Жаңалықтар

ҚАРЖЫ БӨЛIНЕДI. АЛ СОЛ ҚАРЖЫ ҚАЛАЙ ИГЕРIЛЕДI?

ашық дереккөзі

ҚАРЖЫ БӨЛIНЕДI. АЛ СОЛ ҚАРЖЫ ҚАЛАЙ ИГЕРIЛЕДI?

Қаржылық дағдарыс басталғаннан берi қаржы рыногындағы ахуалдың кежегесi кейiн кете бастағаны айдан анық. Бюджеттен бөлiнген қаржыны игеруiне байланысты да солақай құбылыстардың аңғарылып қалған сыңайы бар. Қасқалдақтың қанынан қат бюджет қаржысының игерiлуiне байланысты олқы тұстар жыл сайын созылмалы дауға айналып келедi. Бұл қазақстандық қаржы рыногы үшiн таңсық та болудан қалып бара жатыр.

Алғашқы рет республикалық бюджеттiң қомақты бөлiгi игерiлмеуi алдыңғы жылы уыздай жас Арман Дунаевтың қаржы министрi кезiнде болды. Ол кезде ел әлемдiк қаржы дағдарысының салқынын әлi толық сезiне қоймаған. Соған қарамастан 52 млрд. тенге бюджет қаржысы игерiлмей қалды. Басқаша жағдайда қаржы министрiнiң аяусыз жазаланатын тұсы осы-тұғын. Алайда билiк оны басқа жұмысқа ауыстырумен ғана шектелдi.

Үстiмiздегi жылы дәл осы оқиға қайта қайталанып отыр. Болат Жәмiшевтiң дәуiрiнде 60 млрд. бюджет қаржысы игерiлмей қалды. Ал Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов болса бюджет қаржысының игерiлмеуiне байланысты кiнәлiлердiң аяусыз жазаланатынын өткен жылы-ақ ескерткен.

Бюджеттiк қаржының игерiлмеуi тiкелей мемлекеттiк бағдарламалардың жүзеге аспауына тiкелей әсер етедi. Оның үстiне бюджетке ғана аузын ашып отырған адамдар да көп. Негiзiнен мұғалiмдер мен дәрiгерлерден тұратын осынау контингенттiң мүддесiнiң ең жоғарғы инстанциялардан қорғалуы да заңды.

Даулы-дамайлы, күмәнi көп 60 млрд. теңге тағдырының парламентте талқылануы да қисынды болатын. Парламентте заңдық мәселелерiмен тiкелей айналысатын комиссияның мүшесi депутат Ирак Елекеев: "Тексерiс комиссиясының осы iске байланысты шығарылған шешiмi болашақта бюджет тәртiбiнiң бұрмаланбауына ықпал етедi деп ойлаймын",– деп атап көрсеттi. Ал екiншi депутат Рамазан Сарпеков "Бұл орайдағы жазалаудың аса қатаң болуға тиiстi екенiн" алдын ала ескерттi.

Алайда, жазаланған ешкiм жоқ десе де болады. Болат Жәмiшев бәз-баяғысынша жайлы кабинетiнде қаржысын санап, тып-тыныш отыр.

Ал сонда қыруар көлемдегi бюджет қаржысының игерiлмеу себебi неде өзi?

Экономикадағы түрлi қиындықтарға қарамастан Қазақстан дағдарысқа қарсы шаралар барысында айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiзуде. Үстiмiздегi жылдың бiрiншi тоқсанында экономикалық өсiм өткен жылдың тиiстi мезгiлiмен салыстырғанда 6,6 пайызға артық болды. Ақиқатында ондай өсiмдi ешкiм күткен жоқ болатын. Өткен жылдың Iшкi Жалпы Өнiмiнiң өсiмi 1,1 пайыз ғана болған. Сондай-ақ 2010 жылдың бiрiншi тоқсанында өндiрiстегi өсiм 11,5, саудадағы өсiм 11,5 ауыл шаруашылығындағы өсiм 2,4 пайыз болды. Баса айтар жайт, бұл өсiм көп жағдайда әлемдiк сауда рыногында жүзеге асты. Өйткенi Қазақстан экономикасы негiзiнен шикiзат экспортына тәуелдi. Сондықтан әлемдiк экономикада өсiм ырғағы байқалса, ол бiрден Қазақстандағы қаржылық ақуалға тiкелей әсер етпек.

Үстiмiздегi жылдың басындағы құн нарығындағы оңтайлы ахуал тек осыған ғана байланысты емес. Үкiметтiң дағдарысқа қарсы шаралар ауқымында белсендi жұмыс жүргiзгенiнде де дау жоқ. Соған байланысты елдiң қаржылық экономикалық ахуалы түзеледi деген де үмiт болған.

Дегенмен қаржылық ахуалды онтайландыруға бағытталған көптеген бағдарламалар жүзеге аспай қалды. Кедендiк одаққа енуге байланысты елдiң макроэкономикадан бас тартып, индустрализациялануға бағыт ұстағаны белгiлi. Демек болашақтағы қаржы-экономикалық бағдарламалар онан әрi күрделенiп, орындалуы да қиындай түспек.

Соңғы өзгерiстерге байланысты 2010 жылы жүзеге асуға тиiс жобалар құны 800 млрд. тенгеден асып отыр. Ал 60 млрд. теңгесi игерiлмеген 2009 жылғы жобалардың құны 500 млрд. теңге шамасында болған. Сондықтан биылғы жағдайдың келер жылыда қайталанбайтынына ешкiм кепiлдiк бере алмайды.

Тағы да бiр айтпай кетуге болмайтын жағдай бар. Қазақстандық қаржы шенеунiктерi алдын ала жоспар жасауға құмар. Әрi деректер ешқандай қисынды аргументсiз аспаннан алынатындай. Мәселен, Қазақстанның индустрализациялану бағдарламасына сәйкес 2014 жылғы көрсеткiштердi нақтылап көрсетудiң қаншалықты ақиқат болуы мүмкiн?

Мәселен, онда iшкi жалпы өнiмнiң өсiмi 2008 жылмен салыстырғанда 50 пайыз болады деп көрсетiлген. Ал еңбек өнiмдiлiгi керiсiнше 50 пайызға, өңдеушi сектордағы өсiм 100 пайызға жетпек-мыс. Әрине, бiздiң бұл жерде қолданып отырған "мыс" жалғауы – мифологиялық аңсарлардың тетiгi, әрi бiз солай жасауға мәжбүрмiз де. Өйткенi келесi жылғы емес, 2014 жылдың көрсеткiштерiн болжап бiлудiң өзi неғайбыл нәрсе.

Сондай-ақ алдын ала жасалған қаржылық экономикалық болжамдар бойынша шикiзаттық емес экспорт көлемi 40 пайызға жетiп, инновациялық кәсiпорындар салу 10 пайызға артпақ көрiнедi.

Осы жоспарлардың тым құрымады 20-30 пайызы орындалған күнде де қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық болар едi-ау. Дегенмен, аталмыш жоспарлардың орындалуы өте күмәндi екенi қазiрдiң өзiнде айдан анық. Бiрiншiден, осыншалықты кең ауқымдағы жұмыстарды атқаратын республикада адам саны тапшы. Сондай-ақ шикiзаттық емес экспорттың бiздiң жағдайымызда 40 пайыздық өсiм құрауы да дүдәмал. Ондай нәтижеге жететiндей нақты мүмкiндiктiң жоғы белгiлi. Ал, еңбек өнiмдiлiгiнiң 100 пайыздық өсiмi туралы не айтуға болады? Ондай жетiстiк баяғы кеңестiк заманның өзiнде де болған емес, болмайды да. Демек, ол да қағаз жүзiнде ғана қалатын арман деген сөз.

Осының бәрiн пайымдай келе, жоғарыда көрсетiлген көлемдегi жұмыстарды атқару үшiн республикалық бюджеттен бөлiнетiн қаржының игерiлмей қалуы әбден заңды құбылыс деп тұжырымдауға болады. Демек, о бастағы жоспарлар мен бағдарламалар белгiлеуде қателiк бар деген сөз. Тiптi кейбiр мамандар осы мақсаттарға бөлiнген қыруар қаржының 30 пайызы ғана игерiледi. Ал қалғаны ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетедi деген де болжамдар жасап жүр.

Әңгiме жыл сайынғы бюджет қаржысының игерiлмеуiне байланысты болып отыр. Дегенмен, оңтайлы өзгерiстерден де үмiт үзудiң қажетi жоқ сияқты. Өйткенi, бизнестiң жол картасының бiр бөлiгi жүзеге асырылған күнде де ол қаржылық салада мультипликативтi әсер деген ғаламаттарға түрткi болып, экономиканың барлық саласына қозғалыс енгiзетiн көрiнедi. Оған құрылғанына бiр-ақ ай болса да, оңтайлы нәтижелер бой көрсете бастаған кедендiк одақтың тиiмдiлiгiн қосайық. Яғни, кедендiк одақтың түрткi болуымен, тұтыну рыногының өсуiмен жеке өнеркәсiптегi жергiлiктi кәсiпорындар ынталанып, белсендiлiгiн арттыруы да мүмкiн.

Дегенмен, елдiң қаржы рыногында жыл сайынғы бюджет қаржысының игерiлмей қалу қаупi әлi де болса сейiлген жоқ. Әрi оның саяси-экономикалық қана емес, жергiлiктi тұрғындар үшiн тұрмыстық-әлеуметтiк маңызы барын да есте ұстауымыз қажет.

Өмiрзақ МҰҚАЙ