ЖЕР МӘСЕЛЕСI ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ САЯСАТЫ
ЖЕР МӘСЕЛЕСI ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ САЯСАТЫ
Алаш арыстарының ұлттық идеяға адалдығы мен қайсарлығы хақында
2
Мемлекет те, сот та жазалау саясатының басты құралы ретiнде орыстың балтасын пайдаланды. Ал, шовинистер мен отарлаушының, оның iшiнде можантопай мұжық пен "елiрме сiңбелердiң", сауатсыз да сарамес жендеттiң қолындағы балта – iндеттен де қауiптi. Егер де сол "балта" мұқым мемлекеттiң жазалау құралына айналса, онда сол мемлекеттiң даму жолы адамдардың бас сүйегiнен төселген баспалдақтардан тұрады деген сөз.
Кеңес өкiметi дәл осы жолды таңдап алды. Мұндай дүлей күшке таза ақыл мен парасатты қарсы қойып күресу мүмкiн емес едi.
Мұны қазақтың ардагер азаматтары – Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов те жақсы түсiндi. Тән мен жан жазасынан құтылу үшiн олар өзiнiң "айыптарын" сырт қарағанда мойындағандай көрiнiп, бiрақ әр жауабының астарына Сервантестiң қаламына лайық уытты кекесiндi сiңiрiп отырды. Қарапайым адамның өзi күле қарап, сенбейтiн "қырық өтiрiктi" қиыннан қиыстырып, баяндап бердi. Можантопай тергеушiлердiң ой-өрiсiнiң тарлығы мен таяздығы сондай, оған тiптi назар да аударған жоқ.
Шындығын айтсақ, мұның оларға қажетi де шамалы-тын. Қалайда қаралауға iлiк тапса, көңiлi тыныш табатын. "Астыртын контрреволюциялық ұйымның қастандық әрекеттерiн" әшкерелеу үшiн Голощекиннiң "кiшi октябрь" науқанында кеткен асыра сiлтеулердiң барлығын "астыртын ұйымның мүшелерiне" айып етiп тақты.
Соның бiрi – коллективтендiру, яғни, қазақша айтқанда, "мойынсерiк" құру науқаны. Мұның көшпелi қазақ ұлты үшiн зауалмен аяқталатынын экономика мен қазақтың өмiр сүру тәсiлiнен хабары бар зерде иесiнiң бәрi де түсiндi. Бiрақ оған ешкiм назар салмады. Қайта, денi дұрыс пiкiрдi "астыртын ұйымның" қастандық әрекетiне жатқызды. "Айыптау қорытындысынан":
"4. Шаруашылықтарды коллективтендiру науқанындағы бұрмалаушылық әрекеттер
Сондай-ақ, астыртын ұйымның мүшелерiнiң жат пиғылдары шаруашылықтарды коллективтендiру науқаны тұсындағы бұрмалаушылықтарынан, оны болдырмауға тырысып баққан әрекеттерiнен байқалды. Коллективтендiрудiң жүзеге аспай қоймайтынына, бұл шараларға тұрғындардың ерекше белсендiлiк танытып отырғанына көздерi жеткен соң, олар жарым-жартылай рулық негiзде құрылған колхоздарды ұйымдастыруға күш салды.
Айыпкер Тынышбаевтiң көрсетуi: "Бiз, ұйым мүшелерi – мен, Ермеков және Досмұхамедов үшеумiз колхоз құрылысы туралы өзара пiкiр алыстық, бiрақ та колхоздарды ұйымдастыру науқанына тосқауыл қоя алмайтын болғандықтан да: қазақ ауылдарындағы колхоздарды шағындап қана рулық жүйемен құру керек – деген тұжырымға келдiк. Мұның басты себебi: қазақ қоғамындағы рулық құрылым әлi де күштi сақталып қалған, сондықтан да бар мүлiктi жекеменшiк иелерiнiң қолында сақтай отырып, шағын-шағын жарым-жартылай ортақтастырылған шаруашылқтарды ұйымдастыру қазақ үшiн қолайлы деп есептедiк. Бұл бiздiң ұйымның мүшелерiнiң ортақ пiкiрi едi және арамызда ешқандай көзқарас алшақтығы болған жоқ, оның үстiне бiз бұл туралы Бөкейхановтың және басқалардың дәл осындай пiкiрде екендiгiн бiлетiнбiз. Бiз: "Кедейлердiң басы бiрiкпейдi, олар өзiне рулас байлардың ықпалынан шыққысы келмейдi, өйткенi рулық туысқандық сезiмi қазақ арасында әлi де күштi", – деп есептедiк. Бiз бұл жөнiнде партияда жоқ көптеген қызметкерлермен, коммунистермен әңгiмелестiк, олар да iстi дәл солай жүргiзсе, көптеген қиындықтарды жеңуге болатынына сендiк. Сөйтiп, бiз бұл әрекеттерiмiз арқылы кедейлердiң бiрiгуiне (таптық) бөгет жасап, рулық құрылымды сақтап қалуға тырыстық.
Бұл идеямызды iске асыру үшiн бiздiң көзқарасымызды қолдайтын Бұралқиев, Күдерин сияқты тағы да басқаларды пайдаландық, сондай-ақ бiзден ақыл сұрап келген қазақтардың барлығына да дәл осындай колхоз құрыңдар деп кеңес бердiк, бұл идеяны сол колхоз құрылысын ұйымдастырып және басқарып жүрген қазақ қызметкерлерiнiң бәрiнiң миына сiңiруге тырыстық.
1928 жылы Iле өзенiнiң арғы бетiнде зерттеу-барлау (темiр жол салу үшiн – Т. Ж.) жұмыстарын жүргiзген кезiмде қазақтардың бәрiне өз көзқарасымды түсiндiрiп бердiм және колхоздарды мен айтқандай үлгiмен құруға шақырдым" (№ 2370-iс, 1 т., 141-парақ. Тынышбаевтың 1930 ж. IХ. 6-күнгi жауабынан)".
Бiр адамның кекесiн араластырып жазып берген осы жауабы арқылы 71 адамға үкiм шығарды. Әрине, 14 томнан асатын тергеу iсiнде Тынышбаевтiң көрсетуiнен әлдеқайда "кең қамтылған" куәлiктер бар. Тергеушiлердiң М.Тынышбаевтың жауабын қайта-қайта алдыға тарта беруiне қарағанда, "Алаш" партиясының көсемдерiнiң бiрi, "Алашорда" үкiметiнiң мүшесi, Уақытша үкiметтiң Жетiсу өлкесiндегi комиссары, Қоқан Автономиялы республикасының премьер-министрi Мұхамеджан Тынышбаевты қалайда жазаға тартудың амалын қарастырса керек.
Бұдан кейiнгi айыптаулардың тақырыбы – "Ет дайындауға жасалған қастандықтар", "Бандылық қарақшылықтар" деп аталады. Ал нағыз "бандылық қарақшылық" қылмысты Кеңес өкiметiнiң өзi жасап жатқан едi. Жер мен тәркiлеу, колхоздастыру саясатының кесiрiнен 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Қазақ жерiнiң құты – Сарыарқа қаңырап бос қалды. Елдi "естен тандырған" ессiз өкiметтiң есiн ақсүйек ашаршылық та жыйдырмады. Тура сол кезде Кереку, Қызылжар, Омбы қалаларының су айлақтары мен вокзалдарында мал етi иiстенiп, айдалаға апарылып өртелiп жатты.
Қазақ ұлтының аштан қырылып қалғанын бiле тұра Сталин мен Молотов Қужақты қуырдақтай қуырып, "бер, бердiң" астына алды. Бiр республиканың басына қаралы күн туғанда да оның тағдырына пысқырып қарамады. "Сенiп тапсырылған өлкенi" зауалға ұшыратып, баясы шыққан Шаяға – Голощекин мен Исаевқа: КСРО Халық Комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы В.Молотов пен БКП (б) Орталық Комитетiнiң бас хатшысы И. Сталин 1932 жылы 8 қараша күнi:
"ХКК мен ОК-тiң (Халық комиссарлары кеңесi мен Орталық Комитеттiң – Т. Ж.) ескертуiне қарамастан республикадағы астық даярлау қарқыны төмендеп барады. Белгiленген жоспардың орындалмауының себебiн астықтың түсiмiнiң төмендiгiмен түсiндiрген сылтауды Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi назарына да iлмейдi, өйткенi бұл көрсеткiш қасақана төмендетiлген және мемлекеттi алдау ниетiнен туған.
Сiздердiң артта қалған аудан хатшылары мен атқару комитеттерiнiң төрағаларының атын атап қана өтiп, тек артта қалуды жоюдың шараларын көрсеткен мәлiметтерiңiздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесiне хабарламай, сырғақтай берулерiңiздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi: партиялық басшылыққа лайықсыз қылық – деп бағалайды.
Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi сiздерге мынаны ескертедi:
Егер де қысқа мерзiм iшiнде республикадағы астық тапсыру iсiне нақты өзгерiстер енгiзу мәселесi ұйымдастырылмаса, онда бiз солтүстiк Кавказдағы тәрiздi жазалау шараларын қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданылған жазалау шаралары туралы сiздiң толық түсiнiктерiңiз болуы үшiн БКП(б) Орталық Комитетiнiң нұсқауы бойынша қабылданған Солтүстiк Кавказ өлкелiк комитетiнiң қаулысын жолдап отырмыз. Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi бұл қаулыны сiздердiң жеделхаттарыңызда аттары аталып көрсетiлген артта қалған аудандардың хатшыларымен таныстыру мiндетiн сiздерге жүктейдi. Егер де олар астық дайындаудың көлемiн өсiруге жеделшара қолданбайтын болса және одан әрi осылай жалғаса беретiн болса, Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi қараша айының бiрiншi жартысында оларды партия қатарынан шығару туралы мәселе қоюға мәжбүр болады", – деген үрейлi жеделхат жолдады.
Шындығына көшсек, ол кезде Голощекин мен Исаевтың бұл жеделхатқа жауап беретiндей мұршалары да жоқ болатын. Егiннiң орынына адамның сүйегiн егiп, "тәнтiбайбеттенiп" отыр едi. Елiре-елiре сөйлеп, ауызы ақкөбiктенген Голощекин мен оған көпшiктi қоя-қоя қоялары шыққан Исаев пен Құрамысовтың, Құлымбетов пен Ерназаровтың, Қабылов пен Тоғжановтың, Беккердiң, тағы да басқа идеологтардың жақтары қарысты. Елдi де, өздерiн де "есеңгiреттi". Шегiнетiн жерлерi де жоқ болатын. Сасқанынан сүйек пен тұяқ, жылқының жал-құйрығы мен сиырдың мүйiзiн жинау туралы жарлық шығарды.
Ал бұл кезде адамның сүйегi болмаса қазақ даласында малдың сүйегi де, оны жинайтын адам да қалмап едi.
1931-1932 жылы ашаршылық кезiнде 1921-1922 жылғы аштықтан аман қалған 4 миллион 120 мың қазақтың 2 миллион 200 мыңы, яғни, жалпы ұлттың 49 процентi "кiшi октябрь" мен "естен тандыру" саясатының құрбандығына шалынды. Құрамысов пен Беккер: "Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн… бүкiл қазақ халқын құрбан етуге даярмыз!" – деген "армандарына" жеттi. Ал ұлтының осынша қорлық өлiмге душар болғанына күйiнген "бестiң тобы" – Ғ.Мүсiрепов, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин 1932 жылдың шiлде айында Сталин мен Молотовқа наразылық хатын жолдады. 1937 жылы Қарқаралы округiнiң басшыларын жаппай атуға бұйырған кезде Мансұр Ғатауллин өзiнiң соңғы сөзiнде айып орындығында отырған әрiптестерiн қолымен нұсқап:
" – Мыналар "халық жауы" емес. Жау – менмiн. Сондықтан менiң өзiмдi ғана соттаңдар. Тек, менi ғана. Бiрақ мен де "халық жауы" емеспiн, керiсiнше, халықтың жауының "жауымын". Ал мен 1932 жылы, Кент қаласына iссапармен келген кезден бастап "халық жауы" болдым… Көлiктен сыртқа шықсам, айналамда адам да, мал да жоқ, тек қана ұзын созылған мал қорасы тұр. Есiктi ашып қалып едiм, өлi адамның денелерi көрiндi. Соншама үлкен қораның iшi лық толған адамның мәйiтi. Кейбiреулерiнiң көзi ашық, кiрпiктерi әрең қимылдайды, бiрақ кiрпiк қаққанша жантәсiлiм беретiнi сөзсiз.
Сыртқа атып шықтым. Даладан айқай-шу шықты. Есiнен адасқан әйелдер қолдарындағы пышақтарын жалаңдатып менiң жүргiзушiме тап бердi, ойлары оны сойып жемек. Мен аспанға оқ атып едiм, олар жан-жаққа қаша жөнелдi. Жан-жағыма қарасам, анадай жерде үлкен қазан-ошақ тұр екен, астында от жанып жатыр. Әлде не пiсiп жатыр. Қақпағын ашып кеп жiберiп, қарасам, бұрқ-сарқ қайнаған сумен бiрге қазанның бетiне бiрде баланың аяғы, бiрде қолы, бiрде өкшесi бүлiк-бүлiк етiп шығып жатыр… Мiне, мен тура сол күннен бастап "халық жауы" болдым", – дептi (В. Михаилов, "Ұлы жұттың шежiресi").
Мұндай ерлiк "ақ жүректер" мен Қуажақтың қуыршақтарының қолынан қайдан келсiн. Халықтан кешiрiм сұрап, иман iздеудiң орынына, сондай бетбақтықпен ұлтының бес азаматын "бестiң тобы", "халықтың жауы" деп жариялады. Сонда бұлардың қызғыштай қорғап жүрген халқы – қай халық? Олар халықтың бағын емес, өздерiнiң астындағы тағын қорғап жүрген баққұмар сiмпiстер едi.
Өзегi үзiлген халық мұны көрiп-бiлмей отырғандай-ақ, асқан аярлықпен өздерiнiң күнәсiн "ұлтшыл-буржуазияшыл контрреволюционерлерге", "Алаштың" ардагерлерiне жапты. Бес жыл бойы дәлелденбеген "қылмыстарын" ұрып-соғудың нәтижесiнде мойындаттырып, ұялмастан: "Қылмыстарын мойнына алды! Аттық! Астық! Жер аудардық! Кеңес өкiметiнiң саясатына қарсы шығып, елдi ашаршылыққа ұшыратқан солар! Ендi көздерiң ашылатын болды!", – деп өздерi қырып салған халықтан сүйiншi сұрады!
Шiркiн, данышпан Абайдың:
"Жамантайдың баласы Көжек деген,
Екi үйдiң арасына безектеген.
Досын келiп досына жамандайды,
Шiркiнде ес болсайшы сезед деген!," – сөзiн әлгi кеңестiң кеңкелес мәңгүрттерi түсiнбедi.
"Голщекиндiк националдар" Сталин мен Молотовтан жаңағыдай нұсқау алған соң тағы да жанталаса жанықты. Ашаршылықтың зардабын саяси сахнадан ысырылуға тақап қалған Қужаққа – Голощекинге жапты да, мүләйiмсiп-мәймөңкелеп шыға келдi. Республика үшiн, оның iшiнде жеке адамдарға және белгiлi бiр мәселелердi шешуде кәдiмгiдей ынта-пейiл көрсеткен шығар. Бiрақ мұқым ұлттың мүддесi мен халық қамы үшiн олардың қабырғасы қайысты деуге, оларды биiк лауазымға жеткенi үшiн мемлекет қайраткерi болды деп даралауға еш себеп жоқ. Мемлекеттiк машинаның конструкторы, не құрастырушысы емес, соның жай ғана бiр елеусiз бөлшегi едi олар. Қажет кезiнде оларды құрал-жабдық ретiнде пайдаланды, мiндетiн өтеген соң лақтырып тастады.
Олардың мансап жолында – тағдырдың тәлкегiне ұшыраған жазықсыз жандардың көз жасы мен қасiрет уайымы, аштан қырылғандардың қураған сүйегi, атылып-асылған, қудаланған ұлт қайраткерлерiнiң өзектi арманы мен өкiнiшi өксiп жатты. Мансұр Ғатауллиннiң:
"Мен халықтың жауының жауымын!", – дегендегi емеуiрiн танытқан пенделерi солар едi.
Алаштың азаматтары елi мен жерiнiң мүддесi үшiн түрмеге түсiп, азап тартып, қалайда халқына төнiп келе жатқан апаттан құтқару үшiн жанталасып жатқанда олар: "Жасасындатып!" (М. Әуезов) жатты. Бұл ұлтты, ұлттық тұлғаны жаныштау майданының басы ғана болатын. Ол майданда олардың өздерi де тағдырдың диiрменiне түсiп, "ұлы құрбандыққа" шалынды. Сол үшiн бұларды аяудың да, қорғаудың да қажетi жоқ. Себебi, ұлты үшiн басын өлiмге тiккен Әлиханнан, Ахметтен, Мiржақыптан, Мұхамеджаннан, Халел Досмұхамедовтен, Халел Ғаббасовтан, Телжаннан, Мағжаннан, Жүсiпбектен, Жаhаншадан, лауазымы мен жасы өздерiмен қатарлас Смағұлдан, Әлiмханнан, Елдестен, Ыдырыстан, Даниалдан, Кәрiмнен, Жалаудан, Сұлтанбектен, Тұрардан, Мансұрдан, Ғабиттен ешқандай артып тұрған қасиетi мен қадiрi жоқ едi.
Қарғауға болмайтыны – олар өз заманының жалдамалы құлы болды.
Саясатқа азаматтық көзқарасын қорғау үшiн араласқан жоқ, тек қана керек кезiнде ұрымтал тұстан табылып, жазалау машинасының дөңгелегiне iлiнiп кеткен қатардағы пенделер ғана. Биiк ақыл-парасат, үлкен мiнез, iрi қимылдың адамдары емес, жай ғана реттеушiлер болатын. Тек, басты назарда ұстайтын мәселе – олардың iс-әрекетiн ашық та батыл талдап, тарихи сабақ ретiнде ұрпақтың назарына ұсыну парыз.
Тарих өткелi – қатерлi өткел. Ал ұлттың басын қатерге тiгiп, қайта-қайта тағдырдың талқысынан өткiзуге ешкiмнiң де қақысы жоқ. Қазақ ұлты өзiнiң қадым заманнан бергi тарихы арқылы тәуелсiз ұлт ретiнде өмiр сүруге толық қабiлеттi ел екендiгiн дәлелдедi. Өзегiн өртеген рухани басыбайлылыққа да басын имедi. Отарлаушы патшалық және коммунистiк жаhангерлер ұлттың жүрек отын өшiруге өршелене тырысса да, рухани бостандығын сақтап қалды.
"Коммунистiк-колонизаторларды" өшiктiрген де, үрейлендiрген де ұлттық тұлғалардың рухани тәуелсiздiгi болатын. Ұлтты мәңгүрт күйге жеткiзу үшiн сол халықтың ең қасиеттi қазынасы – рухани мұрасын аяр идеологияның арандатушы күшi арқылы жойып жiберуге барынша құлшынып-ақ бақты. Алаш қайраткерлерiне тағылған ең басты айыптың бiрi де осы ұлттың рухани тәуелсiздiгi жолындағы көзқарас күресi едi.
Мiне, осындай жанталастың тұсында Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов бастаған "Алашорда" қайраткерлерiнiң екiншi тобы Алматының түрмесiнде тергелiп жатқан болатын.
3
1928 жылы 26 қараша күнi жаппай тәркiлеу науқанымен орайластырыла БКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң "Қазақстанның орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарындағы шәкiрттердiң әлеуметтiк құрамын тексеру" туралы қаулы қабылдады. Сол арқылы "әлеуметтiк тұрғыдан алғанда тегi жат" шәкiрттерден кеңестiк оқу орындарын тазарту көзделдi. Кесiрлi қаулының салдарынан қаншама талапты шәкiрт бiлiмнен қағылып, мамандықсыз қалды.
Сол науқанға профессорлар мен оқытушылар да iлiнiп, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфандияров, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, Ж.Күдерин, А.Байтасов, И.Қашқынбаев, К.Тоқтыбаев сияқты оқымыстыларды әуелi олардың өздерi оқытқан шала сауатты шәкiрттерi әшкереледi, содан кейiн партиялық тазалауға түстi, ең соңында тергеушiлердiң қармағына берiлдi. "Алашордашылардың" тергеу iсiндегi "Айыптау қорытындысының" "Мәдениет майданы" атты тарауында:
"Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.
"…1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-iс, 1 т., 220-бет).
Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.
Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегiмен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынына, Кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. "Алқа" атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын ("Табалдырықтың") анықтауға Жұмабаев Мағжан және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Халел, Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.
"Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық… "Алқа" үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм" (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ).
"Алашордашылар" көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды… Бұған қоса Байтұрсынов: "Қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс!" деп үндеу тастады… Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған үндедi, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi" (Байдiлдин, №5441 784-iс, 4 т., 134-парақ").
"Бұдан кейiнгi жылдарда Кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтан да барлық күштi Кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы Кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық" (Тынышбаев, №2370-iс, 1 т., 131-парақ).
"…мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым-жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлев апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды… Менi ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi…" (Қашқынбаев, № 2370-iс, 1 т., 378-парақ).
"…бiздiң ойлаған мақсаттарымыз Кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.
а). Оқу-ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.
б). 22-жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК-ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институттың директорлығының мiндетiн Әдiлев те атқарды.
в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х. Досмұхамедов төраға, Есполов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж. Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.
г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылордада), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.
д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. ("Алашорданың" кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдары бойынша) жазды.
е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап) керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.
ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.
з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.
и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х. Досмұхамедов.
к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы "Алашорданың" идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.
л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: ("Ақ жол" және басқа да "Алашорданың" идеологиялық ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есполов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.
м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн "Алашорданың" идеологиясы" тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов, Есполов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Асфандияров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.
н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов "Алашорданың" идеологиясы тұрғысынан сөйледi)".
Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi "Алашорданың" идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты (Тынышбаевтiң 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 277-278-парақтар).
Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу-ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.
Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтан да, бiз үшiн жастарды "Алашорданың" рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.
ҚазМУ-дiң ректоры Асфандияров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Доcмұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов ҚазМУ-де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар, – дептi (Тынышбаевтың 4/Х – 30 ж. жауабынан №2370-iс, 1 т., 312-парақ).
Тағы да ол: "Оқу-ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков – ҚазМУ-де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу-ағарту бөлiмiнде қызмет еттi" (Сонда, 31 – парақ), – деп көрсеттi.
Досмұхамедов Х.: "…байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Асфандияровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар: байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 209-парақ)",– деген арнайы айыптау айғақтары келтiрiлген.
Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген "құрметтiң" сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егер де, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты – бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр Алланың өзi бiлсiн. "Тiл мен ұғымның тазалығы" үшiн күрескенiне "айыпкер, алашордашыл" атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, "Ақбiлексiз", "Қилы замансыз", "Аламансыз", "Қазақ тарихынсыз", жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени-ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай "табалдырықта" жатар едi?
(Басы өткен санда).
Тұрсын ЖҰРТБАЙ