Жаңалықтар

"ДАЛА ҚЫРАНЫ" ЖӘНЕ АСТАНА САЛТАНАТЫ

ашық дереккөзі

"ДАЛА ҚЫРАНЫ" ЖӘНЕ АСТАНА САЛТАНАТЫ

Халықаралық сахнадағы орны мен рөлiн түбегейлi анықтаған әрбiр мемлекет өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң тиiмдi тетiктерiн де қалыптастыруға ұмтылатыны әдеттегi жайт. Қазiргi жаһандану жағдайында әлемдiк қауiп-қатерге жеке-дара қарсы тұру өте қиын, турасын айтсақ, мүмкiн де емес. Сондықтан қазiргi заманда ұжымдық қауiпсiздiк ұйымдарын құру, аймақтық қауiпсiздiк ұйымдарының белсендi мүшесi болу – әрбiр мемлекет үшiн мәртебе саналатыны құпия емес. Орталық Азия аймағындағы көшбасшы мемлекетке айналып отырған Қазақстан үшiн көп векторлы сыртқы саясат қандайлық маңызды болса, мемлекеттiк, ұлттық қауiпсiздiгiмiздi қамтамасыз ету үшiн қорғаныс доктринамызды жаһандық үрдiстердiң талабына сай, тиiмдi құра бiлудiң де маңызы зор. Өйткенi Қытай мен Ресей сынды алып державалардың ортасындағы ұлан-байтақ территориялық жағдайымыз және Ауғанстандағы қауiп ошағына жақын орналасуымыз Қазақстанның қауiпсiздiгiн берiк қамтамасыз етуде ешқандай ұсақ-түйектiң болмайтынын үнемi назарда ұстауды талап етедi. Оның үстiне, елiмiздiң Қарулы күштерiнде ұзақ жылдардан берi жүргiзiлiп келе жатқан реформалар халықаралық тәжiрибелер мен озық идеяларды тиянақты түрде сараптан өткiзiп, тиiмдi жолдарды таңдай бiлуге итермелейтiнiне еш күмән жоқ. Бiр сөзбен айтқанда, Қазақстан жағдайында әрбiр тәжiрибе сом алтынға парапар. Ал, 2010 жылдың аяғына дейiн Еуропа Қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық мемлекетiмiзге қосымша аса жауапты мiндеттер жүктейтiнiн де ұмытпаған ләзiм. Қазақстан өзiнiң ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiгiнiң ғана емес, Орталық Азиядағы жаппай қауiпсiздiктiң басты кепiлi ретiндегi абыройлы миссиясын толық атқаруға тиiс.

Сондықтан да НАТО-ның бейбiтшiлiк жолындағы әрiптестiк iс-қимылдары жоспарының негiзiнде тұрақты өткiзiлетiн "Дала қыраны-2010" әскери оқу-жаттығулары елiмiз үшiн аса маңызды iс-шаралардың бiрi болып табылуда. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан Қазақстан мемлекеттiк қауiпсiздiгiнiң кепiлiн қамтамасыз етуге қол жеткiзгенмен, оны күнделiктi өмiрде пысықтап отыру да қажет. Осы орайда биыл Iле әскери полигонында сегiзiншi рет өз жалауын көтерген "Дала қыраны-2010" әскери оқу-жаттығуларының алар орны ерекше. Бұл жаттығуларда Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания сарбаздары тәжiрибе алмасу мақсатында бiтiмгерлiк операцияларды жедел өткiзу шараларына машықтануды көздеп отыр.

АҚШ құрлық әскерлерi оқу-жаттығу командованиесi бөлiм бастығы, полковник Джордж Коун Пентагонның Қазақстанмен әскери саладағы әрiптестiк пен ынтымақтастықты дамытуға аса мүдделi екендiгiне күмән келтiрмейдi.

– Алғашқы жаттығулар 2003 жылы өткiзiлдi. Ал Америка Құрама Штаттары 2006 жылдан бастап осы жаттығуларға үзбей қатысып келедi, – дейдi сайыпқыран полковник. – Бiздiң негiзгi мақсатымыз – АҚШ, Ұлыбритания және Қазақстан әскери бөлiмдерiнiң өзара оперативтi сәйкестiгiн қамтамасыз ету және аталған елдердiң Қорғаныс министрлiктерi арасында берiк қарым-қатынас пен әрiптестiк орнатуға септесу. Мұндай әскери оқу-жаттығулары АҚШ-қа да, Қазақстан үшiн де аса маңызды.

Iле әскери полигонында арнайы тактикалық әдiстермен бөлiсiп жатқан үш ел әскерлерiнiң жаттығуымен Қазақстан Үкiметiнiң басшысы Кәрiм Мәсiмов өткен сенбi күнi арнайы танысты.

Тамыз айының ортасынан берi өтiп жатқан "Дала қыраны-2010" әскери оқу-жаттығуларына мыңнан астам адам және 100-ден астам соңғы заманғы техникалар жұмылдырылған. Ирак жерiн миналардан тазартуға аса қажеттi тәжiрибе жинақтаған әйгiлi "Қазбаттың" ардагерлерi Қазақстан Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов пен Қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков бастаған қонақтардың алдында өздерiнiң жоғарғы әскери дайындықтарын паш еттi. "Қазбригаданың" жауынгерлерi де ғаламшардың кез келген нүктесiнде бейбiтшiлiк мақсаттағы операцияларды сәттi өткiзуге қабiлеттi екендiгiн дәлелдеп шықты.

"Дала қыраны-2010" әскери оқу-жаттығулары елiмiздiң қорғаныс қабiлетiн күшейтуге бағытталған iс-шаралардың бiрегейi болса, Қазақстан Конституциясының 15 жылдығына орай Астанада ұйымдастырылғалы отырған әскери салтанат мемлекетiмiздiң заманға сай Қарулы Күштерi қалыптасуының дәлелi iспеттi. Мұндай кең көлемдегi әскери шеру елiмiзде екiншi рет ұйымдастырылғалы отыр. Әдетте салтанатты әскери шерулер белгiлi бiр мемлекеттiң өз елдерге айбар-айбатын, жойқын күшiн тұспалдап таныту және мұндай салтанаттарға әсiре құмарпаздық қоғамның, жүйенiң тоқырауға бет бұруы деп бағаланады. Дегенмен, әл-ауқатты мемлекетте мұндай әскери шерулер халық пен қарулы күштердiң бiртұтастығының дәлелi iспеттi.

Астанадағы "Қазақ елi" монументiнiң жанындағы елiмiздiң басты алаңында өткiзiлгелi отырған биылғы салтанат өзiнiң ауқымдылығы жағынан өткен жылдағыдан асып түспекшi.

Егер, өткен жылғы осындай салтанатқа 120 әскери техника, түрлi 40 тiк ұшақ пен әскери ұшақтар қатысса, биыл олардың саны тиiсiнше 150 және 66 болғалы отыр. Басты атап айтар жайт, елiмiздегi әскери шеруге ең бiрiншi рет 80 әйел әскери қызметкерлер: мергендер, дәрiгерлер мен медбикелер, десантшылар қатысады. Жалпы бұл әскери шеруге 2200 офицерлер мен жоғары әскери оқу орындарының курсанттары, қатардағы жауынгерлер жұмылдырылған. Қорғаныс министрлiгiнiң мәлiметiнше, Астанада бұрын-соңды болмаған әскери салтанатқа БМП-2 бронетранспортерлары, 122-миллиметрлiк Д-30 гаубицалары, "Мста-Б" 152 мм гаубицалық артиллериялық батареялары мен "Град", "Ураган" және "Смерч" реактивтi жүйелерiнiң қатысуы Қазақстан Қарулы Күштерiнiң ең соңғы үлгiдегi қару-жарақ түрлерiмен жабдықталғанын толық танытатын болса керек.

Жаңабек ШАҒАТАЙ