Жаңалықтар

АЙЛАРДЫҢ ТӨРЕСI – РАМАЗАН!

ашық дереккөзі

АЙЛАРДЫҢ ТӨРЕСI – РАМАЗАН!

Күллi мұсылман жұрты тағатсыздана күткен Рамазан айы да келiп жеттi арамызға. Бұл күндерi хақ дiнiмiз Исламның бес парызының бiрi – ораза ұстауға ниет бiлдiрген барша мұсылман бауырлар үлкен сауапты iстер мен мол ризыққа бөленедi екен.

Биыл тамыз айына дөп түскен қасиеттi айдың өзiндiк ауыртпалықтары да жетерлiк. Әсiресе, тамылжыған тамыздың аптап ыстығы мен шөлiркеген шөлiне шыдаудың өзi үлкен сауап. Мүбәрәк ай – жарлыны жарылқап, байға ынсап сыйлайды. Аяғын шәлкес басқан жандарды дұрыс жолға салып, тәубешiл етедi.

Өткен жұмада Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi табалдырықтан аттаған Рамазан айымен мұсылман қауымды шын жүрегiмен құттықтады. Бас мүфти өз сөзiнде елiмiздiң барлық азаматтарын айлардың сұлтаны – қасиеттi Рамазан айына байланысты мол сауапқа бөленетiн iс-шаралар атқаруға шақырды. Ол сондай-ақ, кәсiпкерлерден адам баласы күнделiктi тұтынатын азық-түлiк пен киiм-кешек бағасын түсiруге үндеу жасады. Бас мүфти айтқан қонақ үй, шаштараз, монша сияқты басқа да қызмет көрсету орындары мен ұшақ, пойыз, көлiк түрлерiнiң құны шамамен 10 пайызға дейiн арзандатылса, мұсылман жамағатына жасалған жеңiлдiк болар едi.

Десе де, қазiрдiң өзiнде қара базарда азық-түлiктiң бағасы өсiп кеткен. Өрiк-мейiз секiлдi кептiрiлген жемiс-жидек түрлерiнiң құны әп-сәтте өзгерiп салған. Алыпсатушылар болса, мұның себебiн тауар жеткiзушiлердiң тойымсыздығынан көредi. Қандай үндеу жасамайық, қасиеттi айда бағаны шарықтатып, пайда тапқысы келетiндердiң бар екендiгiн мойындаған жөн.

Рамазан айы – барша жаман әдеттен аулақ болу айы. Бұл кезде мұсылман бауырлар iшiп-жеуден тыйылып, бойын таза ұстауға тырысады. Жайылған ақ дастарқан тек тәттi тағамға толады. Бiр айта кетерлiгi, әзiрге қасиеттi айда дүкендер мен мейрамханаларда спирттi iшiмдiк сатуға тосқауыл қойылмай тұр. Кейбiр дүңгiршiктер ащы судың түр-түрiн сөрелерге самсатып қойса да, "әй" дейтiн әже таппайсыз. Неге? Себебi, бiздiң тиiстi мекемелер қанша жерден iшiмдiк пен темекiнi жарнамалауға тыйым салса да, iс жүзiнде орындалмай келедi. Соған қарағанда, бұл мәселенi үкiметтiк деңгейде қолға алып, қатаң талап орнату керек сияқты.

Осы тұрғыда "Халықтан мейрамханалар мен дәмханаларда арақ қоймауды, арақ iшпеудi сұрап, үндеу жарияладық", – дедi Бас мүфти. Егер осы үндеу сөз жерде қалмай, құзырлы мекемелердiң дер кезiнде әрекетке көшуiне түрткi жасаса, құба-құп болар едi.

Сол сияқты тәрбиенiң негiзгi құралы – телеарналардан бейәдеп, зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлықты насихаттайтын фильмдердiң көрсетiлiмiне нүкте қойылса екен деп тiлеймiз. Керiсiнше, бұл айда жастар мен жасөспiрiмдердiң дiни сауатын ашуға бағытталған түрлi дiни-рухани сарындағы бағдарламалар экранға жол тартса екен. Онсыз да жастардың бойына адамгершiлiк қасиеттер мен отансүйгiштiк рухты себетiн дүниелерге сусап тұрғанымыз ащы да болса шындық. Бұл ұсынысты елiмiздегi телеарналар қаперiне алса, өскелең ұрпақ жылдан жылға Ораза айының қадiр-қасиетiн ерекше сезiнетiн бе едi, кiм бiлсiн?

Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы ай. Бұл күндерi әлемнiң 2 миллиардтай мұсылман халқы Алла Тағалаға мiнәжәт етiп, құлшылық етуде. Лайым, 30 күн ораза елiмiзге тыныштық орнатып, табиғат апатынан сақтасын!

Динара ДҮРМӘН