Жаңалықтар

ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ ЕСIРТКIМЕН ҰСТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ ЕСIРТКIМЕН ҰСТАЛДЫ

"Естiмеген елде көп". Қарағанды қаласында адам айтса сенгiсiз оқиға орын алды. Басқа басқа, талай жыл ұстаздық еткен ұлағатты ұстаздың есiрткi саудасын қыздырып жүргенi анықталды. 72 жастағы зейнеткер Тамара Батуеваға есiрткi сатумен айналысқан деген айып бойынша сот шешiмi шығарылып, 10 жыл түрмеге тоғытылды.

Оңай жолмен ақша тауып жүрген Тамара әжей зейнет жасына дейiн мектепте мұғалiмдiк қызмет атқарған. Тiптi, бiлiм саласына сiңiрген еңбегi үшiн ол "Халық мұғалiмi" және "Жылдың құрметтi мұғалiмi" атағымен марапатталған екен. Шынында да, жарты ғасыр бойы балаларға бiлiм нәрiн құйып келген ұстаздың өрескел қылмысқа баруы ел-жұртты таңқалдырмай қоймады.

Тамара Батуева ақпан айында ұсталған. Қарағанды қаласы есiрткi саудасымен қарсы күрес бөлiмiнiң қызметкерлерi зейнеткердi құрықтаудың жолын тауып, дер кезiнде iске кiрiскен. Өз iсiне әккi мамандар таныс адамды жiберу арқылы үш мәрте героин сатып алғызған көрiнедi. Кәрi әжей есiрткiнi үйiнде сатқан жерiнде қолға түскен. Содан берi тергеу амалдары жүргiзiлiп, iстiң анық-қанығына көз жеткiзiле бастады. Куәгерлер қылмыстық iске қатысты сот отырысында қарт ананың есiрткi сатумен айналысқандығы туралы шындықты бүкпесiз жайып салған. Қылмыстық iс туралы бейне материалда 72 жастағы зейнеткердiң бiр қалта героиндi 3 мың теңгеге саудаланғаны тайға таңба басқандай көрiнiп тұр. Қарағанды қаласы Iшкi iстер басқармасы мамандары әбден көздерi жеткен соң ғана есiрткi саудалап, ақшаға белшесiнен батып жүрген зейнеткер ұстаздың қолына кiсен салуға мәжбүр болды.

Тамара Батуева өз кiнәсiн мойындаудан қашқақтаса да, оның пәтерiнен он шақты қалта есiрткi ұнтағы табылыпты. Алайда, жандәрмен болған зейнеткер: "Героиндi сатумен айналысқан жоқпын. Оны үйдегi нашақор балама сатып алып едiм" деп ақталып әлек. Жабылған жалаға екiұшты қарсылығын танытқан ол аштық жариялауға бел буыпты. Бiрақ сот төрағасы Төлеген Таңсықпаев зейнеткердiң бұл сөздерiне күмәнмен қарайды. "Iстi тергеу барысында Тамара Батуеваның қылмыстық әрекетi дәйектi дәлелдермен айшықталды. Бұдан артық не керек?" деген пiкiрiн кесiп айтты ол.

Соңғы уақытта дәл осындай төбе шашымызды тiк тұрғызатын тосын оқиғалар жиi тiркелетiн болды. Әсiресе, бiлiм ошақтарында ертеңгi болашағымыз – балаларға тәлiм-тәрбие берiп жүрген ұстаздардың iшiнде қылмыскердiң бой тасалауы қорқынышты жайт. Тағы бiр мысал. Жақында Ақтөбе облыстық IIД ұйымдасқан қылмыспен күрес жөнiндегi және есiрткi қылмысымен күрес жөнiндегi басқармаларының қызметкерлерi мектеп-гимназияның 36 жастағы мұғалiмiн ұстады. Оны тiнту барысында 0,49 грамм героин табылып, тәркiлендi. Облыстық IIД баспасөз қызметiнiң жетекшiсi Алмат Иманғалиевтiң айтуынша, ұсталған азаматтың Ақтөбе облысындағы аудан орталықтарының бiрiндегi мектеп-гимназияда ұстаз болып жұмыс iстейтiнi анықталған. Ол қолға түскен күнi оқу-жаттығуларын өткiзу үшiн оқушылар тобын әскери полигонға алып келiптi. Бiр үрей туғызарлығы, мұғалiм 2009 жылдан берi героиндi тамырға егу арқылы қолданатынын ашып айтқан. Қазiргi кезде оның үстiнен ҚР ҚК 259 бабы "Есiрткi заттарын сақтау" бойынша қылмыстық iс қозғалды.

Мұндай оқиғадан кейiн не айтуға болады? Бiз тiлге тиек еткен екi қылмыстың бас кейiпкерлерi – мұғалiм болып отыр. Оқушыға бiлiм берiп, дұрыс бағыт сiлтейтiн мұғалiмнiң сиқы осы болса, басқасынан не күтесiз? Бұдан соң ұстазға баласын сенiп тапсыратын ата-ана қандай күйде?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ