Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ӘНI ЕСIКТЕН СЫҒАЛАЙДЫ, Ә?!

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ӘНI ЕСIКТЕН СЫҒАЛАЙДЫ, Ә?!

Ал қазақ баласы Ашердi тыңдап мәз

Телевизия қоғамды алға жетелейтiн алып күш. Кiшкентай ғана көк жәшiктiң адам санасын толығымен баурайтын ерекше қасиетi бар. Қазақ телевидениесi де замана ағымынан қалмай дамып келе жатыр. Көшiрме болса да өзiмiздiң төл өнiмiмiзге айналған телебағдарламалар, сананы сары уайымға салатын толассыз телехикаялар және "құлақтан кiрiп бойды алар әсем ән мен тәттi күй" де көк жәшiктен табылады.

Музыка жанға эстетикалық ләззат сыйлайтын аса қадiрлi дүние. Жанды жадырататын да, жүрекке жылу сезiм сыйлайтын да музыка. Егер әрлi әуен мен сырлы сөз өзара үйлесiм тапса, ол әнге тең келер өнер туындысын әсте таба алмайсыз. Соңғы кездерi музыка нәпақа табудың қайнар көзiне айналғаны жасырын емес. Әсiресе, шоу-бизнес деп аталатын сыр-қыры көп әлем музыканың арқасында дамып отыр. Қазiрде бағзы кездердегiдей музыканы тек қана магнитофон мен көне радиодан ғана естiп қоймай, әнге сай түсiрiлген бейнебаян арқылы көре де аласыз. Бейнебаян көрермен мен тыңдарман жинаудың ең үздiк құралы болып отыр. Сапасынан гөрi саны басым бейнеклиптердi халыққа ұсынатын бiр-бiрден жол, ол әлбетте музыкалық телебағдарламалар мен музыкалық телеарналар. Бүгiнгi таңда отандық телеарналардың екеуi музыкалық бағытта. Ал қалған сегiз-тоғызынан мiндеттi түрде бiрлi-екiлi музыкалық телебағдарлама табатынымызға күмән жоқ. Әлгi екi музыкалық телеарна жөнiнде кейiнiрек баяндай жатармыз. Әзiрге, аты қазақтiкi болғанымен заты өзгенiкi боп кеткен, мазмұны жағынан бiр-бiрiнен аумайтын бiрқатар музыкалық телебағдарламаларға көз жүгiртiп көрсек.

"СҮЙIНШIНIҢ" СҮЙIНШIСI МӘЗ ЕМЕС…

Биыл "Хабар" агенттiгiнiң төл баласы "Ел арна" өзiнiң 10 жылдық мейрейтойын атап өттi. 2008 жылы "Нұр Отан" ХДП-ның "Жас Отан" жастар қанатының съезiнде Елбасы Н.Ә.Назарбаев аталмыш телеарнаны жастарға қарай бағыттау керектiгiн айтқан едi. Сол мезеттен бастап "Ел арна" ресми түрде жастар арнасына айналды. 2 жылдың iшiнде "Ел арнада" жаңа бағдарламалардың, түрiк пен кәрiс телехикаяларының саны көбейдi. Жастар арнасы болғандықтан "Ел арна" биылғы жылдан бастап "Сүйiншi" бағдарламасын қалың жұртшылыққа ұсынды. Алғашында атына қызығып, "Сүйiншiнiң" сүйiншiсi қандай болар екен деп бағдарламадан көз алмадық. "Сүйiншiнiң" ең басты сүйiншiсi – бағдарлама жүргiзушiсi жас әншi Мақпал Исабекованың таза қазақ тiлiнде сөйлеуi болса керек. Бұлай деуiмiзге негiз бар. Осыдан бiраз уақыт бұрын Мақпал Исабекова "Жұлдыздар отбасы" журналына берген сұқбатында қазақ әндерiне немқұрайлы қарайтынын айтқан едi. Мақпалдың бұл сөздерiнен кейiн қазақ эстрадасының өкiлдерi өз наразылықтарын бiлдiрген болатын. Тiптi, Мақпалдың әлгiндей сөздерi "Мақпал Исабекова қазақ тiлiн менсiнбейдi екен. Олай болса қазақ сахнасында неге жүр?" деген қауесет сөздiң тарауына да себеп болып, жас әншiнi бiраз тығырыққа тiредi. Мақпалдың осы олқылығын түзегiсi келдi ме, әлде қоғамда белгiлi бiр резонанс тудырғысы келдi ме, әйтеуiр телеарна басшылары бағдарламаны жүргiзуге Мақпал Исабекова лайық деп санаған көрiнедi. Бағдарлама барысында Мақпалдың өзiн, Мақпалдың әнiн, тiптi Мақпал түскен бейнеклиптердi көрiп, "Сүйiншi" тек қана Мақпалға арналған бағдарлама деп ойлай бастадық. Алайда бiздiң көздеген мақсатымыз Мақпалды сынап-мiнеу емес әсте. Әңгiмемiз осы бағдарламаның жалпы мазмұнына арналмақ.

"Сүйiншi" бағдарламасы көрермен назарына әр күн сайын түскi 12:30-да және кешкi 20:30-да, яғни күнiне екi рет ұсынылады. Бағдарламада қазақ шоу-бизнесiнiң тың жаңалықтары айтылып, "жұлдыздар" арасында жауыр болған сұрақтар аясында "жұлдызды сауалнама" жүргiзiледi. Жүргiзушiлердiң әр "жаңалығынан" кейiн мiндеттi түрде бiр бейнеклип көрсетiледi. Бiз өзiндiк бiр сараптама жүргiзу мақсатында "Сүйiншi" бағдарламасын түгелдей көруге кiрiстiк. Сөйттiк те Айқын Төлепбергеннiң үйленгенi, Дiлназдың Еуропаға аттанып, шетелдiк әншiмен бiрге ән жаздырмақ ниетi барын бiлдiк. Сонан соң, бес бiрдей бенеклиптi тамашаладық. Бағдарламада көрерменге ұсынылған бейнеклиптердiң алғашқысы, Мақпал Исабекованың "Много не мало" әнiне түсiрiлген бейнеклип, екiншiсi соңғы кездерi жастар арасында кеңiнен танылып жүрген Қайрат Түнтековтың француз тiлiндегi "SOS" әнi, ал үшiншi бейнеклип "A-Studio" тобының бейнеклипi болса, төртiншi кезекте Иван Бреусовтың "Сердце скажи" әнiне түсiрiлген бейнеклип. Аталған бейнеклиптердiң бiреуiнде де қазақтың аты аталғанымен, әнi шырқалмады. Осыған қарап, "Қазақ әншiлерi бейнеклипсiз қалай елге танылып жүр екен,а?" деген сұрақ қылаң бердi санада. Алайда бағдарлама аяқталды-ау дегенде көзiмiзге бiр бейнеклип оттай басылды. Ол Қарақат пен Қыдырәлiнiң "Ризамын" әнiнiң бейнеклипi едi. "Онда тұрған не бар? Жастардың бағдарламасы, сәйкесiнше жастарға ұнайтын әндер қойылады да" деуге болар едi. Әрине қазақтiлдi бағдарламада өзге тiлдi әндердiң шырқалып, реңi мүлдем бөлек бейнеклиптердiң көрсетiлуiнде бәлендей әбестiк жоқ та шығар, бәлкiм. Алайда телевидение ұлтты тәрбиелейтiн тетiк екенiн ұмытпаған абзал. Сәйкесiнше әрбiр бейнеклип жастарды белгiлi бiр тәрбиеге баулитын құралға айналады осы тұста. Мәселен, Мақпал Исабекованың бейнеклипiнде қызымыз қолына суық қару ұстанған қанiпезерден қашып әлек болса, Иван Бреусовтың бейнеклипiнде тiптен төбелес пен ұрыстан басқа ештеңенi көре де алмадық. Мiне, бүгiнгi ұрпақты тәрбиелеушi құралдарымыздың сиқы осындай. Бағдарлама қазақтың әдемi жоралғысымен аталғанын қайтейiк, қазағымның бiрде-бiр әнiн тыңдай алмасақ. Мүмкiн бағдарламаны орыс тiлiнде жүргiзiп, тек қана қазақ әнiнiң бейнеклиптерiн көрсеткен дұрыс болар. Себебi, "Ел арна" шалғай ауылдарда да көрсетiлетiн телеарна. Ауыл баласына жұлдыздар әлемiнiң қазақ тiлiндегi жаңалықтарынан гөрi, қазақтың әдемi әнi артығырақ болар едi-ау.

"SOUND TRACK"–тiң ҚАЗАҚША БАЛАМАСЫ ҚАНДАЙ?

Қазақ жастары мiндеттi түрде үш тiлдi меңгеру керек. Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi, ресми тiл – орыс тiлi, халықаралық тiл – ағылшын тiлi. Алғашқы екеуiн жастарымыз азды-көптi меңгерген. Ал үшiншiсiн меңгеруде "СТВ" телеарнасының, дәлiрегiнде "Start Media Group"-тiң "Sound track" бағдарламасы көмекшi бола алатын сияқты. Күнiне бiрнеше рет берiлетiн бұл бағдарламаны түн ауа көрдiк. Ең алдымен бағдарлама атауының қазақша баламасын iздеп әуре-сарсаңға түстiк. Сосын, бағдарлама жүргiзушiсiнiң аты-жөнi бiртүрлi оғаштау естiлдi құлаққа. Әлемге танымал брендтердiң киiмiн киiп, сыптай боп тұрған жүргiзушi жiгiттiң есiмi Арнур Истыбаев екен. (Арнұр Ыстыбаев шығар бәлкiм? – Ә.Б). Жүргiзушiмен "танысқаннан" соң "бағдарлама орыс тiлiнде шығар" деген ой келдi. Алайда бағдарлама таза қазақ тiлiнде өтiп жатыр екен. Не керек, бейнеклиптердiң тiзбегiн көруге көгiлдiр экранның алдына жайғастық. Қанша ұйқы қысса да музыкалық бағдарламадан қазақтың әнiн есту едi басты мақсатымыз. Бағдарламаны бел ортасынан көрдiк пе, әйтеуiр үш әннiң бейнеклипiн тамашалп үлгерiппiз. Сонымен үш бейнелиптiң алғашқысы Айқын Төлепбергеннiң "Пах-пах" әнiне түсiрiлген бейнеклип. Бейнеклиптiң сюжетiнен гөрi бұл жолы бiздi әннiң сөздерi таң қалдырды. Бiрнеше минутқа созылған әннiң бейнеклипiнен түйгенiм, Айқын "Пах-пах" деп қыздың мүсiнi мен иiсiне таң-тамаша болып жүр, одан соң нәзiк мүсiндi сүйедi, қыздың еркiн баурап алғысы келедi, тiптi "жүрекпен сүйiс" Айқынды "Пах-пах" дегiздi ал өзi оған шат-шат болды әннiң сөзi былайша өрбидi: "Пах-пах қандай ғажап иiс, шат-шат қиялыма iлес, қандай ғажап жүрегiңмен сүйiс, созылған кiрпiгiңнен күй ұш…" Қысқасы ұйқасқа сай құрылған түсiнiксiз сөздердiң тiзбегi бiр әндi құраған. Бұл бейнеклиптен кейiн "101" тобының бейнеклипi көрсетiлдi. Бағдарламаны көре отырып байқағанымыз, аталмыш бағдарлама "Start Media Group"-тiң "жұлдыздарын" жарнамалау үшiн "СТВ" телеарнасынан арнайы ашылған екен. Себебi, жоғарыда аталған Айқын да, "101" тобы да "Start Media Group"-тiң, яғни Эрик Тастанбековтың жеке жобалары. Өз өнiмдерiн жарнамалау үшiн бағдарлама ашу да өте дұрыс болар, кiм бiлсiн. Әзiрге, отандық телеарна мұндай қадамдарға оң қабақ танытып отыр. Бiлуiмiзше, бұл бағдарламаның телеэкраннан түспей жүргенiне де бiрнеше жылдың жүзi болған.

ҚАЗАҚТIКI МЕ, ШЕТЕЛДIКI МЕ?

Кезек "Таң", "НТК" телеарналарында. Бұл телеарналардағы музыкалық бағдарламалдардың атауы да таза ағылшын тiлiнде. "Таң" телеарнасы күнiне үш рет "Musik Box" бағдарламасын таңғы сағат 10:00-де, 17:05-те және түнгi 1-ден өте ұсынады. Алдыңғы телеарналардағы бағдарламалардан тым құрығанда бiр қазақ әнiн естiсек, бұл бағдарламада тiптi қазақстандық әншiнi табу қиын-ақ. "НТК" телеарнасының "Juke Box" телебағдарламасының алғашқылардан өзгешелiгiн байқамадық. Бағдарламаның қазақ тiлдi нұсқасын жастар арасында кеңiнен танымал "Ринго" тобының мүшесi жүргiзедi. Әрине, бұл сырбазымыз тамаша дауысты әншi шығар, алайда жiгiтiмiздiң жүргiзушiлiк қасиеттерiн байқап, ерiксiз ұялғанымызды жасырып қайтемiз. Әрбiр тележүргiзушi басқа қасиеттерiн былай қойғанда, өзiнiң не айтпағын экранның бер жағындағы көрерменге жеткiзу үшiн кiршiксiз дикцияның иесi болғаны дұрыс. Соңғы кездерi бағдарламалардың барлығын әншiлерге, актерлерге жүргiздiру үрдiсi кеңiнен байқалады. Ол да дұрыс дейiк. Алайда мыңдаған, тiптi, миллиондаған халыққа ұсынылған бағдарлама болғаннан соң, тележүргiзушiлердiң сыртқы пiшiнiне, атақ-абыройына ғана емес, оның кәсiбилiгiне де баса назар аударған жөн шығар, сiрә. Барлық музыкалық бағдарламалардағыдай бұл бағдарламада да бейнеклиптер ұсынылды. Алайда тағы да қазақ әнiн ести алмай қынжылдық. Орыстiлдi "Мистерионс", "Колибри" топтарымен қоса, шетелдiң Джениффер Лопесiн, Энрике Эглесиасын, қара бала Ашерiнiң әнiн тыңдадық бұл жолы. Көңiлге тағы да кiрбiң ұялады. Сосын бiр сәт "Мына телебағдарламалар кiмге ұсынылуда, қазаққа ма, әлде шетелдiктерге ме?" деген заңды сұрақ туындады.

Мiне, бiр сарындас төрт музыкалық телебағдарламалардың жай-күйi осындай. Өз елiмiзде өзге елдiң әнiн тыңдап, бейнебаянын көрiп, өзге музыкамен сусындап өсiп жатыр қазақ баласы.

Қазақта әншi жетерлiк. Бүгiндерi "әу" дегеннiң бәрi әншi. Қазақ баспасөзiнiң өкiлдерi "Сын түзелмей, мiн түзелмейдi" қағидасына сүйенiп, қазақ әнiн, бейнеклипiн, тiптi әншiсiн сынға алып жатады. Жасыратыны жоқ, қазақ шоу-бизнесiнде кемшiлiк жетiп-артылады. Алайда сын айтылды екен деп, қазақ әнiн ротацияға шығармау әбестiк болар. Қазақ әншiсiнiң қазақ тыңдарманынан басқа кiмi бар? Бiздiң әншiлердi шетелдiң "Музтв", "MTV" сынды телеарналарының насихаттағанын көрiп пе едiк? Жоғарыда аталған Джениффер мен Энрикидiң, одан қала бердi Бейонс пен Ашердiң қазақтың төрiне келiп ән шырқағанын естiген шығарсыз бәлкiм? Жоқ, әрине. Онда неге бiз шетелдiк әншiлердi өз елiмiзде танытуға құмармыз? Оларға жасалған осы жалпақшешейлiк үшiн қазақ телеарналарына келiп-кетер қандай пайда бар? Әрберiден соң, Энрикидiң Мейрамбек Бесбаевтан, Джениффердiң Гаухар Қаспақовадан, Ашердiң Еркiн Нұржановтан қай жерi артық? Сұрақ көп. Алайда шырылдаған шындық бiреу. Мейлi, бүгiнгi қазақ әндерi көңiлден шықпасын, мейлi қазақ бейнеклипi сапасыз болсын, бәрiбiр қазақ әншiсiнiң қазақ тыңдарманы мен қазақ телеарнасынан басқа барар жер, басар тауы жоқ. Сондықтан да қазақ әнi қазақтың жерi мен елiнде жетiмнiң күйiн кешпеуi керек.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ