Жаңалықтар

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА "ДҮМПУ"

ашық дереккөзі

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА "ДҮМПУ"

Елдегi әрбiр азаматтың денсаулығын жақсарту мен тұрақты әлеуметтiк-демографиялық дамуды қамтамасыз ету үшiн денсаулық саласында үлкен реформа жасалмақ. Осы орайда Үкiмет, денсаулық iсiн дамыту мақсатындағы "Саламатты Қазақстан" атты 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын қабылдады.

Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиев "Бағдарлама – денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабiлеттi жүйесiн қалыптастырады" деген сенiмде. Оны жүзеге асыру үшiн 2011-ден 2015-шi жылдар аралығында қазынадан 445 миллиардтан астам теңге бөлiнбекшi. Бағдарлама алты бағытта жүзеге асады. Азаматтардың денсаулығын сақтау бойынша ведомствоаралық өзара iс-қимылдарды арттыру, профилактикалық iс-шараларды, скринигтiк зерттеулер мен диагностиканы күшейту, ауруларды емдеу және оңалту мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi, сондай-ақ медициналық, фармацевтикалық бiлiмдi жетiлдiру көзделiп отыр.

Бағдарлама аясында министр ұлттық егу күнтiзбесiн жетiлдiрiп, өкпе қабыну инфекциясына қарсы үш сатылы екпе енгiзудi ұсынды. Сонда 2015 жылы 5 жасқа дейiнгi балалар арасындағы өкпенiң қабыну дертi – 50, ал өлiм-жiтiм көрсеткiшi 20 пайызға төмендемек. Сонымен бiрге бағдарлама шеңберiндегi жүйелi шаралар арқылы 2015 жылы азаматтардың орташа өмiр сүру ұзақтығын 70 жасқа дейiн жеткiзiп, өлiм-жiтiмнiң жалпы көсреткiшiн 15 пайызға төмендетпекшi. Сол сияқты дәрi-дәрмектердi жеңiлдiкпен беру мен олардың монетизациялануы қамтамасыз етiледi. Қауiпсiз дәрi-дәрмектерге қол жетiмдi ету 100 пайызға жеткiзiледi. Контрафактiлiк жалған дәрiлерге мүлдем жол берiлмейдi. Азаматтарымызға ұлттық скриниг бағдарламасы шеңберiнде толық профилактикалық тексеруден тегiн өтуге мүмкiндiк туады. Бұл Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиевтiң бағдарламадан күтетiн үкiлi үмiтi. Егер бағдарлама министрлiк айтқандай мiнсiз орындалса, елiмiзде ауру-сырқау да, өлiм-жiтiм де азаятыны сөзсiз. Айтпақшы, келесi жылдан бастап балалардың жастарына байланысты 3,5 млрд. теңгеге көзделген екпе егу жұмыстары жүргiзiледi. Бұл өкпе қабынуына шалдыққан балалар санын 50 пайызға, ал шетiнеп кететiн нәрестелер санын 20 пайызға қысқартады екен.

Биыл Үкiмет бес жылдық, он жылдық бағдарламаларды қабылдауда алдына қара салдырмай отыр. Оған миллиардтаған қаржы да құймақшы. Ендi бұл ақшаның құмға сiңiп кетпесi үшiн "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы халықтың салауатты өмiр сүруiне жағдай жасауы керек. Ол үшiн науқастардан заңсыз алынатын төлемдер азайып, елiмiздiң барлық аймақтарында дәрiгерлiк көмек көрсетудiң сапасы да, бағасы да бiрдей болуы тиiс. Шынын айту керек, әлi күнге медицинаға бақылаудың жеткiлiксiздiгi, әлсiз материалдық техникалық базаның әлсiздiгi денсаулық сақтау саласын тұралатып тастады. Бұл олқылықтардың орнын толтыру барысында "Саламатты Қазақстан" бағдарламасынан айтарлықтай нәтиже күтiп отырған халық көп.

Динара ДҮРМӘН