Жаңалықтар

«ҚОРҒАС-ЖЕТIГЕН» ТЕМIРЖОЛЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

ашық дереккөзі

«ҚОРҒАС-ЖЕТIГЕН» ТЕМIРЖОЛЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Жоңғар Алатауы жотасын бойлай салынып жатқан "Қорғас-Жетiген" темiржолы аяқталуға жақын. Жақында "Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамының басшылары мен жұмысқа тартылған мердiгер компаниялардың өкiлдерi Алматы облысында кездестi. Бұл көшпелi штаб отырысында құрылысты бiтiрудiң соңғы фазалары талқыланды.

Қорғас пен Жетiген арасын қосатын шойын жолдың жалпы ұзындығы – 239 шақырым. Ал жолдың өн бойында 29 көпiр, 2 жол өткелi, 307 су құбыры салынуы тиiс. Көптен қолға алынған құрылыстың жалпы құны 153,2 миллиард теңге. Бұл қаржы 14 темiр жол бекетiнiң салынуына бөлiнген. Құрылыстың соңғы кезеңдерiнде рельс-шпалдар қойылуда. Осы жұмыстар үшiн құрылыс басына 40 мың тонна жаңа рельс әкелiнiп, 29 шақырымдық рельс-шпалды торламалар жинақталып қойылды. Қорғас-Жетiген аралығындағы 14 көпiр мен жол өткелiнiң құрылысы жақын арада басталмақшы.

Қазiрге дейiн жол құрылысында 9,4 млрд. теңгенiң қаражаты игерiлген. Құрылыс жұмыстарына 1045 техника мен жабдық, 1200 адам жұмылдырылған. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға 11 мердiгерлiк компания қатысуда. Ал Көлiк және коммуникация министрiнiң бұйрығы бойынша құрылған Қорғас-Жетiген темiржол желiсiн салу жобасының iске асырылуын қадағалау жөнiндегi штабтың жұмысы тұрақты түрде жүрiп тұратын болады.

"Түркiстан-ақпарат"