ЕЛБАСЫ КӨРНЕКТI ҚАРЖЫГЕРДI ҚҰТТЫҚТАДЫ
ЕЛБАСЫ КӨРНЕКТI ҚАРЖЫГЕРДI ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қазақстан қаржы жүйесiнiң құрылуының және ұлттық валютаның енгiзiлуiнiң бастауында тұрған Дәулет Хамитұлы Сембаевты Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев 75 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Жолдаған хатында Елбасы Сембаевтың экономикалық реформа мен қаржы секторының дамуына қосқан үлесi туралы жылы лебiз бiлдiрдi.
"Мол бiлiмiңiз бен қаржы саласындағы жинаған бай тәжiрибеңiздiң арқасында сiздiң есiмiңiз қазақстандық экономист мамандардың арасында үлкен құрметпен аталады. Ұлттық Банктiң алғашқы төрағаларының және қазiргi зейнетақы жүйесiн қалыптастырушылардың бiрi ретiнде сiз ел экономикасының, соның iшiнде отандық қаржы секторының дамуына өлшеусiз үлкен үлес қостыңыз",– дедi Президент.
Сондай-ақ, Дәулет Хамитұлының атына мемлекеттiк және қоғам қайраткерлерi, банк өкiлдерi мен өнер және мәдениет қайраткерлерi құттықтау хаттарын жолдады.
Дәулет Сембаевқа жолдаған құттықтау хатында Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов: "Сiз елiмiздiң экономикасына елеулi әрi салмақты үлес қостыңыз. Көп кедергiлер мен қиындықтарды да жеңiп шықтыңыз. Шығармашылық қабiлетi зор тәжiрибелi маман ретiнде өз қызметтестерiңiзден әлдеқайда алда болдыңыз. Өзiңiздiң бiлiмiңiз бен ақылдығыңыздың, жоғары ұйымдастырушы қабiлеттерiңiздiң арқасында дараландыңыз", – деп осылайша оның қызметiне құрмет бiлдiрген едi.
Дәулет Хамитұлын республика қаржы жүйесiнiң танылған жоғары кәсiби маманы ретiнде, қаржыгерлердiң барлық буыны құрметтейтiнi аян. Адалдық пен кәсiби парыздың орындалуында, адамгершiлiк пен жауапкершiлiктiң үлгiсi ретiнде ол кiсiнiң жұмысы, адамдарға деген көзқарасы ерекше екенi рас.
Тағы бiр хат Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченкодан келiптi. "Елде болған қиын кезеңдерде Ұлттық банктiң басшылық қызметiне келген Д.Х.Сембаев елдiң қаржы институттарының қалыптасуы мен қаржы бiрлестiгiн шоғырландыру жұмыстарында ерекше еңбек сiңiрдi. Ол әрдайым ақпарат пен бiлiмдi бiр-бiрiмен ұштастырып, қоғамға қажеттi серпiлiстi туғызуға себепшi болды. Тек оның ғана күш салуының арқасында Ұлттық банк 90-жылдардың ортасында елiмiздiң экономикасы мен қаржы секторындағы пәрмендi орталыққа айналды. Бүгiнгi күнi Ұлттық банкте Дәулет Хамитұлының салып кеткен сара жолы өз жалғасын тауып келедi. Әлем бойынша қазiргi қиындық туғызып жатқан қаржылық дағдарыс кезiнде, қаржы институттарының ықпалын бекемдеу мақсатында елдегi ең iрi қаржы институттарының бiрiнде аянбай еңбек етуде" делiнген.
Таным көкжиегi кең, мәселелердi түсiнудегi шеберлiгi, кез келген iстегi оның батылдығы мен өзiне деген жоғарғы талап қоюшылығы – осының бәрi Дәулет Хамитұлының ең қиын мақсаттар мен жеңiстерге жетуiне жол ашты. Қаржыгердiң Қазақстанның тұрақты дамуына қосқан бiлiмгерлiк үлесi мен екпiндi серпiлiсiн жұрттың бәрi жақсы бiледi. Сондықтан болар, Дәулет Хамитұлы өз әрiптестерi мен өсiп келе жатқан iзбасарларының алдында жоғары беделге ие.
Қазкоммерцбанктiң директорлар кеңесiнiң төрағасы Нұржан Сұбханбердин өз сөзiнде: "Дәулет Хамитұлының ҚАЗКОМ-ға келгенi, банк үшiн айтарлықтай маңызды оқиға болды. Мол тәжiрибесi, зор беделi бар Дәулет Хамитұлы тек бiздiң банкiмiзге ғана қол үшiн берiп қойған жоқ, сонымен қатар қаржы секторындағы даму жолдары мен банктердi қаржы дағдарысынан алып шығу жауапкершiлiгiн өз мойнына алды. Оның өмiрге деген адалдығы мен қызметке деген жауапкершiлiгi бәрiмiзге үлгi боларлықтай", – дедi.
Дәулет Сембаев – Қазақстан қаржы жүйесiнiң танылған ерекше тұлғаларымыздың бiрi. Ол ҚР Президентiнiң алғашқы экономикалық бағдарламасының қосымша авторларының бiрi болды. 1991-1993 жылдары үкiметтiң вице-премьерi қызметiнде экономикалық реформа өткiзген, Қазақстанның ұлттық валютаға өту концепциясын жасаған, ҚР Ұлттық банкi төрағасы болған кезiнде республика территориясында ұлттық валютаны қолданысқа ендiрген қаржыгер. Кейiн зейнетақы реформасын жасаудағы топты басқарды.
Қазкоммерцбанктiң 1999 жылдан бастап директорлар кеңесiнiң құрамына кiредi.
Гүлмира МУХСИНОВА, банк саласының жетекшi маманы