МҰРА
МҰРА
Қазақтың оқыған зиялысының бәрi де о бастан жер сатуға қарсы болған. Мәселен, ХХ ғасырдың басында-ақ Әлихан Бөкейханов жер сату мәселесiндегi башқұрт халқының қателiгi мен көрген қасiретiн алға тарта отырып, қазақтарды мұндай терiс қадамға бармауға шақырса, Қошке Кемеңгеров, Телжан Шонанов, Сабыр Шарипов сынды қаламгерлер орыс қарашекпендерiнiң "қазақ жерiне жерiктiгiн" өзектерi өртене отырып жазған-ды.
Бұл жағынан атақты Биағаң (Беймбет Майлин) да қалыс қалмағанын мына әңгiмеден де көремiз.
Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ
БОЛҒАН IС
I
Мiне, сәуiр жеттi, жаз болды, күнi кеше қалың қармен қапталып жатқан жер, өткiр күннiң көзiменен қар кетiп, қарайып жыбырлаған жанды жәндiкке "жайылыңдар еркiн, жеңдер қалаған шөптерiңдi!" деген секiлдендi, суық қыстың ызғарымен жер өзiнiң түрi кеткендiгiн бiлiп, қарағанға көңiлдi қылу үшiн ойын, қырын қызғалдақпен безей бастады. Алты айғы қыс жер үйде жатып, күн өткiзген қазақ байғұстар да таза жерге шығып рахаттану үшiн киiз үйлерiн тiгiп қырға шықты.
Күнде шомның басында тұратын Қажыбай ақсақал, бүгiн үйi қырға шыққандықтан молдасын қасына ертiп, ауылдың қасындағы бiр биiктеу жерге шығып отырып: "баяғыда бiздiң бала күнiмiзде ана жерлерде қала жоқ едi, анау көрiнген қара қоғаның басында талай асық ойнап едiк-ау" деп қысыр кеңеске кiрдi.
Мiне, сол уақытта ауылдың шетiнде: "Қайдан әңгiме табылады" деп алаңдап тұрған Жанпейiс, молда мен байдың қырға шыққандығын көрiп, қуанған кiсiдей-ақ, жүгiре басып жетiп келдi.
Жанпейс: – Ассалаумалайкүм.
Қажыбай: – Әлiксалам, аман ба, Жанпейiс?
Жанпейiс: – Шүкiр, жақсы, мал-жан амандық па?
Қажыбай: – Жанпейiс, бүгiн қайдан келдiң?
Жанпейiс: – Қаладан, өткен сәрсенбiде барғанымда Андрей: "Жексенбiге кел!" деп қалып едi. Неге шақырды деп барсам, кәдiмгi Андрей, барған соң-ақ өзiмдi айналдырып, "тамыр-тамыр" деп шайын қайнатып, сыйлап: "бидай шабуға азырақ жер керек едi, сiзден жер табылар ма?" деп құлаққағыс қылған соң, дәулетi бар адам ғой, зияны тимес деп төрт-бес жер бердiм. Одан шығып қайтып келе жатқанымда… – дей бергенде Қажыбай ақсақал сөзiн бөлiп: – Сенi бiр ат алды деп естiдiм, жерге алдың ба, ақшаға ма? – деп сұрады.
Жанпейiс: – Жерге алдым. Түнеу күнi барғанда 40 жердi өз аузынан сұрап тұр едi, соны бүгiн 38 жерге әкелдiм.
Қажыбай: – Жарайды, жерге алған нәрсенiң қымбаттығы жоқ, бiрақ, Жанпейiс, сен бұрын да жер саттың, бәрiне жерiң толар ма екен?!
Жанпейiс: – Күн ерте ғой әлi, есебiн табармын, небәрi 70-ақ жер.
Қажыбай: – Сен Жанпейiс, ертең қалаға барсаң, жайлау жақта менiң 40-50 десятинадай жерiм бар, соны ептеп орысқа өткiзе аларсың ба? – дедi.
Жанпейiс: – Әбден болады, жер алатын орыс көп, мен өткiзермiн, – деп кеудесiн көтерiңкiреп қойды.
Бұл екеуiнiң сөйлесiп отырған сөздерiн жандарында тыңдап отырған молда жаратпаған қияпатта бiр күрсiнiп: "Бай, бұл жер сатқандарыңыз қалай? Жакең болса жарлымын деп сатады, сiздiң құдайға шүкiр, жақсы дәулетiңiз де бар, жайлаудағы жердi саттырайын деп отырсыз, күнi ертең өздерiңiз көшiп барсаңыздар, малдарыңызды ұстап күнде потраба қылмай ма?" – дедi.
Жайбарақат сөйлесiп отырғанда жандарында отырған молданың кенеттен айтқан бұл ақылы Қажыбай ақсақалға ұнап жетпедi, iшiнен: "мұның да ақыл үйреткiсi келедi", – деп қойды.
Жанпейiс және бiр сөз бастай берейiн дегенде, бiр бала келiп: "Ата, шай пiстi" деген соң орындарынан тұрып тарады.
II
Мамырдың iшiндегi жылы күндердiң бiрiнде бай қолына таяғын алып, қотанда жатқан қойын аралап жүргенде, соқашы жағынан шабуылдаған бiр салт атты кiсi көрiндi: "Мезгiлсiз уақытта шабуылдап жүрген бұл кiм өзi?" – деп тұрғанында ол кiсi Жанпейiстiң iнiсi болып шықты.
Қатты келген бойымен сәлемдi де ұмытып: "Ағайды Меколай ұрып жатыр, соған сiзден ақша сұрай келдiм", – дейдi.
Қажыбай: – Меколай кiм? Не қылған ақша?
Кiсi: – Меколай түнеукүнi бiзге атын сатқан орыс, сол ағама "Жерiмдi толықтырып бер, болмаса ақшамды бер!" – деп қысым қылып жатыр. Соған сiзден 20 сом ақша сұрап әкел деп жiбердi, – дейдi.
Белгiлi, бұл ақша деген сөздiң байға ұнамсыз тиетiндiгi, бiр тиынды бiр сом орнына жұмсайтұғын, қолақпандай қылып 20 сомды Жанпейiске беру оңай ма? Түсi бұзылып, ашуланып: "Сендерге жер сатқызған мен емес, жердi жеткiзе алмастарың бар, неге саттыңдар? Беретiн ақшам жоқ, тарт!" – деп ақырып, зәре-құты қалмай тұрған жазғанның бұрынғыдан жаман зәресiн алып қоя бердi.
Ал ендi соқашыға келсек, күнi кеше күрең атына мiнiп алып, былғақтап, көрiнгенге "Жер алмайсың ба?" деп жүрген Жанпейiс, бүгiн қақпанға түскен қасқырдай екi көзi жайнап, тамырының берген "сыйының" күштiлiгiмен есiнен де танып едi, басына нендей уақиға келгендiгiн бiлмей меңiреу адамға ұқсап тұрғанында, iнiсiнiң шауып келiп: "ақша жоқ" деген сөзiне шошып кетiп, ұйқысынан оянған адамша көзiн ашты.
Ендi не қылмақ керек? Басқа ақша табылардай орын жоқ, амалсыздан тамырына: "Меколай, күнде көрiп жүрген таныс адамбыз ғой, менi қинама, соқаның алдымен салған екi жер бидайым (осы күнде көктеп те қалған) бар, соны алып бiт" деп жалынды. Бұл сөз Меколайдың басында-ақ ойында болғандықтан бiр ауыз сөз де айтпай , жердi алып бiтiсiп, қаласына қайтты. "Ауырып жазылған жан олжа, жоғалып табылған мал олжа" дегендей-ақ Жанпейiс мырза Меколайдан өлмей қалғанына қуанса да, Қажыбай ақсақалдың 20 сом ақша бермегенiне көңiл қатты ренжiдi. Қалай ренжiмесiн?! Жанпейiстiң қылған қызметiнiң ұшы-қиыры жоқ, баласы ауылнай боларда: "Әйтеуiр ауылдағы бiр мырзамыз ғой" деп штат уақытында ауылдан ауылға шауып, көрiнген кiсiге бас иiп, жалынып, "шар" салынғанша бiр мырза үшiн жарғақ құлағы жастыққа тимедi. Оның бер жағында қырық-елу десятиналап жерiн де сатып бердi. Мiне, бұл қызметiн Жанпейiс өзi де iшiнен ойлап-ойлап: "Қой, бұл Қажыбай жақсылық қылғанды бiлмейдi, амандық болып, ел жайлауға барғанда, орыстың егiнiне жылқысын бiр айдап түсiрсем, кегiм бiтер" – деп кiжiнiп, күрең атына мiнiп алып ауылына жөнелдi.
III
Жоғарыдағы айтылып келе жатқан Қажыбай ақсақалдың ауылы жайлауға барып, Қос томарына қонғанына ай жарымдай болып едi. Кеше кешке бай бәйбiшесiне (ауыл маңайы тозған соң) "Көшу керек едi, ауыл маңайында арқандайтын да қылтанақ жоқ, һәм орыстың егiнi де жақын, аман-есен тұрғанда жаңа жұртқа қонған дұрыс болар" деп кеңесiп отырып қымызды көбiрек iшiп жiбергендiктен, бүгiн сәске түске дейiн ұйықтап, жаңа ғана оянып, маужырап жатқанында дүрсiлдеген аттың дыбысы бiлiндi. "Бұл не қылған дүрсiл?" дегенiнше болмады, жылқышы жетiп келiп "Жылқыны бай орыс айдап кеттi" деп хабар бердi. Тамақтың күштiлiгiнен көп ұйықтап, ұйқысын аша алмай жатқан байды "жылқы жоқ" деген хабар секiртiп тұрғызды.
Бай: – Қайдағы егiнге түстi?
Жылқышы: – Жалтыр көлдiң басындағы өзiңнiң сатқан жерiңе!
Бай: – Япырым-ай, шырағым, бiр күнше ұйықтамай-ақ қойсаң болмай ма?! Бүгiн өзiмiз де көшейiк деп отыр едiк, не қылса да зор шығын болды ғой, жылдам ат әкелiп жексiн! – деп молдаға кiсi жiбердi. Жаңа ғана тұрып, баласына сабақ берiп отырған молда байдың бұйрығын орнына келтiру үшiн баланы тастап тысқа шықты. Даяр тұрған атты жегiп, бiр-екi меске қымыз толтырып алып, бай мен молда қалаға асты.
Бұл байдың жылқысын ұстаған қаладағы бiр осал орыс болмағандықтан,саршатамыз ыстықта күнге күйiп келiп тұрған байды онша елей қоймады, "Шығыным көп, үш жүз сом берiп малыңды әкет!" дегендi шығарды. "… Өзiмiздiң жерге салынған егiн ғой, тым терiс кетпес,20-30 соммен бiтер" деп келген бай, үш жүз сомды есiткен соң есiнен тануға жақындады, қымыз берiп сыйлап, "тамыр-тамыр" деп жалынғанмен де жөнге келмедi. Ендi не қылмақ керек? Амалсыздан қос атпен приставқа шапты. Ол екi арада төрт-бес күн өтiп кеткендiктен қамауда тұрған жылқы аштыққа шыдай алмай бұралып, екi ту бие, бiр ат өлдi. Қалған жылқысын келген пристав аман-есен алып бердi. Мiнеки, Қажыбай ақсақал жер сатуды әуес көргендiктен бе, болмаса, бес-он тиын болса да пайда қылып қалайын дегендiктен бе, әйтеуiр, жайлаудағы бос жердi сатамын деп, "бес тиын қоян, он тиын зиян" дегеннiң кебiне ұшырады.