Жаңалықтар

"МҰСЫЛМАН КҮНТIЗБЕСIНЕ" – 10 ЖЫЛ

ашық дереккөзі

"МҰСЫЛМАН КҮНТIЗБЕСIНЕ" – 10 ЖЫЛ

Қасиеттi Рамазан айында мұсылман күнтiзбесiне қарамайтын жан жоқ шығар, сiрә. Өзi кiшкене ғана кiтапшаның iшiнде қаншама дiни-рухани мол мұраның кiлтi жатыр. Алла нәсiп етiп өздерiңiз ризашалықпен оқитын кiтаптарыңыз — "Мұсылман күнтiзбесi" кiтабының шыға бастағанына да мiне, он жыл толыпты.

Осы он жыл iшiнде шығып тұрған "Мұсылман күнтiзбесi" кiтабы арқылы бiлiмiн жетiлдiрген жастар мұсылман жамағатының қатарын толықтырып, дiни берiктiгiмiз нығая түстi. Кiтаптың шығарушысы Сұлтанәдiл Қанатбайұлының айтуынша, биыл кiтап ұзыншалау көлемдi түрде жарық көрген. Көзi қарақты оқырмандар өтiнiшi ескерiлiп, оқуға ыңғайлы болу үшiн қарiптерi де үлкейтiлген. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, әр кiтаптағы мәтiндер бiр-бiрiн қайталамайды. Әрине, кiтаптың құндылығы мазмұнында десек, бiзге кiтаптың күндер тiзбесi емес, ондағы жан-жақты қамтылған, мол мағлұмат беретiн мақалалары мен тың деректерi әрбiр иманды жанды қызықтырары даусыз.

2010-2011 жылдарға арналған "Мұсылман күнтiзбесiнде" адам баласының дiни-рухани бiлiмiнiң кемелiне жетуi үшiн керектi мақалалар жинағы топтастырылып берiлген. Бұған дейiнгi жарық көрiп келген кiтаптарға қарағанда, материалдарды молынан жариялауға мүмкiндiк ашылған. Яғни, сiз бұрын әртүрлi газет-журналдан, кiтаптан оқитын құнды дүниелермен жүйелi түрде осы кiтап арқылы қаныға аласыз.

Әрине, қазiр күнтiзбе шығарушылар да, оны таратушылар да көп. Оқырман қауым он жыл бiрге жасап келген "Мұсылман күнтiзбесiнен" қол үзiп қалмас үшiн кiтапқа жаңа өзгерiстер мен қосымша толықтырулар енгiзiлген. Қасиеттi рамазан айында Ислам дiнi ғылымына терең бойлағысы келетiн мұсылман бауырлар "Мұсылман күнтiзбесi" кiтабы арқылы бiлiмiн жетiлдiре түссе, нұр үстiне нұр болар едi.

Динара ДҮРМӘН