Жаңалықтар

Ғалым ОРАЗБАҚОВ: ҮЛГI БОЛАРЛЫҚТАЙ ДА, ҮЛГI АЛАРЛЫҚТАЙ ДА ЖАЙЫМЫЗ БАР

ашық дереккөзі

Ғалым ОРАЗБАҚОВ: ҮЛГI БОЛАРЛЫҚТАЙ ДА, ҮЛГI АЛАРЛЫҚТАЙ ДА ЖАЙЫМЫЗ БАР

Қазақстанның сыртқы саясаты үшiн биылғы жылдың маңызы ерекше. Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға төраға ретiнде Астана биыл осы ұйымның Саммитiн өткiзудi мойнына алды. Халықаралық қауымдастық алдында бастамашылдығымен көзге түсiп жүген Ақорданың бiр сыналар кезi бұл. Оның үстiне, республикада жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша қарқынды жұмыс жүргiзiлуде. Осы орайда, әлемдегi алдыңғы қатарлы елдер тәжiрибесiнен үйренерiмiз көп-ақ.

Қазақстан Республикасының Израиль және Кипр мемлекеттерiндегi Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Ғалым Оразбақов өзi елшiлiк қызмет атқарып жүрген елдермен қарым-қатынас туралы, олардың экономикалық, инновациялық даму тәжiрибесi туралы кеңiнен әңгiмелеп бердi.

– Ғалым Iзбасарұлы, ЕҚЫҰ мүше-мемлекеттерi мен әрiптес мемлекеттердiң сыртқы iстер министрлерi Алматыда өткен бейресми басқосуда Қазақстанның Астанада осы ұйымның саммитiн өткiзу жөнiндегi бастамасын құп алды. Сiз елшi ретiнде тiркелген елдерде бұл шешiмге көзқарас қандай?

– Мен елшi ретiнде тiркелген Израиль және Кипр мемлекеттерiнiң басшылығы Қазақстанның бұл бастамасына оң қабақ танытты. Израиль ЕҚЫҰ-на мүше емес, Жерорта теңiзiндегi әрiптес болса да, аталмыш кездесуге осы мемлекеттiң премьер-министрiнiң орынбасары әрi сыртқы iстер министрi Авигдор Либерман келiп қатысты.

Дипломатиялық салада кездесуге келген мемлекет делегациясының үкiметтiк құрамы, сапар мерзiмiнiң мәнi зор. Бұл ретте Қазақстанға деген жылы ықылас күн тәртiбiндегi мәселелердiң өзектiлiгiн және осы елдердiң екiжақты қарым-қатынасты дамытуға деген ынтасын бiлдiрсе керек. Қазақстан Республикасының абыройы мен Мемлекетiмiздiң тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаевтың беделi де – осыған сеп.

Талқылауға түскен мәселелердiң өзектiлiгi туралы айтқанда, ең әуелi ЕҚЫҰ төрағалығы кезiндегi Қазақстан бастамалары мен мақсаттарын айту керек, олардың бәрi Қазақстан Президентiнiң ЕҚЫҰ мүшелерiне қаңтар айындағы үндеуiнде, Анкарадағы СВМДА саммитiнде және басқа да жиындарда сөйлеген сөздерiнде егжей-тегжейлi баяндалған. Егемендi Қазақстанның жедел дамушы экономикасы да, түрлi салалар бойынша екi жаққа да тиiмдi жобалар жасаудың мол мүмкiндiгi де екiжақты мүдделiктi тудырып отыр.

Израильде де, Кипрде де өзiндiк территориялық және этникалық түйткiлдi мәселелер бар, бұл мәселелер осы елдердiң дамуын, тұтастай алғанда аймақтың дамуын тежеп отырғаны жасырын емес. Ең әуелi, бұл Таяу Шығыс мәселесi және Кипрда өмiр сүретiн грек-кипр және түрiк-кипр қауымдастықтары арасындағы қарым-қатынастың мәселесi.

Бұл екi ел де Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы барысын, жалпы алғанда, бiздiң халықаралық саясаттағы бастамашыл әрекеттерiмiздi жiтi бақылап отыр. Қазақстанның Мәдениеттердi жақындастыруға, Өркениеттер диалогын жасауға, Шығыс пен Батыс арасындағы түсiнiстiктi арттыруға бағытталған талпыныстары бұл елдердегi ұзаққа созылған этносаралық және дiнаралық кикiлжiңдердiң оң шешiлуiне ықпал етуi ғажап емес.

Конфессияаралық келiсiм мен ұлттық бiрлiктiң қазақстандық моделi жан-жақты зерттелу үстiнде. Мұны үлгi санайтындар да жетерлiк. Мемлекеттiң iшiндегi тұрақтылық экономиканың дамуына жол ашып, қоғамның үйлесiмдi дамуына игi әсер ететiнi түсiнiктi ғой. Бұл екi мемлекеттiң қай-қайсысы да ел iшiндегi ұзаққа созылған кикiлжiңдердi қалай шешудiң орайын таппай отыр. Кипрдегi кикiлжiң 1974 жылдан берi созылып келедi, ал Израильде бейбiт өмiрдiң тынышы кеткенiне көп жылдар болды.

Израильдiң уытты тiлдi баспасөзiнiң өзi Қазақстанның соңғы онжылдықта саяси және экономикалық деңгейiнiң айтарлықтай деңгейде өскенiн жазып жатыр, ал бұл елдiң баспасөзiн сырттың ықпалына түстi деу әбестiк болар едi. Бұл жерде олардың "алға қойған мақсатына талмай ұмтылатын ерiк-жiгерi бар әрi өз халқына деген сүйiспеншiлiгi күштi" Қазақстанның тұңғыш Президентiнiң ролiне басымдылық берiп қарастыратыны байқалады.

Елбасымыз туралы Израиль Президентi Шимон Перес те, Кипр Президентi Димитриас Христофиас та өте ұдайы жақсы пiкiр айтып жүр, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың көпұлтты мемлекеттiң басшысы ретiнде ұлтаралық және конфессияаралық келiсiм орнатудағы еңбегiн жоғары бағалайды. Сауатты да салиқалы ұлтаралық саясатсыз, экономикалық реформаларсыз және мемлекеттiң батыл басқаруынсыз бұл нәтиежеге жету мүмкiн емес едi.

– Бүгiнде Қазақстан экономикасы алдындағы басты мiндеттердiң бiрi – шикiзаттық қамыттан құтылып, шикiзаттық экспортқа деген тәуелдiлiктен арылу, әлемдiк деңгейдегi жаңа, жоғары технологиялы және инновациялық өндiрiстердi жолға қою. Израильде бұл саланың дамуы қандай, осы елмен әрiптестiк қарым-қатынаста Қазақстан үлгi ретiнде ненi үйрене алады?

– Бұрынғы индустрия және сауда министрi әрi өндiрiс адамы ретiнде бұл тақырып бұрын да, қазiр де мен үшiн жаныма жақын.

Бүгiнде республика экономикасы жедел индустриялық-инновациялық даму жолына түстi: бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында қазақстандықтар өмiрiнiң барлық салаларында елеулi өзгерiстер болмақ. Былайша айтқанда, белгiлi бiр өндiрiс ошақтарын құру сияқты салалық мәселелер ғана емес, қазiр мемлекетiмiздiң келешектегi өнеркәсiптiк келбетiнiң қандай болатыны анықталу үстiнде – әлеуметтiк сала да, жаңа жұмыс орындарын ашу да бұдан тысқары қалмайды.

Израильмен әрiптестiктен Қазақстанның ұтары көп.

Бiрақ Израильде Қазақстанның экономикалық, инвестициялық және интеллектуалды мүмкiндiктерi жайлы ақпараттардан гөрi саяси мазмұндағы деректер мен тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев туралы ақпараттар саны басым. Бiздiң мақсатымыз – Қазақстанға әлемдiк деңгейдегi технологиялар мен құрылғыларды келтiруге үлес қосу.

Мен Израильде жүрген екi жарым жыл iшiнде осы елдегi көптеген хай-тек (high-tech) және ауылшаруашылығы саласында жұмыс iстейтiн кәсiпорындарда болдым, Қазақстанның бұл елден үйренерi көп екенiне көзiм жеттi.

Бiрiншiден, Израиль – Таяу Шығыс аймағындағы экономикасы дамыған бiрден-бiр мемлекет. Сондай-ақ, Израиль әлемдегi ең үздiк диверсификацияланған әрi тұрақты экономикасы бар елдердiң қатарында.

Табиғи ресустары кемшiн екендiгiне қарамастан, Израильдегi өмiр сүру сапасы Таяу Шығыс аймағындағы ең жоғарғы көрсеткiштерге ие. 2009 жылы елдiң IЖӨ жан басына шаққанда 28 400 долларды құраған. Араб ұлтының бiр бөлiгi мен елдегi әсiредiншiл топтар мүлде жұмыс iстемейдi, ал бұл дегенiңiз – жұмыс iстеуге жарамды тұрғындардың елеулi бөлiгi.

Тiптi соңғы жылдардағы ғаламдық экономикалық дағдарыс бұл елдiң экономикасына айтарлықтай әсер ете алған жоқ, онда да Израильдiң басты әрiптестерi Еуропа мен АҚШ мемлекеттерi рыноктарындағы түйткiлдi мәселелерге орай экспорттың көлемi шамалы ғана азайған.

2009 жылдың қорытындысына сәйкес, елдiң экономикалық өсiмi 0,75 пайызды құраған. Швейцарияның жетекшi "IMD" зерттеу институты жасаған рейтингiсiне сәйкес, Израиль бәсекеге қабiлеттi елдердiң арасынан алдыңғы қатардағы 57 мемлекеттiң iшiнде 24-шi орынға ие болған.

Елдiң банк жүйесi үлгi етерлiктей тұрақтылық танытты – дағдарыс кезiнде елдегi бiрде-бiр банк банкорт болған жоқ, ал 2009 жылдан бастап қаржылық институттардың табысы қайтадан өсе бастады.

Соңғы жылдары Израиль жоғары және биотехнологиялар саласындағы әлемдегi алдығы қатардағы өндiрушi елге айналды. Мысалы, жан басына шаққанда, әлемдегi университетте бiлiм алған азаматтар саны бойынша Израиль – бiрiншi орында. Жан басына шаққандағы ғылыми жұмыстың саны бойынша да бұл ел әлемдегi ең жоғарғы көрсеткiштерге ие, әр 10 000 адамға 109 ғылыми жұмыстан келедi. Бұл зерттеулердiң денi медицина, физика, математика салаларында жасалғаны тамсандырмай қоймайды.

Израиль – азаматтарының бiлiм алуына орасан мол қаржы жұмсайтын елдердiң iшiнде әлем бойынша бiрiншi орында.

Сондай-ақ, жан басына шаққандағы патенттелген ғылыми жаңалықтардың саны бойынша Израиль әлемдегi ең жоғарғы көрсеткiштерге ие. Жұмыс iстейтiн ғалымдары мен техника саласы мамандарының саны бойынша әлемде ең үздiк ел. Салыстыру үшiн айталық, Израильде 10 000 адамға шаққанда 145 маман болса, АҚШ-та – 85, Жапонияда – 70-тен сәл ғана асады, Германияда – 60-тан да аз.

Израильде жұмыс iстейтiн адамдардың 25 пайызы техника саласында еңбек етедi.

Жаңадан ашылған компаниялардың (start-up) санын есепке алғанда, Израиль әлем бойынша АҚШ-тан кейiнгi екiншi орында тұр екен. Дегенмен, жан басына шаққандағы көрсеткiш бойынша бұл салада Изпариль алыңғы орында. 4000-ға жуық жаңашыл (start-up) және жоғары технологиялы компаниялары бар Израиль Калифорниядағы Силикон аймағындағыларға ғана дес бередi екен. Қазiргi таңда Израильде Нобель сыйлығының 9 бiрдей иегерi өмiр сүредi.

Венчурлық капиатал салу iсiнде Израиль әлем бойынша – екiншi орында. NASDAQ биржалық тiзiмiне енген компаниялар санының жағынан Израиль АҚШ пен Канададан кейiн тұр.

Әлемдегi үй компьютерлерiнiң саны бойынша да Израильдiң бәрiнен озық екен.

Осы жетiстiктердiң нәтижесi сол, шағын ғана Израиль хай-тек саласында әлемдегi озық елдердiң бiрiне айналды, бiздiң тұрмысымызға дендей енген көптеген технологиялық жаңалықтар осы елде жасалған. Мысалы, "on-key" дискi (немесе "флешка"), "ICQ" бағдарламасы, "скайп" бағдарламасы негiзiнде жасалған интернетпен дауыс жiберу VOIP технологиясы, Windows XP бағдарламаларының көп бөлiгi Израильде жасалған.

Ауыл шаруашылығы саласында ауа-райы құбылыстарына төзiмдi дақылдарды өсiрiп шығаруда да Израиль алдыңғы қатарда.

Израильде әрбiр сауын сиырдан алынатын сүт көлемi ең жоғары көрсеткiштерге ие, бұл елде әр сиыр орта есеппен алғанда жылына 12-13 мың литр сүт бередi.

Мемлекеттiң 62 жылдық дамуында оның ауыл шарушылығы егiстiктерiнiң аумағы 3 есе көбейген, ал одан жиналатын өнiм көлемi 16 есе өстi.

Ендi Израиль өзiн-өзi ауыл шарушылығы өнiмдерiмен жеткiлiктi деңгейде қамтамасыз етiп қана қоймай, жыл сайын жалпы құны 1,2 млрд. доллар болатын ауылшаруашылық өнiмдерiн экспортқа шығарып отыр.

Халықтың инновациялық белсендiлiгiнiң күштi болуы мемлекеттегi түрлi салалардағы өзектi мәселелердiң ойдағыдай шешiлуiне игi ықпалын тигiзуде. Мысалы, судың тапшылығына байланысты израильдiк ғалымдар мен инженерлер тамшылап суғару жүйесiн ойлап тапты. Бұл революциялық жүйе өсiмдiктердiң өсуi үшiн қажеттi мөлшерде ылғал бере отырып, суды барынша үнемдi пайдалануға мүмкiндiк бередi. Теңiз суын тұщытатын әлемдегi ең iрi құрылғылар ойдағыдай жұмыс iстеп тұр.

Ал пайдаланылған және лас суларды тазарту мен оларды қайта пайдалану (негiзiнен ауыл шаруашылығында ғана) өте жоғары мөлшерде – 75 пайыз. Салыстырмалы түрде алғанда, осы тiзiм бойынша екiншi тұрған Испанияның өзiнде бұл көрсеткiш 14 пайыз ғана екен.

Мен балық өсiрумен айналысатын бiр компанияда болдым, бiрнеше жыл бұрын бұл компанияның басшылығы судың тапшылығына байланысты компанияны жабу немесе басқаша жолын табу сияқты таңдау жасауға мәжбүр болыпты. Ақыры, олар тығырықтан шығар жол тапқан. Ендi бассейндерде балық жүзген су жерге қайта сiңiрiлiп, үш жүз-төрт жүз метр жер қашықтықтан соң табиғи жолмен тазартылған су қайтадан алынып, пайдаланылады екен. Осылайша, өндiрiс тоқтамай, иесiне де, мемлекетке де пайда әкелуде. Осы шаруашылықта өсiрiлетiн декоративтi әрбiр балықты Еуропа мен Оңтүстiк-Шығыс Азия мемлекеттерiнiң тұтынушылары 200-300 еуроға сатып алады екен.

Ал баламалы қуат көздерiн пайдалануға қатысты әңгiме бөлек. Израильдiктер ыстық судың 80 пайызынан астамын күн көзiнен қуат алатын бойлерлер арқылы жылытады. Құрылымы қарапайым ғана арнайы қондырғы барлық үйлерде орнатылған.

Ендi бұл елде электр энергиясын күн батареялары арқылы жинау қолға алынып жатыр. Бұл процеске атсалысуға iрi компаниялар ғана емес, қарапайым тұрғындар да ерекше ынталы. Өйткенi кез келген азамат өз үйiнiң шатырына немесе ауласына орнатылған күн батареялары арқылы жиналған электр қуатын энергетикалық компанияға сатып, пайда табуға мүмкiндiгi бар. Оның үстiне, бұл күн көзiнен алыған қуатты адамдар энергетикалық компаниясының өз тарифiнен екi есеге қымбатқа сатады. Мұндай шаралар осы саланы неғұрлым тезiрек дамытуды көздейдi. Ендi қарапайым азаматтар ғана емес, компаниялар да, әкiмшiлiктер, мектептер мен басқа қоғамдық мекемелер шатырға немесе ауласына күн батареяларын орнатуға ұмтылуда. Бұл жоба өзiн-өзi 7 жылда ақтайды екен. Ал жергiлiктi банктер мұндай жобаларға қуана-қуана қаржы бөледi.

Мұндай шаралар энергетикалық саланың дамуына оң әсерiн тигiзiп, осы саладағы өндiрiстiң дамуына ықпал етiп, қолданбалы ғылымдардың дамуын iлгерiлетiп, осы саладағы жаңа компаниялардың ашылуына септiгiн тигiзедi. Бiр ғана жобаның жан-жақты тиiмдiлiгi көрер көзге – ап-анық.

Биодизель (автокөлiктерге арналған май) шығаратын компанияға да барып көрдiм. Өзiңiз елестетiп көрiңiзшi, биодизельге шикiзат ретiнде тамақ өнеркәсiбiнде пайдаланылған өсiмдiк майының қалдығы алынады екен. Оны тапсырыс алушы компания елдегi кафелер мен мейрамханалардан жинап бередi. Осылайша, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға үлес қосып, инновациялық технологиялардың арқасында жергiлiктi және халықаралық рынокта мол сұранысқа ие экологиялық таза өнiм – биодизель жасалынады. Оған қоса косметикалық өнеркәсiпте кеңiнен пайдаланылатын глицерин майы да шығарылады.

Осы жаңалықтардың бәрi де бiздiң экономиканың дәл қазiргi даму сатысында бiзге үлгi болатындығы даусыз.

Менiңше, елдiң жедел индустриялық-инновациялық дамуын жүзеге асыру үшiн бiзде кәсiби жұмыс күшi жеткiлiктi. Әлi де инфрақұрылымды дамытуда, құқықтық рәсiмдеудi жеңiлдетуде және басқа да қажеттi жағдайды жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Бұл бизнес-орта, бизнес-ахуал деп те аталады.

Бiз әлдебiр елдiң экономиканы басқарудағы үлгiсiн тұтастай көшiрудi немесе айнытпай қайталауды ұсынып отырған жоқпыз, дегенмен әлемдегi озық үлгiлердi, оның iшiнде алдыңғы қатарлы израильдiк тәжiрибеден көп нәрсе үйренген абзал.

Екiжақты экономикалық әрiптестiктi дамытуда Израильдiң инвесторлықтан гөрi технологиялық, ғылыми идеялардың интеграторы әрi доноры болуға бейiмдiлiгiн ескерген жөн, мұнысы бiзге де өте тиiмдi. Бiздегi концессиялық жобаларға iрi израильдiк компаниялардың атсалысуынан күтерiмiз мол.

Израильде қызмет барысында бiраз бiлiм жинадық, түрлi салаларда әрiптестiк байланыстар орнатуға мүмкiндiгiмiз болды. Егер қажет болса, мүмкiндiгiнше қазақстандық кәсiпкерлерге бизнестi дамытуда көмек қолын созатындай жағдайымыз бар.

Менiңше, экономиканы модернизациялау тек өндiрiс саласының мәселесi емес, бұл – ауқымды мiндет. Бұл халықтың бiлiмiн жетiлдiру, әлеуметтiк жағдайын жақсарту, медициналық қызмет көрсетудiң сапасын арттыру және басқа да көптеген мәселелерге де қатысты – Елбасының сөзiмен айтқанда, "өмiр сүру жағдайын жақсарту".

Израильде медицина саласы өте жақсы дамыған: Дәрiгерлердiң бiлiктiлiгi мен ауруханалар мен емханалардың құрал-жабдықтармен жасақталуы өте жоғары деңгейде. Мұны бiздiң дәрiгерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруға пайдалануға болар едi.

Соңғы екi жылда 200-ден астам қазақстандық маман кәсiби бiлiктiлiгiн жетiлдiру үшiн Израильде болды, олардың арасында кардиологтар, кардиохирургтар, онкогематологтар, қан қызметi, ана мен бала институты қызметкерлерi, сондай-ақ медициналық менеджмент қызметкерлерi де бар.

Биылғы жылдың маусым-шiлде айларында тағы 56 дәрiгер мен мейiрбикелер осы елде оқып келдi. Анестезиология, трансфузиология, акушерлiк пен гинекология салалары мамандарын көптеп оқыту жүйесi қолға алынды.

Бiздiң көптеген азаматтарымыз Израиль ауруханаларында ем алып, күрделi операциялар жасатып жүр, олардың iшiнде бюджет есебiнен ем алатындар да, өз қаржысына келiп емделетiндер де бар.

Жыл басынан берi осы елде 7 адам ем алып үлгердi, оның iшiнде республикалық бюджет есебiнен жiберiлген 4 бала бар. Былтыр мұнда ем алғандар саны 14-ке жеткен болатын.

Олардың барлығымен бiз хабарласып, жай-күйлерiн бiлiп тұрамыз, көпшiлiгi Израильге соңғы үмiтiн үкiлеп келедi. Кейде ауру азаматтарымыз елшiлiктiң көмегiне зәру болады, ондай жағдайларда аянып қалмауға тырысамыз.

Сондай-ақ, бұл елмен Қазақстан арасында академиялық бiлiм алу, ЖОО-лардағы ғылыми-зерттеу мен бiрлескен зерттеу жұмыстарын жүргiзу салалары бойынша әрiптестiктiң келешегi зор деп ойлаймын. Бұл орайда, бiз Қазақстан ЖОО-лары мен Израильдiң ЖОО-ларымен арасындағы әрiптестiктi дамытуға атсалысып жүрмiз. Осы ретте Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университеттi, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiн, Серiкбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттiк университетiн атап өтуге болар.

Жаңадан ашылған Назарбаев университетi мен Израильдiң ең үздiк ЖОО-лары мен ғылыми орталықтыры арасында бiрлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн академиялық әрiптестiк орнату жайында жопарларымыз бар. Әзiрше тек кейбiр бағыттарды ғана айтып өтейiн: энергияны үнемдеу технологиялары, күн қуаты, нано және жаңа материалдар, ғарыштық технологиялар т.б. қатысты. Израильдiң Бар-Илан университетiнде адам миының моделi жасалғаны мәлiм, ал жасанды интелектiнi зерттеуге бiздiң мемлекетiмiз зор ынта бiлдiрiп отыр.

Назарбаев университетiне Израильдiң Өмiр туралы ғылымдар Орталығы дiңгек жасушалары лабораториялары, трансплантология және т.б.) жұмысына атсалысу тиiмдi болар едi. Үш бiрдей атақты академиялық университет – Хайфий технологиялық (Технион), Тель-Авив университтерi мен Х.Вейцман атындағы алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институты Назарбаев университетiнде лабораториялар жабдықтау мен бiрлескен зерттеулер жасау жұмыстарына қатысуға мүдделiлiк танытып отыр.

Технионда және Х.Вейцман атындағы институтта 100-ден астам жаңа компаниялар (оларды стартап компанялар деп те атайды) бар екенiн екiнiң бiрi бiле бермеуi мүмкiн, олардың бәрi бизнес-инкубаторларға бiрiктiрiлген.

Бұл компаниялар жаңа материалдар, нанотехнологиялар, телекоммуникациялар, бағдарламалық қамтамасыз ету т.б. салаларда жұмыс iстейтiн ғылыми-зерттеу лабораториялармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстейдi, олардың өз патенттерi бар, сондай-ақ олардың жаңалықты ойлап табу мен оны жасау, өндiрiске енгiзу мен рынокқа шығару арасындағы "жолды" еселеп қысқартуға мүмкiндiктерi бар. Әлемнiң көптеген инвесторлары мен тапсырыс берушiлерi осыған қызығып, орасан көп қаржы құйып, тапсырыс берiп жатыр.

– Жақында ғана әскери қару-жарақ пен жабдықтардың "KADEX-2010" атты алғашқы көрмесi өткiзiлдi. Мұнда Израильден әкелiнген үлгiлер де қойылды. Осы орайда, әскери-техникалық саладағы әрiптестiгiмiз қандай деңгейде дамыған?

– Сiздiң сұрағыңызға жауап бермес бұрын, осы көрме жайында Израиль басылымдарының жақсы пiкiр жазғанын айтып өткiм келедi. Израильден келген қонақтардың айтуынша, бiрiншi рет өткiзiлгенiне қарамастан, көрменiң ұйымдастырылуы, қауiпсiздiк шаралары, сондай-ақ конференция өткiзуге қатысты мәселелер жоғары кәсiби деңгейде шешiлген.

Израильдiк компаниялардың бiздiң елмен әрiптес болуға ұмтылысы түсiнiктi. Аймақтағы iрi мемлекет болғандықтан, Қазақстан сапалы, жақсы жаттыққан армия жасақтауға, оны соңғы үлгiдегi қару-жарақпен қамтамасыз етуге мiндеттi. Мұның бәрi, ең әуелi, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге кепiл.

Әскери-өнеркәсiп саласындағы 8 израильдiк компанияның осы көрме жұмысына қатысуы – мүдделiлiктiктiң бiр көрiнiсi. Израиль әскери-өнеркәсiптiк кешенiнiң дамуы бүгiнде айтарлықтай: қару-жарақ экспорты көлемi бойынша бұл ел әлемде төртiншi орында тұр. Израильде бiздiң армия үлгi алуға тұрарлық бiрқатар жаңалықтар бар. Дегенмен, бұл мәселенi мамандардың талқысына қалдыралық.

Әскери-өнеркәсiптiк кешен – тек жаңа қару-жарақ пен техника ғана емес, бұл – сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары, бiздiң компаниялар мен зауыттарымыздың технологиялық қайта құрылуы. Бұл саланың келешегi зор деп ойлаймын.

Өкiнiшке қарай, бұған дейiн жiберген қателiктердiң кесiрiнен, бұл мәселе әлi дұрыс қолға алынған жоқ. Бұл салада қолын былғағандар түгелдей жазасын алғаны белгiлi.

Менiңше, Қазақстанға бұл саладағы әрiптестiктiң берерi көп.

– Өзiңiз елшi ретiнде тiркелген елдерге тән ерекше жайттар жөнiнде әңгiмелеп берiңiзшi?

– Израиль мен Кипр – тарихы тереңге тамыр тартқан таңғажайып елдер. Бұл елдер кезiнде Александр Македонский мен Рим империясын да көрген.

Израильде тарихи ескерткiштер өте көп, олардың денi қасиеттi үш дiннiң – ислам, христиандық пен иудаизм дiндерiнiң қасиеттi жерлерi болып саналады. Иерусалимде исламдағы үшiншi қасиеттi орын – Әл-Ақса мешiтi орналасқан.

Бұл елде дiнiне байланысты бөлiнетiн үш топ бар, олар: еврей-иудейлер (олардың саны басымырақ), палестиндық мұсылмандар, друз-мұсылмандар мен араб христиандары. Еврейлер мен палестиндық мұсылмандар арасындағы ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынастардың жайына егжей-тегжейлi тоқталмай-ақ, бұл елдегi жағдайдың өте шиеленiстi екенiн айтсам, жеткiлiктi шығар.

Бұл орайда, Қазақстан халқының бiрлiгi, ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмнiң, төзiмдiлiктiң қазақстандық моделi ерекше жағдай сияқты елестейдi. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада Әлемдiк және дәстүрлi дiндер басшыларының басқосуын өткiзуге қатысты идеясы жайлы Израильде жақсы пiкiрлер айтылып жүр, ал Израильдiң бас раввиндерi бұл басқосулардың бәрiнде болды.

Менi ерекше тамсандырған жайт – иврит тiлiнiң пайдаланылуы. Бұл мүлде ұмытылуға айналған, 1948 жылға дейiн дiн иелерi ғана қолданатын тiл болған, бүгiнде мемлекеттiң ерiк-жiгерiмен қайта түледi. Қазiр бұл елдiң тұрғындарының бәрi: еврейлер, арабтар, мемлекеттiк және қоғамдық мекемелер қызметкерлерi түгел иврит тiлiнде сөйлейдi. Бұл тiл үнемi заманға бейiмделiп, ұдайы жетiлдiрiлiп отыр. Елдiң мемлекеттiк тiлдерi – иврит тiлi және араб тiлi.

Израильдiң репатрианттар мемлекетi екенiн естен шығаруға болмайды, этникалық еврейлер мұнда әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен қоныс аударуда. Осы репатрианттардың бәрi жаңа жерге бейiмделудi ең әуелi тiл үйренуден бастайды. Тiлдi дамыту мен зерттеу жұмыстары ұдайы жүргiзiледi. Тiл үйретуге арналған орталықтар әр қалада, кибуценiң әр ауданында мемлекет қаржысына ашылған, оларды мұнда "ульпан" деп атайды. Орталықтарда тiлдi мемлекет есебiнен тегiн үйретедi. Менiңше, бұл жайт та бiзге үлгi боларлықтай.

Менi тағы таң қалдырған жайт – Израильге бiржола көшiп келген 50-60 жастағы еврейлер бұған дейiн ивритше бiр ауыз сөз бiлмесе де, екi-үш жылдан соң иврит тiлiн жетiк меңгерiп алады. Осындайда, Қазақстанда көп жылдар бойы өмiр сүрiп келе жатса да, қазақша екi ауыз сөздiң басын қоса алмайтын азаматтар еске түседi.

Израильдiктердiң ерекше патриот екенi де таң қаларлық. Бұл елде 18 жасқа толған әрбiр бойжеткен, әрбiр бозбала армияда қызмет етедi (қыздар – 2 жыл, жiгiттер – 3 жыл бойы). Армияға бармайтын жеткiншек жоқ. Оның үстiне, еврейлердiң басым көпшiлiгi өте дiншiл азаматтар, олар шабат күнi (жұма-сенбi) қайда болса да, от басы, ошақ басына келуге мiндеттi. Бала тәрбиесiне ерте бастан қатты мән бередi, баланы нақты ғылымдарды зерттеуге ұмтылдырады, бiлiм алуға құлшынысын арттыруға тырысады.

– Қазақстанның Кипр және Израильмен қарым-қатынасы бұдан әрi қалай дамуы мүмкiн?

– Мемлекеттер арасындағы екiжақты қарым-қатынас дамуының деңгейiн өзара сауда көлемiнен аңғаруға болады. Ғаламдық экономикалық дағдарыс екiжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына бiршама әсер еттi. Былтыр тауар алмасу көлемiнiң құны 2008 жылмен салыстырғанда 50 пайызға жуық азайып, 1 млрд. 219 млн. долларды құраған, бiрақ сауда көлемi бұрынғысынша сақталған. Әлемдiк бағалардың қатты құлдырауын осыдан-ақ байқауға болады.

Қазақстанда Израиль капиталы салынған 100-ден астам кәсiпорын бар. Олар құрылыс, мұнай-газ, металлургия, тау-кен және өңдеу өнеркәсiбi, кабельдi өнiм шығару, телекоммуникациялар, сақтандыру, жылжымалы мүлiкпен жұмыс iстеу, жалға беру, кәсiпорындарға қызмет көрсету, сауда т.б. салаларда жұмыс iстеуде.

Тамшылап суару жүйесiн пайдалануда, тауық өсiру, жылыжайда көкөнiс өсiру сияқты жақсы нәтиже көрсеткен жобалар бар.

Қазақ-израиль әрiптестiгiнiң жетiстiктi жобалаларының бiрi – Павлодардағы "Қазэнергокабель" АҚ зауыты.

Бiз өз жұмысымыз аясында бизнес инфрақұрылымы мен әрiптестiктi жақсарту мiндетiн мойнымызға алып отырмыз. Бұл жерде әңгiме тек бизнес-парктер, өндiрiс ошақтарын ашу емес, консалингтiк, интеграциялық, стартап компанияларды көптеп ашу.

Жоғары деңгейдегi ресми iссапарлар да екiжақты қарым-қатынастың деңгейiне сарап жасауға мүмкiндiк бередi.

Қазақстан Президентi Израильде екi мәрте, 2000 және 2005 жылдары болып қайтты, ал Израиль басшысы бiздiң елге 2009 жылы келдi. Осы iссапар барысында Израиль президентi III Әлемдiк және дәстүрлi дiндер құрылтайына құрметтi қонақ ретiнде қатысты. Шимон Переспен бiрге 60-тан астам адамнан тұратын салиқалы бизнес-делегация келгенiн жақсы нышанға балау керек.

Премьер-министрдiң орынбасары әрi сыртқы iстер министрi Авигдор Либерман соңғы екi жылда Қазақстанға екi рет келiп-кеттi.

Осы iссапарлардан кейiн Израиль саясаткерлерi халықаралық ұйымдар аясында өткiзiлiп жатқан, Елбасы мұрындық болған шаралардың тұрақты қонағына айналды. Соңғы 3 айда Астанаға Израильдiң төрт бiрдей министрi келген, мұның өзi Қазақстан абыройының артқандығын аңғартса керек.

Әңгiмемiздiң басында айтқан ЕҚЫҰ мүше-мемлекеттерi сыртқы iстер министрлерiнiң бейресми басқосуы аясында Кипр мемлекетiмен дипломатиялық және қызметтiк төлқұжат иелерiне арнап визасыз жүйе орнату жөнiнде келiсiмге қол қойылды. Ал Израильмен арада осы тектес келiсiм биыл 11 мамырда өз күшiне енген болатын.

Бiздiң мiндетiмiз – тiркелген елдегi қазақстандық мемлекеттiк органдар үшiн, даму институттары мен жеке компаниялар мүддесiне сай келетiн, пайдалы болатын озық жаңалықтарды байқап, анықтау.

Сондықтан да осы мазмұндағы ақпаратты кәсiпкерлердiң құлағына шалынса деймiз. "Хабар" агенттiгiмен бiрлесе отырып, Израильдiң инновациялық-технологиялық даму тәжiрибесi туралы хабарлар сериясын түсiрудегi мақсатымыз да сол.

Қазақстандық кәсiпкерлерге Израильдiң өсу жолын, жоғары технологияларды дамытуда қандай жетiстiктерге жеткенi, оның жүзеге асу барысын көрсетсек деймiз. Израильдiң ғылыми жаңалықтарды коммерцияға енгiзудегi, салалық ғылым мен бизнестiң өзара ықпалдастығы саласындағы тәжiрибесi назар аударуға тұрарлық.

Дайындаған Гүлбиғаш ОМАРОВА