Жаңалықтар

КӨГIЛДIР ӘЛЕМ, МӨЛДIР СЫР

ашық дереккөзі

КӨГIЛДIР ӘЛЕМ, МӨЛДIР СЫР

(Жазушы Нұрғали Ораздың шығармашылығы туралы)

Адамды қалам иесi атандырып, қаламгер ететiн не құдiрет десеңiзшi?! Табиғаттың берген жаратылысы ма, әлде қанға сiңген дағды ма?! Мүмкiн, бұл құдiреттiң сыры оның өскен ортасы мен тәрбиелеген ата-анасында жатса ше?!

Не десек те, Нұрғали Оразды қаламгерлiктiң мектебiне алып келген бiр сиқыр болса, оның туып-өскен ортасы, Қазығұрттың ғажайып табиғаты, айналасындағы адамдардың әсерi болар, бәлкiм! Қазығұрттың киелi екендiгi рас. Киелi болмаса, басында Нұх пайғамбардың кемесi қалмас едi-ау. Олай болмаса:

Басында Қазығұрттың кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған? – деген өлең тумас едi, ол өлең ғасырлар бойы ұрпақтың санасында өшпестей болып жатталып қалмас едi.

Сол Ғайып Ирен, Қырық Шiлтеннiң отанында өскен бозбала бүгiнде елудiң төрiне шықты. Оның қаламынан туған Қазығұрттың iнжу-маржандары да оқырманның сүйiктi шығармаларына айналған туындылар. Қаламгер қаламынан туған әрбiр шығарма өзiнiң қарапайымдылығымен, табиғилығымен құнды. Нұрғали Ораздың қай шығармасын оқып отырсаңыз да, өзiңiз көрген, өзiңiз басыңыздан өткiзген жағдаяттар секiлдi. Бәрi етене таныс, бәрi көз алдыңда өткен кейiпкерлер. Мүмкiн, қаламгер құдiреттiлiгi де осында шығар, яғни табиғилығында. Шөп ұрлап келе жатып, ұсталып қалатын Жаңбырбайдың әрекетi талай жастардың есiне балалық шақтағы әлдебiр қызықтарды еске түсiрмей ме? Шөптiң қарауылы Қалипа мен Жаңбырбайдың арасындағы қақтығыстың өзi әсерлi, тартымды, ерекше шыққан ("Түндегi жетiм тамшылар").

Немесе, кiшкентай Жөкентайды жоғалтқан қайғылы түн. Сонау бiр қыстақтағы қарапайым отбасының қуанышы мен қайғысы бiрде сенi сүйiндiредi, бiрде ауыр мұңға қалдырады. Анасының қоңыр шәлiсiн жамылып, жолға шыққан Жөкентай жарық қуалап, тым алысқа, әлдебiр жаққа, қайта оралмайтын қайтпас сапарларға аттанбаушы ма едi. "Қайдасың, Жөкентай, қайдасың, кiшкентай құлыным!" Ананың мұңлы зары жүрегiмiздi езiп жiберердей, ауыр ойға тұмшалайтын едi. "Күнге жылынамын деп жүрiп, Күн елiне байқамай аттанып кете бердi ме екен, Жөкентай". Бұл – автордың тұжырымы. Автордың тұжырымына бiздiң де оқырман ретiнде алып-қосарымыз жоқ. Өйткенi, бiздiң жүрегiмiздегi Жөкентай Күн елiнде қалып қойған сияқты әсер етедi де тұрады. ("Қоңыр шәлi")

Мұндай кереметтер Нұрғали Ораздың кез келген шығармасынан жиi кездеседi. Бұл да жазушының шеберлiгiн көрсетсе керек. Қарапайым тiрлiк кешкен қарапайым адамдардың тағдырын көресiң одан… Қарапайым адамдардың қарапайым тұрмысы сенiң көз алдыңда көлбеңдеп тұрады. Олар бәлкiм сенiң жерлестерiң, бәлкiм сенiң таныстарың, бәлкiм сенiң туыстарың. Осындай қарапайым, қоңыр тiрлiктi Сайын Мұратбековтiң де шығармаларынан байқамаушы ма едiк. Бiр-бiрiнен алыста, екi қиырда дүниеге келген қарапайым екi жазушының шығармасынан бiр-бiрiне ұқсастықты, бiр-бiрiне сай шеберлiктi көрем кейде. Бұл ұқсастық қарапайым жазушылардың құпия сиқырында, мүмкiн шеберлiгiнде жатқан шығар.

Көрнектi жазушы Шерхан Мұртаза: "Рас-өтiрiгiн кiм бiледi, хас таланттың қаламын перiштелер жетектеп отырады дейдi. Әрине, саусағына мүйiзгек бiткенше қалам тербейтiн кәдiмгi жазушының өзi. Ал, бiрақ шын шығарма туарда оның қаламын перiште жетектейтiнi рас көрiнедi" деген екен.

Расында да, қаламгердiң шеберлiгiнiң сиқыры неде? Оның қаламын перiште жетектегенi анық па? Әлде оның құпиясы жазушының бақытты балалығында жатыр ма? Оны бiзге қаламгердiң өзi шертiп көрсiн.

"…Мүмкiн, балалық шақтың да әсерi болар. Бiз дүниеге келген жылдары тың игерудiң дүрiлдеп тұрған кезi едi. Кеңестер Одағының тың игеру деген мәселесi тек Солтүстiк Қазақстан облысы үшiн емес, бүкiл Қазақстанның ауқымын қамтитын шара екен. Оңтүстiк Қазақстан облысында да бос жатқан жерлердi игеру басталған ғой, тың игеру деген ұранменен. Монтайтас деген шағын ауыл, Құдай бақ берiп, совхоз орталығы болып ашылады. Ол совхоз – Жданов деп аталған екен. Ол совхозға тың игеру үшiн жан-жақтан түрлi ұлт өкiлдерi ағылады ғой. Кiшкентай Монтайтас деген аулымыз үлкен совхоз болып құрылады. Сол Монтайтасқа Оңтүстiк Қазақстан облысының басқа аудандарынан да жас мамандар келiп, қоныстана бастайды. Сол кездерi бiздiң әкемiздiң де Ташкенттегi институтта тарих факультетiн бiтiрген кезi екен. Сол жаңа совхозға анамды алып, көшiп келедi. Оқуын бiтiрген соң, сол ауылға мектепке мұғалiм болып орналасады. Әкем мен туған жылы совхозда комсомол комитетiнiң хатшысы болып, қоса қызмет атқарады. Содан ол кiсiнi мектептен мұғалiмдiк қызметiн тастатып, ауыл шаруашылығы жұмысына шақырады. Бiрiншi сыныпты бiтiрген жылы әкемдi Монтайтастың ар жағындағы отыз шақырым жерге қиян даладағы кiшкентай ауылға бөлiмше меңгерушiсi қылып жiбередi. Бiр күнi күнi бойы балалармен ойнап, үйге қайтып келе жатсам, алдымнан шыққан көршiнiң балалары: "Сен қайда жүрсiң? Сенiң үйiң Вьетнамға көшкелi жатыр ғой" дегенi. Жүрегiм зырқ ете қалды. Вьетнам туралы теледидардан талай естiп жүргенбiз. "Мынау тағы не сұмдық" деп қоям. Сөйтiп, жүгiрiп үйге келсем, үй iшi шындығында да бiр жаққа көшуге жиналып жатыр екен. Жүктiң бәрiн буып-түйiп дайын отыр. Сөйтсек, совхоздан отыз шақырым қашықтықтағы Батырша деген ауылды ел арасында "Вьетнам" деп атайды екен. Жаңадан ашылған бөлiмше, бұрын ел қоныстанбаған бос жатқан мекен болған соң, солай аталса керек. Су жоқ, әйтеуiр тың игеру керек деп, бөлiмше ашып, пәленбай гектар жердi жыртып, егiн егiп тастаған. Екiншi класты сол "Вьетнамда" бiтiрдiм. Менiң әжемнiң төркiнi Қазығұрттың түбiнде, таудың қойнауында, табиғаты әсем жерде тұрады. Әжем үнемi менi сол Қызылатаға жиi апарады. "Сұлу табиғатты көрсiн, алма-өрiк жеп өссiн" дейтiн болу керек. Екiншi класты бiтiрген жылы әжем менi сонда, нағашы атамның ауылына тастап кеттi. "Атқа мiнудi үйрен, шөп шабуды үйрен" деп қалдырып кеттi. Екiншi класты бiтiрген баланың қолынан не келедi? Есектiң басын ұстағаннан басқа… Сөйтiп, шөлдегi ауылды оқимын да, жазда нағашы атамның қолына барып жүрдiм. Күзде 1-қыркүйекке қарсы ауылдан адам келiп, алып кетуi керек едi. Ауылдан ешкiм келмедi. Ауылдың арасы алыс. Басқа балалардың бәрi мектепке барып жатқаннан кейiн, менiң жалғыз өзiм қалмаймын ғой. Сабақ оқуым керек, оқымасаң, бiр жылға артқа қалып қоясың. Сосын, амалсыз Қызылатаның мектебiне бара салдым. Сөйтiп, екi-үш ай сонда оқығаным бар. Қар жауар мезгiлдiң алдында ауылдан адамдар келiп, алып кеттi" деп еске түсiредi балалық шақтың кейбiр сәттерiн Нұрғали аға.

Әкесiнiң қызметiне сәйкес болар, он жылдық мектептi сегiз мектепте бiтiрiп шығыпты Нұрғали аға. "Сегiз ауданда оқимын деп, үш тiлдi меңгерiп шықтым" деп жымияды өткен күндерге қайта оралғанда. Әр ауданның мектебi әртүрлi шет тiлiн оқытатыны белгiлi. Бiр аудандарға барғанында, ағылшын тiлiн оқыса, ендi бiр ауданда француз тiлiн оқуға тура келедi, ендi бiрiнде – немiс тiлiнде…

"Бiрде шөлде, бiрде тауда жүрiп, адамдардың мiнез-құлқын жақсы бiле бастадым. Шөлдегi адамдардың мiнез-құлқы мен таудағылардың мiнездерi екi басқа. Сосын, тұрмыс-тiршiлiгiнде де айырмашылық бар. Таудың қымызы басқа болса, шөлдiң қымызы ащылау болады. Әр ауылда жүрiп, әртүрлi адамдардың тағдырын көрдiм, әртүрлi адамдардың мiнезiн байқадым. Қожанасыр сынды әпендiлер де болды, аңғал, аңқау жерлестерiмдi де байқадым. Қулығы бар адамдар да кездестi. Әдеби тiлмен айтқанда, характерлердi iздеу, табиғаттың бояуын табу сияқты ауыл мектебiнен өткен сияқтымын" дейдi Нұрғали аға.

Ал, жазушыны кiтапты сүюге үйреткен – ауыл кiтапханасы. Ол жылдары әр ауылда жақсы кiтапханалар жұмыс iстедi. Ол кiтапханалардың кiтаптары да өте бай болған. Қазақ әдебиетiнен бастап, әлем әдебиетiне дейiн кiтаптарды ауыл кiтапханаларынан жиi кездестiруге болатын едi. Қаламгерлердi үлкен әдебиетке дайындау процесi – ауыл кiтапханаларынан басталды.

Нұрғали Ораздың алғашқы шығармаларының жариялануы да қызық. Бала кездегi дүниелердiң көбi "Балдырған" журналы мен "Қазақстан пионерiне" шығатыны белгiлi. Ал, шалғайдағы кiшкентай ауылға газет-журналды жеткiзу де өте қиын. Тiптi, кейде екi-үш айлап, кешiгiп келетiн де кездерi болады екен. Нұрғали ағаның жазда жазған шығармасы Алматыға қыста жететiн көрiнедi, ал қыстағысы жаз айларында ғана редакцияның қолына тиедi. "Сара Латиева апайдың маған жазған хаттары бар едi. Кейiн көшiп-қонып жүргенiмде жоғалтып алдым. Сара апай: "Қыстағы каникулдың қызықтарын қыста жiберу керек. Қазiр жаз ғой. Жаздағы каникулдың қызықтарын жазып жiбер" деп жазады. Ал, мен ол хатты қыста алам. Содан кейiн, не iстерiмдi бiлмей жүрем? Неге ерте жетпейдi екен деп қиналам iштей. Адам кез келген нәрседен де жол тауып шығады ғой. Содан кейiн, мен де қулық тауып алдым. Қыста болған оқиғаларды жазда жазып жiберетiн болдым. Ал, жаздағыны қыста жiберем", – дейдi. Содан кейiн барып, жазушының алғашқы тырнақалды дүниелерi "Балдырған" мен "Қазақстан пионерiне" шыға бастайды.

Ақын-жазушы болғысы келетiн балалардың көбiнiң журналистика факультетiн таңдайтыны белгiлi. Нұрғали аға да сондай оймен Алматыға жол тартады. Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түседi. Алғашқы кезде жазылған, жарияланбаған әңгiмелерiн де қолтығына қыса келген жазушы шығармашылық емтиханнан кедергiсiз өтiп кетедi. Сөйтiп, студенттiк өмiр басталды. Айналасындағы жолдастарының көбi ақын, көбi қаламгер болғысы келiп, оқуға түскен дарынды жастар. Сондай бiрге оқыған курсастарының бiрi – ақын Бақытжан Абыз болатын. Бақытжан аға бiрге өткiзген сол бiр қызықты жылдар туралы былай деп сыр шертедi:

"…Өткен ғасырдың мың тоғыз жүз жетпiс сегiзiншi жылының қоңыр күзi. Ол кезде бiздер Бас почтамт үйiнiң қасындағы ҚазМУ-дiң ескi ғимаратында оқимыз. Журналистика факультетiнiң 2-шi курсына көшкен кезiмiз. Сол жылы Нұрғали Қостанай өңiрiнде курсымыздың өзге де қыз-жiгiттерiмен бiрге ауылшаруашылық жұмыстарында болып қайтқан екен. Онымен кездесiп, танысқанға дейiн өлең жазатын болғандықтан, Ғалым Әрiп досымыз екеумiз оңай тiл табысып, тез-ақ шүйiркелесiп кеттiк. Деканаттан жатақханада тұруға жолдама алып, алып-ұшып жеткен бетiм. Келсем, екi езуi екi жақта, көңiлдi жүрген Ғалым досым қарсы алды жатақхана дәлiзiнде. Сосын: "Маған орынды 511-шi бөлмеден бердi. Сен де бiзбен бiрге бол. Нұрғали үшеумiз жатайық бiр бөлмеде",-деп, менi кеу-кеулеп кеттi. Сонымен не керек, қап-қара қайратты шашы ұзынынан бiртегiс таралып, желкесiне дейiн түсiп тұрған, сыпайы да сабырлы мiнездi, тiп-тiк жүретiн сұңғақ бойлы Нұрғалимен таныстығымыз осылайша басталып едi.

Студенттiк өмiрге бойымыз ендi-ендi үйрене бастап, ортақ колхоз болдық әрқайсымыз он бес сомнан шығарып. Көбiнесе, кешкi алтылардан аса бере сабақ аяқталып, алыстан Алатаудың қарлы шыңдары мұнартып көрiнетiн Фурманов көшесiндегi сол кездегi Виноградов аялдамасына жамырай келiп, 100-шi немесе 106-шi автобустарға итерiсе енiп, кейде есiк алдында тұрып қалып, КазГУ-град аялдамасына дейiн тiкеден-тiк тұрып баратын кездерiмiз де аз болмайтын. Iшiнде конспектiлер мен кiтаптар қоса жүретiн қызыл-қоңыр түстi жемсауы кең менiң портфелiме азық-түлiктi сықита толтырып салатынбыз. Мен автобустың есiгiне iшке қарай өте бере-ақ, бойшаң Нұрекең арқамнан бар екпiнiмен нығыздап аяқ басар орынға iлiндiрiп жатып: "Баха, автобустан өзiң түсiп қалсаң да, бiздiң сөмке түсiп қалмасын (түсiп қалса, бәрiмiздiң аш қалатынымыз айдан-анық нәрсе), – деп рахаттана бiр күлiп, Ғалым екеуi келесi көлiктi күтiп қала беретiн.

Сөйтiп жүрiп, тағы бiр курсты артқа тастадық. Бiздер ендi сарыауыз балапандай аңқау ауыл баласынан кәдiмгi шаруақор шәкiртке айнала бастағандай едiк. Тағы да тамылжыған қоңыр күз келдi қалашығымызға. Бiр күнi кезектi лекциядан келгенбiз, сәл-пәл тыныс алғасын, кешкi шайға өзiмiзше қам жасай бастаған бетiмiз болатын. Аяқастынан қым-қуыт қарбалас басталды да кеттi. Бесiншi жатақханадағы бесiншi қабат дәлiзiнiң ұзына бойы абыр-сабыр. "Ойбай, декан бөлмелердi аралап жүр. Тексерiп келе жатыр" – деп, бiр көршiмiз қасымыздан зу етiп өте шықты. Мұндай тосын хабарды естiген Нұрғали, Ғалым үшеумiз апыл-ғұпыл көрпе-жастықты түзеп, үстелдiң үстiн жинастырып дегендей, өзiмiзше апыл-ғұпыл кiрiсiп жатырмыз. Бiр кезде Ғалым: "Асханадағы кәстрөлдiң асты күйiп кеттi-ау, шамасы, қарап келе қояйын", – деп бөлмеден зып бердi. Оның артынша Нұрғали да: "Баха, мына швабраны алып, ылғал шүберекпен диван-керуеттiң астын сүйкеп өтсең жетiп жатыр, жарай ма? Мен қазiр келем"-деп, арқамнан бiр қақты да, есiктi сырттан ақырын жауып кете барды. Осыдан соң, көп күттiрiп жатпастан, есiк қайта ашылды да, алдымен ұстазымыз әрi қаһарлы деканымыздың тершiген қасқа маңдайы, сосын топ-томпақ шағын денесi iшкен қарай енiп келе жатты. Қасында бiр топ нөкерлерi бар.

– Әй, сен Абызовпысың (жарықтық Юлий Цезарь патша сияқты бес курстағы барша студенттiң аты-жөндерiн жатқа бiлетiн)?! Мұнда кiмдер тұрады? – дедi. – Сен ендi еңкейсей, былайырақ төмен, адам едендi түйенiң үстiнде тұрғандай тiгiнен тұрып жуа ма екен? – деп, апшымды қуырып барады. Сөйдедi де iргелес бөлменiң секциясына өтiп: "Мына бөлме күйiп тұр ғой, күйiп тұр! Жарықты шақырайтып жағып қойыпсыңдар, ал керек болса! Әлде, әкелерiңнiң тегiн жағып қойған шамы бар ма едi? Сендерде жаны ашу деген бола ма, өзi, бұл – бiле бiлсеңдер үкiметтiң сендерге жасап қойған қамқорлығы емес пе? Ай, түсiну деген, сiрә да, жоқ қой сендерде, жоқ!… – деп, бар ашуын маған ақтарып салды. Менде үн жоқ. Үндеу түгiлi, тырс етуге шама қайда мұндайда! Осылай дедi де, жүзi әрдайым қаһарлы көрiне тұрғанымен де, жүрегi жұмсақ, қашанда қайырымы мол, ардақты ұстазымыз келесi бөлмеге қарай кiлт бұрылып, ұзай бердi.

Айқай-сүреңдi сәттен амалдап құтылған Нұрғали мен Ғалым аз-кем уақыттан кейiн кiрiп келiп, арқамнан ризашылықпен қағып, екеуi де керуетке аунай-аунай кетiп, ал кеп күлсiн көздерiнен жас аққанша. "Қалай, Баха, деканды бiзсiз қарсы алдың ба?" деп күледi. Алданғаным ендi ғана миыма жеттi. Сөйтсем, екi қу тамақ-шайды сылтау етiп, менi "ашулы арыстанның" аранына жалғыз тастап кеткен екен ғой. Нұрғали досымның кей-кейде осылайша, жұмсақ жымиып тұрып-ақ, "тақырға отырғызып кететiн" өзiндiк сыпайы "өнерi" де бар болатын.

Студенттiк дәуреннiң қайта оралмас тәттi шақтары осылайша ақырын-ақырын жылыстап өтiп жатты. Бұл кезеңде Нұрғалидың өзiндiк дара қолтаңбасы қалыптасқан. Оның әңгiмелерi "Жалын" альманағында, "Лениншiл жас" газетiнде үстiн-үстiн жарияланып, оқырман қауымға кеңiнен таныла бастады. Бiрде лекция үстiнде болашақ жас жазушымыз сөзге шешен, тiл бiлiмiнiң бiлгiрi, қазiргi академик ағамыз Мырзатай Серғалиевке: "Ағай, стиль дегендi қалай түсiнуге болады?" деп сұрақ қойып едi. Ұстазымыз да көп бөгелместен, бiрқатар уәждi келтiре отырып, стиль ұғымының, ең алдымен, адамның өзi екендiгiн ұғындырып өткенi бар. Бүгiнгi күндерi, ойлап отырсам, стиь жазушыға айналған екен де, жазушымыз Нұрекеңнiң тап өзi болып шығыпты", – деп еске түсiредi Бақытжан Абыз.

Нұрғали ағаны өзiм жұмыс iстейтiн ғимараттан жиi кездестiрем. Үнемi бiр қалыпты, жылы жымиып қана өтетiн ағаның көп сөйлеп, мылжыңдап жатқанын да байқаған емеспiн. Сөзге сараң болса, жазуға жомарт жанның кез келген шығармасын алсаңыз да, қым-қиғаш, қырық қатпарлы бүгiнгi қоғамның кейбiр ахуалдарын, сан алуан бейнелерiн сомдайды. Оның шығармалары қатыгез қоғамды iзгiлiкке, қайырымдылыққа жетелейдi, соған тәрбиелейдi. Оның шығармаларынан өзiңiздi, достарыңызды, туыстарыңызды кездестiре аласыз. Соңғы кездерi жазушының қаламынан туған "Даладан қалаға келгендер" кiтабын оқыған кез келген оқырманның бұған келiсетiнiне сенiмiм мол.

Тағы да Шерағаңның сөзiмен түйiндер болсақ, "Жазушы сиқыры дейсiз бе, шеберлiгi дейсiз бе, әлбетте әркiмнiң көркемдiк түсiнiгi әртүрлi, бiрақ түптiң-түбiнде оның шығармаларындағы кейiпкерлер сенiң бiр етбауыр жақының сияқты. Олардың өкiнiшi сенiң өкiнiшiң, олардың қуанышы сенiң қуанышың болса, не шара. Көркем әдебиеттiң де мұраты сол. Оқырманның жүрегiн жiбiтiп, сезiмiн селт еткiзсе, еңбектiң зая кетпегенi".

Гүлзина Бектасова