Жаңалықтар

АУҚЫМДЫ ӨРТТЕРДI АУЫЗДЫҚТАУ ОҢАЙ ЕМЕС

ашық дереккөзі

АУҚЫМДЫ ӨРТТЕРДI АУЫЗДЫҚТАУ ОҢАЙ ЕМЕС

Премьер-министр арнайы штаб құруды тапсырды

Әлемнiң бiраз елiн шарпыған өрт талай шығын әкелдi. Кеше ғана аяқастынан алапат өртке оранған Ресей 750 мың гектар орман алқабынан айрылды. Бұл оқиғалар Қазақстан үкiметiнiң дер кезiнде сақтық шараларын күшейтуiне итермелеп отыр. Өйткенi, тiлсiз жаудың салдарынан елiмiзде 7 айда 363 орман өртi тiркелiптi.

Сонымен, Үкiмет өрт қауiпсiздiгiнiң жай-күйiн жiтi бақылауға алмақ. Көршi орыстың орманы өртке оранып жатқанда, бейқам отыруға болмас, сiрә. Оның үстiне жыл басынан берi Қазақстанда 4 мың гектардан астам орман өртенiп, 35 миллион теңге көлемiнде шығын келген. Өртпен күресудiң ресейлiк тәжiрибесiне иек арту маңызды екенiн айтқан Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов арнайы республикалық штаб құруды тапсырды. Мұндай штабтар елiмiздiң барлық аймақтарында да жұмыс iстейтiн болады.

Әзiрге аптап басылмай тұр. "Қазгидромедтiң" болжамы бойынша, тамыз бен қыркүйекте де ыстық ауа райы сақталатын сияқты. Соған байланысты, шұғыл отрядтар құрылып, 200-ден астам мамандандырылған техника дайын тұр. "Темiрдi қызған кезiнде соқ" демекшi, Төтенше жағдайлар вице-министрi Валерий Петров кеңестiк дәуiрден қалған техниканың сын көтермейтiндiгiн мәселе етiп көтердi. "Бiзге БИ-200 ұшағының үшеуi қажет. Ұшақтың бұл түрi Ресейде өрт сөндiру кезiнде өзiнiң тиiмдiлiгiн дәлелдедi. Бастапқы кезеңде алынған бiр ұшақты Астананың маңында ұстау қажет", – дедi ол.

Өткен жылмен салыстырғанда, тiркелген өрттiң саны 10 пайызға азайғанмен, өрт шалған аумақ 19 пайызға ұлғайған. Мәселен, соңғы 7 айдың iшiнде 4 мың гектар орман, 55 мың гектар шабындық жер отқа ораныпты. Жазық жерлердегi өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң тиiмдi жолы – ғарыштық мониторингтi пайдалану екен. Бұл жүйе қазiргi таңда Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылған. Нәтижесiнде 656 от ошағы анықталғаны мәлiм.

Ал, өртке қарсы тұрудың республикалық штабын құруды тапсырған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Бiз көршi Ресей мемлекетiмен әрiптестiк байланыс орнатуымыз керек. Аяқ астынан төтенше жағдай бола қалса, шұғыл түрде олардың тәжiрибесiн игеру қажет. Көбiне орманға отты әдейi қойып, күйген ағашты кесiп алуды кәсiп етiп жүргендер бар. Бұл мәселеге де айрықша көңiл бөлген дұрыс. Осы iстi үйлестiру, Өмiрзақ Естайұлы сiзге жүктеледi. Апта сайын баяндап тұрасыз. Ауқымды өрт болса, жергiлiктi жерде жедел шешiм қабылдауға дайын болыңыздар" дегендi қатаң ескерттi. Себебi, елiмiздегi орман шаруашылығының 70 пайызы Шығыс Қазақстанда орналасқан. Ағаштарды шабуға жарияланған мораторий бүгiнге дейiн күшiн жоймаса да, оған құлақ асып жатқандар жоқтың қасы. Өрттiң алдын алу науқаны кезiнде қарау жүрек алаяқтардың орманды қасақана өртеу әрекеттерiне жол бермеу үшiн прокуратура бiрқатар жедел-сауықтыру шараларын жүзеге асыруға дайын.

Орман және дала алқаптарын тiлсiз жаудан қорғау үшiн ел қазынасынан қосымша қаражат бөлiнбекшi. Бұл орайда жауапкершiлiк жергiлiктi билiк өкiлдерiне жүктелген. Өйткенi, мемлекеттiк орман қорының 90 пайызына жуығы қазiр әкiмдердiң құзырында. Бұдан былай тиiстi кодекске өзгерiс енгiзу арқылы арнайы қызметтер жыл бойы жұмыс iстейтiн болады. Сонымен қатар, осы жағдайды бақылауға арналған мұнаралар да ретке келтiрiледi. Үкiмет тапсырмасына сәйкес, олар тәулiгiне 24 сағат кезекшiлiк атқаруы тиiс. Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шүкеев: "Әр аумаққа жауапты адамды бекiту керек. Әркiм өз жауапкершiлiгiн толық сезiнуi керек. Өйткенi, бұл аса күрделi мәселе. Егер орманнан өрт шықса, жағдай қиын болады" деп қауiптiң алдын алуға шақырды.

Қазiрдiң өзiнде Шығыс Қазақстан облысының ормандарын шарпыған өрт мамандардың алаңдаушылығын туғызуда. Тек биылдың өзiнде бұл өңiрде 3 мың гектар алқап отқа оранған. "Шығыс Қазақстандағы жағдайға тоқталсақ. 50 өрт оқиғасы тiркелiп, 27 гектар жанған. Яғни, адамдардың отты жылдам өшiргенi көрiнiп тұр. Ал жалпы орман шаруашылығында бес өрт болып, 1900 гектар жер жанып кеткен. Бұл жоспарлы шара болуы мүмкiн", – дедi Премьердiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шүкеев.

Қазiр Ресей ормандарындағы қызыл жалынды ауыздықтау қиынға соғып тұр. Бiр күн iшiнде 247-ден аса өрт ошағы тiркелiп, олар 174 мың гектар аумақты шарпып үлгерген. Ал шет елдерден көмек ретiнде 52 техника, 10 ұшақ пен тiкұшақ апарылса, орман өртiн ауыздықтауға көмек ретiнде елiмiзден екi тiкұшақ жiберiлiптi.

Жоғарыда келтiрген мәлiметтерге қарағанда, бiр жаз мезгiлiнiң өзiнде қаншама орман алқаптарының өртке оранғанына көз жеткiзесiз. Бұл тiптi, Астана маңайындағы қолмен көгалдандырылып жатқан бiрнеше жасыл желектi құрайды. Егер жыл сайын 300-дей орман қып-қызыл өртенiп, түп-тамырымен жоғала берсе, бiздiң сұлу табиғатымыздан не қалады?

Елбасының тiкелей тапсырмасымен және қадағалауымен өсiрiлiп жатқан Астананың маңындағы жасыл желектi аймақ бүкiл қазақстандықтардың мақтанышына айналып отырғаны аян. Сандаған адам тер төгiп, жүздеген заманауи техника жұмылдырылған осынау маңызды шараның алғашқы нәтижелерi де көңiл қуантарлықтай. 70-80 мың гектар алқап көз сүйсiндiрген жасыл орманға айналып отыр. Мiне, осыншалық ауыр еңбекпен, аянбай тер төгiп, мәпелеп-баптаумен өсетiн ормандарымыз тiлсiз жау – қатыгез өрттен аман сақтау да бүгiнгi ұрпақ қана емес, келер ұрпақтардың да алдындағы қасиеттi борышымыз екенi бесенеден белгiлi. Өйткенi, қазақ даласындағы әрбiр ағаш әулие, әрбiр бұта киелi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ