ЖАПОНИЯ КӨЛIК ДӘЛIЗIНЕ АҚША БӨЛМЕКШI
ЖАПОНИЯ КӨЛIК ДӘЛIЗIНЕ АҚША БӨЛМЕКШI
Таяуда Елордаға Жапония мемлекетiнiң сыртқы iстер министрi Кацуя Окада ресми сапармен келдi. Бүгiнде екi ел арасындағы сауда-экономикалық және энергетика саласындағы қарым-қатынас қарқынды түрде дами түскен. Жапон елiнiң Қазақстанның дамуына құйып жатқан инвестициясы да жыл санап артып келедi. Ендiгi кезекте қолға алынып жатқан индустриалды-инновациялық бағдарламаның тамырына қан жүгiрту үшiн Жапонияның капиталы мен технологиясын сарқа пайдалану аса тиiмдi болып тұр.
ЕҚЫҰ төрағасы, Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев жапондық әрiптесiмен болған кездесуде қазақ халқының жапон елiнiң қасiретiн жақсы түсiнетiндiгiн жеткiздi. Кезiнде Қазақстанның бiр жарым миллион тұрғыны да ядролық қарудың зардабын тартқан болатын. Ал осыдан тура 65 жыл бұрын, тамыз айының 6-сы мен 9-ы аралығында АҚШ-тың бомбалаушы зымыран ұшақтары Жапонияның Хиросима және Нагасаки қаласына атом бомбасын тастаған едi. Жүздеген мың бейбiт жапон тұрғындары қас-қаққанша көз жұмды. Екi елдiң басына туған ядролық жарылысты еске алған Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев жапон халқының қайғысына ортақтасып, көңiл айтуды ұмытпады. "Жапония Семей полигонынан зардап шеккендерге және ядролық сынақ өткiзiлген аймақтарды қалпына келтiруге көмектескенi үшiн алғыс айтамыз" дедi ол өз сөзiнде. Басқосуда қос тарап ядролық қаруға қарсы күрестi одан әрi нығайта түсу керек деген ортақ ұйғарымға келдi. Келелi пiкiр алмасудан кейiн екi елдiң ресми өкiлдерi мәңгiлiк от алауының жанында ядролық сынақтың зардабынан бақилық болған құрбандарды бiр сәт үнсiздiкпен еске алып, Құран бағыштады. Әсерлi кеште тебiрене сөз алған Жапония Сыртқы iстер министрi Кацуя Окада бастаған топ мұндай қайғылы оқиғаның жер бетiнде қайталанбауы үшiн күш-жiгердi бiрiктiрiп, бiрлесе ынтымақтасу қажет екенiн айтқанда, көздерiне жас iркiлдi.
Бұдан соң Жапонияның Сыртқы iстер министрi Кацуя Окаданы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, екi ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерiн сөз еттi. "Экологиялық мәселелелердi шешу барысында әрқашан Жапония мемлекетiнiң қолдауын сезiнiп отырдық. Бiздiң тамыздың 29-ын "Бүкiләлемдiк ядролық қарудан бас тарту күнi" етiп жариялау туралы бастамамызды қолдағандарыңыз үшiн сiздерге ризамыз", – дедi Елбасы алғысын жаудырып. Ал мәртебелi мейман Жапонияның Қазақстанды Орталық Азиядағы геосаяси серiктесi санайтынын және оның ядролық қарусыздану мен қауiпсiздiктi нығайту бағытындағы мемлекеттiк саясатын жоғары бағалайтынын айта келе, Қазақстан-Жапон қарым-қатынасын жаңа сапалық деңгейге көтеру керектiгiне тоқталды.
Расында да, Қазақстан – энергетикалық ресурстарға бай мемлекет болса, Жапония – дамыған технологияларға ие. Елiмiздi дағдарыс қыспаққа алған уақыттарда Жапонияның бiзге бөлген инвестициясы да күрт азайған едi. Ал, бүгiнде осы олқылықтардың орнын толтыру үшiн, келешекте екi елдiң осы артықшылығын ұтымды пайдалана отырып, қос мемлекетке тиiмдi шаралар атқару басты назарда ұсталды. Сондай-ақ, екiжақты басқосу нәтижесiнде Жапония елi "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық көлiк дәлiзi жобасын қаржыландыруға ниет бiлдiрiп, Жамбыл облысындағы көлiк жолдарын бiрiгiп салу жөнiндегi ортақ келiсiмге қол қойды. Сөйтiп, бүгiнде жүзеге асып жатқан күре жолдың құрылысына Токио 70 миллионға жуық АҚШ долларын бөлетiн болды. Бұл қомақты қаржы Жамбыл облысындағы Тараз-Қордай учаскесiндегi 21 шақырым жолды салуға жұмсалады деп жоспарланып та қойған. Бiр айта кетерлiгi, халықаралық қатынастардың жапондық агенттiгi тарапынан бөлiнетiн қарыз жылына 1,7 пайыздық мөлшермен және жетi жылдық жеңiлдiк бойынша, 25 жылға берiлмек.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ