едi. Әттең, өмiрi қысқа болды. Бiз оған сен "Есенин" сияқты мықты ақынсың деп, "Үсенин" деп ат қойып едiк. "Жалын" журналына өлеңдерiн "Бауыржан Үсенин" деп өзi жариялап та жiберген болатын. Қайран дос тiрi болса, бұл күндерi ердiң жасы елуге толар едi.
Алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнде ол:
Кроссвордтан шығармыз бiр күндерi,
Бiр-бiр ұлы ақынның есiмi боп, –
деп жазып едi. Перiште ақынның сол айтқаны шындыққа айналып келедi. Оның есiмiн жуырда бiр сөзжұмбақтан кездестiрдiм.
Тағы бiр өлеңiнде:
Досыңнан үмiт күтiп жүрсiң бе сен,
Мен ақын бола алам ба күрсiнбесем?
Шiркiн-ай, адамдардың кеудесiнде
Жүрек боп ғұмыр бойы дүрсiлдесем! – деп жазыпты Бауыржан ақын. Оның өлеңдерiн жаңа адам, жас оқырман жүрегiнде сөндiрмей жағып отыру – жер басып жүрген бiздiң парызымыз. Туа бiткен табиғи талант Баукең жырлары бiзбен бiрге жасай бередi. Бүгiн баспасөзге жан досым Бауыржан Үсенов дүниеден озғанда жазған өлеңiмдi және кезiнде өз қолымен қолжазбасын маған берiп кеткен, жарияланбаған жырларының бiр шоғырын ұсынып отырмын. Бәлкiм, кей өлеңiнде сол кездегi балаңдығы байқалар. Бiрақ… бiрақ бұл Бауыржанның өлең-әлемге бастаған баспалдақтары ғой…
МАҢМАҢГЕР
Дос едiк құлын-тайдай шұрқырасқан…
Көңiлдi ендi қайғы бұлты басқан.
Басында қабiрiңнiң мен жыладым,
Көзiнiң тұрды жасын сүртiп аспан.
Тiзесiн кiм бүкпеген қайғы алдында,
Арулап Жер-бесiкке қойды аулыңда.
Томпиған жас қабiрiң қозғалмайды
Шынымен топыраққа айналдың ба?!
Есiнен шығармайтын елi мәңгi,
Шырқатып салатынсың небiр әндi.
Қазақтың жәудiр көздi ботасы едiң
Қара жер қалай ғана сенi де алды?!
Сал да едiң, туа бiткен серi де едiң,
Елiңнiң еркелеген елiгi едiң.
Жадымда жаңғырығып қоңыр даусың
Қоңырқай күй кешемiн, егiлемiн.
Атыңды қойған жұртың шын ырымдап,
Ақын ең халық үшiн жыры қымбат.
Кемсеңдеп қара нардай әкең қалды
Аңырап анаң қалды "құлынымдап!!!"
Бұлақтай буырқанған бұл жыр-ән,
Достардың кетпей қойды құлағынан.
Зар жылап, қойнына алып қос ұлыңды,
Айырылып жарың қалды сыңарынан.
"Маңмаңгер, кекiлiң келте, жалың майда…"
Шығанға шырқап салған әнiң қайда.
Қоңыр үн, өмiр өлең жүрген жерi
Сендей дос ендi бiзге табу қайда.
Соңыңда шумақ-шумақ өлең қалды,
Өмiрде өзiң сүйген әлем қалды.
Қайғыны жыртыс етiп жыртып берiп,
Сұм ажал шыбын-жанды сенен де алды.
Бауыржан ЖАҚЫПЕстiген жоқ адамдар даусымды әлi…
ПОЭЗИЯҒА СЫР
Естiген жоқ адамдар даусымды әлi,
Сенiң отты құшағың қаусырғалы.
Поэзия, шығандау бекетiңе,
Ақиқат, құстай ұшқан жаушың бары.
Сексеуiлдiң шоғындай сөнбей қалған,
Құпиялы бiр үмiт көлбейдi алдан.
Түсуiме жол көп қой басқа жолға,
Саған ғашық мендегi көнбейдi арман.
Салтанатпен жастығым құрса да әнiн,
Маған кезеп уақыт жүр садағын.
Қуансам өзiңе кеп бiрiншi айтам,
Мұңайсам саған келiп мұң шағамын.
ШАБЫТТЫ АҢСАУ
Қалың ойдан бiр шығып, бiр сүрiнiп,
Қара түннiң көзiнен сыр сiмiрiп.
Мен отырмын күбiрлеп жынды адамдай,
Қинаған соң тағдырым жыршы қылып.
Көкiректi кернеген бұлаң ойлар,
Күйiнде емес өзiңнен шырай аңдар.
Жыр перiсi, қайдасың, ұршы есiктi,
Быт-шыт болсын күйкi ойлар тырағайлап.
От ала алмай отырмын, от ала алмай,
Тамырынан төзiмiм от алардай.
Үркiп кеткен ұйқы да жолар емес,
Жан-дүниемде боздаған бота бардай.
Айқастырмай кiрпiкке мұң тiредiң,
Бершi шабыт, ақынның бiр тiлегiн
Маған қарай жiбершi жыр түменiн,
Күркiрегiм кеп отыр, күркiрегiм.
Тұлпарыңның қанатты әуенi осып,
Сарынынан сиқырлы әуен есiп,
Неге келмей жатырсың, келсеңшi ендi,
Бүркiшi пiспей тұрған мәуеге шық.
Жүрегiмдi жұбатып сенi күткен,
Жыр сыйлашы ғажап бiр серiлiкпен.
Гүл әкелiп сыйлайын еңiлiктен,
Мiнiп алып атыма терiн үккен.
Мекен болып жырыма өрiс өлең,
Жасайыншы ғажап бiр жеңiс ерен.
Жырым менiң жұлдыз боп жанар болса,
Түн болуға ойланбай келiсер ем.
…Келiскендей шулады-ау, көп тал мына,
Мына сәуле қайдан кеп жеттi алдыма.
Сытырлайды терезе, ашайыншы,
Мұңымды естiп сал шабыт кеп қалды ма.
ДАЛАМЕН БЕТПЕ-БЕТ
Далам менiң,
Сырыңды айтса бозторғай құс тiлiмен
Өксiк буып мен талай қыстығып ем!
Сенi кейде жылытқым кеп кететiн,
Оттай ыстық жүректiң ыстығымен.
Жаз апталап өтетiн, күз апталап,
Сенде борыш көп екен бiз ақтамақ.
Мұнар басқан таулар мен төбелерге,
Жасаурайтын жанарым ұзақ қарап.
Бала күннiң өтерiн кiм бiлген-дi,
Талай, талай бұтаққа iлдiм белгi.
Қонжығындай аюдың жидек құмар,
Шықпаушы-ем ғой сайыңнан бүлдiргендi.
Тосып жүрiп бүгiнде жырға алақан,
Күн секiлдi, сағынсам қырға батам.
Құла таймен кезетiн ой-қырыңды,
Шықпады ма есiңнен бiр балақан.
Ызғарыңмен шынықтым, өткiрледiң
Нәзiктiктi ұқтырды көп гүлдерiң.
Сенсең егер о, далам, бала болып,
Көбелекпен ойнағым кеп тұр менiң.
Керуен болып уақыт көше берер,
Көгередi әйтеуiр көсегелi ер,
Сенер ме едiң далам-ау, жыр жазуды,
Бозторғайдан үйрендiм десем егер.
Балақбаулы құсыңмын қолға асыққан,
Жанарымды жауын мен қорға шықтан.
Төл құсыңның сырларын өлеңiммен,
Сөйлетем деп адамша жолға шыққам.
КӨКПАР НЕМЕСЕ ЖЫЛҚЫШЫ АТАМА
Жылқышы ата, мiнгiзшi таңдап маған,
Желқұйын ат, шашасын шаң қаппаған.
Намысыңды сынайтын бұл көкпарға,
Жабы мiнiп қалайша сорлап барам.
Мәстегiндей жарлының ел ақтаған,
Керек емес қам жылқы терi ақпаған,
Қан доданың ортасын қақыратып,
Жарып шығар арынды ат керек маған.
Атам қазақ көкпарын мұра дептi,
Шықпай тұр ма сенiмнен ұл әдептi.
Бiр төбенiң тозаңын бiр төбеге,
Қосып жүрiп шулатам мына көптi.
Батаңды бер, қалайша бата алмаймын,
Мәрт едiң қой, мәрт болып атал дәйiм.
Намысымның қанжарын қас тұлпардың,
Тұяғына қайрап ап атойлайын.
Жылқы мiнiп тоқымға тер сiңгелi,
Жабыларды бұл ұлың менсiнбедi.
Салым салсам кемсеңдеп бауырыңа,
Басып тұрып “айналдым” дерсiң менi.
Намыс сынау елде бар, ұлыста бар,
Жүйрiк бермей жайың жоқ қырыстанар.
Жабы мiнiп итеңдеп шаң қапқанша,
Құлап өлген тұлпардан дұрыс болар.
САРЫ БАҚПЕН СЫРЛАСУ
“Бұрынғыдай түспейдi күн айнасы”,
Деп сары бақ сыбырлап, мұңаймашы.
Жемiсiңдi адамдар жинап алар,
Табылар ма жапырақтың бiр айласы
Күз де келдi, шаң-шаң боп қас-қабағы,
Көздерiнен бұлттың жас тамады.
Желкiлдеген сарыала желегiңдi,
Тентек дауыл пәршелеп тастар әлi.
Бұрымыңды жұлқылап жүз өрiмдi,
Тонар сенi қырыққандай күземiңдi.
Жап-жалаңаш денеңдi сақ-сақ күлiп,
Ызғырық-шал аймалар мұз ерiндi.
Кешесiң сен байғұс-ай, қанша мұңды,
Көз алдыңнан өткiзiп сан сағымды.
Шәлi сыйлар қырындап қытымыр қыс.
Сықырлатып аязды саусағыңды.
Тастаса да бетiне шыны салып,
Мойымайтын бұтақтар құрыш анық.
Тоң астында томпиып жата берер,
Тамырыңда тiршiлiк тыныс алып.
Қос мезгiлге кетсе де көп күн есең
Басыңды име көп көрген шеккiге сен.
Сенесiң бе, сары бақ жапырағың
Жыл құсымен iлесiп кеттi десем.
Сықырлаған сiреу қар соққы алады,
Тауға қашып, жапқанда көк даланы.
Сол кездерде сыр айтар жапырағың
Тырналармен iлесiп кеп қалады.
Деме маған, өзiңе жала жапты,
Көктемдi күт қарайлап дала жақты.
Нұр астында бой түзеп ұмытарсың,
Күз бенен қыс көрсеткен бар азапты.
ГАУҺАРАЙҒА
Сая қып астананың барқыт түнiн,
Сен менi қорғасындай балқыт, күнiм.
От көрген көбелектей келе берсем,
Ол сенiң бар сұлудан артықтығың.
Саған деген өлшеусiз сенiмменен,
Тыныстасын жұпармен менiң денем.
Күнi бойы жыр қуып салқындаған,
Жүрегiмдi жылытшы демiңменен.
Керегi не аспанның қайғы басқан,
Құшақтасып, сертiмiз айнымастан.
Сыбдырлаған тербесiн мына бақты
Бiздiң болашағымыз жайлы дастан.
Жапырақтар сөйлесiн сәлем үзiп,
Жаным менiң, бiздегi жан егiз, ұқ.
Қандырмады шөлiмдi iшкен сусын,
Сусындатшы тiлiңнен бал емiзiп.
Ажарыңа қарауға жасқанады ай,
Жанға жайсаң дыбысты жасқа маңай.
Ағаш түгiл көрiнiп тастан арай,
Жатайыншы талықсып жас баладай.
Мейiрiмнен иiлiп қанат қасың
Саусақтарың шашымды тарақтасын.
Қырым жақтан келгендей ай тынығып,
Кетейiншi жүгiрiп таң атқасын.
АРМАН-АРУ СӘУЛЕҢДI ТӨКШI МАҒАН
Құпиясын ашпайтын – тылсым ба едiң,
Жетпей қойды-ау, өзiңе күрсiнгенiм.
Селт етпейсiң арнаған жырларыма,
Бүйтiп ақын болғаным құрсын менiң.
Жолықтым-ау, өмiрде көрмегенге
Не жұбату айтайын шерлi өлеңге.
Дүйiм жұртты аузына қарататын,
Қызыл тiлiм күрмелдi сен дегенде.
Адамсың ба, япыр-ай, перiсiң бе,
Сайран құрған махаббат өрiсiнде.
Бойлап алдың, қияли боп барамын,
Бәрiбiр боп оңың не, терiсiң не.
Қамығумен көп күнiм сырғып өтiп,
Қойды жансыз бейнеңе дiлгiр етiп.
Жаттап алған армандай есiмiңдi,
Түнде айтады домбырам күмбiр етiп.
Жүрегiмнiң ең төрiн мекенде тек,
Бұл махаббат қу азап екен бе тек.
Жетi түнде қу шанақ күмбiрлейдi,
Қорқып жүрмiн жынданып кетем бе деп.
Керегi не жанарды жасқа малу,
Қуанайын, дерт қылар босқа налу.
Деп ойланам кейде мен тек өзiңдi
Сүйгендiгiм үшiн де асқақ-ару.
Қозғалатын бойымда шамам барда,
Жылжу керек сондықтан маған да алға.
Бiлесiң бе ең биiк әлем шыңы,
Эверест те бағынған адамдарға.
Сыр ұқ жаным осындай мына менен,
Ұшарыңда қалқиды мұнар өлең.
Мен де өзiңдi қалай да бағындырам,
Я, болмаса құзыңнан құлап өлем.
ТАҢ ЖЫРЫ
Жұлдыз ақты аспаннан бiр дiр етiп,
Тамшы тамды шатырдан күмбiр етiп,
Жазылмаған жанымды жыр жүдетiп,
Жiбердi онсыз да көп мұңды үдетiп.
Қараңғы түн бүгiн де сыр ашпады,
Ұйқы құшып қалғуда қыр асты әлi.
Шығыс жақты желегi бозамық қып,
Таң – келiншек жанарын тұр ашқалы.
Қалғитын шақ айға да жеттi ме анық,
Аппақ нұрын дiрiлдеп төктi налып.
Үздiге бiр қарап-ап жер бетiне,
Кеңiстiкке сонан соң кеттi маңып.
Боз сәуледен жанарым түздi айырды,
Бозторғайлар оянып үздi-ай үндi.
Таң самалы келдi де есi кетiп,
Аймалады құшақтап қыз қайыңды.
Ойға батып отыр ем күрсiнiп тым,
Таңның әсем кейпiнен мың сыр ұқтым.
Сезiмiмнiң бiлтесiн жағып кеттi,
Жарқылдаған ұшқыны тiршiлiктiң!
Шың шапақтан мойнына теңге iлдiрдi,
Аққу ұшып қимылын көл бiлдiрдi.
Келдi дағы ару-таң дәптерiме,
Жазып кеттi өзiндей мөлдiр жырды.
БИЕ ҚАСIРЕТI
Тағдыры көңiлiн қалдырған,
Түбiнде көсiлген бауырдың
Құлынын қасқырға алдырған,
Кер бие кiсiнеп шауып жүр.
Дауыстап егiле шыңғырған,
Далаға тарап тұр сұмдық мұң.
Жiгерiн шыдатпай құм қылған,
Жас толы көзiн-ай, мұңлықтың.
Кеудесiн толтырып зар мұңға,
Қимасы қасқырға бұйырды-ау.
Тәуелдi тағының алдында,
Тiлдей ме тағдырын қиындау.
Бiлгенде қалар ма ед құтқарып,
Сорлатты-ау, даланың iңiрi.
Сыздаған желiнен сүт тамып,
Жiбидi раңның түбiрi.
Шыдатпай жан-жара ашылған,
Жануар шүмек боп бусанды.
Жанында сүйектер шашылған,
Иiскейдi қансоқта жусанды.
Кер бие жүргендей түс көрiп,
Қиналды-ау, шөлсiз-ақ қаталап.
Қасиетiң не деген күштi едi,
Дариға-ай, аналық махаббат.
Бауыржан ҮСЕНОВ