Жаңалықтар

ТАМЫЗДА ЖАРЫҚТЫҢ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕМЕК

ашық дереккөзі

ТАМЫЗДА ЖАРЫҚТЫҢ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕМЕК

Көптен берi халықтың көңiлiнен шықпай жүрген кiрбiң бiртiндеп шешiлiп келе жатқан сияқты. Қыс мезгiлiнде бiрден аспандап кеткен коммуналдық төлемдер тәубасына түсiп, электр энергиясының арзандауы көңiлдi алдарқатып тұр. "KEGOC" АҚ желiлерiн пайдаланатын Алматы мен Қостанай облыстарында тәжiрибе жүзiнде iске асырылды.

Жоғарыда айтқанымыздай, тәжiрибе жүзiнде енгiзiлген арзандату нәтижесiнде баға барометрi қосымша құн салығынсыз 0,94 теңгенi құрап отыр. Айтпақшы, тариф түрiн пайдалану және бағасы өзгертiлген төлемдер тұтынушының орналасу аймағы мен қашықтығына ешбiр қатысы жоқ. Олай болса, Алматы облысы бойынша электр энергиясының бағасы 1,6 пайызға кемiген. Бұл дегенiңiз, 1 кВт 10,75 теңгенi құрайды. Ал Қостанай облысында 9,98 теңгеге түстi. Байқап отырғандарыңыздай, электр энергиясының тарифтерi қымбат саналатын аймақтардағы баға 0,6-дан 3,2 пайызға дейiн арзандап отыр. Заңды тұлғалар үшiн Алматы қаласындағы күндiзгi тариф 11,31 теңге, түнгi тариф 3,21 теңге болып белгiлендi.

Бiрақ тұтыну көлемi бойынша есептелетiн тарифтер есесiн жiбермей тұр. Мәселен, тұтынушы электр энергиясын белгiленген шағын мөлшерде пайдаланса, 1кВт сағатына 10,54 теңге төлейдi. Ал белгiленген мөлшерден асып кетсе 13,57 теңге төлеуге тура келедi. Десе де тұтынушылардың пайдалану факторы басты маңызға ие, себебi үнемдеу арқылы арзан төлеуге болады. Осылайша елiмiз жылына 2 миллиард теңге үнемдей алады екен.

Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң өткiзген мәслихатында агенттiк төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа "Тарифтердiң деңгейi тамыздың 1-нен бастап жеке тұлғалар үшiн күндiзгi тариф 14,53, түнгi тариф 3,21 теңгенi құрайды. Заңды тұлғалар үшiн күндiзгi тариф 11,31 теңге, түнгi тариф 3,21 теңгеге тұрақтайды. Ал кешкi сағат 8 бен 11 арасында қуат көзi 23,45 теңге болады", – дедi. Расында, аталмыш екi өңiрде елiмiздегi электр энергиясының ең жоғарғы тарифi қолданылып келгенi белгiлi. 1 тамыздан бастап Алматы облысындағы тарифтер 0,17 теңгеге немесе 1,6 пайызға арзандайтынын айтса, Қостанай облысында 2,6 пайызға төмендейдi екен. Бұл облысқа қарасты Лисаков, Рудный, Жетiқара қалаларында да тариф арзандатылмақ.

Астана қаласында да электр энергиясының бағасы төмендетiлдi. Тамыздың бiрiнен бастап "Астанаэнергосбыт" ЖШС электр энергиясы тарифтерiн 5,2 пайызға төмендеттi. "Астанаэнергосбыт" компаниясы шығындарды қысқартудың, оңтайландырудың және қызметтердi көрсетудiң көлемiн арттырудың арқасында Астана қаласының тұтынушылары үшiн тарифтердi орташа есеппен 5,2 пайызға төмендете алды", –дейдi А. Шкарупа. Бұнда тарифтың орташа бағасы 7,41 теңге/кВт сағат (бұрынғысы 7,82 теңге) көлемiнде болады. Оның айтуынша, электр плиталарын пайдаланатын заңды тұлғалар үшiн тариф қосымша құн салығынсыз 13,2 пайызға, электр плиталарын пайдаланбайтын заңды тұлғалар үшiн 15,3 пайызға төмендетiлген.

Ақниет ОСПАНБАЙ