НАЗАРБАЕВ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПIЛI
НАЗАРБАЕВ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПIЛI
Әлеуметтiк сауалнамаға қатысушылар осылай дейдi
"Стратегия" әлеуметтiк және саяси зерттеулер орталығы шiлде айында қоғамдық пiкiрге жасалған зерттеудiң қорытындысын жариялады. Сегiзкүндiк сауалнамаға 1592 адам қатысқан екен. Зерттеушiлер: "Республиканың 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларын да түгел қамтуға тырыстық" дейдi. Респонденттерге негiзiнен үш тақырып аясында сұрақтар қойылған.
Әуелгiсi, халықтың әлеуметтiк ахуалын бiлуге арналған сұрақтар топтамасы.
Сауалнамаға қатысушылардың айтуынша, соңғы жылдары қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарып келедi. Егер 2009 жылдың шiлде айында респонденттердiң 62 пайызы әлеуметтiк жағдайды тұрақтылық, бақуаттылықпен байланыстырса, қазiргi таңда осы пiкiрдi ұстанатындар қатары 78 пайызға дейiн өскен. Қазақстандағы экономикалық жағдайды "жақсы" деп бағалаушылар саны да жылдан жылға артып келедi. Ал өз тұрмыс жағдайына көңiлi толатындар саны сұраққа жауап бергендердiң 44 пайызын құраған. Жалпы алғанда, өмiр сүру сапасының арту көрсеткiшi соңғы үш айда 14 пайызға дейiн жақсарған. "Қоғамда әлеуметтiк оптимизм артып келедi" дейдi зерттеушiлер. "Алдағы уақытта тұрмыс жағдайым жақсарады" деп үмiттенетiндер саны 10 пайызға өстi.
Әлеуметтанушылар нысанаға алған екiншi мәселе – Қазақстан Президентiне "Елбасы" атағын беруге орай халық пiкiрi.
Зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақтан халқының 89 пайызы Ел Президентiнiң жұмысына көңiлi толатыны анықталған. Биылғы жылдың ақпан айымен салыстырғанда, көрсеткiш 4 пайызға артқан екен. "Назарбаевтың Президент ретiнде сiңiрген қоғамдық еңбегi ресми түрде лайықты бағаланады" дейдi "Стратегия" орталығының президентi Гүлмира Илеуова.
Ал Нұрсұлтан Назарбаевқа "Елбасы" статусын беру жөнiнде сұрауға қатысқандардың 94 пайызы мұны бiлетiн болып шыққан. Оның iшiнде 73 пайызы бұл бастаманы толығымен қолдатыны анықталды. Ал 20 пайызы бейтарап позицияны ұстанса, респонденттердiң 7 пайызы ғана бұл заңнамалық өзгерiстермен келiспейтiндiктерiн айтқан. "Бұл көрсеткiштер қоғамның Президенттi қолдауының айқын көрiнiсi деген ойдамыз" дейдi әлеуметтанушы Серiк Бейсембаев.
Егер Қазақстанда президенттiк басқару мен парламенттiк басқарудың арасынан таңдау жасалар болса, зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың көбiсi күштi президенттiк билiк жүйесiн таңдайтынын айтқан.
Үшiншi мәселе – көршi Қырғыз елiндегi соңғы кездегi саяси ахуалға байланысты тұрғындар пiкiрi.
Қырғызстанда биылғы жылдың сәуiр айында болған оқиғалар туралы одан кейiнгi Ош, Жалалабад қалаларындағы ұлтаралық қақтығыстар жайлы қоғам түгел дерлiк құлақтанған. "Қоғам санасында Қырғызстанда осындай оқиғалардың болуына әлдекiмдердiң мүдделi екендiгi және елдегi билiкке талас кезiнде халық – революцияның қозғаушы күшi емес, билiкке таласушы топтардың құрбанына айналғаны жөнiнде қазақстандықтар толық ақпараттандырылған" дейдi Серiк Бейсембаев.
Респонденттердiң 35 пайызының пiкiрiнше, Қырғызстандағы сәуiр айындағы төңкерiс елдегi саяси-кландық топтардың билiкке таласуынан туындаған. Ал олардың 32 пайызы бұл жағдайды елдегi саяси дағдарыстың кезектi тармағы деп санайды. Сауалнамаға қатысқан әрбiр бесiншi қазақстандық азамат бұл оқиғаларды "халықтық-демократиялық революция" деп сипаттайды. Ең бастысы, қазақстандықтардың басым көпшiлiгiнiң қырғыз төңкерiсi туралы терiс пiкiрде екенi байқалады, адами шығын ақтамайды деген көзқарасты ұстанушылар саны басым.
Сондай-ақ, Ош пен Жалалабадта болған қайғылы оқиғалар кезiнде қазақстандықтар ресми ақпарат көздерiн мiсе тұтпай, бейресми ақпарат көздерiне көбiрек жүгiнгенi белгiлi болды. Қарапайым азаматтар түсiрген бейнедеректер, қалтафондағы жазбалар т.б. интернет арқылы көп таратылып, форум, чаттарда талқыға түскен.
Қырғызстандағы оқиғалардың алғышарттары туралы қойылған сұрақтарға респонденттердiң көпшiлiгi ең басты себеп ретiнде – елдегi экономиканың артта қалуын, халықтың әл-ауқатының тым нашарлығын атап көрсеткен. Екiншi үлкен себеп ретiнде билiктiң әлсiздiгi мен олардың жағдайды уысынан шығарып алуы аталған. Әрбiр бесiншi респондент ұлтараздық жанжалды Бакиевтiң жақтастарының iс-әрекетiнен көредi.
"Қазақстанда осыған ұқсас жағдайдың болуы мүмкiн бе?" деген сұраққа респонденттердiң басым көпшiлiгi: "Жоқ" деп жауап берiптi. Бiрiншiден, республиканың әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың салыстырмалы деңгейде әлдеқайда жоғары екендiгi, екiншiден, территориясының ауқымдығы мен халықтың орналасу тығыздығының аздығы да бұған себепкер. Бұдан соң қазақстандықтардың сана-сезiмiнiң ерекшелiктерi, төзiмдiлiк, сабырлылық, ұстамдылық қағидаттарының қоғамда кең насихатталуы да мұндай жағдайдың алдын алуға сеп. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы – елде тұрақтылықтың сақталуына кепiл екенiн айтады.
"Бiздiң зерттеулерiмiз Қырғызстандағы болған оқиғалар тiзбегi қазақстандықтардың орталық билiк органдарына деген көзқарасын жақсартып, бейбiтшiлiк, төзiмдiлiк, ұлтаралық татулық ұрандарының өзектiлiгiн түсiнуге жетелегенiн көрсетiп бердi" дейдi Гүлмира Илеуова.
Г.ЖЕҢIСБЕКҚЫЗЫ