Жаңалықтар

Қытай: ДАМУ МЕН ДАҒДАРЫС

ашық дереккөзі

Қытай: ДАМУ МЕН ДАҒДАРЫС

Шығыстағы ұлы көршiмiздiң бүгiнгi әлемде алып отырған айрықша орнына қарап, әлемдi дүрбелеңге салған дағдарыстың осынау айбарлы мемлекетке оншалықты әсер етпеуi таңдандырады. Байыпты түрде сараптап айтарымыз – бүгiнгi Қытай елiнiң аршынды қадамы мен келешекке нық сенiмi әрбiр елге сабақ боларлықтай.

Әңгiменi қазiр жұрттың аузынан түспейтiн қаржылық дағдарыстан бастаған жөн. Дағдарыс ұлы көршiмiзге де iшiнара әсер етпей қалған жоқ. Бiрақ одан ол АҚШ пен Батыстай ойсыраған да емес. Нақты деректерге сүйенелiк. Өткен жылы 2008 жылмен салыстырғанда, Қытайдың экспорты 19,7 пайызға азайған. Ал iшкi жалпы өнiм 2009 жылдың бiрiншi тоқсанында бар болғаны 4,5 пайызға ғана кемiген екен. Сөз жоқ, Қытай сияқты алып мемлекет үшiн бұл болмашы ғана көрсеткiш. Сөйте тұра, өткен жылдың наурыз айында елде өндiрiстiк өнiмнiң мөлшерi 8,3 пайызға өсiптi. Бiр таңданарлығы сол, өткен жыл бойына көршiлес Ресейде тауардың бағасы үздiксiз өскенде, Қытайда заттың, әсiресе азық-түлiктiң құны төмендеген немесе сол күйiнде қалыпты. Мәселен, ет, ет өнiмдерi мен құстың бағасы 8,8 пайызға төмендеген. Қытайдың мұндай "даралануының" себептерi мынадай: iшкi тұтыну нарығының кеңдiгi, арзан жұмыс қолы және Шығыстың осы ұлтының ғасырлар бойы ептiлiгi мен төзiмдiлiгi. Қытай 2008 жылдың аяғында-ақ, еш даурықпастан, елдегi экономиканы тұрақтандырудың кең көлемдi бағдарламасын жасақтап, соған 585 млрд. АҚШ долларын бөлгенi белгiлi. Ендi ханзулар бiрте-бiрте доллардан iргесiн аулақ салып, мемлекеттiң төл ақшасы-юаньды әлемдiк валюталардың бiрiне айналдыру жолында күш-жiгерiн жұмсауда.

Мұның нәтижесiнде қазiр айрықша аймақ – Гонконгтың алтын-валюта қорын есептемегенде, Қытайдың мемлекеттiк алтын-валюта қоры 2 триллион доллардан асып жығылды. Өзiнiң алтын-валюта қорының мөлшерi жөнiнен әлемде бiрiншi орынға ие. Шығыстағы ұлы көршiмiз сол ұлттық қорын нақты да келешекте қайтарымы мол мақсатқа жұмсап отыр. Басқаларды айтпағанда, бiр Қазақстанның өзi осы елден 15 млрд. доллар қаржылай көмек алғаны белгiлi. Есесiне елiмiз Қытайға мұнай, металл және азық-түлiк бередi. "Мұнай" демекшi, таяуда елiмiзден шығыс бағытқа күнiне 400 мың баррель мұнай тасымалданбақ. "Алмақтың да салмағы бар" деген осы да.

Бұл – тек бiр Қазақстанға қатысты жәйт. Жалпы алғанда, алып көршiмiз бүкiл әлемде өз саясатын жан жақты жүзеге асыруда. Мәселен, Африка құрлығын алайық. "Қара құрлық" минерал мен сутегi қоры жөнiнен әлемдiк табиғи байлықтың 8-10 пайызын құрап отыр. Мiне, осыны жiтi ескере отырып, соңғы жылдары Қытай Африкадағы экономикалық ықпалы жөнiнен дәстүрлi елдер АҚШ, Англия мен Францияны басып озды. Қазiр Африканың ең күштi дамыған елi – ОАР мен Қытай арасындағы жылдық тауар айналымының өзi 8 миллиард долларға жеттi. Қытай АҚШ пен Батыстай ақша құйылымы мен келiсiмдерге ешқашан саяси алғы шарттарды араластырған емес. Былтыр ақпанда "қара құрлықтың" жетi елiн аралаған Шығыстағы көршiмiздiң басшысы Ху Цзяньтао әлемдiк қаржы дағдарысына қарамастан, Африкамен байланыстың үзiлмейтiнiн мәлiмдедi. Өткен жылдың аяғында Қытай ресми түрде аталған мәлiмдеменiң сол күшiнде қалатынынан хабардар еттi. Ресми Бейжiң Ангола мен Нигерияға мол инвестиция құйып отыр. Себеп – екi ел де құрлықтағы iрi мұнай өндiрушiлер. Осыған орай былтыр Қытайдың бүкiл Африкамен сауда айналымы 55 млрд. долларға жетiп жығылды. Биыл 100 миллиардты құрауы тиiс. Қытай АҚШ пен Франциядан кейiнгi Африканың үшiншi сауда серiктесi.

Алайда алпыс екi айлалы көршiмiздiң дендеп енуiнiң көлеңкелi тұстары соңғы жылдары айқын байқалуда. Бiрiншiсi – қанау, екiншiсi –арзан да сапасыз қытай тауарларының жергiлiктi нарықты тұншықтыруы. Үшiншiсi әрi қатерлiсi– арзан қытай жұмысшыларының барлық елге де дендей енуi. Оның да айла-әдiстерi көп. Жағдайдың ушыққаны соншалық, жақында Замбияның жергiлiктi тұрғындары арнайы ұйым құрып, келiмсектерге қарсы күрестi бастап та жiберiптi. Амалсыздан сол елдiң еңбек министрi Остин Лято қытайлық жұмысшыларды қорғап, қандастарына басу айтуға мәжбүр болған. Сонымен бiрге қытайлық кәсiпкерлердiң жұмысшыларды елiнен таситынын және оларға тосқауыл қою мүмкiн еместiгiн мойындаған көрiнедi.

Соған да қарамастан қытайлықтар нөпiрiнiң тiптi саябырлайтын түрi жоқ. Қазiр ОАР-да Қытай қауымдастығы мүшелерiнiң саны 300 мыңнан асса, Ангола таяу жылдарда елдегi ханзулардың үш миллионға жетуiн барған сайын мазасыздана күтуде. Басқасы басқа, өздерiн өзгелерден барынша мұқият қорғайтын араб әлемiнде де қытай тiлiн үйренуге құштарлық күштi. Мысырдағы үш университетте қытай тiлiнiң бөлiмi ашылған. Сол елдiң 11 ЖОО-да қытай тiлi курстары жұмыс iстейдi.

Азияда қытай жұмыскерлерiнiң саны артуынан Үндiстан мен Вьетнам айрықша зардап шегiп отыр. Ал ресми Бейжiң елдегi жұмыссыздықты барынша азайту үшiн шетел асқан, асатын қандастарына қуана-қуана қолдау көрсетiп келедi. КХР Сауда министрлiгiнiң ресми мәлiметi бойынша, өткен жылы шетелде 780 мың (iс жүзiнде бұдан анағұрлым көп!) ханзу еңбек еткен. Бiздегi ресми дерекке сенсек, 50 мың қытай Қазақстанға табан тiрептi. Ал бейресми мәлiметте олардың санын 500 мыңға бiр-ақ апарады.

Халық өсiмi байқалмайтын, рухани жағынан тұралаған АҚШ пен Батысқа қарағанда, Қытайдың келешегi кемел. Бес мың жылдық шежiресi бар, социализм мен нарықтық экономиканы қатар меңгерген, рухани өмiрiнде Кун-цзы (Конфуций) iлiмiн басшылыққа алған Аспан асты елi болашағына қарай сенiмдi түрде аяқ басуда. Ал оның дәп iргесiндегi Қазақстан келешегiнiң қалай қалыптасары Қытайдың сыртқы, соның iшiнде экономикалық саясатына да тiкелей қатысты. Қытай кәсiпкерлерiнiң елiмiздегi белсендiлiгiне қарап, келешектен күтерiмiз де мол, алаңдауымыз да жоқ емес.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ