Жаңалықтар

ОЙЛЫ КIТАПТЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

ашық дереккөзі

ОЙЛЫ КIТАПТЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Тағы бiр кiтап дүниеге келдi. Бас алмай оқып шықтық. Оқып шықтық та керемет бiр күй кештiк. Толқыдық. Толқитынымыз, автор баяндап отырған ауыл хикаялары жанымызға өте-мөте таныс әрi жақын. Сондықтан да болар, шынайы.

Бұл автордың алғашқы "Жалғас" атты әңгiмелер жинағынан бастап "Қыз-ғұмырымен" де таныспыз. Қазақтың мәдениетiне, әдебиетiне еңбегi сiңiп, оның iшiнде қазақ журналистикасының көрнектi зерттеушiсiне айналған Намазалы Омашев ағамыздың бүкiл шығармашылығына жағдай жасап, әулетiне тәлiм-тәрбие бере жүрiп,өз қабiлет-қарымын танытқан Клара Хамзақызы сөз өнерiн де қуа бiлген ана.

Әдетте қазақ прозасы жайлы әңгiме бола қалса, ер-азаматтардан гөрi қазақтың прозаик қыздарының саусақпен санаулы-ақ екенiн айтып жатамыз. Әрине, кейiнгi жас толқынды айтпағанның өзiнде, iздеп жүрiп оқитын оқырмандары қалыптасқан, шығармаларын құмарта оқитын Мағира, Шәрбану, Кәмила апайлармен қатар Клара Хамзақызының есiмi де ерекше аталуға тиiс секiлдi. Өйткенi, "Отан отбасынан басталатынын" ескерсек, автордың жүрекжарды дүниелерi үнемi "отбасы– шағын мемлекеттiң" тiрлiк-тынысынан бастау алып жатады.

Жалпы, тiршiлiк түйткiлдерiн жанымен, жүрегiмен сезiнетiн әйел-аналар десек, кiтап авторының бұл шығармалары да мазмұнды, санаға қонымды шыққан. Кiтаптың сыртқы безендiрiлуiнен-ақ, iшiне сыйғызып тұрған салмақты ойлар мен жүректен шыққан таза мөлдiр сыйластықтан тұратын ұлы сезiмдерге, мына жарық дүниеде пәндәуи ойлардан ада, оқырманын адалдыққа, тазалыққа сүйрейтiн құнды шығармалардан тұратыны көрiнiп-ақ тұр. Әсiресе, қазақ қызының, қазақ әйелiнiң, өз отағасына деген ұлы сезiмiн жай ғана достық-жолдастық рәуiшпен көркем жеткiзуi, шыны керек, толғандырмай қоймайтындай әсерлi. Азаматын отбасының сүйенiшi, тiрегi, өзiнiң Құдай қосқан қосағы ғана емес, өзiне үлкен Дос санауы, қол ұстасқан, қосақтасқан ғұмырларындағы өзiне үлгi етерлiк қасиеттерiнiң шынайы шыққандығы сонша, жазушының кейiпкерiмен таныс оқырманның кез келгенi мойындайтыны ақиқат. "… Өйткенi, Сен өмiрлiк Жарым, балаларымның Әкесi ғана емессiң, қуанышымыз да, қайғымыз да ортақ, шын мәнiндегi Досымсың! Қуансам – жүрегiм лүпiлдей қуанышымды айта алам, ренжiсем – алдыңда бода-бода боп еркiн жылай алам, тығырыққа тiрелсем – ақыл-кеңесiңе сүйенем…" деп ағынан жарылады автор.

"Қамшының сабындай" деп қазекең бағасын бiлген мынау Жарық дүниеде бiр-бiрiнiң қадiр-қасиетiн бағаламақ түгiлi, қатыгездiк жайлаған мына қоғамда "кiтап оқитындар жоқ" десек те, дәл осындай шығармалардың көптеп жарық көргенi дұрыс-ау. Кiтаптағы ауыл-ел, ағайын-туыстар жайлы тiршiлiк тыныстары мен автордың жолжазбалары да орынды, көкейге қонымды жазылған. Азаматымен қол ұстасып аралаған шет елдiң демалыс орындары мен өз елiмiздiң көркем жерлерiн қатар баяндай отырып, туған жерiнiң де табиғатына сұқтана отырып, салыстыра әңгiмелейдi.

Автордың өз сөзiмен айтар болсақ: "… Әдетте, көпшiлiк қауым өздерiнiң жақындары, жарлары туралы олар өмiрден озып кеткеннен кейiн естелiк етiп жазып жатады. Менiң олай еткiм келмедi. Осы толғауыма арқау болған Азамат өзi туралы жазылған дүниенi көзi тiрiсiнде оқысын дедiм". Жақсы ниеттiң өз уақтысында айтылғаны, жазылғаны абзал ғой.

Жалпы, махаббаттан жолы болғандардың өмiрде де тiрлiктерi оңынан туады деген көңiлге қонымды пiкiрдi жиi еститiнiмiз рас. Ал кiтапты оқу барысында осы бiр ойдың өзiмiз аса пiр тұтатын, өмiрiмiзге үлгi ететiн Намазалы ағамыз бен Клара әпкемiздiң құстың ұясындай жып-жылы шуақты отбасына арналғанын iштей мойындап, сүйсiндiк…

Таңсұлу Алдабергенқызы