Жаңалықтар

БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ НЕМЕСЕ ДОС ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР

ашық дереккөзі

БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ НЕМЕСЕ ДОС ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР

«Уақыт тас екеш тасты да тоздырады» деп жатады. Кеше ғана асыр салып ойнап жүрген бала сияқты едiк. Батар күн атар таңға жалғасып, жыл артынан жылдар жылжып, көздi ашып-жұмғанша алпысты да алқымдап үлгерiппiз. "Жер ортасынан" асқан шақ. Бәрi де өзгерген. Өзгерiске түспейтiн тек уақыт динамикасы ғана. Өз дегенiмен жылжи бередi, жылжи бередi. Қусаң жеткiзбейдi, қашсаң құтқармайды. Өзен ағысын бөгеуге болса да, өмiр ағысын тоқтата алмайсың. Жыл деген ат басын бұрғанша, ай деген – бiр аунап тұрғанша екенiн жас кезде түсiнсек қой, шiркiн! Уақыттың киесiн бұдан да гөрi қадiрлей түсер ме едiк. Әр нәрсе өз уақытында қызықты боларын кiм бiлген. Осындайда қайдағы-жайдағы еске түседi екен…

Сұлу қыздың бұрымындай бұралып, таудан құлай ағып жатқан "Жiңiшке" өзенiнiң екi жағына орналасқан құстың ұясындай ғана "Күнбатыс" ауылында бiр орыс болған емес. Содан болар, орысша бiлетiнiмiз "какой фантик?" деген жалғыз ауыз сөз. Неге солай айтатынымызды өзiмiз де бiлмеймiз. Әйтеуiр Мұхтарбек солай дейтiн. Осы бiр жалғыз ауыз орысшаны бiздiң ауылға алғаш енгiзген де Мұхтарбек болатын. Ауылымыздан алпыс шақырымдай жерде жатқан бұрынғы — Фрунзе, қазiргi Бiшкек қаласынан әкелген қымбат "бұйымтайы". Сол жақта туыстары тұратын. Жаз шықса болды, Мұхаң "шет елдегi" жақындарына сапарға аттанады. Қайтқанда олжалы оралады. Олжасы сол— түсiнiксiз бiрдеңелердi былдырлап сөйлей келедi. Мұнысы бiз үшiн — таң. "Мынау жынды ма өзi, не айтып тұр?" деп, сылқылдап кеп күлемiз. Анау әжептеуiр кекiреңдеп қалады. Екi танауы делбиiп, бiр қызарып, бiр бозарып: "өңшең қараңғылар!" деп, күйiп-пiседi. Әйтсе де оның "какой фантигiн" тұтас ауылдың "қараңғы" балалары тез-ақ сiңiрiп үлгердi. Уысымызға умаждай ұстаған кәмпит орамасының бiр ұшын ғана болар-болмас шығарамыз да: "какой фантик?" деп, жып ете түсемiз. Кәмпиттi көп жейтiндер фантиктiң атауын жаңылмай табады. Бiрақ сондайлар болды ма, жоқ па арамызда, бiлмеймiн. Мұхтарбек болмаса, бiзге ондай "бақыт" қайдан келсiн. Кәмпит дегенiңдi ұлы мерекелерде ғана көремiз ғой. Кәмпит түгiлi пряниктiң өзi тым қат. Мейрамда пряник алып жеу үшiн әкемiз қолымызға бiр сом беретiнi есiмде. Ауылдың қақ ортасындағы жәпiрейген аядай дүкеннiң аузы-мұрнынан шыққан ұзын-сонар кезектен екi сағат итерiсiп жатып, бiр дорба пряник алып шығамыз. Оның қай жылы дайындалғаны белгiсiз, ұзақ тұрып, тас боп қатып қалған, тiсiң сынардай. Сонда да жанын қоймаймыз, тастаққа түсе салып, таласа-тармаса тасқа шағып жеп кешке дейiн таусамыз. Бiрдi-екiлi қалғанын кертiп сындырып, екi-үш күн бойына аузымызға салып, қаузап жүремiз. Ал кәмпит дегенiң қасқалдақтың қанындай. Ең мықтаған үйдiң дастарқанынан науат қана табылатын. Кәмпитке жаритын Мұхаң ғана. Екi езуiнен сiлекейi шұбырып, сорады да жүредi. Фрунзедегi туыстарынан әкеледi. Онысын жылу үлестiргендей бәрiмiзге бiр-бiрлеп таратады. Өзiнiң қолы ашық. Кейде мақтан үшiн бередi. Кәмпитiн сол мезет жәукемдеп, орамасын оннан-мұннан қолға түскен фантиктерiмiзге қосып, ақша жинағандай қат-қаттап тұрып мұқият сақтаймыз. Әйтсе де Мұхтарбектiкiне қайдан жетсiн, ол шiркiнде бiз түгiлi әке-шешемiз көрмеген фантиктiң небiр түрлерi табылады ғой. Ол бiзге жиырмасыншы ғасырдың миллионерi секiлдi көрiнедi. Мұхаң сөмкесiне оқулығы сыймай қалса да фантик салған қобдишасын тастамайды. Оқуы жақсы болғанымен, Мұхаңның мiнезi шатақ. Кемелбек аға мен Анан жеңгемiздiң төбесiнен құс ұшырмай мәпелеп өсiрген жалғызы болғандықтан ба екен, әйтеуiр өз дегенi болмаса өзгенiң айтқанына оңайлықпен көне қоймайтын. Футбол ойнағанда да Мұхтарбектi бағындыру оңайға соқпайды. Бойы сидиып, аяқтары ұзын, арбаңдап алдыға озып кетедi. Әбдiжапар ағай дене шынықтыру сабағының кезiнде бәрiмiздi сайдың ортасындағы алаңға шығарады да: "Ал, футбол ойнаңдар!" дейдi. Ол кезде спорт формасы дегендi өңiмiз түгiл түсiмiзде де көрмеймiз. Балалар — үстiндегi барымен, қыздар ұзын етек көйлегiмiзбен далбаңдап, допты қуалай жөнелемiз. Тоғыз қызбыз, төрт балаға әлiмiз келмей не қара басыпты. Баян деген дәу қара қызымыз Мұхтарбек пен Әлiбектi тырп еткiзбей, екi қолтығына қысып ұстап тұрады. Кенжебектi екi-үш қыз жабылып, қыңқ еткiзбейдi. Қалғанымыз қақпада тұрған Жақыпбайды итерiп тастап, допты кiргiзiп жiберемiз.Футболымыздың сияғы осы.

Балдырған бала кезiмiздегi бiр оғаш қылығым үшiн Мұхтарбек пен Кенжебектiң алдында әлi күнге ұяламын. Үшiншi ме, төртiншi сыныпта ма оқып жүрген кезiмiз. Мен класкоммын. Тақылдап, пысық-ақпын. Оқушылардың тырнақ, шашын өсiп кетпеп пе, мектепке тексерiп кiргiземiн. Тәртiп бұзғандарын "әке-шешеңдi ертiп кел" деп, үйлерiне қайтарып жiберем. Оқу бөлмесi тым тар, он үш оқушының партасы зорға сыйып тұрады. Мұғалiмнiң стөлiмен "сүзiсiп" отырамыз. Үзiлiс кезiнде ауа тазарсын деп, балалардың бiрiн қалдырмай шығарып жiберем. Бұл — менiң негiзгi мiндетiм. Сыныпта билiгiм зор, әйтеуiр. Бiр күнi, Мұхтарбек бөлмеден шықпай қалып қойыпты. Шұқшиып, кiтап оқығанси қалған. "Әй, Ыбрайымов, шық кластан!" деп зiркiлдеп жетiп бардым жанына. "Шықпаймын!". "Неге шықпайсың?". "Сол, шыққым келмейдi, шықпаймын! Бiлгенiңдi iсте!" Бiлгенiмдi iстегенiм сол, алдым да үстiндегi аппақ жейденi жағасынан тартып тұрып қақ айырдым. Арпалыс басталып кеттi. Туғаннан үлпiлдетiп өсiрген әлжуаздау Мұхаңның жанын қоям ба, кластан дырылдатып сүйреп шықтым. Дала-даласы шыққан көйлегiн умаждап-умаждап лақтырып жiбердiм. "Мамам ұрсатын болды. Көйлегiмдi бершi, ең болмаса түймелерiн үзiп алайын!" деп жалынып жүр. "Түймесiн қайтейiн деп ең? Бар, әке-шешеңдi шақырып кел! Көрсiн, балаларының қандай бұзақы екенiн!" деп қоямын. Қайсымыздың бұзақы екендiгiмiздi бiр Құдай бiлсiн…

Не керек, талай дәурен өттi ғой. Есейдiк, есiмiз кiрдi. Бүкiл Қордайдың "Ақан серiсi" — Мұхаң. Қыз бiткен қырылып, қырмызы гүлдей құлпырған сымбатты жiгiттiң артынан жүгiредi. Мұхаңа серуен де — серуен, сергелдең де – серуен. Аңыратып ән салғанда алты қырдың астындағы қыз-қырқын құлақ түрiп, мойнын созады. Той-думанның базары, жiгiттiң гүлi.

Мектептi бiтiргесiн әрқайсымыз әр жаққа арман қуып кете бардық. Мұхтарбек Қырғызстандағы туыстарына кеттi. Әскери мiндетiн өтеуге де сол жақтан аттанды. 1969 жыл. Кронштад. Балтық Флоты. 30897 әскери бөлiмше. Ол кезде теңiздегi әскери мiндет мерзiмi үш жыл болатын. Баяғы сирағы сидиған, ұзын бойлы арық бала екi иығына екi кiсi мiнгендей ер денелi, сымбатына сұлу қыз қызығарлықтай ажарлы азаматқа айналған. Тағдыр Мұхтарбектi бала кезiнде Қырғызстанның кәмпитiне бекер тойдырмаса керек, дәмiн тата бер, кейiн бұдан да тәттiсiнiң дәмiн татырамын деген секiлдi. Отасқандарына 40 жылға таяп қалған адал жары — қырғыз қызы Светаның аяғы "майлы" болып, бiздiң досымызға Нұрлан атты асықтай бiр ұл, Назгүл, Айсанат деген алтындай екi қыз тауып бердi. Ал ендi Света қазақша көсiлткенде, оның қырғыз қызы екенiне күмәнданасың. “Бағы бар жiгiтке ақылды әйел жолығар” деген. Екi әулет түгiлi екi елдiң арасына елшi боларлықтай парасаты бiр бойына артып-жығылар Светаның Ыбрайымовтар отбасына құт болып қонғаны айдан анық.

Бұл бұл ма, тағдыр Мұхтарбектiң өмiрлiк нәпақасына айналар мамандығын да осы арадан бұйыртыпты. Қырғыз Мемлекеттiк университетiнiң заң факультетiнен бiлiм алған Мұхаң ұзақ жылдар Бiшкектегi құқық қорғау органдарында қызмет еткеннен кейiн барып, туған жерi — Жамбыл облысының Қордай ауданына аудандық Iшкi iстер басқармасының бастығы болып оралған. 1996 жылы осы арада жүрiп полиция полковнигi дәрежесiн иемдендi. Кейiннен Жамбыл облысындағы коррупциямен күрес басқармасын басқарды, Қазақстан Республикасы Iшкi Iстер министрлiгiнде басқарма бастығының орынбасары қызметiн атқарды. Бас-аяғы 38 жыл осы салада тер төккен Мұхтарбек Ыбрайымов қазiргi кезде Қордай аудандық Әдiлет басқармасының бастығы болып еңбегiн жалғастыруда.

Бала кезiмiзден тай-құлындай тебiсiп, бiрге өскен досымыз Мұхтарбек пен Света бүгiнде үлкен әулеттiң тiрегi, немерелерiнiң қызығын тамашалап отырған бақытты ата-әже. Жоғарғы бiлiм алып, ата-ананың тәрбиелi тағлымына қанығып өскен қыздары мен ұлы үлкен қызметтерде ел игiлiгiне өз үлестерiн қосып жатқан жайы бар.

Өмiр ұзақтығымен емес, мазмұндылығымен өлшенедi. Ер жiгiттiң жақсысын өзi бiлмес, жат бiлер. Өзiмiз оны зор мақтан тұтамыз.

Гүлмәрия Барманбекова, журналист