Жаңалықтар

ҚАРАСАЙДА ЕСЕТТIҢ МЕШIТI АШЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ҚАРАСАЙДА ЕСЕТТIҢ МЕШIТI АШЫЛДЫ

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Шамалған стансысында Тама Есет батыр атындағы мешiт бой көтердi. Салтанатты ашылу рәсiмiне тек осы төңiректiң тұрғындары ғана емес, өзге аймақтардан да арнайы қонақтар келiп қатысты.

Үш жүзден астам адамға арналған мешiттiң құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған екен. Оны салуға бастамашы болып, қаржылық қолдау көрсеткен кәсiпкер азамат – Абылай Ғабжалилов. Жергiлiктi тұрғындардың айтуынша, бұл елдi мекенде бұрын-соңды мешiт болған емес. Есет батыр атындағы мешiтке ендi тұрғындар үздiксiз ағылатын болады. Әсiресе, құлшылық орны жастарды жақсылыққа, iзгiлiкке тәрбиелеуге зор үлесiн қосатынына күмән жоқ.

Қазiргi күнi Шамалған стансысы халқының басым бөлiгiн туған жерге қайта оралған қандастарымыз құрайды. "Бүгiнде жергiлiктi жердiң халқының басым бөлiгi – мұсылмандар. Ал мұсылмандары бар ауылға бiр мешiттiң керегi белгiлi. Мешiттi салуға атсалысып, көмек көрсеткен адамдарға Алланың рахметi жаусын!"– дейдi жергiлiктi тұрғындар. Мешiттiң ашылу рәсiмiне Тараз, Шымкент және басқа да көптеген қалалардан арнайы қонақтар келдi. Мұның өзi мешiттiң қаншалықты маңызды екенiн көрсетсе керек.

Есет Көкiұлы – батыр, қолбасшы, би, аға старшын, тархан, әулие адам болған. Ол кiсiге байланысты ел арасында кең тараған "Мәдинада – Мұхаммед, Түркiстанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пiр Бекет, Ақтөбеде – Ер Есет" деген қанатты сөздер бар.

Махаббат ӘДIЛХАНҚЫЗЫ