Жаңалықтар

АРЫСТАНБЕК АТТЫ БИ БОЛҒАН

ашық дереккөзі

АРЫСТАНБЕК АТТЫ БИ БОЛҒАН

Халқымыздың даралық, даналық сөздерiндегi бидi таразыға теңеп сөйлеуi, әр заманда да билердiң қазақ даласында ықпалы зор болғанын айғақтай түседi. Қазақ хандығы мемлекетiнде билер институты жұмыс iстеген. Кейiн Әз Тәуке заманында "Жетi жарғы" заңы арқылы бекiтiлген-дi.

Билердiң билер статусы сөздерiн тыңдаған ХIХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында өмiр сүрген Арыстанбек Өтеғұлұлы билiк басында болған кiсi. Ол әуелде ауыл-аймақта, ағайын-туыстардың арасында болатын ренiштер мен дауларға басу айтып отырса, кейiннен өз кезеңiнде арғы аталары бүкiл Сарыбай руының билеген (үш жүзден астам үй) Сәдiр би мен оның баласы Бекiш билердiң орнын жоқтатпай, ел тiзгiнiн қолға алып, бiр рулы елге аға-жаға бола бiлген. Ел iшiнде "Арыстанбек би былайша билiк айтып едi", деген ел iшiндегi әңгiмелердi ХХ ғасырдың 50-жылдарында естiген едiк. Сол балаң күнгi, жiгiттiк кезеңдерде естiгенiмiз зерттеушiлiк жолымда көп пайдасын тидiрiп келедi. Сарғайған сары қағазға тiл бiтсе, мен Арыстанбек би заманынан шертер сырым көп дер едi. Сондай құжаттың бiрiнде (1868 ж.) "Сортүбек", "Әулие сексеуiл" маңын қыстаған Шаған болысы қазақтарының тiзiмi жазылыпты. Осындағы 611-тiзiмде Арыстанбек Өтеғұловпен iнiсi Шәупiнiң есiмiн кездестiрдiк. Ел әңгiмелерiнде Арыстанбек би болды, жарлы-жақыбайға қарасты дей отырып, оның үш әйелiнен көп бала болғаны айтылады. Осыны растағандай белгiсiз ақынның бiр өлеңiнде: “…Арыстанбек бәрекелдi өлiсiңе, Нәубеттiң ретiмен келiсiне. Атадан он екiсi ұл болып туып, Кесектi мың-мың етiп бөлiсiне” – деуiнде үлкен мән бар. Ол ата-бабаларының жаз жайлауында қалуды мақсат етсе керек, өзiне арнап үй салдырады. Жаңадария бойында өмiрден өткен Арыстанбектi қос түйенi жозылап, қоршау жасап, өзi салдырған мавзолейге жерлейдi. Кейiннен iнiсi Әсiм бастап, балалары қостап кесенеге қосып, жүргiншiлер мен жолаушыларға арнап тағы үй салады. Жоғарыдағы өлең осы тұста жазылса керек. Арыстанбек Өтеғұлұлы шамамен 1852-1853 жылдарда қазiргi Жалағаш ауданы төңiрегiндегi Аққыр, Жаңаталап, Жаңадария ауылдарында туса керек. Арыстанбектiң есiмi 1901, 1907, 1909, 1914 жылдардағы Қазалы және Перовскi уездерiнiң құжаттарында бар. Сол құжаттардың бiрiнде (1901 ж.) Арыстанбек Өтеғұловтың 10 түйесi мен 10 жылқысы болғаны айтылса, Зарқұм Қуанышұлының қылмыстық iсiне қатысты құжаттарда есiмi кездессе, 1906 және 1909 жылғы құжаттарда Арыстанбек бабамыздың Қаракөл-Қуаңдария болысының старшинасы (биi) екенi тайға таңба басқандай жазылған. Осында түтiн басынан пұл жинау кезiндегi түбiртектердегi жиналған ақша туралы сөз болып куәге шақырыпты. Арыстанбек Өтеғұлұлының кесенесiн ең алғаш көргендердiң бiрi, шөбересi Шәкен Күнтуаров 1925 жылы Тамдыға кетер алдында әкесiмен бiрге барып көргендiгiн айтып, ол кесененiң "Тышқан тамы" маңында екенiн айтқан-ды. Кезiнде (1950 ж.) Сүйiнiшұлы Есiркеп, 1970 жылы Қазихан Төрехановтар баба басына барып, құран оқыса, 2010 жылы Арыстанбек бидiң бүгiнгi ұрпақтары баба әруағына тағзым етiп қайтты. 1927 жылғы "Ақжол" газетiнде "Үлкен ас берiлдi" деген тақырыппен Арыстанбек Өтеғұлұлына үлкен ас берiлiп, оған Қазалы мен Қармақшы, Қызылорда аудандарының жұртшылығының қатысқаны, аста ат шаптырылып, аса шығын болғаны да айтылады. Мақалада асты баласы Әсiм басқаруда дептi. Дұрысы, Әсiм баласы емес, Арыстанбектiң туған iнiсi едi. Сондай-ақ мақалада Арыстанбектiң бұдан 3-4 жыл бұрын өмiрден өткенiн де қамтып жазған. Ел iшiнде, оның өмiр сүрген ортасында Арыстанбектей бидi ұмытқан емес, соңғы iзденушiлердiң ниетi рухани, iзгiлiк iстерден бастау алған. ХХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың бас кезi Сыр өңiрiнде айтыс өнерiнiң кең өрiстеген тұсы болды. Сол кезеңде әрбiр рудан шыққан ақын-жыраулар өз айтыстарында елге ортақ билердi кейде мадақтап, кейде оларды бетке ұстай жырға қосқан. Кете Жүсiп пен Жұбанияз Найзаұлының айтысында Кете Жүсiп: “…Сәдiр би – ол шын сыпа, өтiп кеттi, Жүзден жан тең келетiн рабайдан. Айрықша, ақылы артық туған Бекiш, Бейне бiр жаралғандай нұр-майдан. Айбыт пен Арыстанбек айтпады ма? "Халыққа жiк түсер, – деп – осындайдан!" Байқожа, Байкөбек пен әм Жабағы, Қорықса "қой" деп айтар, бiр күндерi,” – деп Кете жүсiп Арыстанбекке өз сөзiн арнағанын көремiз. Демек, ел аузында есiмi жүрген, абыройлы өмiр сүрген бабамыздың есiмi өшкен емес, тәуелсiздiк тұғыры оны қайта өмiрге әкелуде. Бiз де өз тарапымыздан Арыстанбектей би болған демекпiз. Ғазиза ИСАХАН