"АЛЛАНЫҢ ҚЫЛЫШЫ" АТАНҒАН ДАҢҚТЫ ҚОЛБАСШЫ
"АЛЛАНЫҢ ҚЫЛЫШЫ" АТАНҒАН ДАҢҚТЫ ҚОЛБАСШЫ
Халид бин әл-Уалид Алла Тағала айрықша қолбасшылық қасиет дарытқан жан едi
Халид бин Уалид мұсылмандар мен құрайыштар арасында жасалған Хұдайбия келiсiмiнен кейiн Ислам дiнiн қабылдаған болатын. Оған дейiн Халид пұтқа табынушылардың батыры-тын. Бәдiр соғысында Алланың қолдауымен мұсылмандардың жеңiске жеткенiне пұтқа табынушылардың iшi күйетiнi. Алла жолындағы пәруана жандардан өш алмақ болған олар Ұхуд соғысын бастағаны тарихтан белгiлi. Сол Ұхуд майданында бастапқыда мұсылман әскерi жеңiске жетiп, дұшпандары тырағайлап қаша бастаған сәтте, жеңiстiң бетiн керi бұрып, құрайыштардың мәртебесiн үстем еткен де осы Халид болатын.
Мұсылман-садақшылар тау жақ сыртқы шептi табжылмастан қорғауға ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед салла Аллаһу алейһи уәс сәләмнан бұйрық алған едi. Алайда, садақшылар жеңiстiң алғашқы толқынына мәз болысып, өздерiне тiкелей берiлген бұйрықты естерiнен шығарып, келесi бiр сәтте шептерiн тастап, алдағы мұсылмандарға араласып кеткен едi. Қырағы көз, батыр Халид дәл осы ұрымтал сәттi, осал тұсты тап баса байқап қалған-ды. Ол дереу өзiнiң атты әскерiн орағытпа жолмен мұсылмандардың ту сыртына бастап барып, тұтқиылдан соғып, мұсылмандар әскерiн жеңiлiске ұшыратты. ҚЫЛЫШ ҮСТIНДЕГI СЕРТ Сөйтсе де, Бәдiр және Ұхуд жерiнде болған қос майданда санының дiнсiздер әскерiнен бiрнеше есе аз және қаруларының мардымсыз болғанына қарамастан, мұсылман жауынгерлерiнiң Алла жолында арыстандай алысып, жан аямай қайрат көрсеткендерi Халидтi терең ойға қалдырған болатын. Ол атты әскерiн бастап барып, Хұдайбияда мұсылмандарға тағы да мейлiнше доқ көрсетiп бақты. Алайда, Алланың ақ жолындағылардың терең сенiмге негiзделген сабырлылық пен қиын-қыстау сәттегi табандылықтарына қайран қалып, қолбасшы iштей тебiренген едi. Сол жолы жүрегiне иман нұрының алғашқы сәулесi себезгiлей бастаған Халид көп ұзамай Мәдинаға, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдына келiп, шаһадат айтып, мұсылмандықты қабылдаған болатын. Сол бiр ұмытылмас сәтте батыр Халид: — Менiң мынау қаруым бұған дейiн Исламға қарсы сiлтенген едi. Ендiгi жерде Ислам әлемiнiң қанат жаюына қызмет ететiн болады! – деп қылышын көлденең ұстап тұрып серт бердi. Батыр осы антында тұрып, мұсылман болған сәтiнен бастап, Расулалла (с.а.у.) басқарған барлық Ғазауат соғыстарына (Пайғамбарымыз с.а.у. басқарған майдандар осылай деп аталады – Н.Ү.) қатысып, ерлiктiң небiр қайталанбас үлгiлерiн көрсетiп бақты. Оның осы қасиеттерiн дөп баса бағалаған Алла Елшiсi (с.а.у.) алғашқы жорықтардан кейiн-ақ Халид бин Уалидке "Сайф Алла", яғни "Алланың қылышы" деген атақ берiп, оны содан былайғы шешушi жорықтарынан қалдырмайтын. Әбу Бәкiр хазыретi де (Алла оған разы болсын) өзiнiң халифтық қызметiнiң алғашқы күнiнен бастап-ақ Халидтың осынау қайталанбас қасиетiн жоғары бағалап, оны тұтас мұсылман әскерiнiң қолбасшысы етiп тағайындады. Екi жыл үш айға созылған халифтық қызметi кезiнде Әбу Бәкiрдiң небiр тар жол, тайғақ кешулерден өткенi белгiлi. Өйткенi, Арабияның өз iшiндегi талай тайпалар Алла Елшiсi (с.а.у.) қаза болысымен салық төлеуден бас тартып, халифатқа қарсы қару көтере бастаған болатын. Сонымен бiрге, Мұсылман әлемiнiң iргесiндегi дұшпан империялар да Ислам мемлекетiн тұншықтырмаққа жанталасты. Осындай сансыз текетiрес, қанды майдан ортасында қалған Әбу Бәкiр халифтiң қолында, алғашқы сәтте, бар болғаны он мыңдай ғана әлсiз қаруланған әскерi болғаны тарихтан аян. Осыған қарамастан мұсылман жасағы кей кездерi өзiнен бiрнеше есе күшi басым дұшпан әскерiн жеңiп отырды. Мұндай жеңiске дем берген күш-қуаттың сыры неде? Ең әуелi ол күш-қуат халиф Әбу Бәкiр мен ол басқарған халықтың Жаратушы Алла Тағалаға және шапағатты Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген берiк махаббат-сенiмдерiнен бастау алғаны айқын. Осыған қоса, Мұсылмандардың сандаған абыройлы жеңiстерге жетуiнiң бiр сыры Халид бин Уалид сияқты қолбасшылардың басқару шеберлiгiнде жатты. Оның тактикалық көрегендiгi мен әскери өнерi арқасында Мұсылман әскерiнiң қуаты сандаған есе күшейе түсетiндей көрiнетiн. Ол ең әуелi Ислам халифатының өз iшiндегi бүлiкшiл топтарды талқандап, елдiң бiртұтастығын сақтап қалуға жанын салды. Ендiгi кезектегi маңызды iс – iргеден тыныштық бермейтiн көршiлес елдер мен империяларды тiзе бүктiру едi. Бұл – өте ауыр мiндет болатын. ИСЛАМДЫ КӨРКЕМ МIНЕЗБЕН ТАРАТҚАН Халид қолбасшының басты қағидасы: Аллаға қарсы қару көтерген адам майдан даласында тiзе бүгiп, Жаратушының құдыретiн мойындауы тиiс немесе сол арада жер жастануы керек. Жауының жан сауғалап, қашып құтылып кетуiне ол мүмкiндiгiнше жол бермейтiн. Халидтың мұндай шешiмге тас-түйiн бекуiнiң бiр себебi мынандай едi: Соғыс даласынан сытылып кеткен пұтқа табынушылар бiраз күш жиып алып, сәл уақыттан кейiн мұсылмандар қолына қайталап соққы беруi ықтимал. Ондай жағдайда оларға екiншi мәрте қарсы тұруға мұсылман әскерiнiң адам саны тұрғысынан да, қару-жарақ жағынан да мүмкiндiктерi шектеулi болатын. Әр майдан сайын Халидтың даңқы Ислам халифатының өз iшiнде ғана емес, шет жұрттарға да кеңiнен тарап жатты. Тiптi, әрi-берiден соң "әскердi Халид бастап келедi екен" деген хабардың өзi дұшпандарының апшысын қуырып, берекесiн қашыратын едi. Ғазауат соғыстары қарсаңында Расулалла (с.а.у.) жауынгерлерiне мынандай нұсқау беретiн: "Мұсылмандарға қарсы қару көтермеген қарапайым адамдарға, еңбек етiп жатқан диқандарға, кәрi мен жас, сәбилер мен әйелдерге қол тигiзбеңдер. Жан-жануарлар мен егiн-жайға, өсiмдiк, бау-бақша, ағаш атаулыға зақым келтiрмеңдер!" Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы қағидасын Халид бин Уалид өзi басқарған майдандардың барлығында, қолынан келгенiнше, берiк ұстануға тырысты. – Олар – қоғамның шынайы тiректерi. Сондықтан қарапайым азаматтарға ерекше құрмет көрсетiлуi тиiс, – дейтiн едi Халид. Ислам халифатына жаңадан қосылған өңiрдiң тұрғындары мұндай иманды қарым-қатынасты бұрын-соңғы өз билеушiлерiнен көрмегендiктен, Халид қолбасшының осынау ықыласына шексiз риза болатын. Сол себептi оның талаптарына ықыласпен ден қоятын. Бұрынғы басшыларының тәкаппар да әпербақан қылықтарына наразы қарапайым халықтың бiраз бөлiгi, көп өтпей-ақ бұрынғы наным-сенiмдерiнен бас тартып, зор құлшыныспен мұсылмандықты қабылдады. Демек, Халид бин Уалид Алла жолындағы өзiнiң жиһадын тек қылыштың жүзiмен ғана емес, осылайша көркем мiнез, инабатты болмысымен де бейбiт түрде жүргiздi деген сөз. Иран елi хижраның алғашқы жылынан бастап-ақ Ислам әлемiне тыныштық бермей келе жатқан-тын. "Бұл елмен есеп айырысатын сәт туды", деп шешкен едi халиф Әбу Бәкiр. Сонымен Халид бин Уалидтiң басқаруындағы Мұсылман әскерi хижраның он екiншi жылының мұхаррам айында, Иранның қалың қолына қарсы жорыққа шықты. Мұсылмандар қолбасшысы шайқаспас бұрын, қалыптасқан әдетi бойынша, Иран қолбасшысы Хурмузға деп жолдау жасайды. – Исламды қабылда! Сонда сен аман-сау боласың. Немесе жизиа салығын төлеуге келiс. Олай етпесең, қатты опық жейсiң. Себебi, Алла жолындағы адал өлiмдi мағынасыз, күйкi тiрлiктен артық санайтын, арыстандай айбатты, жаужүрек жандарды сенiң әскерiңмен шайқасқа әкеп тұрмын, – деген едi Халид. Сөйтiп ол сөзiнде тұрып, ирандық небiр әйгiлi батырларды майдан барысында ат бауырына түсiрдi. Иран қалалары бiрiнен кейiн бiрi тiзе бүгiп жатты. Халидтың шабуылдарына төтеп берудiң мүмкiн еместiгiн Иран қолбасшыларының бiрi Акидар жақсы бiлушi едi. Сондықтан ол өз әрiптестерiне мұсылмандарға қарсы шайқаспауға кеңес берген болатын. Алайда, сөзiн ешкiм тыңдамаған соң өз жайына кеткен екен. Айтқандай-ақ, дәл сол Фараз шайқасында менменсiген Иран қолбасшыларының барлығы да жеңiлiс тапты. Бұдан кейiн Әбу Бәкiр Ирақ майданына қолбасшы етiп тағы да Халидты тағайындады. Ирақта Халидтың бастауындағы он мың адамдық мұсылман әскерi өзiнен саны жағынан бiрнеше есе басым жау қолымен 15 рет майданда бетпе-бет келiп, күш сынасқан екен. Алланың қолдауымен солардың бәрiнде жеңiске жетiп, он бiр ай iшiнде Ирақты толық түрде Ислам халифаты құрамына қаратты. Бұл – жаратушының қолдауымен Халид бин Уалидтiң қол жеткiзген биiк табыстары болатын. Осынау абырой, атақ-даңқтың барлығы оның болмысындағы жанқиярлық ерлiгi және шебер қолбасшылығының жемiсi екенi сөзсiз. Расулалланың (с.а.у.) берген бағасына лайық ғұмыр кешiп, Халид бин Уалид шын мәнiнде Алланың алмас қылышы бола бiлдi. Нұрлытай ҮРКIМБАЙ