Жаңалықтар

ЕУРООДАҚ ЖАҢА САЛЫҚ ЕНГIЗБЕК

ашық дереккөзі

ЕУРООДАҚ ЖАҢА САЛЫҚ ЕНГIЗБЕК

Әр мемлекеттiң кез келген азаматы салық төлеуге мiндеттi. Жер бетiндегi өз құқықтары мен тәуелсiздiгiн жариялаған мемлекеттердiң қазынасы қарапайым халық есебiнен толығып жатады. Бұл – қатаң сақталатын қағида. Жуырда Еуроодақ салықтың жаңа түрiн енгiзуге бет бұрды.

Айналып келгенде ауырлық қара халыққа түсетiнi бесенеден белгiлi. Тұрмыс деңгейi жақсы деген елдiң азаматтары да салық төлеуге құлықсыз. Әйтсе де бұл бастаманың авторлары 2010 жылдың соңына дейiн салықтың жаңа түрiн енгiзуге асығуда. Еурокомиссияның бюджет жөнiндегi комиссары Януш Левандовский жалпы отырыста айтқан ұсынысынан қайтар емес. Оның пайымдауынша, бұл салық Еуроодақ елдерiнiң үкiметiне өте тиiмдi ресурс болмақ. Осылайша Еуропа елдерi ұлттық салықтарды көтермей-ақ ұлттық дефициттi еңсере алады. Мұндай оңтайлы ұсынысты қолдаушылар да табылып отыр. Әзiрге әлiптiң артын баққан мемлекеттер пәлендей қарсылық таныта қойған жоқ. Дегенмен оның осы бастамасын құптамайтындар да аз емес. Әуелден-ақ Ұлыбритания мен Германияның қаржы министрлiктерi ат тонын ала қашты. Ұлыбритания үкiметi салық төлеушiлерiне ұлттық салықтан басқаны артпайтынын анық айтуда.

Януш Левандовский салық туралы жоспарын 2010 жылдың ақпан айында ұсынған болатын. Ал жобаның даяр болғаны туралы мәлiметтi сәуiр айында көпшiлiк назарына ұсынды. Бұл жоспар бойынша Еуроодақ 2011-2014 жылдар аралығында жаңа салық жинамақшы. Бұл жобаға сәйкес еуропалықтар әуедегi ұшып-қону, атмосфераға көмiрқышқыл газын бөлгенi және қаржылық операцияларды жүзеге асырғаны үшiн салықты ЕО қазынасына төлеуге мiндеттi. Егер де бұл жоба өз күшiне енсе, 2011 жылы Еуроодақ 150 миллиард еуро жинап алуы ықтимал. Бұған дейiн Еуроодақ бюджетiндегi табыстың 76 пайызы мүше елдердiң ЖIӨ-не байланысты анықталатын.

Сондай-ақ, жаңа салық 2020 жылға дейiнгi Еуроодақ жоспарларын жүзеге асыруға қажет-ақ. Бүгiнде одақтың бюджетi 7 жылға мөлшерленген. 2011-2020 жылдардағы жаңа бағдарламаларға 57,9 миллиард еуро дайын тұр. Атап айтар болсақ, ресурстарды оңды пайдалануға 21,1 млрд. еуро; инновацияларға 21,9; кәсiптiк бiлiм беруге 9; сандық коммуникацияны дамытуға 2,4; кедейлiкпен күреске 1,6; жастарды қолдауға 1,1; өндiрiстiк жаһандануды реттеуге 0,8 миллиард еуро белгiленген.

Еңбек нарығы мен бәсекелестiктi қолдауға 45 пайыз; қауiпсiздiк және құқық қорғау мекемелерiне 1%; халықаралық байланыстарға 6%; әкiмшiлiк шығындар 6% сома қарастырылған. Ал қалған 42 пайызы қоршаған ортаны қорғауға, еуропалық агрошаруашылықтарына бөлiнедi. Мiне, осы мақсаттарды еңсеруге жаңадан енгiзiлетiн салықтың маңызы зор болмақшы.

Ақниет ОСПАНБАЙ