Жаңалықтар

«ЖАҢА ТОЛҚЫНДА» ҚАЙРАТТЫҢ ЖОЛЫ НЕГЕ БОЛМАДЫ?

ашық дереккөзі

«ЖАҢА ТОЛҚЫНДА» ҚАЙРАТТЫҢ ЖОЛЫ НЕГЕ БОЛМАДЫ?

Әмiре Қашаубаевты мен көргем жоқ. Бiрақ оның 1925 жылы Халық Ағарту комиссары Луначарскийдiң шақыруымен Парижде болатын дүниежүзiлiк көрмеде қойылатын этнографиялық концертке жолдама алып, француздарды қазақ әнiнiң құдiретiмен тәнтi еткенiн барша қазақ жақсы бiледi. Париж сахнасында әншi өзiнiң сүйiктi "Ағаш аяқ", "Үш дос", "Екi жирен", "Дудар", "Қос барабан", "Қызыл бидай", "Балхадиша" әндерiн орындаған кезде, зал күңiренiп кетсе керек.

"Ұлытау" "Адаймен" Голливудты дүр сiлкiндiрдi. Қазақ күйiнiң кереметiн сезiнген Америка халқы күйдiң бағасын асырып, "Ұлытауға" бас жүлдесiн қиды. Демек, музыка тiл мен дiлге бөлiнбейдi. Ең бастысы, ән мен күйдiң құдiретiн тыңдарманға жеткiзе бiлуде.

Күнi кеше ғана Юрмалада өткен "Жаңа толқын" жүзден жүйрiктердi, мыңнан тұлпарларды анықтаған байқау болды десек, қателеспеймiз. Үш күн бойы әлемнiң 12 елiнен қатысқан 17 үмiткер тыңдарманының алдында бағын сынады. Ол жерде кiм жоқ дейсiз, ресейлiктер де, украиналықтар да, армян да, швед те, тiптi, мұхит асып жеткен бразилиялық қыз Гавриелла да өнер көрсеттi. Әр халықтың тiлiнде айтылған әндердiң көбi көңiлiмiздi толқытты, жүрек қылын шерттi. "Жүректен шыққан ән жүрекке жетедi" демей ме, жүректен шыққаннан кейiн бе, француздың әнi де, ағылшынның сазы да, армянның мұңлы шерi де толқытты бiздi…

Әрине, әр өнерпаздың өнерiне баға беретiн музыка зерттеушiсi де, сыншы да емеспiз. Ресейлiк өнер жұлдыздарынан құралған әдiлқазылар өздерi әдiл бағасын бердi де…Бiз де үш күн бойы үзбей тамашаладық байқауды. Тайлы-таяғымыз қалмай көрмесек те, үйдегi естиярдың барлығы көгiлдiр экранның бетiне үңiлгенiмiз анық. Үңiлетiндей де жөнiмiз бар, өйткенi, қазақстандық үмiткер Қайрат Түнтековке сырттай болса да, жанкүйермiз. Қазақстандық шоу-бизнесте ендi ғана танылып келе жатқан жас әншi Қайрат Түнтековтiң үлкен байқауларға қатысып, бақ сынауы да алғаш рет. Әрине, алғашқы дүниенiң бәрiнде кемшiлiктер болып жатады. Қайраттың "Суперстар" байқауында қалай үздiк болғанын, қатарластарынан қалай оқ бойы озық тұрғанын көзiқарақты көрерменнiң бәрi жақсы бiледi. Солай бола тұра, Қайрат "Жаңа толқында" осалдық танытты. Әрине, жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпарлар жиналған байқауда төртiншi тұрудың өзi жаман көрсеткiш емес. Алайда, Қайрат өзiнiң өнерiн, өзiнiң мықты қабiлетiн көрсете алмады. Неге? Алғашқы байқауда Қайрат Түнтеков Майкл Джексонның репертуарындағы әндi орындады. Ағылшын тiлiндегi әндi орындауында Қайраттың өзге үмiткерлерден қалыспағанына өзiмiз куә болдық. Оған бiздiң де таласымыз жоқ. Тек, бiр өкiнген жайт, Қайраттың "Назқоңырды" орындауда жiберген кемшiлiгi болды. Қазақтың халық әнi "Назқоңыр" осал ән бе едi?

"Ай қабақ, алтын кiрпiк, қызыл ерiн…" деп басталатын халық әнiн қазақтың қаншама мықты майталман әншiлерi сахна төрiне шығарды. Ермек Серкебаев, Әлiбек Дiнiшев сияқты қазақ өнерiнiң корифейлерi шырқаған халық әнi Юрмаланың сахнасында орындалған сәтте бiздiң көңiлiмiзден неге шыға қоймады?! Әлде, әннiң өңделуi кемшiн түсiп жатты ма? Қалай десек те, Қайрат Түнтеков осал әншi емес. Қайрат "Назқоңырды" орындай алмайды дегенге де көңiлiмiз сенiңкiремейдi? Ендеше, неге "Назқоңыр" өз деңгейiнде шырқалмады. Кейбiр пiкiрлерге сүйенсек, "Назқоңырдың" осал шығуы, еуропалық деңгейдегi өңделуiнде жатыр дейдi. Қазақ әнi бұрмаланбай, өңiн айналдырмай, тұп-тура таза, табиғи қалпында орындалса, әдiлқазылар мен залға жиналған көпшiлiктiң көңiлiнен шықпай қалады деу де нағыз өресiздiк болар, бәлкiм. Егер қазақ әнi тыңдалмаса, қазақтың әнi көңiлiнен шықпаса, Әмiре Қашаубаев сонау 1925 жылы Париждi дүркiретпес едi-ау! Демек, бұл жерде ән кемшiн түсiп жатқан жоқ, әннiң кемшiлiгi әрлеуiнде… Қайраттың бойындағы бiр кемшiлiк, әннiң көбiн бiр сарында өңдегiсi келедi және қосымша дыбыстарды жиi пайдаланады. Қазақтың халық әнi ешбiр қалыпқа сыймайтынын, халықтың әнi – қазақтың жаны екенiн ұмытпауы қажет едi. Ән бiткеннiң құдiретi қандай болатынын "Новая волнаның" бас жүлдесiн қанжығасына байлаған Сона Шахгельдян дәлелдеген жоқ па? Армян тiлiнде ән шырқаған Сонаның әуездi үнi көрерменнiң көңiлiнен шығып, әдiлқазылардың да жоғары бағасына ие болды. Ең басты нәрсе, вокалды көрсету болса, онда оған әрлеу, өңдеу, дыбыс қосу, өңiн айналдыру қаншалықты қажеттiлiктi талап етедi. Дұрыс, әндi өңдесiн, жаңа нұсқасын әзiрлесiн, ең бастысы, табиғи қалыптан шығып кетпесе болды. Ән сонда өзiнiң байырғы бояуын сақтап қалады, әрi көрерменге де, тыңдарманға да ерекше әсер етер едi деп ойлаймыз. Сонда Леонид Агутин сияқты әдiлқазы мүшелерi төменгi бағаны қоймас едi Қайратқа?! Расында да, Қайрат Түнтеков ағылшын тiлiнде орындаған әндерiнен жоғары көрсеткiшке ие болса да, қазақ әнiне келгенде сүрiнiп кеттi. Өз тiлiндегi әндi жоғары деңгейде орындай алғанда, алдыңғы үштiктiң қатарына iлiнер ме едi, кiм бiлсiн?! Бiздi де мазалайтын осы жайт. Бұл мүмкiн, жас әншiге келер жолы үлкен сабақ болар деп ойлаймыз.

Сонымен, "Жаңа толқынның" басты жүлдесi армян аруы Сона Шахгелдьянға бұйырды. Бiр ғана баллмен төмен түскен украин сұлуы Татьяна Ширко да өзiнiң осал еместiгiн дәлелдеп бақты. Үшiншi орынға табан тiреген эстондық әншi Уку Севисте де Қайраттан төрт балл жоғары тұрды. Бар-жоғы төрт баллмен төмендеген Қайраттың да iштей өкiнiшi бар шығар…

Бұл бiздiң пiкiрiмiз. Ал, сахна төрiнде жүрген әншiлерiмiз бұған қалай баға бередi?!

Мәдина СӘДУАҚАСОВА, әншi:

– Жалпы, "Жаңа толқын" байқауын тамашаладым. Бұл байқау өте жоғары деңгейде өттi. Әдiлқазылар да өзiнiң әдiл бағасын бердi деп ойлаймын. Қайраттың да шеберлiгi өте жоғары болды. Тек "Назқоңырды" орындағанда да ғана кiшкене кемшiн түсiп жатты. "Назқоңырдың" табиғи қалпын өзгертпей, сол қалпында орындап шыққанда, Қайрат бұдан да биiк деңгейге жететiн едi деп ойлаймын. Бiрақ, "Жаңа толқын" байқауына қатысу кез келгеннiң қолынан келе бермейдi. Қайрат өзiнiң барша мүмкiндiгiн көрсете алды. Қайраттың Қазақстанның атынан сол байқауға қатысып, төртiншi орынға жетуiнiң өзi үлкен жеңiс деп бағалауымыз керек.

Жазира БАЙЫРБЕКОВА, әншi:

– Қайрат Түнтеков – потенциалы өте жоғары әншiлерiмiздiң бiрi. Бiрақ, "Жаңа толқын" байқауында орындаған әнiн одан да жоғары деңгейде орындауға мүмкiндiгi бар едi. Сөйте тұра, оның Қазақстанның атынан қатысқанына мақтанып отырдым. Қайратты өз қатарларының iшiнде өте талантты, мықты әншiлердiң бiрi деп санаймын. Бар ынта-жiгерiн, өзiнiң бойындағы барлық өнерiн көрсете алмады деп ойлаймын. Кейбiреулер "қатысқаныма шүкiр" деп жатады ғой. Қайраттың өнерiне бұл сөз тән емес. Өйткенi, оның өнерi, сахнада өзiн-өзi ұстауы, жүрiс-тұрысы ерекше.

Гүлзина Бектасова