Жаңалықтар

ӘЛЕМ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРДЫ АЙЫПТАП ОТЫР

ашық дереккөзі

ӘЛЕМ ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРДЫ АЙЫПТАП ОТЫР

Қазақстан ғалымдарының ядролық зерттеулерi жоғары бағаланды

Ядролық қаруды таратпаудың және сынақтарды тоқтатудың жолдары әлi де қарастырылып келедi. Жуырда Курчатов қаласында "Ядролық қару сынақтары мен салдарының мониторингi" атты VI халықаралық форум өттi. Бұл басқосуға Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi, норвегиялық NORSAR орталығы және Франция мен Ресейдiң ғылыми зерттеу институттары қатысты.

Өткен жылы Жапонияның Ниигата қаласында өткен БҰҰ-ның қарусыздану жөнiндегi ХХI конференциясына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолдау жасаған едi.

"Жақында бiз Бiрiккен Ұлттар Ұйымына 29-шы тамызды Бүкiләлемдiк халықты жаппай қырып жоятын қарудан бас тарту күнi деп жариялау туралы ұсыныс енгiздiк және бұл ұсыныстың халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болып отырғанына қуаныштымыз. Бүгiнде ядролық қарусызданудың ең үздiк үлгiсiн ядролық державалардың өздерi көрсетулерi керек. Сондықтан да бiз өз ядролық қаруларын әрi қарай қысқарту жөнiндегi АҚШ пен Ресей президенттерiнiң ниеттерiн қолдаймыз", – делiнген Қазақстан президентiнiң мәлiмдемесiнде. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы тарихи шешiм екенiн дәлелдейдi. Ол халықаралық қауымдастықтың назарында. Сондықтан да 29-тамыз ядролық сынаққа қарсы күн болып халықаралық деңгейде танылып отыр.

Биылғы Халықаралық форумның кезектi жиыны екi жыл өткен соң басқосып отыр. Әлемнiң жетекшi сейсмолог және геофизик мамандары ядролық қарудың соңғы жетiстiктерi мен сынақ салдары, ғылыми зерттеу тәжiрибелерiмен алмасу үшiн жиналды. Бұған дейiн Бурабайда ұйымдастырылып келген дәстүрлi форумның Курчатов қаласына көшуiнiң өзiндiк салмақты себептерi бар. Атап айтар болсақ, Курчатов қаласының географиялық орналасуының өзi полигон сынақтарынан алыс емес. Сондай-ақ бұл жерде кеңестiк ғалымдардың бұрынғы ғылыми нысандары, бақылау объектiлерi орналасқан. Осыдан қырық жыл бұрын бой көтерген ядролық сынақты бақылау станциясы да осы жерде.

Бүгiнде елiмiзде жасалған мониторингтер әлемдiк геофизика зерттеулерi мен сейсмикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде жиi қолданылып келедi. Конференцияға қатысушылардың бiрi – норвегиялық NORSAR сейсмикалық орталығы. Орталық өкiлдерiнiң айтуынша, Қазақстан жер қыртысын зерттеуде жақсы нәтижелерге жеткен.

– Бiздiң елiмiзге қарағанда Қазақстандағы сейсмикалық станциялардың саны басым. Қазақстанның жер көлемi өте кең, геологиялық құрылымдары әртүрлi. Қазақстан сейсмологиялық станциялары жасаған мониторингтi есепке ала отырып, бiз Норвегиядағы осындай нысандардың салынуын шешкен болар едiк, – дедi NORSAR орталығының өкiлi Швайцер Ийоханнес.

Елiмiзде 15 сейсмологиялық станция жұмыс жасап келедi. Соңғысы жуырда ғана "Кармион" халықаралық ұйымымен бiрлескен түрде Жезқазған қаласына салынды. Орталық Қазақстандағы бұл станция республика өлкелерiне тегiс бақылау жүргiзе алады. Айтқандай, осы сейсмикалық станциялардың көмегiмен жақында жер сiлкiнiсi қатты байқалатын жаңа нүктелер ашылды. Ендi бұл жерлер үнемi бақылауда болмақшы. Оның үстiне аймақтық сейсмикалық карталар бүгiнде ескiрiп қалған. Аймақтық карталарды жаңарту, жер қыртысының қауiптi аудандарын бақылау жаңа апаттардың алдын алмақ. Себебi соңғы жылдары елiмiзде бiрнеше зiлзала болып, халыққа айтарлықтай зардабы тиген-дi. Мәселен, 2003 жылдардағы Луговойдағы жер сiлкiнiсi, 2008 жылғы Шалқардағы жер сiлкiнiсi және 2009 жылы болған Текелiдегi зiлзала 7–8 баллға жетiп, жергiлiктi халықтың зәре-құтын алған.

Бұл форумның басты мақсаты – ядролық зерттеу нәтижелерiн сейсмикалық проблемалардың алдын алуда тиiмдi пайдалану. Сол үшiн Қазақстан – ғылыми зерттеу жүргiзу үшiн өте қолайлы орта. Әлемдiк сарапшылардың айтуынша, ядролық қаруды зерттеуде ешбiр мемлекет кедергi болмайды, сондықтан жер шарының мемлекеттерi бiрлесiп жұмыс жасауы тиiс. Осы орайда Қазақстан ядорлық жарылыстарға тыйым салатын бүкiләлемдiк ұйыммен бiрлесе жұмыс жасайтынын ескерген жөн. Бұл құжат 1996 жылы бекiтiлген және айта кететiн бiр жайт, елiмiз бұл құжатқа алғашқылардың бiрi болып қол қойған. "Аталмыш ұйым Қазақстанмен әрiптестiктi жоғары бағалайды. Әсiресе халықаралық моинторинг жүйесi, ядролық қарулардың тексерiлуi мен берген мәлiметтерi өте маңызды. Осы бағыттар бойынша Қазақстан бiзге қол ұшын созып келедi", – дедi Ядролық жарылыстарға тыйым салатын бүкiләлемдiк ұйымның өкiлi Матияж Прах.

– Қазақстанда ауқымды геофизикалық обсерваториялар бар. Әлемдегi ядролық сынақтарды тоқтатуға өзiндiк үлесiн қоса алады, – дедi Ұлттық Ядролық орталықтың бас директоры Қайрат Қадыржанов.

Бүкiләлемдiк ядролық қару сынақтарына тыйым салу туралы құжатты бекiту күн тәртiбiне қойылған. Аталмыш құжатқа қол қойылғаннан соң 180 күннен кейiн күшiне енедi. Әрине, 1996 жылы қарусыздану туралы конференцияға қатысқан 44 мемлекеттiң қолдауымен. Бұл мемлекеттердiң барлығында ядролық реакторлар бар, осылардың 8-i әлi күнге дейiн құжатты ратификацияламаған. Ал жуырда өткен 6-шы халықаралық форумда 182 мемлекет ядролық сынаққа қарсы құжатқа қол қойды. Бiрақ 153 мемлекет бұл құжатты ратификацияламай отыр.

Ақниет ОСПАНБАЙ