КӨРЕГЕН БОЛУ – КӨЗДIҢ ЕМЕС, ТҮЙСIКТIҢ ҚАСИЕТI
КӨРЕГЕН БОЛУ – КӨЗДIҢ ЕМЕС, ТҮЙСIКТIҢ ҚАСИЕТI
Сыншы Сайлаубек Жұмабековтың шығармашылығы хақында
Қазақ әдеби сынының тарихы тереңде. Әдебиет туралы ой әдебиетпен бiрге туып, әдебиетпен бiрге жасауда. Сондықтан әдебиеттiң тарихы секiлдi әдеби сынның тарихы да ғылыми таным таразысына тартылып, арнайы қарастырылып келедi. Iргелi зерттеу еңбектер жазылуда. Алайда қазақ әдеби сынының теориясы мен қолданбалы мәселелерi, әдеби талдаудың, әдеби шығарманы сынаудың әдiснамасы, сыншының талдау және бағалау шеберлiгi, сыншы шығармашылығының көркемдiк және эстетикалық болмысы туралы қазақ әдебиеттануында қолға ұстап, қажетке жаратқандай арнайы зерттеу бүгiнге дейiн жүргiзiлген емес.
Бұл ретте әдебиет сыншысының жолын таңдаған жанның арнайы әдеби бiлiмiмен қатар эстетикалық танымы мен талғамы, теориялық дайындығы, әдеби шығарманы талдау және бағалау шеберлiгi аса маңызды екендiгiнде сөз жоқ. Тиянақты әдеби бiлiмi жоқ кiсi өмiрде көргендерi мен бiлгендерiнiң негiзiнде ақын немесе жазушы ретiнде еңбектенiп, қатардан озбаса да, көштен қалмай жүре беруi мүмкiн. Бiрақ сынның жайы да, жағдайы да басқа. Әдебиет саласында терең теориялық бiлiмi жоқ жан сын сарайының iшiне кiрмек түгiл, оның қақпасын қағуға да жарамайды. Сыншыда әдеби-теориялық терең бiлiмге қоса әдеби-эстетикалық талғам-таразы болуы шарт. Талғам-таразы қалам ұстаған қайраткерлердiң бәрiнде де болуы ықтимал. Сыншының әдеби-эстетикалақ талғам-таразысы – өзгеше талғам, өзгеше таразы. Ол әдебиеттiң тарихы мен теориясы саласындағы терең бiлiм жарығымен анықталып, соның таразысымен өлшенедi. Бұл жерде басқа мөлшер, өзге өлшем жоқ. Ал әдеби шығарманы талдау шеберлiгi мен бағалау тұрғысы дегенде, тек қана сыншы шеберлiгi, сыншы тұрғысы туралы ғана айтуға болады. Әдеби сынның дамуы, әдебиет сыншысының кәсiби қалыптасуы үшiн осы қасиеттер мен олар туралы әдеби ойлардың бәрi де маңызды. Алайда сын саласында мұндай iзденiстер үшiн соқпақ болмаса, айдау жол болған емес. Сыншы мұзды мұхит төрiндегi мұзжарғыш секiлдi әдеби сындағы бағыт-бағдарын өзi анықтады, мұзды өзi жарды, мұхитты өзi кештi, әдеби талдауларын өмiрден, әдебиеттiң тарихы мен теориясынан тапқан бiлiмдерi мен бiлiктерiне, шығармашылық iзденiстерi мен эстетикалық нысаналарына сай жасап, өздiгiнше жол тапты. Осындай жағдайда кәсiби сыншы болып қалыптасып, жетiлген бiтiмi дара, табиғаты таза шығармашылық тұлғалардың бiрi – марқұм Сайлаубек Жұмабек.
Сайлаубек Естайұлына университетте тәлiм берген, бiлiм берген ұстаздар әдебиеттанудың көш басындағы тарландар, көркем сөздегi көсем таланттар едi. Өзi де, бiрге оқыған достары мен жолдастары да университет аудиториясында отырып-ақ әдебиетке баланың көзiмен емес, ағаның көзiмен қарайтын, әдебиет туралы сөз сөйлеп қана қоймай, ой айтатын, пiкiр ұсынатын. Университеттi бiтiрген соң, әрқайсысы әр саладан орын тапты. Сайлаубектiң ортасы, әдеби жақын айналасы айбарлы болды. Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серiкқалиев, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердiқұлов, Шерхан Мұртаза, Тахауи Ахтанов, Ғабит Мүсiрепов секiлдi сөз өнерiнiң өнегелi, өрелi өрен жүйрiктерiмен бiрге қызмет етудiң, қатар жүрудiң, сұхбаттас болудың тағылымы, тәлiмi мен тәрбиесi аса маңызды болғанында сөз жоқ. Сайлаубектi осы ортаның жарығы жарқыратты. Өзi де оттай шалқып, шоқтай жайнады. "Сын пернесi" (1989), "Ғабит Мүсiрепов" (1989), "Жұлдызы нұрлы суреткер" (1993), "Жүрегi – мұң, жүрегi – нұр" (1989), "Қазығұрт перзентi" (1998), "Сын әуенi" (2001), "Шерхан Мұртаза. Жұлдызы нұрлы суреткер" (2002), "Тахауи Ахтанов. Талант тектоникасы. Роман-портрет" (2003), "Сын симфониясы" (2005), "Қалтай Мұхамеджан. Титан драматург. Шығармашылық портрет" (2007) және басқа еңбектерiнде автордың сол ортада тебiренген күйiнiң лаулаған жалыны, саулаған жарығы бар.
Сыншы талантының жарығы да, жалыны да ерекше. Әдеби шығарма табиғатында барды көрiп, дұрыс тани бiлу – қасиет. Әдеби шығарма табиғатында барды көрiп, тани бiлумен қатар оны саралап, талдай бiлу – өнер. Алайда сыншының мiндетi әдеби шығармадан ненi көрiп, ненi таныса, тек соны талдап, соны сараптау ғана емес. Әдебиет сыншысы, алдымен, көреген болуы шарт. Көреген болу – көздiң емес, көңiлдiң қасиетi. Ол көркем әдебиеттiң, өнер мен мәдениеттiң, тұрмыс пен салттың, тарих пен философияның ғасырлар бойы жинақталған асыл үлгiлерi мен қағидаларын, жалпыадамзаттық сипатқа иеленген рухани құндылықтарды көңiлiнде балқытып, көкiрегiнде қорытып, зердесiне құя бiлген зергер жаннан ғана табылмақ. Сонда ғана сыншының әдебиет пен өмiр туралы, әдеби шығарма туралы оның тек өзiне ғана тән эстетикалық мұраты, шығармашылық ұстанымы айқындалмақ. Осындай эстетикалық мұраттың, осындай шығармашылық танымның сыншысында ғана әдеби шығарманың келiстi келбетi, әдемi әлемi, тамаша табиғаты туралы өзгелерде жоқ, тек оның өзiнде ғана бар ерекше таным болмақ. Ол сондай таныммен ғана әдеби шығармада бар және жоқ, сондай-ақ болуға тиiс құбылыстар мен ерекшелiктердi, басқаша айтқанда, көркем әдебиеттiң бүгiнгiсi мен ертеңгiсiн, осы шағының болмысы мен келер шағының сипатын қатар, салыстырып көре алады. Әдебиет сыншысының көреген болуы керектiгi туралы ойымыздың мәнiсi осында. Зейнолла Серiкқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшiмбаев сынды Сайлаубек Естайұлы да әдебиет сынын шынайы әдеби көркем сын деңгейiне, одан әдебиеттану деңгейiне көтеруге ұмтылған осындай қайраткер болмыстың сыншысы едi. Ол әдеби шығармадан, алдымен, шындық болмыстағы қоғамдық, әлеуметтiк мәнi бар құбылыстардың терең ашылуына назар аударды. Қоғамдық мәнi зор өмiр шындықтарының сырын терең ашып, шынайы суреттеген әдеби шығарма ғана эстетикалық мәнi маңызды талдаулар мен бағалауларға негiз бола алады деп бiлдi. Қоғам үшiн мәндi, мағыналы шындық құбылыстарды суреттеу жазушыдан өмiр шындықтарын терең бiлудi, қоғамның әлеуметтiк даму заңдылықтарын, сұраныстарын жете зерделеудi талап ететiнi сөзсiз. Өмiрдi терең, жете бiлмейтiн жазушы шынайы көркем шығарма жаза алмақ емес. Сыншы туралы да осыны айтуға болады: өмiрдi терең бiлмеген сыншы әдеби шығармада көрiнiс тапқан өмiр шындықтарының қоғамдық мәнiн жете тани алмайды. Сыншы өмiр шындықтарын әдебиет пен өнер заңдылықтарынан терең бiлмесе, кем бiлмеуге тиiстi. Сонда ғана оның сыны сындарлы болмақ. Сайлаубек профессионал сыншы ретiнде берiк ұстанған қағидалардың бiрi осындай болды. Сыншы жазушы шығармасының сюжеттiк өзегi болған шындық құбылыстарды iрi не ұсақ деп жiктеуге бара бермедi. Шығармада суреттелiнiп отырған шындық құбылыстың қоғамдық, әлеуметтiк, эстетикалық маңызы мен мәнiне назар аударды.
Сыншы "дүниежүзiлiк әдебиетте Антон Чехов қалдырған эстетикалық принцип өмiрдiң өзiне, оның небiр елеусiз жәйттерiне жүгiну, боямасыз-қоспасыз жазу" екендiгiне сүйсiне отырып, Қалаубек Тұрсынқұлдың "Бүйрек", "Анды-Қарақыз" шығармаларынан осы ұстанымның бойды балқытып, ойды толқытқан шынайы да шырайлы көрiнiсiн тауып марқаяды. Жазушы шығармаларында, рас, өмiрде болған оқиғалар суреттеледi. Дегенмен автордың шығармасындағы шындық – көркемдiк шындық. Шынтуайтқа келгенде, өмiрдiң шындығынан суреткердiң қаламынан туған көркемдiк шындық әлдеқайда шынайы. Боямасыз, қоспасыз жазу туралы сыншы сүйсiнiсi, айналып келгенде, көркемдiк шындықтың шынайылығына деген сүйсiнiс болып табылады. Содан да болу керек, Қалаубек Тұрсынқұлдың "Бүйрек" әңгiмесiне қатысты ол: "Шығарма, сөз жоқ, адамзат баласының бойындағы ең бiр асыл, ең бiр аяулы, ең бiр қастерлi, ең бiр өмiрлiк ұлы сезiмдердiң көркемдiк кардиограммасы",– деп, поэтикалық тұжырым жасайды. Әдеби шығарманың көркемдiк шындығын эстетикалық қабылдаудан туған әдемi әсер мен әдеби-эстетикалық терең талдаудан туған қуатты ойдың жараса ағылған тамаша жарасымы сыншы тұжырымына мейлiнше сәулеттi сипат берген. Сыншы әдеби шығарманың өмiрлiк құндылықтарға эстетикалық қатынастарын пайымдай отырып, өз талдаулары мен сараптауларында ғылыми тарихилық ұстаным тұрғысынан да қол үзбейдi. Әрине, әдеби шығарма, оның көркемдiк-идеялық әлемiндегi әр құбылыс толып жатқан басқа құбылыстармен сан саладан байланысып, сабақтасып жатады. Оларды қай тұрғыдан, қай бағытта, қандай қатынаста және қандай деңгейде қарастыру қажеттiгi сыншының алдына қойған мақсаты мен мiндеттерiне сәйкес анықталады. Сайлаубек Естайұлы өз шығармашылығында жалқы жайын айта отырып, жалпыдан, жалпы жайында ой толғай отырып, жалқыдан қол үзген емес. Сондықтан оның ойлары мен толғаныстарында, талдаулары мен сараптауларында жалпының мәнi мен жалқының сыры, көркемдiк шарықтау биiктерi мен ғылыми парықтау иiрiмдерi жұп жазбай, тұтасып жатады.
Сайлаубек үнемi шарықтаған шығармашылық iзденiс үстiнде болды. Сыншы iзденiсi қажырлы, тынымсыз еңбекпен ұштасып жатты. "Көтерiлiс және көркемдiк танымдар генетикасы", "Талант тектоникасы", "Сын симфониясы" секiлдi әдебиеттану мен сын үшiн академиялық жүйеде тосын, ерекше, тiптi оқыс көрiнетiн мәселелердi көтеруi, сынға жаңа ұғымдар, түсiнiктер қатарын алып келуi осы тектес көркемдiк эстетикалық, шығармашылық iзденiстердiң тереңдiгi мен шығармашылық ойлаудың ерендiгiнен едi. Осындай ерекшелiк сыншының жеке шығармашылық тұлғалар туралы туындыларына да тән. Бұл ретте автордың Шерхан Мұртаза, Қалаубек Тұрсынқұл, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджан хақындағы iрi де iргелi, бiртектi шығармаларын арнайы атап көрсеткен дұрыс. Аталған қаламгерлер шығармашылығы жайындағы еңбектерiнiң бiрiн автор "эссе" деп атайды, екiншi бiреуiне "шығармашылық портрет" деп айдар тағады, келесiсiн "роман-портрет" деп айшықтайды. Сыншы, осылайша, әдеби көркем сын айналымына сыры бiр, сипаты бөлек ұғымдарды енгiздi. Автордың көрсетiлген кiтаптары зерделеу пәнi жағынан өзара сарындас. Бiрақ бәрi де әдеби көркем сын саласындағы жаңа, дара тұрпатты шығармалар болып табылады. Анығын айту керек, жазушының шығармашылығы туралы роман-портрет жазу сын саласында тек Сайлаубек Жұмабектiң ғана қолынан келдi. Бұл – сын тарихында бұрын соңды болмаған жаңа құбылыс, сыншының талант даралығын танытқан шығармашылық жаңа үлгi.
Cыншының шығармашылық туындыларының бәрi ғылыми ұстанымға, ғылыми бағалауларға негiзделе тұра, суреттi, образды. Баяндау, сипаттау, талдау мәнерiнде де шығармашылық құштарлық құшағында құлпырған суреттi өрнектер мол. Осы ерекшелiктердi негiзге алғанда, сыншының Шерхан Мұртаза, Қалаубек Тұрсынқұл, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджан туралы еңбектерiнiң бәрiн де тектес деп қабылдауға болады. Ал нақты ат, затты атап айту қажет болса, автордың "роман-портрет" деген жанрлық анықтама бағытында негiзделген термин сөзiне назар аударған оңды. Расында да сыншының Тахауи Ахтанов шығармашылығы жайында жазған туындысының жанрлық табиғатын "роман-портреттен" артық ашатын лайықты терминдi табу оңай емес.
Сыншы "Талант тектоникасына" Ахтанов Ахтановтың көзiмен деген айқындауыш атау қосады. Мұның мәнiсi автордың Тахауи Ахтановтың шығармашылығын Ахтановтың өз көзiмен талдап, өз көзiмен пайымдауында. Бұл – cыншының өзi iздеп тапқан жаңа ұстаным, сыншының өзiне ғана тән дара тұрғы. Осы жерде ескеретiн бiр жай бар. Ол – Ахтанов шығармашылығына Ахтановтың көзi мен Сайлаубектiң көзiнiң бiр көз екендiгi. Ахтанов шығармашылығына Ахтановтың көзiмен қарайтын – Сайлаубек Жұмабектiң өзi. Мұндай батылдыққа сыншының сыншысы ғана тәуекел ете алады. Өйткенi мұндай шығармашылық мақсатқа жету үшiн бiлiм мен бiлiк, талап пен талант, еңбек пен iзденiс қана емес, осылардың бәрiнiң төбесiнен қарап тұрғандай биiк қасиет қажет. Оның аты – Ахтановтың өзi мен шығармашылығына, шығармашылық тұлғасына деген азаматтық құрмет пен адамдық сүйiспеншiлiк. Сыншы Ахтановты, Ахтановтың шығармашылығын, Ахтановтың шығармашылық мұратын, шығармашылық ойы мен ойлауын, көркемдiк-эстетикалық әлемiнiң жарығы мен жарқылын осындай құрметпен, осындай сүйiспеншiлiкпен барлап, қабылдады. Бұл – Сайлаубек талантының сыншыл һәм сыршыл ерекшелiгi. Бұл – Сайлаубек Жұмабек табиғатының адамдық, азаматтық, адамгершiлiк, кiсiлiк қасиетi. Талантқа құрмет, талантқа деген сүйiспеншiлiк жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ. Сайлаубектiң сын саласындағы шығармалары жазушыға, жазушы таланты мен жазушы табиғатына деген құрмет пен сүйiспеншiлiктен туды.
Жазушының еңбегi, жазушының таланты, жазушының шеберлiгi туралы әдебиеттанушы да, сыншы да аз айтып жүрген жоқ. Соған қарамастан бұл мәселелер туралы айтылған, жазылған ойлардан айтылмаған, жазылмаған, шешiлген мәселелерден шешiлмеген, шешiмiн күтiп жатқан мiндеттер әлдеқайда көп. Зерттеушiлер де, сыншылар да бұл мәселелер аясындағы күрделi, iргелi құбылыстар туралы, көбiнесе, жалпы айтуға бейiм. Мұны айып санаудың жөнi жоқ. Қалпы айтқаннан жалпы айтқан көш iлгерi. Жалпы сипаттағы iргелi мәселелер туралы нақты айтуға ұмтыла отырып, қапелiмде, қалпы айтып қою қиын емес. Ең бiр қолайсызы – еңбексiз, талантсыз, шеберлiксiз жазылған шығармадан көркемдiк кесте iздеп тапқан болу. Тiптi талантты қаламгердiң талантсыз шығармасын тамашалаудан да сақ болған абзал. Талантсыз жазылған шығарманы тамашалау талантты өсiрмейдi, өшiредi. Сондықтан да Сайлаубек Естайұлы мұндай тамашалаудан бойын да, ойын да аулақ ұстады. Үстiрт, таяз жазылған шығарманы тас-талқан етiп сынауға да бармады. Ондай сыннан әдебиетке де, сынға да ғибрат болар пайда жоқ деп бiлдi: алтын қаламының ұшын тасқа салуға қимады. Жүрегiн жылытпаған шығармаға да, көңiлi толмаған жазушыға да бiрқалыпты сабырмен қарады. Жазушылық мұратының адалдығымен, суреткерлiк табиғатының тазалығымен, кiсiлiгiнiң iрiлiгiмен, дарынының даралығымен жанына жарығын түсiрген, сезiмiн тербеген, жүрегiн тебiренткен, ойын балқытқан қаламгерлердiң шығармашылығына жайбарақат қарап отыра алмады, жазды: сырын айтып, эссе жазды; шынын айтып, шығармашылық портрет жазды; сынын айтып, роман-портрет жазды. Сүйгенi мен сүйсiнгенiне ғана мойын бұрды. Сүйгенiн оқып, сүйгенiн жазды. Менiңше, Сайлаубектiң өзi көзi тiрiсiнде көңiлi толып айтқан "Талант тектоникасы" да осы болу керек.
Сыншы болу, сын жазу оңай емес. Туғаны жоқ тура би сынды сыншыда жақын да болмайды. Оның себебiн әр сыншы өзiнше түсiндiредi. Қазақ итiң жаман деген сөздiң өзiн көтере алмайды. Ал әдеби шығарманың кемшiлiгiн сынау автор үшiн пайдалы, ғибратты болғанмен, оның жанына жайлы, жағымды емес. Автордың жанын ауыртпай, көңiлiн қалдырмай сын айту қиын. Басынан өтпеген жан мұның салмағын, ауыртпалығын сезбейдi, сезбеген соң, сынның қырын, сыншының сырын бiле бермейдi. Сынның салдарын, ауырлығы мен ауыртпалығын мойнымен де, жүрегiмен де тiк тұрып көтерген Сайлаубектiң сын туралы, сыншы жайлы ойы терең, сөзi салмақты: "Сын тура айтылады, қатты айтылады, публистикалық сипаты ашық әрi өткiр келедi, – дейдi сыншы."Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың" дегендi қазақ бекер айтты деймiсiң. Сондықтан да сында тек жүрегiнiң түгi барлар ғана тұрақтап қалады" [1,44]. Бұл сөзде сыншының шыны да, сыры да бар. Шыны сол – автор турасын, анығын, ақиқатын айтып отыр. Сыры сол – турасын да, анығын да, ақиқатын да жүрекке түскен салмақтан басы ауырып, балтыры сыздап тұрып айтып отыр. Турасын айту – шындықты айту. Сын болып айтылған шындық егеулi найзадай. Оған төтеп бере алатын батыр өмiрде сирек. Сындағы шындық алмастың жүзiндей. Оған түскен сау қалмайды. Осы шындықты қатты айту, өткiр айту оның қаттылығы мен өткiрлiгiн еселеп арттырады. Сондықтан сында шындық айтуға қарсылардың тобы қалың, шындықты тура, қатты, өткiр айтқан сыншыны күндеушiлер, көре алмаушылар көп. Оның дұшпаны да аз болмайды. Осының бәрiн бiле тұра Сайлаубек туралығынан таймады, қолын қусырмады, басын имедi, тiзесiн бүкпедi. Жүрегi шайлықпады. Сондықтан да әдеби сын тарихында Сайлаубек Естайұлы сын майданынан қайтпаған, жүрегiнiң түгi бар, қайсар да қайратты, iрi таланттардың бiрi болып қалды.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi
"Абай" институтының директоры