Жаңалықтар

"ҚОШ! АМАН БОЛ, КОНСЕРВАТОРИЯ!"

ашық дереккөзі

"ҚОШ! АМАН БОЛ, КОНСЕРВАТОРИЯ!"

(Жетiншi желi)

Композитор Шәмшi Қалдаяқовтың өмiрiн бiр кiсiдей бiлетiн жазушы Еркiн Алин көптен берi мәрт өнер иесi жәйлi роман-эссе жазып жүр. Бiз бүгiн сол шығарманың бiр тарауын жариялап отырмыз. Ол "Қош! Аман бол, консерватория!" деп аталады. Барлық оқиға бас кейiпкердiң атынан баяндалады. Әңгiменi шарықтатын ұлы сазгердiң өзi.

* * *

Бе-е-еу, дүние-ай! Сенiң тылсым-тұңғиығыңа, тереңiңе кiм жеткен! Сенiң сан қилы қыр-сырыңды адамзат баласы талғап, тәмамдап бiткен бе? Қол жетпейтiн шың ба екенсiң, түбiңе көз тастар да бас айналып, мәңгiрiп қалар құз ба екенсiң? Бұлдыр сағым дүние-ай! Адам боп жаратылдың – тағдыр-талайың қалай? Маңдай-пешенеңе не жазылған? "Адамның басы – Алланың добы" дейдi. Бiр кезде доп қуалаған бала едiк. Ендi есейдiк, ержеттiк. Не бiлдiк, не тындырдық? Кiсi болдың ба, күштi болдың ба? "Қырамын, жоямын" деп келiп едiң, осынау сұлу қала, әсем қала Алматыға кеше ғана – бiр мың тоғыз жүз елу алтыншы жылы. Ендi не боп тұр? Арманыңнан айрылып, консерваториядан шығып қалғалы тұрсың. Тас төбеңнен жай түскендей. Күн күркiреп, найзағай ойнағандай! Қайда барасың? Кiмге барасың? Кiм қол ұшын берер. Қасыңда бiр пәтерде көптен берi аунап-қунап бiр төсекте бiрге жатқан жолдас, достарыңа да айта алмайсың! Қайтiп айтасың, не деп айтасың. Бар болғаны: "Менi оқудан шығарып жiберiптi. Үшiншi сессиядан аунатты. Дубобский деген бiр кәрi қақпас бар едi. Сольфеджиодан дәрiс беретiн. Тым қытымыр. Жүрегi тас. Қазақ десе төбе шашы тiк тұратын адам. "Миыңа кiрмейдi, көкейiңе қонбайды. Жалқаусың… Жалаңаяқсың" дейдi. Өзiн жақтырмаған соң, сабағына да наразымын. Құлқым жоқ, жаным сүймейдi. "Оқимын, меңгеремiн" деп дереу айқаса кетемiн. "Сәл ғана мұрсат берiңiз" деймiн. "Пәленше-пәленшейi" деймiн зар илеп. Ол болса, "неуд" деп маңдайыма былш еткiзедi. Қойшы, әйтеуiр қыр соңыма түсiп түбiме жеттi. Оған оқу ғимаратында болған бiр шатақ жағдай қосылды. Ән бәйгесi жарияланып, менiң бiрiншi бәйге алмасым бар ма, құдай ұрғанда. "Қайықта" әнi болатын. Курстастар "жу-жу"-дың астына алды. Композиция-теория факультетiнде оқитын жiгiттер. Қатар жүрген қулар. Буфетке барып дуылдаттық, шуылдаттық. "Қалдаяқов ұлы композитор болады" деп бiреуi ащы дауыспен айқай салды. Мен ұнатпадым. Мазақтау болар. Айғайлаған осы-ау деп, жанымда тұрған бiр жiгiттi бастан перiп жiбердiм. Әлгiнiң сомадай боп жалп етiп құламасы бар ма! Мұрнынан қан кетiптi… Ойпырым-ай, бұл не?! Жалма-жан кешiрiм сұрадым. Жоқ, жоқ!.. Төбелес басталып кеттi. Буфетшi әйел ойбай салды. Ойқын-жойқын бола қойған жоқ. Табақ сынды, ыдыс-аяқ сылдырады дегендей. Қаштық. Зым-зия.

Екi-үш ай өтпей, осы оқиға консерваторияның дирекциясында талқыланып, төбелес бастаған "Қалдаяқов" деп, өзi сольфеджиодан жолы болмай жүрген жағымсыз студенттi "оқу үлгiрмегенi және тәртiпсiздiгi үшiн" оқу орнынан қуалап айдап тастайды ғой…

Сонда қалай?! Бұл болмас. Жағдайымды айтып ұқтырайын, ағаттығымды айтып арызданайын. Жылайын, еңiрейiн. Обал емес пе. Асыра сiлтеу ғой бұл. Жазаның түрлерi көп қой. Ең соңғы бұйрық не үшiн берiледi? Ол студенттен еш үмiт жоқ болса… Мәңгүрт жаралса. Ақылсыз ақымақ болса. Құдай-ау, мен талантсыз тұрпайы болғаным ба? Онда менiң әндерiм: "Жiгiт сыры", "Қаракөз", "Арман", "Ақмаңдайлым", "Ақсұңқарым", "Қайықта" сияқты жан тербейтiн шығармаларымды студенттер, жастар неге ауыздарынан тастамай шырқап жүр?

Қой, әлдекiмге налып, өкпелеп, үйде отыра бермейiн. "Жыламаған балаға емшек жоқ" демеушi ме едi. Барайын директордың алдына. Қожамияровтың қабылдауына. Құддыс-жанның жан таразысына. Не болар екен?! Артқа теуiп айдап шығар ма екен. Әлде бiр мәмiлеге бас иер ме екен.

Секретарь келiншектiң қабағын бағып, қабылдау бөлмесiнде отырмын мықшиып. Жүрегiм зуылдайды. Ой тоқтата алмаймын. Неге екенiн қайдам, өзiмдi баскесердiң алдында отырғандай сезiнем. Көзiм қарауытып, жүйкем тозғандай. Бiр уақытта есiк ашылып, кабинеттен көп адам шықты. Таныс, бейтаныс адамдар. Бәрiмен бас иiп, жыбырлап амандасамын. Олар бiртүрлi ұнатпағандай қарайтын секiлдi. Неге?:.

Секретарь келiншек лып етiп, iшке кiрiп кетiп, кешiкпей қайта шықты да: "Есiк ашық, кiрiңiз. Сiздi Құддыс Қожамиярович күтiп отыр" дедi маған жаңа көргендей сұқтана қарап. Мен жеңiл басып, кабинетке кiрдiм.

Құдекең қабағын түйiп, суық қарсы алды. Қарасұр бетi түгел сұрланып кеткен. Менiң сәлемiме ернiн жыбырлатып қана белгi еттi. Мен бiр әкесiн өлтiргендей. Соны мәлiмдеуге келiп тұрған жаушыдаймын. Бұл жағдай менi ойламаған жерден тым қатайта түстi. Бағанағы жүрексiнiп, қорқып отырғанымның бәрi де қалған жоқ. Қаруланып кеттiм бiртүрлi. Етек-жеңiмдi жинадым. Алдымда дарға асатын тажал тұрған еместей. Бiр шенеунiк, пенде, Алла жаратқан, Мұхамметтiң үмбетi болар, бәлкiм. "Қой, Шәмшi, басыңды ие берме! Сен қарсы шап!".

– Ассалаумағалейкум! Құддыс Қожамьярович, Құддыс аға, Құддыс әка, мен Шәмшi Қалдаяқовпын ғой! Танымаған шығарсыз. Сiз бен бiз көп жолыға бермеймiз ғой. Анда-санда ғана. Алла разы болсын деп әдейi таңдап құзырыңызға келдiм. Сәлем берейiн деп, – мен сөйлеп жатырмын, сөйлеп жатырмын. Ол болса, аузына су толтырып алғандай, үндемей отыр. Ала көздерi менi құлатамын деп әрлi-берлi аласұрады.

– Айтыңыз… – деп бiр уақытта аузын ашты. – Қалдаяқов мырза! Не арыз-арманыңыз бар? Құлағым сiзде… Гәплаңыз! Гәпiрiңiз.

Мен миығымнан мырс етiп күлiп жiбердiм. Мен өзбекше жақсы бiлемiн. Бiр-екi жыл Ташкенттегi музыка училищесiнде оқығаным бар. Алматы консерваториясына сауатсыз келгенiм жоқ. Тоқыған, шоқығанмын…

– Мәйлi, бопты. Құддыс әка! Гәпiрайын!…

– Атам қазақ алдыңа келсе, әкеңнiң құны болса да кеш деушi едi. Мен сiзден құнымды сұрайын деп келгем жоқ, жөн-жосықты айтайын деп келдiм. Салмақты сауалым бар, оймақтай болса да өз ойым бар. Ең әуелi, менiмен бiрауыз сөйлеспей, гәплашпай, сыртымнан бұйрық шығарып, жүрегiме қанжар сұғасыз.. Менiң жазығым, кiнәм қанша? Мен соншалық не бүлдiрiппiн. Не қылмысым бар, бiреудiң басын шауып қанын iшiппiн бе? Бар болғаны бiр тентектiк. Мойындаймын, менiң бәйге алған әнiмдi атағанымыз үшiн мен-ақ айыпты болайын. Оқудан екi алатын соншалықты зейiнсiз жан емес едiм. Мен, әрине, бәрiн өзiмнен көремiн. Әйтсе де кешiрiм деген болмаушы ма едi? Ескерту… сөгiс… уақытша берер және ығыстыра тұру деген сияқты. Әлде мен өзiме белгiсiз қателiктерге ұрындым ба?

Ол ауыр ойлар үстiнде үндемей бiраз уақыт отырды. Сонсоң:

– Сендер әбден құтырғансыңдар! Сендердiң әкелерiңдi таныту керек… Бұл сендерге әлi аз.

– Пәлi, мына кiсi не деп кеттi?.. Iшiм қылп ете қалды. Мен оқуға түскенде директор Ахаң, Ахмет Жұбанов болатын. Қонаев бiрiншi хатшылықтан төмендеп, ЦК-ға Исмаил Юсупов бiрiншi секретарь боп отырып едi. Артынша ұзамай консерваторияға директорлыққа Қожамьяров бекiген. Мiне, әңгiме қайда жатыр. Қалдаяқтың аңқау баласы осы да ойыңа келмедi ме? Мисызсың ба!

– Дұрыс, Құддыс әка, гәп қайда жатыр!..Рас, бiз тайраңдап кеткен екенбiз ғой. Сiздер бiздердi жөнге салайын деп кiрiсiпсiздер ғой. Мейлi, көрермiз. Сондай қаһарыңызды менен бастаған боларсыз. Бiрақ, күндердiң күнiнде осы әрекетiңiзге өкiнiп, бармағыңызды шайнап жүрмеңiз. Сiз ұйғырдың жақсы композиторысыз. Опералар жаздыңыз. Атақ-абыройыңыз бар. Әйтсе де халық сiздi құшақ жайып қарсы ала бермейдi. Ал, менi бүкiл қазақ халқы – совет халқы құшақ жайып қарсы алады. Әрқашан. Осыны ұмытпаңыз Қожамияров жолдас! Қош! До свидания!

Көңiлдегi бар шынымды айттым да, далаға атылып шығып кеттiм. Ақсары бояумен боялған үш қабатты әдемi ғимараттың алдында көп уақыт мәңгiрiп, есеңгiреп тұрып қалдым.

Бұл менiң оқу орнынан бiр мың тоғыз жүз алпыс екiншi жылы екiншi рет шығып қалуым болатын.

* * *

Не iстеу керек. Қараптан-қарап өлуге болмайды. Күн көру керек. Бала-шаға асырау керек. Жәмила дейтiн наркескендей құшағың толатын келiншегiм бар. Келiншегiмнiң екi шағын бөлмелi, қарағайдан соққан бiр этажды үйiнде тұрып жатырмын. Әбiлқасым деген баламыз бар. Рудакидей ақын болсын деп атын азан шақырып солай қойғанбыз. Көбiне еркелетiп "Қасым, Касимчик деп" көтеремiз. Өзiн төренiң қызымын дейтiн аңқылдаған енем бар. Жәмила келiншегiмнiң табысы күштi, еңбегi зор. Өзi де зор. Зор болған соң, қор болмаспын деп үйленгенмiн. Мен оқудан шығып қалдым. Қызмет болса да – жоқ. Аңдығаным – ән. Әндi үйде шығарамын. Әндерiме табынушы жастар құрметтейдi. Мен олардан қашпаймын. "Балта деген жерлесiм, iнiм бар. Әйелi – Сақыпжамал ақпейiл, даңғырлаған ашық әйел. Соның үйiне жиi барам. Сол бiр күнi маған: "Шәке, сiздi Қазақстан комсомолының Орталық комитетi iздеп жатыр. ХI съезi болайын деп жатқан көрiнедi. Шамасы, сiздi сол съезге шақырады-ау деймiн", – дедi.

Рас екен. Бардым. Сейфуллин даңғылы мен Гоголь көшелерiнiң қиылысында болатын. Негiзi автомобиль транспорты министрлiгiнiң үйi. Комсомол соның үшiншi қабатын алып отырған. Өзiнiң жеке ғимараты әлi жоқ-тын. Дуылдап кiрiп-шығып жатқан жастар съезд делегаттары болулары мүмкiн. Тiркеу бөлмесiнен Әлжанова Зура деген әдемi ақсары келiншек күлiмдеп қарсы алып, делегаттар мен шақырылғандардың қағазын ұстатты. Әдебиет пен өнер саласындағы азаматтар. Бiр орындыққа жалғасып, үңiле кеттiм тiзiмге. Көп. Асықпай оқып отырмын. Делегаттар: Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжiмеденов, Сабырхан Асанов, Асқар Сүлейменов, Әкiм Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Асанәлi Әшiмов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәрiпова, Торғын Тасыбекова, Бақыт Әшiмова, Әбiш Кекiлбаев, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртазаев, Сейдахмет Бердiқұлов, Тельман Жанұзақов, Қастек Баянбаев, Шайым Шағаев, Ахметжан Аширов, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Салиха Сәмбетова, Фермехан Шоева… Қойшы, әйтеуiр, талантты жастардың бәрi съездiң қатысушылары. Шақырушылар тiзiмi де ауқымды. Комсомолдан жасы асып кеткен көктұқылдар. Мен бiрiншi тұрмын. Мұқағали екiншi тұр. Нұрсұлтан Әлiмқұлов, Нұтфолла Шәкенов, жас режиссер, артистер, кино қызметкерлерi… Өнер ұйымдарының басшылары, жетекшiлер. Жетекке жүрмейтiндер: бiз секiлдi творчестволық қызметтегiлер. Не керек, әдебиет пен өнердiң сүт бетiне шығар қаймақтары.

Бiр мың тоғыз жүз алпыс екiншi жылдың он бесiншi апрелi. Абай атындағы опера және балет театрының айдай жарқыраған ақ сарайы. Жарқырап, әдемi киiнген қыз-жiгiттер. Қазақстанның әр түкпiрiнен келген. Еңбек озаттары. Комсомол жетекшiлерi. Съезд басталды. Жайғасып отырдық. Бiз Жұмекен, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай бәрiмiз қатар жайғастық партерге. Алдыңғы орындар.

Жиналыс бар салтанатымен басталып кеттi. Баяндаманы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетiнiң бiрiншi секретары Қосай Әлiқұлович Егiзбаев сырғытты. Ұзын бойлы, науша бiтiмдi, тұлғасы мықты, дауысы да анық, үнi бипаз. Көп жалықтырған жоқ. Жарыссөз басталды. Бiрiншi кезекте сөз алған Темiртау қаласынан, қазақ металлургия заводының жас болат балқытушысы Нұрсұлтан Назарбаевқа берiлдi. Мiнберге жұлқынып шыққан ұзын бойлы, дөңгелек жүздi, өткiр көздi, айбынды жас жiгiт сөйлеп кеттi. Ашық дауысты, саңқылдаған өткiр үнi бар екен, қазақша айдады. Аң-таңбыз. Жиындардың ешқайсында қазақша сөйлеу жоқ едi ғой. Шопандардың съезiнде болмаса. Таңқалып тыңдап отырмыз. Азамат бос сөйлеген жоқ. Қазақстан Магниткасы деп биiк аталған кәсiпорынның хал-жайы, ақуалынан кейiн тура батыл сынға басты. Бұлтартпас дәлелдермен, нақты мысалдармен үйiрiп соғып жатыр. Театр iшi тым-тырыс. Құлаққа ұрған танадай. Шыбынның ызыңы естiлетiндей. Ұққанымыз: қазақ жастарын өндiрiс орындарына: завод, фабрикаларға көптеп тарту. Қойшылық қазақтың маңдайына мәңгi жазылып қалған жоқ. Қазақ техника ерттеп мiнген алдыңғы елдерге қосылуы қажет. Мұны комсомол қолға алмағанда, кiм көтермекшi?! Сын садағы төрде отырған мықтылардың жүрегiне қадалғандай. Делегаттардың риза болғаны сонша, азаматтың әрбiр өткiр ұсыныстарына ұзақ-ұзақ мейiрлене зор ықыласпен қол соғады. Мiнберден түскенде жастар орындарынан тұрып кеттi. Бұл не? Бұл кiм? Сөйлеген сөзiн бiреулер дайындап бердi ме екен. Жоқ, өзi ме? Керемет қой. Мынау бiр болайын деп тұрған жiгiт қой! Қоспасыз, өз жанынан шықты-ау деймiз. Кей тұстарда ашынып та кеттi емес пе! Жанып тұр ғой. Әй, бұдан өзгеше, бөлек, еркiн, жойқын қайраткер шығып жүрмесiн! Танысып, амандасу керек екен үзiлiсте. Екi сағат шамасынан соң, жарты сағаттық үзiлiс басталды. Бәрiн қойып, ақын-жазушы, композитор, артис дегендерiңiз театрдың буфетiне ұмтылды. Кешегi ұрттағаннан басы ауырған батырлар тартып-тартып жiбердiк. Көздер шайдай ашылып, қоңайып қалдық. "Ендi қалғанының керегi жоқ, кетейiк" дедi шақырылғандардың бәрi дауыстап. "Қой, ойбай, ұят болар, бiр күнге шыдайық. Өгiз өлiп, арба сынбас". "Қойыңдар, жаңағы жiгiтпен танысайық. Бiздер, қазақтар, қолтығынан сүйейiк!". Бiр топ делегаттар қоршап алған. Құшырлана әңгiмелесiп тұр. Бiз де жақындадық. Қол алысып таныстық. "Мынау Мұқағали деген ақын! Мынау Шәмшi Қалдаяқов деген композитор. Мынау Жұмекен, мынау Төлеген, мынау Сабырхан…".

"Ой, кешiрiңiздер, баршаңызды бiле бермеймiн. Мына Шәкең мен Жұмекеңнiң "Менiң Қазақстаным!" деген әнiн шырқайтынымыз рас. Керемет дүние ғой. Мұны айтқанда қызып, арқаланып кетесiң! – деп, ашық-жарқын күлiп алды да: – Рахмет, сiздерге! Қазақты танытуларымыз керек қой. Бiздiң Темiртауға келiңiздер. Талап, әрекеттерiмiздi байқаңыздар. Өлең, ән жазыңыздар қазақ жұмысшыларына арнап?!". Құрыш қолмен қоршап тұрған бiздердiң қолымызды алып, басшыларға қарап нық аяңдай бердi. Бiз "Ойпырмай!" деп ауыздарымызды ашып тұрып қалдық.

Екiншi күнi съезд жұмысы аяқталғаннан кейiн концерт басталды. Делегаттар, көпшiлiк қауым Орталық Комсомол Комитетiнiң бiрiншi секретары боп жаңа сайлаған Өзбекәлi Жәнiбектi және бюро мүшелерiн орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алды. Көпшiлiк өте қуанышты секiлдi. Мен де қуандым. Бiз әл-Фарабидi дүниеге берген Отырар өңiрiненбiз ғой.

Съезге арналған концерт аяқталды. "Менiң Қазақстаным" маршы орындалды. Осы жиынға арнап жазған "Бақыт құшағында" әнiмдi жас әншi Бақыт Әшiмова айтты.Өлеңi Тұманбайдiкi. Жұрт таңқалған сияқты. Өзi оқудан шығып, қаңғып жүр. Тағы да "Бақыт құшағында" деп ән шығарады. Бұл қалай сонда?!

Бұл сауалдың шешiмiн жерлесiм, ол да отырарлық, оқуға бiрге түсiп, ендi бiтiргелi жүрген Мыңжасар Маңғытаев дәл тапты.

– Жұрт шулап кеттi ғой, – дедi бiр күнi кездесе қалып. – Сiздi оқуды тастады дейдi. Рас па? Қайда барсаң да: Тағы да консерваториядан кетiптi. Ендi мүлде қош айтысқан, – дейдi.

– Тоқта, Мыңжасар! Сен қазақ екенсiң өзiң. Жұрт не айтса, оны айтсын. Менi бiр iздеп, осы жерлесiм, ағам едi ғой деп, тауып алып, өз құлағыңмен естiмейсiң бе? Әй, бауырым-ай, қайтейiн. Ендi сен маған қамқор бол, мен саған қорған болайын.

– Ол қалай, Шәке?

– Сен мендей емес, iшкi есебiң бар адамсың. Сен идиот емессiң ғой. Үлкендердiң тiлiн табасың. Вот, соларға айт, "Қалдаяқов оқуға құштар едi. Бiз оны қудаладық, қамқорлық жетiспедi. Ортаға алудың орнына терiс айналдық…" деп. Қойшы ендi, мен ешкiмге өкпелемеймiн. Ертең сен секретарь болғанда, менi ұмытып кетпегейсiң. Сен сөз жоқ, Композиторлар Одағының секретары боласың, Мыңқа! – Ол әдеттегiдей қарқылдап, мәз боп күлдi. Тап қазiр менiң алдымда төрелiк, таққа отырғандай. – Жақсы аман болайық.

* * *

Көп кешiкпей менi кабинетiне Өзбекәлi Жәнiбеков шақырды. Құшақ жетпес жазық, қарақоңыр, жалтыраған емен столдың төр жағында сұңғақ сұлу, қалың бұйра шашты, әдемi қыр мұрынды, өткiр қара көздi жiгiт ағасы маған жәй үнсiздеу дауыспен жылы шырай берiп, қол ұсынды. Алдыңғы жайғасатын орындықты нұсқады. Естiлер-естiлмес лебiзбен:

– Иә, аман-есен жүрсiз бе, Шәмшi ағайын! – дедi. Ағайын деген сөздi алғаш рет естуiм, едел-жедел, абыржып сасып қалдым:

– Иә-иә, ш-ш-шүкiр! А-а-аманбыз! Тыныштық, бiрқалыпты, майдалап, майқадаммен жүрiп жатқан жай бар, Өзеке! – шатысып, тұтығып, сұрағына жауап қайырдым.

– Бәрекелдi, сол амандығыңызды бiлейiн, хал-жағдайыңызды өз аузыңыздан естиiн деген едiм.

– Р-р-рахмет, Өзеке! – "аға" деп қала жаздап барып тоқтадым. – Құдай басқа салған соң… "Құдайсыз таң атып, тауық шақырмайды" дегендей. Бiр әйел, екi бала. Күн көре алмай оқу деген жайына қалды. Сiздердiң (комсомолдың) арқасында консерватория қабырғасына енiп-ақ едiк… Болмады. Үй болған соң, алдымен бала-шағаның қамын ойлау керек екен. Ендi енесiнен ажыраған жетiм қозыдай алыс жайлауға жалтақ-жалтақ қараймын. Съезден кейiн Сiзге келiп, ақылдассам деп едiм. Құдай, жарылқап өзiңiз iздеп шақырған соң..-деп сөзiмнiң аяғын жұтып, буыным босағандай дамылдап қалдым.

– Жарайды, жолдас Қалдаяқов мұңаймаңыз, босамаңыз. Елмiз ғой, бiр орайын жасармыз. Жасымаңыз. Сiздi өте қайратты, күштi азамат деп есiтушi ем! Бұл қалай! Екi иығыңыз түсiп, салбырап көрiнгенiңiз! Босаңсуға жол жоқ. Қайратқа мiнiңiз. Оқып-тоқудың жөнi келмейдi екен, онда өнерiңiздi, Алла берген өнерiңiздi өркендетуiңiз жөн. Тоқырау, тоқтау болмасын! – деп ұзақ аяп, аймалау әңгiмелерiн түйiндедi, – Бұлай етемiз!.. – Орнынан тұрды. Құшағына алып, қысты. – Бiз, партия, үкiмет, комсомол Сiздi далаға тастамаймыз. Сiз бiздерге, жастарға, халыққа, қазаққа әрқашан керексiз…

* * *

Сонымен… Сонымен Өзбекәлi Жәнiбековтың қабылдауынан соң, есiм шығып қуанғаным сонша, екi езуiм екi құлағымда төбем көкке жеткендей, басымның ауған жағына қарай жүре берiппiн. Жүрегiм лүпiлдеп алып ұшады. Тура үйге барып, Жәмилаға, балаларға қуанышымды тездеп ақтарып салсам деймiн. Жатаған жаман үй. Онда менi кiм аңсап, кiм құшағын жайып тұр. Мейлi. Барлығы да уақытша ғой. Жағдай түзелер, қапа болма, Қалдаяқтың баласы Шәмшi. Сен өмiрге екi тумайсың. Сенi Құдай көтермелесiн! Өмiрде жақсы адамдар көп… Соның бiрi, жаңағы – Жәнiбеков. Ол маған сiз…сiз дей бередi? Қашықтатқаныма, сыйлаған түрiме, мәдениеттi адам "сiз" деп сөйлеушi едi…

Қалың қуанышты ойлармен келе жатып, өзiмiздiң консерваторияның алдынан бiр-ақ шығыппын. Есiк айқара ашық тұр. "Кел, бауырым, кел!" деп құшақ жайған болса, не дерсiң кешегi студент Шәмшi Қалдаяқов!". "Қош! Аман бол, Консерватория!". Дәрiс алған, музыка биiгiне көтерiлген алтын бесiктi көрмей, қоштаспай кету көргенсiздiң, көрмедiктiң белгiсi ғой. Ондай итiң мен емес, ондай мәңгүрт мисыз емес. Мен – ұлы топырақта туған адаммын.

Басымнан тастамайтын көнетоздау өрнектi тақиямды қолыма алып, екiншi қабатқа көтерiле берсем, алдымнан ақ қалпағын қолына ұстап Ақаң– қайран Ахмет Қуанұлы Жұбанов жайлап басып қарсы келе жатыр. Әкемдi көргендей жайраңдап, қолын қос қолдап алып, жәймен ашқан құшағына ене бердiм. Тура дәл осы кiсiнi iздеп келе жатқандай. Ақырын құшағына қысты. Бетiме қарады. Көңiлсiз емес, қуанышты жүзiмдi, жалын атқан көзiмдi көрдi.

– Иә, бала қайдан жүрсiң? Қайда жүрсiң? Сенi бiржола қоштасты деп едi, әлгiнде бастықтар. Солай ма? – Әдеттегiдей баяу үзiп-үзiп сыбырлап сөйлейдi, әрине. Қазақ музыкасының әулиесi. Не дейiн.

– Жоқ, Аха, о не дегенiңiз, бiржола кетiп не бопты сонша. Киелi шаңырақпен есi бар адам қош айтыспайды ғой. Бұл сiз ашқан алтын босаға емес пе!

– Бәрекелдi! Бәрекелдi! Шәмшi дарын иесi солай мықты деушi едi ғой. Қалқам, ешқашан еңсең түспесiн! Такси қағып кетпесе, адамның қаққаны уақытша ғана айла-аман. Айтса да, сенi директорды балағаттапты деген рас па?

– Жоқ, аға! Жоқ, Аха, тек бiр сүйкенгiм келдi ғой деймiн, ашынып кетiп…

– Қой, бауырым, балам, сен ешқашан ашынба! Мақұл, қалқабас, өнерiң өркендей берсiн! Әннiң шыңына жет! Батам осы, айналайын!

Ахмет аға, осыны айтты да жәйлап басып, аяңдап жүре берген.

Бұл мен көрген ұлы қазақтардың және бiреуi. Рахмет те айта алмай есiм шығып қала берген.

* * *

Третьяков көшесiндегi үй. Менде басқа үй де жоқ, күй де жоқ. "Бөдененiң үйi жоқ, қайда барса – бытпылдақ". Қазiр бiздiң қатарларымыздан кiм жетiсiп жүр дейсiң. "Болдым, толдым" дейтiн жастар жоқ-ау деймiн. Мен күшiк күйеу емеспiн. Әзiрге уақытша, жеке пәтерiң болмаған соң, енеңнiң, қатыныңның үйiнде тұрмағанда, жер шарлап, бiржаққа безiп кетпейсiң ғой. Жынды, есуас болмасаң. Құдайға шүкiр, әзiр жындана қойған жоқпын. Жынданғаны құрысын!..

Үйде Жәмиланың өзi отыр екен. Шешей – қайын енем, Әбiлқасымды ойнатуға бесiк арбасымен далаға алып шығып кеткен болуы керек. Келiншегiм қабағын шытпай қарсы алды.

– Кел, Шәмшi, кiр үйге.Не бiтiрiп келдiң? Қайда жүрдiң?

– Немене, менi iздедiң бе? Не боп қалды? Көп iздемеушi ең ғой.

– Ойбай, қызықсың сен, осы семьяның қожасы емессiң бе? Сен жоқ болсаң, бiз қайдан айдан асыр… Қасым iздейдi, мамам сұрайды, "Қайда жүр?" деп.

– Ал, сен ше?

– Мен босама да, әрқашан…

– Сағынамын десейшi!

– Ендi ше, қызықсың сен, Шәмшi!

– Мақұл, солай-ақ болсын, жаным, Жәмилашым!

– Мен саған бiр жаңалық айтайын деп келдiм.

– Не ол?! Қандай жаңалық?

– Мен кететiн болдым!

– Қайда?

– Оңтүстiкке, Шымкентке. Оңтүстiк Қазақстан жаңа өлке боп құрылыпты… Соған. Туған елiм ғой… Отырарым, Шәуiлдiрiм, Қызылқұм, Түркiстан дегендей.

– Солардың бәрi сенi шақырып жатыр ма, үлкен бастық боласың ба? Нендей қызмет?..

– Филармонияның директоры боламын…

– Қойшы, Шәмшi, соқпашы өтiрiктi! Сенiң өтiрiгiңе кiм сенедi. Дипломың жоқ. Бел шешкен тәжiрибең де жоқ. Құр сандалбайға сенiп… Одан да күшiң тасып бара жатса, Алматыдан iзде. Сенi Шымкентте сағынып, құшақ жайып жатқан бiр жанды көрсем, көзiм шықсын!.. – Қатын долданып барады, басқа шығып.

– Қой, ей,– дедiм. – Қой! Өршеленбе! Жәке, сен әуелi тыңдап ал! Алматыда бiз әзiр абыройлы боп тұрған жоқпыз. Ел ғой, жау жемес. Ағайындар, азаматтар шақырып жатыр. Облысқа, өлкеге кел дейдi. Қызмет, үй-жай бәрi де болады. Жағдай жасаймыз дейдi.

Қатын менiң сөзiме аса сене қоймады. Жiлiктеп-жiлiктеп мен де сықпыртқан жоқпын. Әуелiм, бiр басып, тамырын ұстап көрейiн деген мөлшер ғой. Қайда барады. Қатын ашуланса қазан қайнатады демеушi ме едi… Басқа сөз де, жөн де айтпай тайып тұрдым. Барар жер, басар тау қалмаған. Сабырхан ауылда ауырып жатыр. Еркiнбайлар Оңтүстiкке "Лениншiл жастың" тiлшiсi боп, бала-шағасымен көшiп кеткен. Балталар демалыста Аягөзде жүр. Айтса да Бұхарбайым бар ғой…Келiн, Шахан келiн "Юбилейный" гастрономында арақ-шарап бөлiмiнiң төрайымы ғой… Қой, Шәке!-деймiн өзiме-өзiм. Ұят болар бала-шағаға барып… Не де болса, консерваторияға соңғы рет соғайын. Бiреулер кездесер, көзкөргендер шығып қалар алдымнан…

Ешкiм шықпады. Таныс бiр жан кездеспедi. Оңаша ашық тұрған бiр класқа кiрдiм. Пәлi, өзiмнiң пәленбай жыл тәлiм алған класым!. Құдай-ау, бұл не? Қандай құбылыс, қандай салымдылық… Кiлтсiз, бос тұрған қара пианино. "Белорусь". Бетiн аштым. Ақ, қара клавиштер, кешiрiм сұрағандай бiртүрлi жымиып, құшағын жаяды. Аяулым-ай! Алтыным-ай! Мынау емiренiп тұрған анамның құшағы емес пе! Қайран, Ана! Қайран, сырсандық! Сырсандығым менiң! Анам менiң! Анашым, қайдасың! Анажаным, сен бұл дүниеден өткенде басыңа барып, бiр уыс топырақ та сала алмадым ғой, мен байғұс! Мен бейшара! Неше сонша сорлы болдым. Жағдайым болмай, ақша таппасам да, жетi жүз шақырым жаяу-жалпылап неге жетпедiм!

Кiмнен кешiрiм сұраймын. Айналайын, анашым, кешiр менi, кеш менi. "Ана туралы" керемет ән шығару керек. Мiне-мiне, шықты ғой, келе жатыр ғой. Бәсе-бәсе!!!

"Әлемнiң жарығын сыйладың сен маған..". Кеш менi, кеше гөр, асылым, әулием, пайғамбарым, Сақыпжамал, шешем! Көкем, Қалдаяғым, Әнәпнам! Айналайындарым. Мен сендердiң жақсы аттарыңды дүние әлемге жаямын. Сөйтiп қана қарыздарыңды өтеймiн! Құйылып келген құштарлы дыбыстар жан-жүрегiмдi тербеп, ақ жұлындарымды аймалап, сермеп, шапшып, құйылып төгiле бердi, төгiле бердi. Бұл – "Ана туралы ән" едi. – Бұл арым, жаным, боздаған пейiлiм, сағынған сәйгүлiгiм, саңқылдаған сұңқарым, қалықтап ұшқан, қатты сермеген құс қанатым едi. Мен тындырар шаруа көп әлi. Айналып кетейiн музыкалы, мелодиялы мекенiм – Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория! Қош! Аман бол! Талай талантты әлемге самғатып ұшырарсың! Қанаттандырарсың! Қазақ өнерi сенiң арқаңда Жер бетiн түгел шарлар! Оған күмәнiм жоқ. Жақсылы-жаманды көп күндер, көп айлар,көп жылдарымды сенде өткiздiм. Сен менiң маңдайыма сыймаған боларсың!… Бұдан бұл менiң жолым болмаса балаларым оқыр сенде, ұрпақтарым оқыр. Қазақ баласы оқиды, мен оған сенемiн. Жарығым, жұлдызым, құндызым, асылым, аяулым. Өкпелеме маған! Ұрыспа маған. Жеккөрме менi! Мен сенi өмiрбақи "айналайын" деп өтемiн. Қош! Кешiр менi! Сен менiң туған анамдайсың!

"Әлемнiң қызығын, өмiрдiң шыжығын сыйладың сен маған, Сен бердiң құстардың қанатын самғаған". Бiрақ та, әлдилеп-аялай алмадың!..

Консерватория! Ендi кетiп барамын, ұшып барамын, алыстағы ауылым, туған елiм– Оңтүстiкке, Шымкентке, Түркiстанға, Таразға. Әулиелi мекен-жай ордаларына! Қош, Алматы!

Үш қабатты әдемi сарайдан көшеге қарай атылып, аласұрып шығып кеттiм.