Жаңалықтар

КӨНЕ ҚАЛА ЖӘДIГЕРЛЕРI

ашық дереккөзі

КӨНЕ ҚАЛА ЖӘДIГЕРЛЕРI

Ұлы Жiбек жолының саудагерлерi дамылдап, тауар алмасатын керуенсарайлары бертiнде сәулеттi қалаларға айналды. Кейiнгi ортағасырларда мәдениетi гүлденген қалалардың орны мен қазбалары табылып, тарихымыз бен рухани байлығымызды тереңдете түсуде. Солардың бiр дәлелi ретiнде Тараз қаласынан табылған көне құмыраларды айтуға болады.

Тараздағы Шахристан базары ежелгi қаланың орны. Осы маңайдан көненiң көзiне айналған бұрынғы мәдениеттiң жәдiгерлерi көптеп табылуда. Ал жақында жекеменшiк үйлердiң бiрiнiң ауласынан шамамен XII-XII ғасырларға тән қыш құмыра табылды. Үйдiң қожайыны Ә.Әлiшеров iргетас қою үшiн 2 метрдей тереңдiкке бойлайды. Осы кезде қыш ыдыс – хум құмырасына дөп келген. Үй қожайынының айтуынша, бұл жерде бiрнеше құмыра болған сияқты. Себебi құмыра сынықтары тым көп. Бұл құнды қазбаның орнына дереу жеткен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының сәулетшi-реставраторы Тайжан Дәуренова құмыраның қай ғасырға жататынын анықтады.

Бұл жер керуенсарайлар орналасқан рабадтың аумағы дейдi тарихшылар. Археология институты бұл тұста қазба жұмыстарын тереңдетiп жүргiзбекшi. Тарих беттерiне үңiлсек, XIII ғасырда Таразға шабуыл жасалып, қала қирап қалады. Бұдан кейiн де қала бiрнеше ғасыр бойында тек үйiндi болып жатқан. Көне тарихы әлi тереңде жатқан, екi мыңжылдық баяны бар қаланың әлi күнге құпия сырларын зерттеуге "Өлкетану" қорының мамандары аттанбақшы. Бұл қордың қоржынында Тараз қаласынан табылған VI ғасырға тиесiлi ғибадатхана бар. Мұндай жәдiгерлер жақында Қарағанды облысынан да табылған болатын.

Аманжол БЕЙIМБЕТ