Жаңалықтар

МҮБАРАК РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ашық дереккөзі

МҮБАРАК РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметтi мұсылман бауырлар, отандастар! Cағына күтiп, қимай қоштасатын, Құран Кәрiмнiң асыл аяттары түсе бастаған мұсылман жұртшылығының қасиеттi айы Рамазанға да жеттiк.

Рамазан – Алла Тағаланың мейiрiм нұры жауатын, шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп, жыл он екi айдың ең қадiрлiсi. Бұл айда Алланың рахымынан үмiт ете отырып, ораза ұстап, құлшылық жасаған адамның тәубесi қабыл болып, жапырақтары төгiлген күзгi ағаштай күнәларынан арылады.

Таңның атысы кештiң батысына дейiн нәр татпай ғана қоймай, мұнымен қоса түрлi жамандықтардан бойын аулақ ұстау – нәпсiнi тәрбиелеудiң үлкен мектебi екенi даусыз. Ал күнi бойғы нәпсiмен арпалысқан күрестiң есесiне кешке сiздi мол сауап, ерекше ләззатты сәттердiң күтiп тұруы өз алдына бiр ғанибет.

Ораза ұстау – Құран Кәрiмде және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәрiптерiнде нақты бекiтiлген бес парыздың бiрi. Құранда: "Ей, иман келтiргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етiлгендей тақуалыққа жетулерiң үшiн ораза ұстау сендерге де парыз етiлдi" – делiнген ("Бақара" сүресi, 183-аят).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бiр хадисiнде Алла Тағаланың былай деп бұйырғанын жеткiзген:

"Адам баласының барлық амалы өзi үшiн … Алайда оразаның жөнi бөлек. Оның қарымын тек Мен беремiн. Өйткенi ол тек менiң разылығым үшiн iшiп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екi қуанышты сәтi бар: бiреуi – ауызашар уақыты, екiншiсi – Алла Тағаламен қауышар сәтi. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иiс Мен үшiн жұпар иiстi мисктен артық".

Ораза бiр жағынан адамның өз-өзiне есеп беруi iспеттi. Ол – илләһи сырларды түйсiнудiң құтты кеңiстiгi. Рамазанның аспаны қай кезде де берекелi ақ нөсерiн төгуге дайын рахым бұлттарына толы. Оның сұлу тамшылары кенезесi кепкендердiң таңдайын жiбiтiп, шөлiн басады.

Ораза – мұсылман үшiн үлкен сабыр мектебi. Сондықтан мұсылмандар бұл айда әдеп бiлмес пенделердiң өзiне жасаған небiр оғаш iс-әрекеттерiн көрiп, ашу шақырар сөздерiн естiсе де, жарылуға шақ қалған нәпсiсiне "Мен оразамын" деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп бiлместердiң өзi де терең ойға шомып, тәубасына келедi.

Бұл айда мүмiн-мұсылмандардың көзi тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тiлi бос сөздерге күрмеледi де, небiр жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап iздеп, жақсылыққа жүгiредi. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшiсiнiң (с.ғ.с.): "Кiмде-кiм жалған сөйлеуiн қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекiткенiне мұқтаж емес" деген ескертулерi жаңғырып тұрады.

Мұсылмандық күнтiзбе бойынша әр жылғы ораза оның алдыңғы жылғы ораза уақытынан он, он бiр күнге бұрын ұсталады. Биыл Рамазан айының бiрiншi күнi тамыз айының 11-iне сәйкес келiп тұр. Яғни, бұл жылғы ораза күндерi жылдағыдан анағұрлым ыстық болмақ. Сондықтан мұсылман жамағаты өзге жылдағыларға қарағанда көбiрек төзiмiдiлiк танытуына тура келедi. Күнi бойы аштық пен шөлдiң қиындықтарына төзiп, тiптi, күннiң ми қайнатар аптап ыстығында ауыз бекiтiп шыдайды. Алайда Алланың разылығы үшiн ыстық пен шөлдiң тауқыметiн тартып бұл дүниеде қиналған адам о дүниеде шексiз рахымға бөленбек.

Осы тұста, елiмiздегi кәсiпкер азаматтар мен мекеме басшыларына бүкiл Қазақстан мұсылмандарының атынан өтiнiш-тiлегiмiздi де жеткiзгелi отырмыз. Алла ризалығы үшiн қасиеттi Рамазан айының құрметiне елiмiзде ай бойы азық-түлiк бағаларына, қонақ үй сияқты басқа да қызмет көрсету орындарының, ұшақ, пойыз, басқа да көлiк бағаларына 10 пайыздық жеңiлдiк жасауға шақырамыз. Сондай-ақ, бұл айда дүкендерде iшiмдiктiң барлық түрi сатылмаса.

Сөз соңында, барлықтарыңызды қасиеттi Рамазан айының келуiмен құттықтап, ниеттерiңiз қабыл болсын демекпiз. Жүздерiңiздегi нұр, жүректерiңiздегi иман арта берсiн. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бiрлiгi берiк болғай!

ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБIСӘЛI, Қазақстан Мұсылмандар дiни

басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесiнiң төрағасы, Бас мүфти