Жаңалықтар

12 ЖЫЛДЫҚҚА КӨШУ КЕШЕУIЛДЕЙДI

ашық дереккөзі

12 ЖЫЛДЫҚҚА КӨШУ КЕШЕУIЛДЕЙДI

Ал бiлiм министрiнiң болашаққа сенiмi мол

Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев Алматы қаласына ат басын бұрып, бiлiм беру саласындағы қордаланып қалған өзектi мәселелердi ортаға салды. Ол түпкiлiктi шешiмiн таба алмай отырған 12 жылдық бiлiм беру жүйесiн енгiзу мен ұстаздар арасында өршiп тұрған жемқорлықтың тамырына балта шабу керектiгiн күн тәртiбiндегi басты орынға қойды.

Әзiрге 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне түбегейлi көшу мәселесi оңай болып тұрған жоқ. Оған әуелi елiмiздегi бiлiм ұяларының жетiспеушiлiгi мен оқу-материалдық базаның ақсап тұрғаны керi әсерiн тигiзiп отырғаны шындық. Әйтпесе, министрлiктiң жоспары бойынша Қазақстан жаңа жүйеге 2008-2009 оқу жылдары-ақ көшiп кеткен болар едi. Алайда, сөз бен iстiң алшақтығы елiмiздегi бiлiм ұяларының 12 жылдыққа дайын еместiгiн әп-сәтте айқындап бердi. Ендiгi меже 2015 жылға жоспарланып отыр.

12 жылдық оқуға көшу жөнiндегi эксперимент бойынша өткiзiлген республикалық семинарда сөз алған Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев аталмыш жүйенi енгiзген жағдайда ғана әлемдiк орта бiлiм беру стандарттарына сай болатынымызды қаперге сала кеттi. "2015 жылға қарай толығымен нормативтiк құқықтан бастап материалдық базаға дейiн 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне өтудi қамтамасыз етуiмiз керек", – дедi министр. Дайындық аясында әрбiр мұғалiм 12 жылдық мектеп курсынан өтiп, барлық тұжырымдамалық құжаттар мен тиiсiнше жаңа оқу бағдарламаларының мазмұнын бiлуi талап етiледi. Себебi, әлемнiң барлық дамыған мемлекеттерi көшiп үлгерген 12 жылдық бiлiм беру жүйесi бiзде ғана кешеуiлдеп жатқанға ұқсайды. Егер бiздiң оқушылар жаңа жүйе бойынша бiлiм алатын болса, оларға шетелдiк жоғары оқу орындарының бағдарламасын меңгеру қиынға соқпайды екен. Ал, бұл нәтижеге қол жеткiзу үшiн әлi тер төгетiн жұмыс шаш-етектен. Атап айтар болсақ, мектеп тапшылығын жою, оқулықтар жазу және бiлiктi мұғалiмдер даярлау мәселесi алдағы күннiң еншiсiндегi шаруа.

Негiзi 12 жылдық орта бiлiм беру бойынша сынақтық жүйе 2003 жылы енгiзiлген. Алғашқыда министрлiк сынақты 51 мектеп базасында жүргiзсе, қазiргi кезде олардың саны 104-ке жеткен. Бүгiнде 2006-2007 оқу жылы эксперименттiк сыныпқа қабылданған алғашқы оқушылар бастауыш мектептi сәттi бiтiрiп шықты. Осы кезде "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығы бастауыш мектептегi эксперимент қорытындысының жемiстi аяқталғанын да жария еткен едi. Мұнымен қоса, 2009-2010 оқу жылында 7-эксперименттiк сынып оқулықтары мен ОӘК (оқу-әдiстемелiк кешендерi) байқаудан өтiп, оқушылардың жоғары үлгерiмi мен сапалы бiлiмiн көрсеткен. Сондай-ақ, бұдан былай 2010-2011 оқу жылында 8-эксперименттiк сыныптарға арналған оқу бағдарламалары мен оқулықтар сынақтан өте бастайды. Семинар барысында пән мұғалiмдерi оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнымен танысып, оқыту әдiсiне байланысты мәселелердi тәптiштеп айтып бердi. Ұстаз қауымының жүрекжарды пiкiрлерiне қарағанда, әлi де шикi жүйенi елiмiздiң бiлiм ошақтарына небары бес жылдың iшiнде енгiзу мүмкiн емес сияқты. Алайда, бiлiм саласы қызмет-керлерiн жұмылған жұдырықша атсалысуға шақырған Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев: "Бiз 12 жылдыққа 2015 жылдан бастап көшемiз. Соған байланысты неғұрлым жан-жақты дайындалсақ, соғұрлым жеңiл болады. Оқулықтардың сапасы, мұғалiмнiң даярлығы, мектептердiң материалдық-техникалық базасы бiр-бiрiмен ұштасқан жағдайда ғана толықтай дайынбыз деуге негiз бар" дедi. Бес жыл iшiнде бiлiм беру iсiндегi осы олқылықтардың орны тола ма, толмай ма, ол жағы әзiрге беймәлiм.

Министр тiлге тиек еткен екiншi мәселе – бiлiм беру саласындағы жемқорлықтың жай-күйi. Өткен алты ай iшiнде 189 қызметкер ҚР "Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы" Заңын өрескел бұзғаны үшiн ұсталған. Оның көбi мектептегi iс-шараларға ақша жинауға салынған қатаң тыйымды елемеген болып шықты. Атап айтқанда, 127 мектеп директоры, 42 балабақша меңгерушiсi, 9 бiлiм бөлiмiнiң маманы, 11 мектеп директорының орынбасары және есепшiлер жемқорлықтың "құрбандарының" тiзiмiн толықтырып отыр. Өрескел заңбұзушылықтар орын алған облыстардың көшбасшысы қатарына iлiккен – Солтүстiк Қазақстан облысында 304 жемқорлық дерегi тiркелiптi. "Осындай заңбұзушылықтарды анықтау нәтижесiнде 17 адам қызметтен босатылды. Мектеп басшыларының басым бөлiгi мемлекеттiк сатып алу заңын бiлмейдi. Жемқорлық деректерiнiң орын алуына осындай бiлместiктер де себепкер болып отыр", – деген Жансейiт Түймебаев министрлiк тарапынан қабылданған бұйрықтардың орындалмай жатқандығына наразылығын бiлдiрдi.

Көпшiлiктi мазалап жүрген үшiншi мәселе – мектеп ғимараттары сапасының сын көтермейтiндiгi. Дәл қазiр елiмiзде 200 мектеп ғимараты апаттық жағдайда тұрған көрiнедi. Олардың денi ескiрiп, тозығы жеткен. Мәселен, Қазақстандағы мектептердiң 85 пайызы 1990 жылдарға дейiн салынса, ал 36 пайызы 1970 жылы тұрғызылған ғимараттар екен. Сорақысы сол, 2009-2010 оқу жылында республикада 70 мектеп үш ауысымда бiлiм берiп келген. Бұл мәселелердi тез арада шешу керектiгiне баса назар аударған министр Жансейiт Түймебаев жыл соңына дейiн салынып жатқан жаңа ғимараттар құрылысын аяқтап, үш ауысымда жұмыс iстейтiн мектептердiң санын 46-ға дейiн азайтуға күш салатындығын жеткiздi.

Айтпақшы, министр өз сөзiнде мемлекет есебiнен бөлiнген 35 мың гранттан бөлек тағы да 1670 талапкер тегiн бiлiм алу құқығына ие болғанын жария еттi. Босаған бiлiм гранттарын беру жөнiндегi республикалық конкурстық комиссияның шешiмiмен әртүрлi жағдаймен басқа оқу орындарына ауысып немесе шетелге оқуға кетiп жатқан студенттердiң гранты оқу үлгерiмi жоғары студенттерге берiлiп отыр. Босаған бiлiм грантына республика бойынша 5547 бiлiм алушы құжат тапсырған. Бiлiм грантының 132-сi жетiм балаларға, ал, 29-ы Қызылағаш талапкерлерiне бұйырыпты.

Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың сөзiне қарағанда, 2020 жылға дейiн бүлдiршiндер толықтай мектепке дейiнгi мекемелермен қамтамасыз етiлiп, мұғалiмдерге жоғарғы категорияны алу үшiн талаптар күшейтiледi. 2015 жылдан бастап Қазақстан 12 жылдық орта бiлiм жүйесiне көшсе, 2016 жылы мұғалiмдердiң 70 пайызы кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға кiрiспекшi. Ал ұстаздар еңбекақысы елдегi орташа жалақыдан кем болмайтын көрiнедi. Сондай-ақ, министр мемлекеттiк жоғары оқу орны ректорлары жаңа механизм арқылы тағайындалатынын да баса айтты. Жаңа оқу жылының тағы бiр жаңалығы – мұғалiмдер де бiрыңғай киiнетiн болады. Алайда, жалақысы 25 мың теңгеден басталатын ұстаздар қауымы үшiн бұл күтпеген жағдай болып отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ