Жаңалықтар

ТАЭКВОНДО ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ТАЭКВОНДО ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Кеше Астана қаласында Қазақ Гуманитарлық Заң университетiнде профессор Нәрiкбаев атындағы 1-шi Халықаралық Таэквондо орталығының ашылу салтанатына орай Корей ұлттық демонстрациялық таэквондо командасы өнер көрсеттi.

Орталықтың салтанатты ашылу кезiнде Қазақстан Республикасының Таэквондо федерациясының өкiлдерi сөз сөйлеп, жиналған спортшылар мен спортсүйер қауымды шын жүректен құттықтады. Одан соң Корей ұлттық демонстрациялық таэквондо шеберлерi спорттың бұл түрiн нағыз өнер ретiнде бағалайтындарын көрсеттi. Негiзi таэквондоның отаны – Корея. Бұл жергiлiктi ұлттың ел шетiне тиген жауларынан қорғану үшiн ойлап тапқан құралы, айласы екен. Олар тiптi атты әскерге де қарсы қорғаныстың түрлерiн ойлап тауып, екi аяқтың күшiмен жерден қимылдап, жауларын жеңiп отырған деседi. Тарихта "хапкидо", "тенсудо" деген атпен қалған қорғаныс түрлерi солай дамыған. Тұтастай алғанда, "таэквондо" сөзi кәрiс тiлiнен аударғанда , "тае" — аяқ, "квон" — қол, "до" — жол деген мағынаны бiлдiредi, яғни аяқ пен қолдың бiрiктiрiлiп, кемелденуi. Кейiн, заман өзгере келе, таэквондо өнерi Кореяда ұлттық спорт ретiнде мойындалып, 1961 жылы ассоциация құрылды. Спорттың осы түрiнен тұңғыш әлем бiрiншiлiгi де осы мемлекеттiң астанасында 1973 жылы өткiзiлген едi. Ендi әлемде бұл спорт түрi кемелiне жетiп, даму үстiнде. Соңғы кезде елiмiзде осы спортпен шұғылдануға ықылас бiлдiрген өрендер көбейiп отыр. Бұдан былай, олар қауiпсiз спорт түрi саналатын таэквондодан Астанада ашылған орталықта жиi бас қосатын болады.

Динара ДҮРМӘН