Жаңалықтар

КЕҢЕС ТАНКIЛЕРI ТАПТАҒАН "ПРАГА КӨКТЕМI"

ашық дереккөзі

КЕҢЕС ТАНКIЛЕРI ТАПТАҒАН "ПРАГА КӨКТЕМI"

1968 жылы 21 тамызда қызыл империяның әскерлерi Чехословакияға басып кiрдi

…"Онжылдық стадионы" спорттық кешенiне жиналған көпшiлiк өз орындарынан шошына дүрк көтерiлiп, үстi-басы алаулап жанғанын елеместен қалың топтың арасында туған Отанын жанұшыра азаттыққа шақырып, "Басқыншыларға өлiм келсiн!" деп айқайлаған адамға үрейлене қараған күй жан-жаққа бытырап қаша бастаған. Алауға оранған адамның бейнесi қандай қорқынышты, лапылдап жанған отқа күйген кiсi етiнiң исi қандай көңiрсiк?! Ал бастан-аяқ қызыл жалынға оранған әлгi адам өлiмнен қорқатын емес: туған Чехословакия үшiн құрбан болуға басын тiккен қаһарман отансүйгiштiк, жанкештiлiктiң символындай боп бiр орыннан тапжылмайды. Кеңестер Одағының жыланбауыр танкiлерi Прагаға баса көктеп кiргенiне наразылық бiлдiрген Рышард Сивец мыңдаған адам жиналған стадионда өзiн осылай өртеп, қайғыға батқан қаралы елде тағы да сандаған кiсi өз өмiрлерiн осылай қиды. Сол қаралы күндерде өз жанын өлiмге қиған қаһармандардың мұндай әрекеттерiн түсiне алмағандар көп болған. Қазiр де мұндай өлермендiктi айыптаушылар табылары сөзсiз. Ал турасын айтсақ, азаттық пен өз елiнiң бостандығын бәрiнен де жоғары бағалайтын, бұғауға бағынбайтын еркiн адам – қаһарман жандар ғана осындай жанпидалық, ерлiкке бара алады. Қайран, Азаттық, сен қандай қасиеттi едiң!..

Рышард Сивецтi жалмаған қызыл жалын Чехословакиядағы "Прага көктемi" атанған ғажайып күндердiң трагедиялық соңғы актiсi, бауырлас чех және словак халықтарының ұзақ жылдар бойы аңсаған азаттық туралы армандарының күл боп көкке ұшуы болатын.

73 жыл бойы қызыл империяны қалауынша билеп-төстеген қанқұйлы коммунистердiң жеке тұлғалар ғана емес, жалпы адамзатқа қарсы жасаған қылмыстық әрекеттерi аз емес. Бiрақ, 1968 жылдың тамызында II дүниежүзiлiк соғыстан кейiн мәңгi достық туралы келiсiмшартқа қол қойған, одақтас славян мемлекетiнiң астанасы – Прага және басқа да қалаларға бақайшығына дейiн мұздай қаруланған сансыз армияның бiр түнде күшпен басып кiруi ешкiм күтпеген жағдай едi. Бойын жаңа тiктеуге ұмтылған шағын Чехославакияның демократиялық реформалар жүргiзудi мақсат еткен үкiметiнiң қару күшiмен құлатылуы осыған дейiн теңдiк, әдiлдiк, әр ел өз егемендiгiне ие болуға құқылы екенiн сөз жүзiнде жариялап келген Кремль билiгiндегiлердiң екiжүздiлiгi мен құбыжық кейпiн әшкерелегенi күмәнсiз. Кейiнiрек АҚШ президентi Рональд Рейган "зұлымдық империясы" деп атаған КСРО-дағы даңғой, тоңмойын орыс коммунистерi Орталық Еуропадағы аядай ғана елдiң өз мақсат-мүддесi, ұстанымдары болуына төзуi мүмкiн емес-тi. Астамшылық жайлаған ел өзгенiң үмiтiн, сенiмiн, келешекке ұмтылысын ұғуға қабiлетсiз. Түсiнуге тырыспайды да. Сондықтан да барша шындықты толық жариялауды және сөз бостандығын ешқашан қош көрмейтiн қызыл империя билеушiлерi тарихқа "Дунай" операциясы деген атпен енген масқара жағдай туралы мәлiметтердi жабулы қазан күйiнде қалдыруға тырысқаны белгiлi. Сондықтан да осы басқыншылыққа қатысты құжаттар 75 жылға дейiн құпия сақталуда. Ал Словакияның Кошице қаласында сол күндерi азаттық үшiн құрбан болған жандардың есiмдерi жазылған қаралы тақта iлулi тұр. Онда: "21. AUGUSTA 1968 BOLI ZABI TI ZABANAMI OKUPACNVCH ARMAD

MIGHAL HAMRAK

JAN HATALA

JOZEF KOLESAR

JAN LASLO

LADISLAV MARTONIK

IVAN SGМIEDT" деп жазылған.

Мұндай қаралы тақталар қазiргi Чехия мен Словакияның көптеген қалалары мен елдi мекендерiнде iлулi екендiгiне еш күмән жоқ. Осы шағын әрi қарапайым ғана мәрмар тақталар адамзаттың сол бiр қаралы күндердi мәңгi ұмытпауы керек екенiн еске салады…

Тамыздың сол бiр мамыражай түнiнде, дәлiрек айтсақ, тамылжыған таңғы сағат 4-те бейқам әлем ұйқысынан дiр етiп шошып оянып, ширек ғасырдай уақыт бұрын ғана сұрапыл соғысты бастан кешкен бейшара Еуропа дүрбелеңге түскен.

Бұл – Шығыс Еуропа елдерiнде алғаш рет орын алып отырған қауiптi жағдай емес-тi. Осыдан 12 жыл бұрын – 1956 жылы Кеңес армиясы бостандыққа ұмтылған венгер халқын аямай қырып, Будапешт қаласын қызыл қанға бояған. Осы жылы содыр сойылдың бiр ұшы Польшаны да жанап өткенi әлi ұмытыла қойған жоқ. Қанды диктатор Сталин өлген соң Кремль билiгiн өз уысына алған Никита Сергеевич Хрущевтiң тоталитарлық жүйенi жұмсартып, қоғамды қайта құру жөнiндегi жалған уәделерiне сенгендер, демократиялық реформалар басталады деп үмiттенгендер оңбай қателескенiн тым кеш сездi. Дүниеде бәрi өзгергенмен, қаражүрек ортадокс коммунистер қайта өзгеруi мүмкiн емес. Ленин мен Сталиннiң өсиеттерiн догмаға айналдырған демагог коммунистер дүниенi түбегейлi төңкерiп тастағанша тыным алмауға серт еткен, 1968 жылы толқулар Польшада да байқалған едi, бiрақ КСРО-ның дәп iргесiндегi елде шынжыр бұғаудың босаңсуы өте қиын. Қатаң езгiдегi социалистiк лагерь елдерi бодандықтан құтылуды қанша аңсаса да, Кремль билiгiне таяуда келген Л.И.Брежнев те қалыптасқан қатал тәртiптi жұмсарта алмайы.

1968 жылы Чехословакия коммунистiк партиясының бiрiншi хатшысы Антони Навотный өз орнын Александр Дубчекке босатып бердi. Чехословакияда жұртшылық сталиндiк жүйенiң ауыр мұрасынан бас тартуды талап етiп, бұқаралық ақпарат құралдарында демократиялық реформалар қалай жүргiзiлуi керек екенi жөнiнде қызу қоғамдық пiкiрталас өрби бастаған. Дубчекпен бiрге билiкке келген әрiптестерi: Черник, Шик, Цижарж және басқалар демократиялық реформаларды жақтаушылар едi және адамдарға бүйрегi бұратын социализм үлгiсiн жасауға ұмтылған жас романтиктер болатын. Бiр өкiнiштiсi, осынау албырт, алдарына жарқын мақсат қойған романтиктер ешқашан iзгi, адамдардың қамын жейтiн социализм құруға болмайтынын түсiне қойған жоқ. Өйткенi, мәселенiң бәрi мемлекеттiң жеке меншiкке деген көзқарасы мен ұстанымдарына барып тiрелетiнi сөзсiз. Ал социализмнiң басты қағидаты – жеке меншiктi және адам құқығын мойындамау болып табылатыны аян. Социализмнiң негiзi – әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк жүйе ғана.

Тарих ғылымдарының кандидаты Иосиф Тельманның жазуынша, 1968 жылы сәуiр айында өткен Чехословакия коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң кезектi пленумында ел коммунистерiнiң Iс-шаралар бағдарламасы қабылдаған. Бұл бағдарлама әдеттегiдей дәстүрлi коммунистiк рухта жасалған едi. Бiрақ, Чехословакия тағдырына түбегейлi өзгерiстер енгiзетiн екi маңызды мәселе ендiрiлген болатын. Бiрiншiден, Чехословакия коммунистерi әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк басқару жүйесiнен бас тартуға бел байлады. Екiншiден, сөз және баспасөз бостандығына кепiлдiк берiлдi. Бұл Мәскеудi алаңдата бастағаны бiрден аңғарылды. "Прага көктемi" көсемдерiнiң бiрi Зденек Млынарж жазғандай, Александр Дубчек Мәскеумен қарым-қатынасты үзудi қалаған жан емес. Оның бүкiл балалық шағы, жастық кезеңi КСРО-да өттi, осында өсiп, қызыл империяда тәрбиелендi. Дубчек социализм идеалдарына еш күмән келтiрiп көрген адам емес. Соғысқа дейiн КСРО-ға келген нағыз күрескер коммунистiң баласы, Мәскеудегi Жоғарғы партия мектебiн үздiк тәмамдаған түлегi, небары 46 жасар словак азаматы Александр Дубчекты Кремль билеушiлерi аса жақын тартып, тiптi оны Саша деп те атайтын. Ендi Александр Дубчектiң әрбiр сөзi мен қадамы, ресми Прагада болып жатқан кез келген оқиғаны Кремль басшылары "ленинизм мен социализм iсiне сатқындық жасаудың сұмдық актiсi" деп бағалай бастады. Чехословакияға қарулы әскер кiргiзу ендi тек уақыттың еншiсiндегi ғана iс. Әсiресе, КПСС-тiң Орталық Комитетi Саяси Бюросындағы соғысқұмарлар: Шелест, Подгорный, Мазуров, Шелепин секiлдiлер мен Польшаның басшысы – Гомулка, немiс Ульбрихт, Болгарияның басшысы Тодор Живков тезiрек "Прага көктемiнiң" тамырына балты шабуды талап етумен болған.

Чехословакияға әскер кiргiзу туралы шешiм 16 тамыз күнi КПСС Орталық Комитетi Саяси Бюросының кеңейтiлген мәжiлiсiнде қабылданып, Варшава келiсiмшартына қатысушы елдер басшыларының 18-тамызда Мәскеуде өткен жиынында мақұлданды.

20-тамыз күнi Чехословакияға басып кiруге дайын әскерлердiң саны 500 мың адамға жеткiзiлiп, 5 мың танкi мен құрыш сауытты машиналар алғы шепке шоғырландырылды. "Дунай" операциясын жүзеге асыруға кеңестiк 18 дивизия сақадай сай едi. Оған қосымша одақтас елдердiң 8 дивизиясы да кез келген сәтте алға ұмтылуға әзiрлендi. Бұларды әуеден аса қуатты авиация қолдауға дайын. Бейбiт елдiң шекарасына басып кiруге кеңестiң 1-шi гвардиялық танк армиясы, 20-шы жаяу әскер армиясы, 16-шы әуе армиясы (Германиядағы кеңес әскерлерiнiң тобы), Белорусс әскери округының 11-шi гвардиялық жалпы әскерлер армиясы, Прикарпат әскери округының 13-шi және 38-шi жалпы әскерлер армиясы мен Одесса әскери округiнiң 14-шi әуе армиясы атой салуға дайын тұрды. Бұл аз болғандай Венгрияда Оңтүстiк майдан құрылды. Мұндай қуатты әскерлер тобы бiр бағытта II дүниежүзiлiк соғыс жылдарында да жиi шоғырландырылып көрген емес. Чехословакияға басып кiру фашистiк Германияның КСРО-ға шабуыл жасаған кезiн, әйгiлi "Барбаросса" жоспарының тiкелей көшiрмесi секiлдi екенiн айтқан жөн. Кеңес әскерлерi ешқандай сылтау болмағанына қарамастан және еш ескертусiз-ақ таң қараңғысында – сағат төртте елдегi, әсiресе, Праганың әуежайларын күзетке алды. Гүжiлдеп алға ұмтылған сансыз танкiлер шекараны таптап өтiп, халық шырт ұйқыда жатқанда қалалар мен елдi мекендердi темiр құрсауға алды. Бақайшығына дейiн мұздай қаруланған әскерлерге қарсылық көрсетемiн деп бейбiт халықтың бекерден бекер қырғынға ұшырауы мүмкiн екенiн ескерген Чехословакия мемлекетiнiң лидерлерi басқыншыларға қарсылық көрсетпеуi жөнiнде бұған дейiн-ақ нұсқау берген. Чехословакия армиясы да елеулi қарсылық көрсетпей, қаруларын тапсырды.

Алайда, көп ұзамай-ақ Кеңестер Одағының арнаулы қызмет адамдары амалсыз тiзе бүккен кiшкентай елде қанды террор ұйымдастыра бастады. "Прага көктемiнiң" белсендi мүшелерi мен жақтаушылары жаппай қуғынға ұшыратылып, түрмелерге жабылды. Кейбiреулерi құпия түрде атылды немесе белгiсiз жағдайда ажал құшты. Зұлымдыққа негiзделген қанды жоспарды жүзеге асырудың жолы көп екенiне әлемнiң көзi жеттi. Ең сұмдығы сол, кейбiр деректерге қарағанда, армия тарапынан қарулы қарсылық көрсетiлмеуiне қарамастан, Чехословакияның Қорғаныс министрiнен бастап, бүкiл беделдi генералдар астыртын жағдайда атылған едi. Осыдан былай қарай батыс елдерiнiң Кеңестер Одағымен қарым-қатынасы күрт салқындап, "қырғи-қабақ соғыс" одан әрi күшейе түстi. Мұның өзi Кеңестер Одағының түптiң түбiнде бiржола ыдырауына әкелiп соққаны белгiлi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ